Ыбырай Алтынсарин өлеңдерінің тәрбиелік мәні
Мамандық: Қазақ тілі мен әдебиеті
Орындағандар: Данияр Гүлзада, Молдабек Еркежан, Алтынбай Жайдарлы
Ғылыми жетекші: Профессор, доцент Жанатаев Данат
Ыбырай Алтынсарин өлеңдерінің тәрбиелік мәні
Бұл мақалада қазақтың ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің өлеңдеріндегі тәрбиелік мән жайлы баяндалады.Түрлі мысалдағы өлеңдері арқылы жас жеткіншектің бойына құндылық дәнін себу тәсілін талдайтын боламыз.
Кілт сөздер: Ыбырай Алтынсарин, өлең, тәрбие,мән,құндылық.
Шырақ! Шамның жарығы түбіне түспейді.Бірақ,білімнің шырағы жарығын жаһанға шашып,қазіргі ғаламторда отырған ұрпақтың түсіне кірмейтін ғаламаттың болатынын болжаған ғалым бар. Ол-ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин. Қазақ даласына алғаш сыңғырлаған қоңырау үнін естірткен Ыбырай Алтынсарин 1864 жылдан бастап балаларға білім берудің барлық тәсілін қолданды.Оған дәлел Ы.Алтынсариннің Н.И.Ильминскийге жолдаған хатынан келтірілген мына үзінді: «Осы жылы қаңтардың 8-күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды.Оған 14 қазақ баласы кірді.Бәрі де жақсы,есті балалар.Мен балаларды оқытуға қайта шапқан аш қасқырдай кірістім.Бұл балалар менің айызымды қандырып небәрі үш айдың ішінде оқып білетін және орысша, татарша жаза білетін болды»[1].
Балаларға тек жазу мен сызуды ғана емес, өзінің тәрбиелік мәні мол шығармалары арқылы құндылық сіңіруге ұмтылды.Сөзімізге тұздық ретінде жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың пікірін келтірсек: «Ыбырай-жаңа үлгідегі ақын, әрі сол кездегі Ресейде батыл жаңалық жасап, «бұратана» елдер үшін тың үлгідегі мектеп ашушы. Қазақтың ең алғашқы мәдениетті мектебін жасаумен қатар, жазушылық пен оқытушылықты аса шебер, өнерлі түрде қабыстырушы».
Ыбырай Алтынсарин балаларды оқыту барысында ана тілдегі білім беретін оқу құралының жоқтығымен бетпе-бет келеді. Соның нәтижесінде балаларға арналған «Қазақ хрестоматиясын» жазып шығады. Оқу құралының ішінде тілге жеңіл, құндылық қазынасына бай, өсиетті өлеңдер мен тәрбиелік мәні зор өлеңдер жинақталады.
Қазақ даласында бір емес он төрт мектепті ашуға жағдай-жасап, талай қазақ баласының сауатын ашып, хат тануына себепші болған – Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін талдап кетсек.Ұлт ұстазы өзінің өлеңдерімен шәкірттерін 3 бағытта тәрбиеледі:
1. Оқу-ағарту арқылы надандықтан арылуға үндеу
2. Өсиет өлеңдер арқылы жақсылыққа шақыру
3. Табиғаттың ғажабын сөзбен өрнектейтін өлеңдері арқылы отанды сүюді, оның табиғатын қорғауды насихаттау
Ақынның оқу-ағарту арқылы надандықтан арылуға үндейтін өлеңдері «Сөз басы» өлеңінен бастау алады.
«Бір Құдайға сиынып
Кел,балалар оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Істің болар қайыры,
Бастасаңыз алдалап.
Оқымаған жүреді,
Қараңғыны қармалап!
Екі шумақтың өзіне білім сәулесінің адамзаттың жолына нұр болып таралатынын, егер білім алудан қашық болса надандықтың түнегіне тап болатынын баяндайды. Ыбырай шығармашылығында атасы «Балғожа бидің баласына айтқаны» деген өлеңі арқылы білім алу жолындағы қиыншылыққа төзу арқылы, мақсат – мұратына тайсалмай жетуге үндейді:
«Ата-анаңды өнер білсең асырарсың
Надан боп, білмей қалсаң ақ ұрарсың!»
Ал, екінші санаттағы өсиет өлеңдерінде бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды, өмір заңдылықтарын қатар толғайды.Көбінде мысалдар арқылы балаларға түсінікті,жеңіл тілде жеткізуге тырысады. «Әй, жігіттер!», «Әй,достар!», «Қайырымды түлкі», «Егіннің бастар», «Қарға мен түлкі», «Нұржан бидің бір сөзі» және т.с.с өлеңдері жоғарыдағы сөзімізге мысал бола алады:
«Бәріміз бір адамның баласымыз
Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз
Қорлама кем адамды болсаң дана!
Кәріпті Құдай сүйсе неді шара:
Достарым осындай бір іс етелік»
Жастарды жетім қалған кісі етелік.
Үшінші бағыттағы өлеңдер тобындағы «Жаз», «Өзен», «Ананың сүюі», «Бұл кім?» сияқты құндылықты таныту арқылы шәкірттерді анасының қадіріне жете алудан бастап, Отанындағы табиғат ғажаптарын сипаттайтын өлеңдер арқылы сүйіспеншілікті арттыра түседі.Бұл өлеңдер отанды сүюге тәрбиелейтін тапқыр қолданылған құрал деп білемін.
Ыбырай Алтынсариннің «Шеше мен бала» деген өлеңнің бала тәрбиесіне қатысты педагогикалық және психологиялық маңызы өте зор болып табылады. Бұл өлең жолдарын оқыған кезде жасөспірім балалардың адамгершілікке баулуға,мейірімді болуға, өнегелі болуға ,тәрбиелеуге септігі орасан зор.Орыс классиктерінің де (М.Ю. Лермонтов, Некрасов т.б) шығармаларында да осы сарында жазылған өлеңдер жиі кездесетіндігі жұртшылыққа мәлім. Мәселен, «Бәріміз бір адамның баласымыз», «Аразбол, кедей болсаң ұрлықпенен», «Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға», «Жүйрікте болмайды көрік сыналмаған», «Ағайын жат болады алыс болса», «Асылы залымдардың лайланды», «Әй достарым!», «Әй, жігіттер!», «Азған елдің хандары», «Азған елдің қожасы», «Азған елдің молдасы», «Азған елдің билері», «Азған елдің байлары», «Береке кеткен елдерде», «Азған елдің адамына» деген өлеңдері жастарға айтқан өсиеті. Бұл өлеңін Ыбырай Алтынсарин «Бәріміз бір адамның баласымыз» деп бастағанда, ол қазақ балаларының ынтымақшыл бірлікте болуға шақырғандығын байқаймыз. Осы өлеңдерінде автор халық әдебиеті мұрасының негізінде ұлттық тәрбие діңгегі ата-бабалардың рухани мұраларының сабақтастығын сақтаудағы тәрбиенің бір жолы қазақтың халық әдебиеті арқылы дамытуды көздегендігі сезіледі.
«Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қисығын түзе, адасса айқын жолға сал», – деді. Бұл жөнінде де елге үлгі боларлық әңгімелер жазды. Оның осы тақырыпқа жазған бір әңгімесінде:«Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп – тік, ана біреуі неліктен қисық біткен?» – деп сұрады баласы. «Ата – ананың тілін алсаң ана ағаштай сен де түзу болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып бағусыз өсерсің. Мынау ағаш бағусыз өз қалпымен өскен», – деді атасы. «Олай болса бағу – қағуда көп мағына бар екен ғой»,- деді баласы. «Бағу – қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең сен де мына қисық біткен ағаштай қисық өсерсің», – деді.
Қорыта келе,ұлт ұстазының шәкірттерін тәрбиелеу барысында орыс әдібиетінің шығармаларын аударып, оны қазақша жырмен өріп, өмір заңдылықтарын, адами тәрбиені өлеңдері арқылы жеткізе алғаны оның қазірге дейін құрметтелетін ардақты есімі мен « Кел,балалар оқылық!» деген өлең жолдары қазақ мектептерінің ұранына айналғаны дәлел.Ұлт ағартушысының өлмес еңбегі ұлы дала ұрпағының құлағында қоңырау үні болып жаңғырып тұрмақ.