«Болашаққа көзқарас»

Жанатаев Данат Жанатайұлы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент

Күнтуған Ақжарқын

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты

 

 

«Болашаққа көзқарас»

«Болашақ» деген сөз әрбір адам баласына  ерекше жағымды әсер сыйлайтыны анық,  сыйлап қана қоймай тамсандырып ойын сан-саққа жіберіп, қиялын ұштап, арманын асқақтатып, көз алдына  сағымдай бұлдыратып,  әр нәрсені елестететіні  мәлім. Әр адам өз өмірінің- авторы және суретшісі, яғни   өмірін, болашағын қалай армандайды, қандай мақсаттар қояды, қандай жетістіктерге жеткісі келеді тағысын тағы өз қолымен жасайды. Осы орайда, Назым Хикмет Ранның  «Жастық-арман. Бұл –сенім. Бұл-ерлікке құштарлық. Бұл әрі лирика, әрі романтика. Бұл-болашақ  жөніндегі үлкен-үлкен жоспарлар. Бұл-болашақ атаулысының бастауы»-деген сөзін есімізге аламыз. Осылайша, жастық арманымыздағы, берік сенімімізді батыл ерлікпен  құштарлық арқылы болашаққа деген үлкен-үлкен жоспарлар құрып, болашақ атаулысының бастауын   бүгінгі күнімізден бастаймыз.  Мәселен, менің болашаққа деген көзқарасым қандай? деген сұраққа тоқталатын болсам, мен- болашақ филологпын, тіл жанашырымын, ұлт ұрпағына тәрбие мен білімді бір арнаға ұштастыра сыйлайтын жас маманмын . Болашақта ұлт баласын тәрбиелейтін, ұлттық құндылықты шәкірттің бойына дарытатын  филологтар  мен мұғалімдер. Сондықтан жарқын болашаққа  жол бастайтын дана көшбасшылар мен  ана тілін құрметтей алатын тұлғалар  ғана  шығатынын дәлелдей түсу үшін еңбектенудеміз. Болашаққа деген жолымыз өзгеден емес өзімізден басталатынын есімізден шығармағанымыз абзалырақ.                                «Бүгінгі күн болашақтың  сұлбасы»-деп Уильям Гибсон айтқандай,  бүгінгі күнімізден бастап,  бүгінгі күнімізді түсініп, болашақтың жарқын дидарын көз алдымызға елестету үшін өткенімізге бір үңілгеніміз дұрыс деп ойлаймын.  Ал,  өткенімізге үңілу дегеніміз- рухани құндылықтарымызды жаңғырту яғни артына өшпес мол мұра қалдырған ұлы тұлғаларымыздың  шығармашылығымен сусындап, ата-бабаларымыз  жүрген жолмен  жүріп,  салт-дәстүрімізді дәріптеп, адамгершілік-рухани құндылығымызды биік ұстау.   Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының да  бізге берері өте көп екенін айтқым келеді. «Білімнің салтанат құруында»: – Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу- біздің қанымызда бар қасиет. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін  әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдылық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі,  құндылықтар жүйесінде бәрінен білімді ұлт қана табысқа жетеді»-деп тереңнен тоқталады.

Ойымды қорытындылай келе;

«Көп құмарттым өмірге, көп көрмедім,

Үміт еттім, ұмтылдым, көп терледім.

Ашкөзденіп қайтейін, ей, Болашақ,

Көрмеген күндерімді өткер менің!»-деп,  Мұқағали Мақатаев  атамыз жырлағандай, үміт етіп, ұмтылып, көп терлеп, болашағымыздың жарқын болуына ұмтылайық!   Осы орайда, Қазақ жастарының  болашаққа деген көзқарасын алып бәйтерекке балар едім. Алып бәйтерек- қанатын кеңге жайып,  жер анадан   ойып орын алып, қанша дауыл соқсада тырп етпей, сабырлықпен  әр мезгілде өз ерекшелігімен тамсандыруда.   Жастарымызда болашаққа деген көзқарасымен  мемлекетіміздің      дамуына үлкен үлес қосып, тамырын кеңге жайып келе жатқаны айқын. Алып бәйтеректің түзу өскенін-қазақтың тәрбиесінің беріктігіне баласам, бәйтеректің тамырының нық бекіген тереңдігін-  қазағымның сабырлығы,  қанатын кеңге жайғанын, жан-жағына сая бола білгенін-ұлтымыздың ұлы тұлғаларына балар едім. Ал,  «бәйтерек» деген  атауды  «болашақ» деп алмастырғым келеді. Себебі, болашақ-ұлтымыздың тірегі, ұрпақ тәрбиесі.                                                                            Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп, болашақ ұрпаққа нұрын  шашатын  күн болып, жүзіміз мейірім мен нұрға бөленіп, Көк Туымызды әлемнің түкпір-түкпірінде желбіретіп, «Қазақ» деген қасиетті атымызды  арқашан асқақтата берейік демекпін!

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *