Әдебиет ұлтқа қызмет ету тиіс пе?
Жанатаев Данат Жанатайұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент
Зағыпар Оралхан,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің магистранты
Адам адам болғалы бүгінге дейін бірге жасап келе жатқан құндылық – тарих пен әдебиет. Тарихпен өткенімізді танысақ, әдебиет арқылы бірінші кезекте адам мен ұлтты танимыз. Осы орайда, М.Горькийдің «Әдебиет – адамтану ғылымы» деген сөзі есімізге түседі. Келіспеске болмайды. Адамтанумен қоса, әдебиет – ұлт келбеті. «Әдебиеттің әлсіреуі ұлттың құлдырауын білдіреді» деген Гетенің сөзі осыған дәлел. Демек, әдебиеттің миссиясы ұлтқа қызмет қылу болса, әдебиетті жасап отырған қаламгер мен оның туындысынан ұлттық болмысқа қажет құнарлы дүние күтуіміз заңдылық болар.
Әдеби туынды туралы сөз қозғалса алдымыздан тақырып пен идея шығады. Қандай тақырып, қандай идея ұлтқа қызмет ете алады деудің өзі даулы мәселеге айналып отырғаны рас. Ежелден ел жүгін арқалаған әдебиеттің өткеніне қарасақ, елдік пен ерлікті, азаттық пен қазақтықты дәріптеген туындылар бүгіннің өзінде өз бағасын жоғалтқан емес. Әлі де ұлт бейнесін жарқыратып отыр. Ал бүгін ше? Бұл мәселеге қатысты тарихи тақырыпты қаузаған шығармалардан асып ештеңе айта алмай жатамыз. Бірақ әдебиеттің ұлтқа қызмет етуі тек тарихқа үңілуден тұрмайтыны анық.
Меніңше, біздегі мәселе ұлтқа қызмет ететін әдебиетті тек ұлтты ұлықтай алған шығарма деп көріп, ал дәстүрлі әдебиет үлгілерінен аздап алыстап, жаңаша бағытқа ықыласы ауған қаламгерді ұлтымызға жат деп табалауда секілді. Әдеби туынды алдымен, ОЙЫМЕН құнды. Шығармада айтылған ойдың маңызына тоқталу аз да болса кейінге қалып қалады. Мәселен, қоғамның көлеңкелі бейнесін я адами азғындықты көрсеткен туынды болса, ұлтымызға жат деуге жақын еді, қазір есі бар есті оқырман жылап оқиды. Өйткені ол прапаганда емес, шындық, болып жатқан дүние. Оның өзін көркем шығармада көрсету адамды тәрбиелей алады, ал әр адам – ұлттың бөлшегі.
Қазақ әдебиеті газетінде 2017 жылы қазақтың қалам ұстаған бірнеше тұлғаларымен «Әдебиет – ұлт жанының айнасы» деген атпен сұхбат жарық көрген. Сонда ақын Алмат Исәділ: «Әдебиет – еркін құбылыс. Тақырыпқа шектеу шоқ. Дегенмен, әр дәуірдің, әр қоғамның өзіне тән тақырыптары болады. Мысалы, баяғы жаугершілік заманда ақын-жырау, шешендер батырлық рухты, жауынгерлік қуатты жырлады. Абай дәуірінде қалыптаса бастаған әдеби үрдіс қазақтың иманын бүтіндеуге, білімін шыңдауға, бірлігін нығайтуға бағытталды» – дей келе әр кезеңнің жүгін көтерген тақырыптарды саралайды. Иә, әдеби туындының дәуір үніне сай болуы да ұлтқа қызмет етудің басты талабы. Қазіргі кезеңнің әдебиетінің жаңа деңгейге көтерілгенін айтады. Десе де, қазіргі шығармалар қандай ауыр жүкті арқалап тұрғанын тарқатқанмен, оқырманға қажеттілігі турасында сөз айту қиын. Мүмкін, көркем шығарманың ұлтқа қызмет етуі – қоғам қажеттілігін өтеу шығар. Кезінде кеңестік цензурадан кейін сөз бостандығы беріле бастағанда тарихи тақырыптарға бару ұлттық рухымызды оятудың басты кепілі болғаны рас, ол туындылар қазаққа қызмет етті де, етіп те жатыр.
Ал біздің ұлтқа қазір не қажет, нені жазса ұлт игілігіне айналатынын басып айту күрделі нәрсе. Моральдық дүниелерді жазу, ұлттық құндылықтарды суреттеу, қазақы болмысты таныту сөзсіз ұлтқа қызмет етеді. Одан айналып кететін жазушы кем де кем. Дегенмен, оқырман жалықпай ма? Бүгінгінің оқырманына не керек?
Мәселен, әдеби туынды деуге негіз жоқ іскерлік кітаптардың тараламына, оның оқырманына таңғалмасқа болмайды. Көркем шығарма тасасында қалады. Десе де, сол іскерлік кітаптар ұлтқа қызмет етіп жатырғаны анық, адамның дамуына, мақсатына жетуіне, кәсіппен айналысуына себепкер болуы өтірік емес, әсіресе жастар біледі. Ұлттымыздың әл-ауқатын арттыруға аз да болса үлес қосып жатыр. Ал енді сондай бағыттағы көркем туындылар жазылуына кім кедергі? Жеңіл тақырып десек те, оған барар көркем жолды нағыз қаламгер таба алады.
Хош, сонымен, ұлтқа қызмет ететін әдеби туындыларға сұранысына қарап баға беруге болатын да шығар. Тек сыңаржақ пікірлерден арылу керек. Қорытындылағанда, ұлтқа қызмет ететін әдебиет, меніңше, біріншіден, ұлттың ұлылығынан ажырамайтындай тәлім беруі, екіншіден, қоғам қажеттілігін өтеп, үшіншіден, заман тынысын танытып тұруы керек. Әдебиеттің бүгінгі бағыты жаңашылдығымен ерекшеленсе қызмет ету формасы өзгергені ғана, ал мақсаты бір. Бұл әрине өз ойым, ертенің жыраулары мен кешегі ұлт ұстаздарының, бір Абайдың өзінің туындылары нағыз Ұлт үшін қылған қызмет емес пе?!