Тәлім-тәрбие – бақтан бағалы
Сан жылдар өтсе де ата-бабаның қалдырған өсиет хаты, хақімдердің өнеге сөзі ұрпақ жадынан өшкен емес. Керісінше, тар жол тайғақ кешуде тұсбағар болып, жол сілтеген де сол. Түптеп келгенде олардың барлығы – тәрбие. Ой жетпеген қиын сәттерде тәрбие көрген ғана жол тауып отырады. Олай дейтін себеп, тәлім алған, тәрбие көрген адам қай бағытты ұстанарын, кімге ерерін, кімге сенерін адаспай тапса керек.
Бақ дегеніміз не?! Құс делік… Ақымаққа да, ақылдыға да, байға да, жарлыға да бөліп-жармай қонатын құс. Ал тәлім-тәрбие ше?! Оның бағасы қандай? Қадірін ұқпағанға дарымайтын, бойыңа сінбесе әсер етпейтін – дәрі. Сол дәрімен өскендер тура жолдан тайғанамай, өмірдегі өз орнын бұлжытпай табады. Қауіптің бәрі бұл дәріні ішпегендерде. Жемқорлық болсын, нашақорлық болсын, қай-қай қорлық та тәрбиенің жоқтығынан, тәлімнің аздығынан болып жатыр. Тал бесіктен тәрбиеге жарымасақ, ес біле тәліммен сусындамасақ, өсиет сөз естімесек, есті әңгіме тыңдамасақ ел болып еңсе көтеру қиын іс. Елді ел қылатын халқы. Халық тәлім-тәрбиені басқасынан алдыңғы орынға қойып, ұрпақ тәрбиелеуде ерекше назар қойса келешек гүлдене түсер. Әке мейіріне қанып, ана сүтінен нәр алған ұрпақ жүзінен тәрбиенің, өнегенің, сыйластықтың ізі тұрса ғанибет емес пе?! Технократ болсын, әдебиетші болсын, оған керегі – тәрбие. “Адамның бір қызығы – бала деген” дейді Абай. Баланы жасынан жамандықтан алшақтатып, жақсылыққа баулу, ессіздіктен тыйып, тәрбиелеу – әр ата-ананың міндеті.