Қазақ салтындағы бала тәрбиесі
Бағзы заманнан, адамзат жаратылған кезден-ақ, тәрбиеге мұқтаждық қоса туындаған. Ата-баба өз мұрасы мен тәжірибесін ұрпағының бойына сіңіруге, оны түзу жолға салып, тәрбиелеуге тиіс болды. Адам баласы дами түскен сайын, сол білім мен тәжірибені ұрпаққа үйрету де қиындай түсті. Бұл процесс қиындай түскен сайын, адамдар жас ұрпақты тәрбиелеу тәжірибесін мүмкіндігінше сақтаудың және терең түсінудің қамын ойлай бастады. Осылайша рухани мәдениет бала тәрбиесінде үлкен рөлге ие болды.
Еліміздің рухани байлығы халықтық педагогикамен, адамгершілік насихатымен, діннің рухани уағыздарымен өте тығыз байланыста. Сонымен қатар, бала тәрбиесі салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мереке мен халықтың көркем шығармашылығынан да көрініс табады. Көріп отырғандарыңыздай, қазақ халқының рухани мұрасы өте бай. Ертегі, аңыз әңгімелер, шежірелер мен дастандар арқылы дана халқымыз бала тәрбиесіне бесікте жатқан күнінен-ақ мән берген. Мұның мәні халқымыздың бала тәрбиелеуді өзін-өзі сақтауға ғана емес, өмір сүру жағдайын жақсартуға да қажетті міндет деп ұққандығында. Әрбір ауыз және жазба әдебиетінің астарында өте зор көлемдегі ақпарат болған. Бұл өз кезегінде бала мен жасөспірімдердің эстетикалық және логикалық сезіміне зор ықпал еткен. Яғни, қазақ халқы үшін тәрбиедегі ең басты нәрсе – әрбір баланың шығармашылық дара қабілетін ашу, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру мен сол арқылы саналы ұрпақ қалыптастыру болған.
Бала тәрбиесі отбасынан басталатыны анық дүние. Ал, осы отбасылық тәрбиенің өзегі тәрбиелік дәстүрлерден құралады. Яғни, тәрбиелік дәстүр көмегімен ата-ана жас бала бойына алдымен адамгершілік қағидаларын, рухани құндылықтарды сіңірген. Дегенмен, белгілі бір әдет, мінез-құлық пен жүріс-тұрыс ерекшеліктерін бала бойына “ана сүтімен” сіңіреді. Осы тұста “Бала тәрбиесі -бесіктен” деген мақалдың тектен текке айтылмағандығын ұғуға болады. Бір сөзбен айтқанда, адам тәрбиесіне барлығы да белсене қатысқан: жас та, кәрі де, ата-анадан бастап, әлеуметтік орта мен ағайын-туысқа дейін.