Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің зерттеу құзыреттілігін қалыптастыру
Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің зерттеу құзыреттілігін қалыптастыру
Еліміздің әлемдік білім кеңістігіне енуге талпынысы, білім беру парадигмасының өзгеріп, жаңа ұлттық модельдің қалыптасуы болашақтың жаңаша ойлайтын, дүниеге көзқарас мәдениеті мен санасы дамыған ұрпағын оқытып, тәрбиелейтін кәсіби құзіреттілігі жоғары мұғалімді талап етіп отыр. Нәтижеге бағдарланған білім беру сапасын арттыруда жаңаша жолдар мен әдістер табуға дағдыланған «Жаңа формация маманы болу – білім беру саласының өзекті мәселелерінің бірі. Білім беруді түрлендіруде, білім процесін реформалауда зерттеуші мұғалім мен көшбасшы мұғалім жаңа формация мұғалімі болып табылады. Бүгінгі күнде экономикалық өсу және азаматтардың әл-ауқаты үшін білімнің айтарлықтай маңызды екенін бүкіл әлем мойындауда.
Ұлы Абайдың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – деген сөздері ұстаздық мамандықтың болмысын ашатын сөздер. Кәсіби шеберлігі шыңдалған, құзырлығы жоғары, өз ісінің технологы болу ұстаздан нені талап етеді десек, ол мұғалімнің шығармашылық іс – әрекетінің мазмұны зерттеушілік қызметтен, жеке ізденістерден тұрады. Нәтижеге бағытталған білімдендірудің жаңа жүйесіне көшу мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруда да жаңа көзқарасты қалыптастыруды, құзырлықтарын үнемі дамытуды талап етеді.Жоғары мәдениетті адам ғана осы қажеттіліктерді шешудің жолдарын іздейді, табады.
Оқыту мақсаттарының құрастырылған жүйесі: білімді функционалдық және шығармашылық қолдану, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, қарым-қатынас жасаудың түрлі тәсілдерін қолдану, топпен және жеке дара жұмыс істей алу, мәселелерді шешу және шешімдер қабылдау сияқты кең ауқымды дағдыларын дамытуға негіз болады. Кең ауқымды дағдылар оқушының мектептегі білім алу тәжірибесінде де, келешекте мектепті бітіргеннен кейінгіде жетістігінің кепілі болып табылады.
Мұғалімге өз ісінің маманы болумен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, баланың көзқарасы мен пікірін сыйлау, тыңдай білу керек. Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті атаймыз. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі-оның жан-жақты білімінен ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгерумен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік аясы да соғұрлым кең болмақ. «Құзыреттілік» ұғымы педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылық-белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді шешім шығара алады дегенді білдіреді.
Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің негізгі шарттары:
- Тұлғааралық және еңбектегі байланыс.
- Қызметтің экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, адамгершілік, психологиялық аспектілерін меңгеруі.
- Қызметті жаңа жағдайға бейімдеудегі, басқару шешімін қабылдаудағы дайындығы.
- Практикалық кәсіби тапсырмаларды орындаудағы дайындық әлеуеті
- Нақты жағдайларға байланысты қандай да бір әдістерді пайдалану біліктілігі.
- Тиімді шешім қабылдау қабілеті.
Білімді толық игеру үшін оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, еркін сөйлеуіне, өз ойын ашық және толық айтуға үйрету, ой-өрісін кеңейту – оқытудың ең басты мақсаты. Әрбір оқушыны өз мүмкіндігіне қарай білім, дағды алатындай етіп оқытуымыз дұрыс. Жеке тұлғаның танымдық үрдістерін дамытуда, сондай-ақ, білім, білік, дағдыны, жалпы дүниетанымын қалыптастыруда оқыту әдістерін, жаңа оқыту технологияларын оқыту үрдісінде тиімді пайдалана білу мұғалім шеберлігіне байланысты.
“Құзыреттілік – адамның кәсіби талаптарға сай жеке сипат дәрежесі даралылығы мен кәсіби тұлғалық бейнесінің тұрақтануы” деп көрсеткен А. К. Маркова. Білім беру жүйесіндегі педагогтің кәсіби құзыреттілігінің теориялық негізін айқындап алу үшін, терминнің дербес анықтамасына тоқталайық. Психологиялық- педагогикалық әдебиеттердегі ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда кәсіби шеберліктің қалыптасуы мен даму үдерісінде екі ұғым: құзыреттілік және құзырет ұғымдары пайдаланылып келеді. Методикалық терминдер сөздігінде “Құзыреттілік – қандай да бір оқу пәнін оқыту үдерісінде қалыптасатын білім, білік, дағдылар жиынтығы, сонымен қатар, қандай да бір қызметті орындай алу қабілеттілігі”, – делінген. Дұрыс ұйымдастырылған әдістемелік пен оның кәсіби дамуға бағытталған жұмыстары ғана жаңашылдық кепілі болады. Жеке тұлғаның қалыптасуында ең тиімді жол жаңа тұлғаны қамтитын, қабілет білім, икем, дағды, тәжірибе, көзқарас болып табылады. Балаларды жеке тұлға ретінде қалыптастыру, олардың ақыл – ойын жүйелеу, ойлау қабілетін жетілдіру, дәлдікке үйрету, шындыққа тәрбиелеу мақсатында сауаттылыққа баулу – бүгінгі күн талабы. Оқу іс – әрекетті жоспарлағанда мұғалімнің білімділігі, ізденімпаздығы, меңгертуі, педагогикалық шеберлігі аса маңызды.
Құзырлылық ұғымы – соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым деп көрсеткен К.Құдайбергенова.
Н.Кузьминаның көзқарасы бойынша, «Құзырлылық дегеніміз – педагогтің басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлығы ». К.Құдайбергенова құзырлылық, нәтижеге бағдарланған жаңа білім беру жүйесінің сапалық критерийі ретінде әлеуметтік және өмірлік көзқарастарды есепке алу қажет» деп жазған. ше құзыреттіліктің сипаттамасын шебер – мұғалімнің, жаңашыл – мұғалімнің, зерттеуші- мұғалімнің, кәсіби дәрежесіне көтерілген мұғалімдердің жиынтық бейнесі ретінде қарастырады.
Құзыр- бұл адамның бойындағы бар білік пен білім және қабілеттері. Құзырет – қойылған мақсаттарға жету үшін ішкі және сыртқы ресурстарды тиімді іске асыруға дайындық; жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында табысты іс әрекетке дайындық, Ал, құзыреттілік дегеніміз – бұл адамға берілген немесе жүктеген істі нәтижелі түрде орындауын бағалау мінездемесі. Бұл адамның бойында өзіндік, жауапкершілік, коммуникабельдік, жаңалықты жоғары қабылдайтын, мәселені шеше алатын, адамгершілігі мол, білімі жоғары, жаңа технологияларды меңгере алатын, ұжымда жұмыс жүргізе алатын, белсенділік қасиет – қабілеттерінің болуы.
- Арнайы құзыреттілік- өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті.
- Әлеуметтік құзыреттілік- кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.
- Білім беру құзыреттілігі – педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.
Болашақ педагогтеріміз осы ақпараттық қоғамнан қалыспай: жедел ойлаушы: жедел шешім қабылдаушы:ерекше ұйымдастырушылық қабілетті: нақты бағыт- бағдар беруші болып шығуы – бұл қазіргі заманның талабы.Міне, құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ мұғалім – қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың , интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Бұның өзі өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзіреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді.
Мұндай құзырлылықтың қатарына мыналар жатады:
- бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б);
- мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);
- оқу-танымдық құзіреттілік(өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);
- коммуникативтік құзіреттілік ( адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);
- ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);
- әлеуметтік- еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);
- тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті).
Аталған құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттіліктерінің жан- жақты болуы талап етіледі.Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсына алатын жағдайда болғанда ғана студент құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік табады. Бір сөзбен айтқанда, тұлғаға бағытталған білімдер жүйесі білім стандартына сай тұлғаның жан- жақты дамуына негізделген, алған білімін өмірдің қандай бір жағдаяттарына қолдана алатындай дәрежеде ұсыну педагогтің құзыреттілігіне байланысты болады.
педагогикалық шеберлік- кәсіби әрекетті жоғары деңгейге көтеретін мұғалімнің жеке қасиеттерінің , оның білімі мен білігінің жүйесі. Осы мәселені терең зерттеген А.Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған.
Обьективті критерийлер. Мұғалімнің өз мамандығына қаншалықты сәйкес әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі қандай екендігі.Жоғары еңбек көрсеткіші,әртүрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше алу біліктері, т.б жататындығын атап өтеді.
Субьективті критерийлер. Адамның мамандығы қаншалықты оның табиғатына, қабілеттері мен қызығушыларына сәйкес қаншалықты ол өз ісінен қанағат табатындығымен байланысты. Мұғалім еңбегіндегі субьективті критерийлерге кәсіби – педагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын , оның құндылығын түсіну, маман иесі ретінде өзіне позитивті көзқарастың болуын жатқызады.
Нәтижелі критерийлер. Мұғалім өз ісіне қоғам талап етіп отырған нәтижелерге қол жеткізіп отыр ма деген мәселе тұрғысынан қарастырады.Біреулер нәтиже ретінде оқушылардың білімдерінің стандартқа сай болуын алса, енді біреулер олардың қарым- қабілетін дамытуды алады, ал кейбіреулері оқушылардың өмірге дайындығын басты назарда ұстайды, ал оқыту нәтижесі біз үшін баланың психологиялық функцияларын жетіліп, өзінің педагогикалық әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуге қолдана алуы.
Шығармашылық критерийлер. Мұғалім өз кәсібінің шекарасынан шыға алуы, сол арқылы өз тәжірибесін, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады.Шығармашыл мұғалім үшін біреудің тәжірибесін қайталағаннан гөрі өз жаңалықтарын, білгендері мен түйгендерін басқаларға ұсына алуының, шығармашылық бағыттылықтың болуының мәні зор.
Кәсібиліктің бірден келе салмайтындығы белгілі, оны әр мұғалім ерте ме, кеш пе меңгеруі тиіс. А.Маркова оның кезеңдерін төмендегідей етіп бөледі:
- мұғалімнің өз мамандығына бейімделу кезеңі;
- мамандықта өзін-өзі өзектендіру кезеңі;
- мамандықты еркін меңгерген кезең;
- мамандықта шығармашылық деңгейге жеткен кезең.
Осылайша ғалым кәсіби құзыреттіліктің сипаттамасын шебер- мұғалімнің , жаңашыл- мұғалімнің, зерттеуші- мұғалімнің, кәсіби дәрежесіне көтерілген мұғалімдердің жиынтық бейнесі ретінде қарастырады.
Қазіргі кезде мұғалімнің “ өзіндік жаңалығы”болуы қажет. Ғылым жаңалығын түрлендіруде өз үлесін қосу арқылы жасаған нәтижелі жұмысы өзгелердің тәжірибесін толық көшірмей, жаңа ортаға икемдеп, өзіндік іс- әрекет жиынтығы арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу керек.Қазіргі кәсіптік- педагогикалық қызмет қандай мұғалімді талап етеді. Мұғалім – оқушылардың жеке тұлғасын дамытуға басымдық беретін, күрделі әлеуметтік-мәдени жағдайларда еркін бағдарлай алатын, шығармашылық процестерді басқара алатын, адам туралы ғылымның жетістіктерін, оның даму заңдылықтарын, компьютерлік оқыту өнерін терең меңгерген жан- жақты дамыған шығармашыл тұлғаны талап етеді. Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығының дамуына жағдай жасай алатын, тұлғалық- ізгілілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс- қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген және білімдік мониторинг негізінде ақпараттарды тауып, оларды таңдап сараптай алатын, отандық және шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті айтамыз.
Танауова Әлия Тасболатқызы
«Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті»
«Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының 1 курс магистрі
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы // Алматы 2010.6-б
- К.Құдайбергенова. Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерий // «білім сапасын бағалаудың мәселелері: әдіснамалық негізі және практикалық нәтижесі » атты халықаралық ғылыми – практикалық конференцияның материалдары. 2008. 30- 32-б
- А.К.Маркова. Кәсіби құзыреттіліктің даму деңгейі//2009
- М.И.Скаткин.Зерттеу мәдениеті-педагогикалық қабілет// 2008
- И.Д.Богаева .Педагогикалық қызметтегі кәсіби шеберлік//2009
- Г.К. Селевко. Педагогикалық технологияларды меңгеру факторы//2009
- Құзырлылық амалының негізгі ұғымдары – К.С.Құдайбергенова Алматы 2007