Ел тілегінің күші

Тағдырының той-қызығы тарқаған,
Өлкедегі ең бай әрі қарт адам,
Сәуле шашқан досы түгіл қасына,
Шығып алып құзар таудың басына,
Жаратқаннан ұлы демеу сұрады,
Үш күн, үш түн жалбарынып жылады.
– О, тәңірім,
Санам мұңға шайлықты,
Бердің маған бұл маңда жоқ байлықты.
Адам аз ба барлықты даңқ санаған,
Бірақ бақыт таба алмадым мен одан.
Қарттық жеңді,
Көрде тұр бір аяғым,
Осыменен бітпек пе өмір – баяным?
Көз жұмарда нені демеу етемін,
Байлығымды кімге сеніп кетемін?
Пейілі мен мерейіңнен таң атқан
Бір нәресте сыйла маған, жаратқан?!
Сүмбіле шың болып лезде жап-жарық,
Үн естілді ақша бұлтты қақ жарып:
– Сен перзентсіз өтесің бұл өмірден,
Саған сондай жалқы тағдыр берілген,
Ол шешімім өзгермейді және де!
– О, жаратқан, тәтті арманым өле ме? –
Деп сорлы қарт тұманданып көз алды,
Ұзақ тұрды, сосын қайта сөз алды. –
Онда маған мұңға төзер сана бер,
Және үш күндік ғұмыры бар бала бер.
Нәрестемнің иісін жұту мен үшін
Басты арманым, еді қарттық жеңісім…
– Мейлі, болсын! — деді Тәңір дауысы.
Алтын нұрмен арайланды тау іші.
Неткен жұмбақ ғұмыр еді бұл тәтті,
Тоғыз айда жас тоқалы ұл тапты.
Нәрестесін құшып, иіскеп шал сорлы
Сәл де болса тағдырынан бал сорды.
Жомарт көңілін шуақты ойға батырып
Той жасады елді түгел шақырып.
Ат мінгізді жігіттерге санатты,
Балалы үйге сауын сиыр таратты.
Мәрттік нұры асқақтатып қиялды,
Жетім-жесір тоғыз қойдан сый алды…
Пейіл барда зейін қалай қалғысын,
Шын жүректен білдірді жұрт алғысын:
– Бойлайтындай ел мен жердің сырына
Ұзақ ғұмыр берсін алла -ұлыңа!
– Ер мен ездің жігін оңай сезінген,
Құдіретті күш кетпесін сөзіңнен!
– Перзентіңнің мейірім ойнап көзінен,
Жомарттығы асып түссін өзіңнен!
– О, құдайым, пендем десең сен егер,
Мына қартқа құламас бақ бере гөр!
Уәделі үш күн тақау қалды бітуге,
Бейшара шал жаманшылық күтуде.
Төрт күн өтті, он күн өтті… бала аман,
Бірақ қауіп өшер емес санадан.
Қырық күн де желіп өтті асыға
Шал қайтадан заңғар таудың басына
Көтеріліп, алғыс айтты тәңірге:
– Мұндай шаттық көрмеп едім өмірде,
О, жаратқан, сенім өлсе – ер жетім.
Өзің үш күн ғұмыр берген перзентім
Әлі тірі.
Бір күннен соң бір күннен
Қатер күтіп, ұйықтай алмай жүрмін мен.
Өр адами тағдырымды ырза ғып,
Еттің маған неге мұнша мырзалық?
– Жоқ, сен өзің мырза екенсің, о, пендем,
Адамдығың ту ғып шырқау көтерген. –
Деді Тәңір ақша бұлттың ішінен, —
Сен және де дархан жүрек күшімен
Қуантуға тырыстың әр адамды,
Сол пейілін сақтап қалды балаңды.
Қатал тірлік қасіретінен арыған,
Сенің жомарт мінезіңді таныған,
Үлкен-кіші түгел айтып ақ тілек,
Жатты өзіңе, балаңа да бақ тілеп.
Адам ылғи бір ізгі істі сағынса,
Игі тілек арнасынан табылса,
Демелсе егер тілек көптің қолымен,
Ескерусіз қалдыра алман оны мен.
Жомарттық – бұл мәңгі арымас қайсар күш,
Саған алғыс айтқандарға айт алғыс!!!…
Қарттың кенет шарықтап ой-шынары,
Ашылғандай шаттығының бұлағы,
Бұлттан бөрік киген тауды жаңғыртып
Қуаныштан айқай салып жылады.

 

Мұхтар Шаханов

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *