Балалық шақпен қоштасу циклынан

Алыс қалған балалықтьщ пәк дәмін
таңдайыма келтіріп,
қызым менің қия алмаған шақтарын
қайталайды ентігіп:
«О, біз бүгін қандай қызық ойнадық!
Тағы ойнағым келеді!»
Ал кешкісін кино көрсе, ойланып
актерлардың ойынына сенеді.
Сахнада, рингте күнде де,
футболшылар жанталасқан алаңда,
жеңістер ме, жүлде ме —
бәрінде — ойын, қараңдар!
Жүректердін дүрсілінде, көңілде,
тағдырда да ойын бар,
Жер бетінде
үлкен-кіші өмірде
жүріп жатыр, жүріп жатыр ойындар.
***
Менің әкем
ұқсап кейде тақтағы патшаларға,
есік алды — ақ ұлпа ақша қарда
отырғанда шалқайып бөренеде
құдай өзі келсе де жасқанар ма!
Балалары — біз жүрміз бас аман, жай,
мықтысимыз жасқанбай, тасаланбай,
көз алдында жүреміз әкеміздің
революцияны өзіміз жасағандай.
Түсінеді ол өмірдің заңдылығын:
өзі бір кез жастықтың жан жылуын
берген сонау дауылды кезеңдерге –
уақыт солай бұйырды — салды жүгін.
Он жетіде
мектеп ашты ауылда тың арналы,
он тоғызда колхоз деп ұрандады.
Мезгіл солай сынады жас шағында,
балапаннан шыңдалған қыран жаны.
Уланбаған жас шақта мұң-шерменен
сұлулыққа, шындыққа кім сенбеген?!
Сол сеніммен келеді ол әлі күнге
жек көрумен жандарды бүрсеңдеген.
Қаратпайтын тосқауыл — күз, желге де
әкем үшін сенімі — жүзген кеме.
Жер нәр алар көктемнің жаңбырындай
сол сенімді сіңірді ол біздерге де!
***
Жас сәбидей
алақанда шық неге ерігенін
түсінген жаңа ғана
сарғаюмен күткенім сені менің
бір шындықты (о баста-ақ сеніп едім)
мойындатты
мендегі санаға да:
шыңдардай тұрған дара
саған –
жалғыз күткенім, аңсағаным,
үнсіз, ессіз, сағынып қарсы аларым,
мені жеткізе алады жылдар ғана;
жан болсам да емірде
жолы мұңды,
мені күтіп, өкініп, сағынатын
күн туады саған да –
соны білгін.
Сосын менін, туады таңьш күліп,
күтіп жүрмін шыдаммен со күнімді
саған
өзімді аңсатып, сағындырып
бұрқан-талқан ететін өміріңді.
***
Есік алды. Бала қыздар шуылдап
әткеншектің қасында
итер дейді, өктемсиді жас ұлға,
мен де солай тербелуші ем жасымда.
Әткеншекті — ақ құсын
жерден жырақ ұшыруға талпынып,
бәрі-бәрі жабылады алқынып,
сонау, сонау көк жүзінде — биікте
әткеншегім ұшса дейді шарқ ұрып.
Ал, әткеншек мұңды әнін
баяғыша ызыңдайды — тыңдадым,
жерден ұзап кете алмайды, ырғалып,
тастағысы келмегендей құндағын.
Бала қыздар тербеледі,
білмейді
Жердің де өзі шыр айналып түрғанын.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *