ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАР: АНЫҚТАУ, ОҚЫТУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының
«Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар
мектеп-лицей-интернаты коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Алымбаева Динара Жумакановна
ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАР: АНЫҚТАУ, ОҚЫТУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ
Негізгі сөздер: дарынды оқушы, анықтау, дамыту, ізденіс, зерттеушілік, шығармашылық, ғылымға қадам, талантты оқушы, ойлау ерекшелігі, нәтиже.
Мақалаға аннотация: мақалада дарынды оқушыларды анықтау кезеңінен бастап,қабілетіне қарай дарындылығын дамытудың нақты жолдары көрсетілген.
«Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» демекші, адам баласының өміріндегі қасиетті төрт ананың бірі болып табылатын қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің мұғалімі болу аса жауапкершілікті іс деп білемін. Мен үшін ең қастерлі де, қасиетті мамандық ол – ұстаздық. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деп ұлы Абай атамыз айтқан осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма да 8 жылдың жүзі болыпты.
Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік шыңдарға жету. Осындай жаһандану заманмен тұспа – тұс келген біздің шәкірттеріміздің бойында ұлттық рухымызды сіңіріп, тілі мен дінін, берік ұстанған ұрпақ оқыту, тәрбиелеу барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінің мойнына жүктелетін міндет зор. Менің педагог ретіндегі басты ұстанымым – өз ұлтыма рухани діңгегі мықты, қазақ елін әлемдік кеңістікке еркін самғата алатындай, білім мен тәрбие деп аталатын қос қанатын қомдаған заманына сай ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесімді қосу.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге, экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттілігіне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесін құруды» міндеттеген болатын. Заманымыз алға жылжыған сайын уақыт талабы күшейіп, білім нәрімен сусындатып отырған шәкірттеріміз білімді, талапты, ойшыл, дарынды тұлға болып қалыптасуы үшін, оқыту үрдісінде жаңа әдіс-тәсілдерді, идеяларды қолдана отырып, үздіксіз ізденіспен оқушылардың білімін, таным-талғамын, ой-өрісі мен шығармашылық қабілеттерін дамыту ұстаздар қауымының басты мақсаты болып отыр.
Ол бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Қоғамның өркендеуіне, дамуына, онда болып жатқан өзгерістерге байланысты біздің мемлекетіміздегі білім саласының алдында жүйеленіп, дайындалып берген білімді, дағдыларды меңгеретін, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр.
Бұл міндетті шешу жолында алдыңызда отырған оқушылардың барлығын бірдей деп есептегенмен, ойлауы, дамуы, шығармашылығы жоғары дамыған, өзіндік жұмыстарды орындауды жақсы көретін, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап іздейтін, өз құрдастарынан ерекшеленетін, даму деңгейі жоғары оқушылар кездеседі.
Бұл оқушыларды «дарынды» оқушылар деп атап жүрміз. Оқыту үрдісінде кездесетін қиындықтың бірі – «дарынды оқушы және оның икемділігін әрі қарай арттыру жолдары» ұстаздар мен психологтар назарын аударуда. Көптеген жағдайда дарынды оқушылардың танымдылық қабілетін арттырумен шектелсек, кей уақытта ондай оқушымен пәнді тереңдетіп оқытумен айналыстық. Дарынды оқушы туралы және оның қабілеттері туралы білмегендіктен бір жылда екі сыныптың бағдарламасын оқытып, көшірген жағдайлар да кездескен.
«Дарындылық» деген ұғымның нақты анықтамасы ешқандай әдебиетте берілмеген, ғылыми еңбектерде дарындылықтың әр түріне тоқаталады: интеллектуалдық, академиялық, шығармашылық түрлері берілген.Дарынды оқушымен жұмыс жүргізуді неден бастау қажет? Дарынды оқушымен жұмыс істеудің негізгі мақсаты: олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал, мақсат қажетті оқу бағдарламасын тереңдетіп, оқыту және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады.Дегенмен, әлі де болса бізді ойландыратын, толғандыратын істер жетерлік.
Келесі кезеңде дарынды оқушылардың бойындағы ерекшеліктерді білу қажеттігі туындайды.Дарынды оқушылардың ерекшелігі:
- Ойлау ерекшелігі:
– шапшаң ойлау, тез нәтижеге жету, тез ілгерілеуі;
– әдеттен тыс қызығушылық, сауалды көп қою, «Неге», «не үшін» деген сұрақтарды көп қойып, жауап іздеудегі үлкен талабы;
– көп көлемді білімді меңгеру, ұмытпау, есте сақтау қабілетінің жоғары болуы.
- Ішкі сезім ерекшелігі:
– сезім мүшелерінің ерекше қабылдауы (дыбыс, түс);
– интеллектуалдық дамуда ерекше бір ілгерілеу шапшаңдығы (ойлауы, байқағыштығы өте жоғары, білімге, жаңалыққа құмар, өз ойын жақсы жеткізе алады, алған білімдерін кез-келген уақытта еске түсіріп, пайдалана алады, құрдастарынан көп біледі);
– жан дүниесінің тереңдігі;
– кейбір пәндер бойынша өте үздік үлгірім таныту:
- Әлеуметтік тұрғыдан ерекшелігі:
– өз талап – тілектерін орындау, адамгершілік мәселесінде ерте даму;
– жоғары дәрежедегі әділдік сезімі.
- Академиялық тұрғыдағы дарындылық аясында :
– оқуда – есте ұзақ сақтап, жаңғырта алады;
– математика пәнінде оқушы өлшеу, сызу, математикалық ұғымдар арасындағы байланыстарды ашуға берілген тапсырмаларды зор қызығушылықпен орындап, математикалық белгілерді есте сақтап, өздеріне қажет жағдайда қолдана алады;
– қоршаған дүниені танып-білуде сұрақтар қояды, заттардың пайда болуы, құбылыстар туралы зерттейді, тәжірибе жасайды, арасындағы қарым-қатынасты жақсы түсініп, өзіндік жаңалықтар ашады;
– шығармашылық жұмыстарда мәселені өз бетімен шеше алады, көбінесе өзі тың нәрсе жасайды, көркемдік – қолданбалы еңбекте заттарды өзі жасап аяқтайды.
«Дарындылық дамуының бастауы – оқушының танымдық қабілеті» – дейді А.И.Матюшкин, В.С.Юркевич өздерінің теориялық еңбектерінде. Танымдық қабілетттің дамуы: баяу және белсенді болып екіге бөлінеді.
Баяу формасы – жаңалықты игерудің жай жаттанды түрі мен жай сабақтармен шектелсе, белсенді формасы – шығармашылық қабілеті қалыптасатын зерттеу жұмыстары түрінде көрінеді.
Деңгейлеп оқыту және саралап – даралап оқыту арқылы дарынды оқушының дамуына және шығармашылық белсенділігін арттыруға болады. Дарынды оқушылар қатысатын тапқырлар, ойшылдар сайысы, түрлі үйірмелер, олимпиада, білім сайыстарын жоспарлы түрде өткізіп тұру арқылы олардың өздерін тануға, жаңа білімді игеруге деген құлшынысын қалыптастыратын таптырмас құралдың бірі болмақ.
Дарынды оқушымен жұмыстың бір түрі мәнерлеп оқуға үйрету.Бұл тұрғыда 5 сыныптағы шәкіртім Воропаев Вадим «Тіл шамшырақтары” атты қалалық сайысынан 1 – нші орын алса, мәнерлеп оқу сайысынан Чижик Амина 3 – нші орын алса, “Атамекен” зияткерлік ойын сайысынан Ротова Анастасия жүлделі орын иеленді. Иә, тәжірибе жылмен жинақталатынына көзім жетіп жүр.
Аз ғана еңбек өтілімде бұл аз жеңіс емес деп есептеймін. Дарындылықты дамытудың бір жолы ғылыми жоба қорғау.Ғылыми жоба тақырыптарын таңдауда зерттеудің ғылыми жаңалығы болуына бағыт жүйелеу, талдау, тұжырымдау, диагностикалық сауалнама, талқылау, зерттеу нәтижелерін қорытындылау,жинақтау әдістері қолданылуын қадағалаймын.
Дарындылықты дамытуға арналған бұл жобаның ең бастысы практикалық бөлім болып табылады. Зерттеу мәселелері мәнісін түсіндіретін немесе оны шешуге мүмкіндік беретін ғылыми әдістерді пайдалануды болжайды. Зерттеу жұмыстарының бұл кезеңі маңызды болып табылады, бұл кезеңде жоба авторы өзінің шығармашылық мүмкіндігін көрсете алады.Бұл кезеңде эксперименттер, байқау, сауалнама, әңгімелесу, сұрақ қою, интервью алу т.б. зерттеу әдістері пайдаланылады. Ғылыми зерттеуді жүргізу кезінде дұрыс ақпарат алу үшін бір емес, бірнеше әдістер жиынтығының бірі зерттеу күнделігін жүргізу.Зерттеу күнделігі оқушылардың тақырыпты таңдаған күнінен басталады, әдебиеттермен жұмыс жасайды және жобаны рәсімдеу мен қажетті құжаттарды дайындау кезінде аяқталады.
Зерттеу күнделігіне автордың барлық істеген жұмыстары көрсетіледі.Зерттеу тақырыбы бойынша жұмысты жүргізгенде оқушыға мақсатқа жетуге бағыттайтын барлық мүмкіншілікті, жолды көрсетіп беру, қалыптасқан, белгілі және белгісіз, зерттеуді қажетсінетін жолдарды анықтап, талдау, таңдау жасау, әрбір әрекетті бағалауды басты назарда ұстанамын. Олардың зерттеу тақырыбы қиялдауға ұласып кетсе де, нәтижеге жеткендігі болып табылатынын естен шығармауға тырысамын.
Қорғау кезеңінде оқушыларым ашқан жаңалығын ұсынуға үйренеді, басқалардың ой-пікірін тыңдап, өзінің көзқарасын дәлелдеуді үйренеді. Ғылыми жоба тұрғысындағы жетістіктерім де аз емес. 8 сынып оқушысы Омарова Гүлмира «Қазақ және әзірбайжан халқының салт – дәстүріндегі ерекшеліктер» атты жобадан 1 – нші орынды еншілесе, 5 сынып оқушысы Қанатова Эльвира «Қазақ және қырғыз халықтарының тұрмысындағы ұқсастығы мен айырмашылықтары» 2 – нші орынды еншілесе, 6 сынып оқушысы Ротова Анастасия «Мысықтың емдік қасиеті» тақырыбында ғылыми жобалар қорғап, ғылымға деген алғашқы қадамдарын жасады.
Иә, балалардың жұмысқа қабілетін бағыттап отыру жеткіліксіз, дарынды оқушыларға жағдай жасап – болашақ басшыларды, өздерін қорғай білетін, білімді, тапқыр тұлғаны қалыптастыру үшін оларды анықтап, жұмыс жүргізу жолдарына тоқталдым. Бұндай оқушыларға керемет бір жаңалықты ашып, әлемді таңғалдыру міндетті емес.
Бұл орайда менің парызым олардың интеллектуалдық даму деңгейі өте жоғары, қабілетті, жеке басының дамуында ерекшелігі бар болғандықтан, қолымыздан келетін барлық мүмкіндіктер арқылы олардың кез-келген пайдалы ортадан табылуына көмектесу. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек», – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі, сол қоғам мүддесіне сай болуы керек. Өз ойымды түйіндей келе, «Ізденген жетер мұратқа» демекші, тынымсыз еңбектенсек қана, дарынды оқушы тәрбиелеуге қол жеткіземіз деп есептеймін.
Пайдаланған әдебиеттер:
- А. Асқарбаев, М. Жазыбаев, С. Рахметова. “Дарындылық – ғылымға бастар жол” журналы 2013 жыл, № 6, 4-6 бет
2.Айдосова З. “Дамыта оқыту технологиясының мәселелері ”(қазақ тілі мен әдебиеті).- 2011 жыл, №5, 7 – 8 бет.
3.А.И.Доровский. Дидактические основы одаренности. – 2000 г,№7, 6-9 стр. 4. Ю.З.Гильбух. Внимние: одаренные дети. – 1991 г, №9, 6-9 стр.
- Начальная школа Казахстана. 2005 г, №2 19-20 бет.
- Жұмабаева Ә.Е. «Дарындылықты дамыту жұмыстарының әдістемесі» 2013 жыл, 13-19 бет.
7.Қазақстан мұғалімі журналы 2014 жыл, №5, 5-6 бет
8.Қазақстан мұғалімі журналы 2015 жыл, №6, 8-9 бет