«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ»
«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ»
Алымбаева Динара Жумакановна
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының
«Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар
мектеп-лицей-интернаты коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
2020 жылы елімізде Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі. Әбу Насыр Әл-Фараби әлемге әйгілі математик, логика, физик, астроном, лингвист, ойшыл, философ, ,социолог, музыка зерттеушісі, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама. Тарихи деректерге сүйенсек 70-ке жуық тіл біліп, көп ізденген ойшыл, математика, логика, метафизика, жаратылыстану, медецина, география, философия, этика, тіл білімі, музыка салаларынан 150-ге тарта трактат жазып, өшпес мұра қалдырған. Әл-Фараби 870 жылы қазақтың ежелгі қаласы Фараб қаласында дүниеге келген.Сол себепен Әбу-Насыр Әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан. Бұл қаланың жаңа орны-қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы.
Атақты ойшыл Әл-Фараби дәулетті отбасынан шыққан. Балалық шағында тарлық көрмей өскен дарын иесі, бала күнінен ғылымға үйір болып өскен. Ең алғаш білім іздеп, Бағдатқа барып, араб, парсы, грек, латын, санкрит тілдерін үйренген, одан кейін Хамадан, Александрия, Каир, Шам, Мәдина, Мекке қалаларында зерттеулермен айналысып, Бағдат қаласында 20 жылдай еңбек еткен. Әл-Фарабидің ең алғаш ашқан ғылыми жаңалығы – антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен исламды біріктіруіне үлкен үлес қосқан.
Ұлы ойшылдың еңбектерін зерттеген атақты ғалымдар: А. Машанов, Х.Сүйіншәлиев, М.Мырзахметов,Р. Бердібай, Н. Төреқұлов, Ә. Марғұлан, А.Көбесов, А.Қасымжанов, Ә. Дербісәлі тағы басқа ғалымдарда зерттеген.
Әл-Фараби математика ғылымын жан-жақты зерттеген ғалым.Ол өзіне дейінгі және тұстас математиктердің еңбектеріне сүйене отырып, тригонометрия сызықтар жөнінде өз ілімін жасады. Мұндағы негізгі бір жаңалық Әбу Наср Әл-Фараби синус, косинус, синус-ферзус, тангенс, котангенс сызықтарын бірыңғай радиусы тұрақты шеңбер ішінде қарастырды. Ол тригонометрияның кестелер жасауда аса қажет болып табылатын бір градус доғаның синусы мен косинусын анықтауда елеулі табыстарға жеткен. Әбу Наср Әл-Фараби осы айтылған тригонометрия мағлұматтарға және басқа да қосымша математика материалдарға сүйене отырып, “Алмагесте” қарастырылған астрономия және география мәселелерін математика жолмен шешудің ең жеңіл әдістерін ұсынады. “Геометриялық фигуралардың егжей-тегжейі жөнінде табиғи сырлары мен рухани әдіс-айлалар кітабы” геометрия салу есептерін сұрыптап, бір жүйеге келтірген. Жүзден аса есеп шығару әдістері көрсетілген. Бұлардың ішінде: парабола салу, бұрышты трисекциялау, кубты екі еселеу, дұрыс көп бұрыштар салу, көп жақтар салу, жазық фигураларды түрлендіру т.б. Әбу Наср Әл-Фараби адымы тұрақты циркульмен бір жақты сызғыш көмегімен шешілетін есептерді мол қарастырды. Осы еңбекте 3, 4, 5 т.б., яғни өлшемді куб салу есебін ойша қалай шешу идеясы бар, оның “Болжамдағы геометрияға кіріспе” атты трактат жазғаны мәлім, бірақ ол еңбегі бізге жетпеген. Осыған қарағанда Әбу Наср Әл-Фараби көп өлшемді абстракция геометрияның идеясын алғаш айтушылардың бірі деп жорамалдауға негіз бар. Әбу Наср Әл-Фарабидің трактатын математикалық тарихшылары осы уақытқа дейін атақты Хорасан математигі Әбу-л-Уафаға теліп келгені анықталды. Әбу Наср Әл-Фараби арифметикалық саласында “Теориялық арифметикаға қысқаша кіріспе” деп аталатын еңбек жазған. Оның көптеген логикалық еңбектерінде математикалық логиканың элементтері де кездеседі. Әбу Наср Әл-Фарабидің математикалық идеяларын, мұраларын Әбу-л-Уафа, Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Райхан Бируни, Омар һайям сияқты шығыс ғұламаларымен қатар Роджер Бэкон, Леонардо да Винчи тәрізді Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған.
Физика саласындағы Әбу Наср Әл-Фарабидің көрнекті еңбегі “Вакуум туралы” деп аталады. Мұнда ол вакуум жоқ екенін ежелгі гректерде сирек кездесетін тәжірибеге сүйенген логикалық қорытындылар арқылы дәлелдеуге тырысқан. Әбу Наср Әл-Фараби бұл еңбегінде вакуум мәселесінен басқа да физиканың әр түрлі мәселелерін қарастырып, сол кездегі ғылымның дәрежесіне сай өз шешімдерін дұрыс тапқан (дененің жылудан ұлғаюы не кішіреюі, түсірілген кернеуге, қысымға байланысты ауа көлемінің ұлғаю немесе кішірею заңдылықтары, ауаға түсірілген кернеудің берілуі, т.б.). Әбу Наср Әл-Фараби химия, медицина, география, минерология т.б. жаратылыстану ғылымдары бойынша да шығармалар жазған: “Алхимия өнерінің қажеттігі туралы” атты трактатында өз тұсындағы алхимиялық білімдерді талдап, алхимияның жалған қабыршағынан ғылыми дәнін бөліп алып, оны белгілі бір зерттеу пәні бар жаратылыстану ғылымының бір саласы ретінде қарастырады.
Әбу Наср Әл-Фараби медицина саласында “Адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған трактат]]”, “Жануарлар ағзалары”, “Темперамент туралы” т.б. еңбектер жазған, онда негізінен медицинаның теория мәселелерімен айналысып, медицина өнерінің пәнін, міндет-мақсатын анықтап беруге тырысады. Әбу Наср Әл-Фарабидің философия және натурфилософия еңбектерінде жаратылыстанудың көптеген мәселелеріне тоқталады. Жаратылыстану саласында жазған трактаттары да, бұл салаға қосқан жаңалықтары да қыруар. Физикалық құбылыстарды талдайтын еңбегі оннан асады. Оның таразы туралы, механизмдер туралы, оптика мен бос кеңістік (вакуум) туралы көптеген құнды тұжырымдары әлемге әйгілі. Ол механикаға математика мен геометрия әдістерін жан-жақты пайдаланды, тәжірибені логикалық терең ойлау нәтижелерімен ұштастырды.
Астрономида күн апогейі орнының тұрақты болмайтынын өз тәжірибесі арқылы бақылап анықтаған. Сәуленің таралуын геометрия оптика заңдылықтарымен дәлелдеп береді. Сәуленің жиналу, сыну, тарау, шоғырлану заңдылықтарын геометриялық дәл әдістермен тапқан Әбу Наср Әл-Фарабидің шұғыла туралы түсінігі Еуропа ғылымына 17 ғасырда ғана мәлім болды. Оны неміс астрономы И. Кеплер арабшадан аударып “фокус” атаған. Мұны Әбу Наср Әл-Фараби сегіз ғасыр бұрын “күйдіру”, “оттық орын” мәнінен шығарып “мұхарақ” атаған. Ол және өз қолымен ойыс айна, яғни парабола, линза жасап, бұларын ғылымда қолданған да болатын.Әбу Наср Әл-Фараби ежелгі гректің ұлы астрономы Клавдий Птоломейдің еңбектерін түсіндіре, кемелдендіре отырып, өз тарапынан да теориялық (математикалық), практикалық мәні зор қорытындылар жасап, соны идеялар, пікірлер айтады. Мысалы, ол тарихта тұңғыш рет Шолпан планетасының Күннің бетін басып өтуін бақылайды, “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс” деп аталатын трактатында ғұлама ғылыми астрономияны, жұлдыздардың орны, түр-түсі, қозғалысы т.б. көрінерлік қасиеттеріне сүйеніп, жер бетіндегі оқиғалардың, адам өмірінің болашағын алдын-ала болжауға болады дейтін дүдәмал, күмәнді ғылымсымақты астрологиядан бөліп қарайды.
Әл-Фарабидің лингвистикалық көзқарасы туралы мәселеге қайта орала отырып байқағанымыз, ол тілге дербес те (көп жағдайда ғалымның өзі жұмыс тілі ретінде пайдаланылған араб тілі), сол сияқты тілді қоғамдық құбылыс, адамзат тегінің атрибуты, адами ойдың өмір сүруі ретіндегі кешенді түрде де қарастырады. Бұл, бір жағынан. Екінші тұрғыдан алғанда, әл-Фарабидің трактаттарынан біз тілдің бөлімдеріне (фонетика, лексикология, морфология, синтаксис) тікелей қатысты және оның басқа ғылым мен өнер (логика, риторика, каллиграфия, музыка, поэтика) түрлерімен, сол сияқты, тіл білімі теориясының әртүрлі проблемаларымен (тілдің анықтамасы, тіл мен сөздің проблемасы, тіл мен оның мазмұнының өмір сүру формасы, тілдің таңбалық табиғаты, тілдің дамуы мен өзгеру проблемасы, тіл мен ойдың байланысы, тілдің формасы мен мазмұнының байланысы, қоғамдағы тілдің ролі, тілдің қызметі, тілдің шығу төркіні мен болмысы, тілдік норма және т.б.) байланысты мәселелерді табамыз. Осылайша, Әл-Фарабидің шығармашылығында лингвистикалық ғылым толық, әрі мазмұнды берілген деген тұжырым жасауға болады. Ғалымның мұраларын жан-жақты саралай келе, оның тұтас концепциясын тануға болады. Алайда, осы ретте бұл ізденістің күрделілігін де байқаймыз. Себебі, Әл-Фараби кейбір мәселелерді «Ғылымдарды жүйелеу кітабы» («Книга классификации наук»), «Әріптер кітабы» («Книга букв»), «Музыканың үлкен кітабы» («Большая книга музыки») еңбектерінде баяндаса, оның екінші бөлігі, білім, ғылым және өнердің басқа проблемалары мен бөлімдерін талдау үстінде баяндалып, ғалымның ғылыми ізденісінің кешенді сипаты мен көпқырлы тәсілдерінің ерекшелігін айғақтайды.
Зерттеушілердің пікірінше, Әл-Фараби мұсылман философтарының арасында алғашқылардың бірі болып, тілдің пайда болуы мен қалыптасуына мән беріп, өзінің ізденісін осы сабақтастықтардан бастайды. Осы ретте ол бұл проблемаларға философтық тұғыдан қарап, құбылыстың әр сипатты, яғни, тарихи, географиялық, әлеуметтік, ғылыми және өзіндік лингвистикалық аспектілерін бір арнаға жинап, зерттеді. Нәтижесінде ол адамдарды ежелгі заманда да, қазіргі кезде де ойландырған мәселелердің айқын бейнесін жасай алды. Яғни, Әл-Фарабиге нақты философиялық түрде зерттеу жүргізуі тілдің негізгі құрылымы мен жіктелістерінің әртүрлі аясы мен сатысын айқындауға мүмкіндік ашты. Себебі, ол тілді логикамен, адамның ақылымен, ойымен бірлікте қарастырып, тілдің ең жоғары көрінісін — оның философияға айналуын көрсетті.
Мәселен Әл-Фараби өзінің “Интеллект (сөзінің мағынасы жайында” атты зерттеуінде адамның ақыл-парасат мүмкіндігіне жан-жақты талдау жасай келіп, оны “потенциалды интеллект” “актуальды”, “жүре келе дарыған интеллект”, “әрекетшіл интеллект” сияқты философиялық категорияларға бөліп-бөліп талдайды. Әл-Фараби “жүре келе дарыған интеллект” туралы айта келіп, адам туғаннан ақылды, білімді болып тумайтынын, интеллекттің өзі жүре келе, есітіп, көріп барып қана дамитынын ескертеді. Өнер біткеннің бәріне жаратылысынан шындыққа сыймайтыны сияқты, қайырымдылықтың, этикалық және интеллектуалдық бәріне жаратылысынан толық бейім адамның болуы шындыққа симайды, ол мүмкін емес” деп атап көрсетті Әл-Фараби.
Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжрымыдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол [адам] баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Фараби жасаған қортындының басты түйіні — білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Фараби көркемдік, сұлулық хақында былай дейді: ол өмір шындығының өзіне тән қасиеті, болмыстың, нақты құбылыстардың, әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік — тән мен жан қасиеттерінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды.
Фараби әдебиет теориясымен де жан-жақты шұғылданған ғалым. Логикадан тарататын поэтика, әдебиет теориясы, тіл білімі салаларына арнап әл-Фараби «Өлең өнері туралы трактат», «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат», «Әдебиеттегі пікірталас туралы трактат», «Риторика туралы трактат», «Логика туралы трактат» «Ғылымдардың шығуы туралы трактат», «Ғылымдардың жіктелуі туралы трактат» секілді еңбектерді жазып, алдыңғы ұрпаққа өшпес мұра қалдырған.
Әдебиет теориясы бойынша көптеген зерттеулер жазғанын Фараби шығармаларының сақталып қалған тізімдерінен білеміз. Фарабидің “Өлең құрылысың зерттеуге арналған сөз”, “Өлең ырғағы туралы”, “Поэзия өнерінің негіздері туралы тарктат” деп аталатын зерттеулері болған. Бұл салада-Фарабидің бізге толық күйінде жеткен екі зерттеуі ерекше назар аударады. Олардың бірі–“Өлең өнері” деп араб поэзиясының теориялық мәселелерінің арналған. Мұнда өлеңнің мазмұны мен формасы арасындағы үндестік мәселесі, сондай-ақ бәйіт, газел, месневи, т.б. сөз болады.
Әл-Фарабиді дүниеге танытқан музыка теориясына арналған шығармаларының бірі – “Музыканың үлкен кітабы” атты еңбегі. Ғұлама бұл еңбекте математикалық тәсілдер пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге келтірді. Ол тек музыка теориясын ғана жазып қоймай, музыкалық аспаптарды да қолдан жасап, сол аспаптарда керемет ойнай да білген. Қазақ домбырасын дүниеге келтірген асқан музыкант ұлы бабамыз Әбу-Насыр әл-Фараби десек, біз қателеспеген болар едік.
Әл-Фарабиден бізге жеткен ең үлкен ғылыми теориялық еңбек — “Музыканың ұлы кітабы” болып табылады. Мұнда музыка теориясы физика-математикалық негізде қорытылып, баяндалған, мәселен, физиканың акустика, механика мәселелері бойынша кең қамтылып, дыбыстың табиғаты, таралуы, қозғалысы, резонанс, т. б. бойынша көптеген соны пікірлер айтылады.
Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жасалған «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде Әл-Фарабидің он томдық еңбектерінің жарыққа шығуы үлкен маңызға ие болды. Ұлы ғалымның ұшан теңіз еңбектерінен біздің заманымызға дейін сақталып, бүгінгі ұрпақтың қолына тигені қырыққа жуық ғылыми еңбек деуге болады. Әбу Наср Әл-Фарабидің еңбектері гылымның барлық саласын қамтиды. Онын аясы кең.
Пайдаланылған әдебиеттер.
- Н.Келімбетов. “Көркемдік дәстүр жалғастығы”. Астана. “Елорда”-2000ж.
- “Қазақ тілі мен әдебиеті”. Журналы, №1. 2005жыл.
- Ә.Дербісәлиев. “Қазақ даласының жұлдыздары”. Алматы-1995жыл.
- Ж. Алтаев. “Философия және мәдениеттану”. Алматы, 1998жыл.
- С.Қирабаев. “Ежелгі дәуір әдебиеті”. Алматы, 1991жыл.
- Духовное наследие аль-Фараби: история и современность. – Алматы, 2001.
- Аль-Фараби и развитие восточной философии. – Астана, 2005.
- Философия аль-Фараби и исламская духовность. Авторский коллектив. – Алматы, 2005.
- Мир ценностей аль-Фараби и аксиология XXІ века. Книга 1, 2. – Алматы, 2006.