Алаштың Ақселеуі

Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
Нурмуханбетова Толқын Әлікенқызы

Алаштың Ақселеуі
Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы 2021 жылдың 3-5 қараша аралығында Ақселеу Сейдімбектің әдеби мұрасын зерделеу, насихаттау және тәжірибе алмасу мақсатында «Ақселеу Сейдімбектің көркем шығармаларындағы өмір шындығы» тақырыптарына облыстық ашық тәжірибе алаңын ұйымдастырды. Ашық тәжірибе алаңына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы инженер педагогтар мен жалпы білім беретін пән оқытушылары қатысты.
3 күнге созылған ашық тәжірибе алаңына әр өңірден қатысқан қатысушылар Ақселеу Сейдімбектің шығармашылығы мен еңбектеріне кеңінен тоқталып, тәжірибе алмасып, дарынды дара тұлғаның сан қырлы қадір-қасиетін даралап, жан-жақты мағлұматтар берді.
Алғашқы сөз кезегін алған облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік бөлім басшысы Исаханова Шынар Қабиқызы ашық тәжірибе алаңының ұйымдастырылу мақсаты мен Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығы жайлы таныстырып өтті.
Алматы облыстық «Ұстаз әдістемесі» қоғамдық-пеадгогикалық газетінің бас редакторы Ерғазы Манапұлы «Ақселеу Сейдімбек шығармаларындағы ұлттық құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, Ақселеу Сейдімбектің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, ұлттық өнеріне қосқан орасан зор үлесі туралы кеңінен тоқталып, мол ақпараттар берді.
Келесі сөз кезегін алған Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайының бас қор сақтаушысы Шектыбаева Назгүл Төкенқызы «Ұлтты өлтірмейтін – оның төлтума мәдениеті» тақырыбында жасаған баяндамасында Ақселеу Сейдімбектің қазақ халқының ұлттық сөз өнері, қол өнері, музыка өнері туралы зерттеген, жазған еңбектерімен таныстырып өтті.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультеті деканының орынбасары Болатова Гүлжаухар Жамбылқызы «Ақселеу Сейдімбектің ғылыми-зерттеу еңбектері» тақырыбында сөз қозғай отырып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің ашылуына, қалыптасуына сіңірген еңбектерін сағынышқа толы естеліктермен жеткізіп, бүгінде сол университетте 2009 жылдың 12 желтоқсанынан бері туған күніне орай «Ақселеу оқулары» ұйымдастырылып келе жатқандығын, Ақселеу кабинеті ашылғандығын, Ақселеу атындағы шәкіртақы тағайындалғанын мақтанышпен айтып өтті.
Ашық тәжірибе алаңының 2-3-күндері Ақселеу Сейдімбектің әдеби шығармаларына кезек берілді.
Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Құрманғалиева Құралай Жеңісқызы Публицистикалық очерктерінің бірі- «Шоқан публицист» шығармасына тоқтала отырып, очерктен үзінділер келтіріп, жазушының кең тынысты ойларымен таныстырды.
«… Шоқан шынында да «ерекше бір құбылыс», толық мағынасындағы интеллект иесі болды. Оның алғашқы ғылыми еңбектерінің бірі жиырма жасында жазылып, жиырма екі жасында Россияның Географиялық қоғамының мүшесі болды. Ал, 23 жасында атақты Қашқар саяхатымен дүниежүзіне танылды.Шоқан Уәлиханов маңдайына жазылған аз ғана ғұмырында тарих, география, фольклористика, этнография, социология, оринталистика сияқты ғылым салаларының қай-қайсысында да толымды еңбектер беріп, ғылымның осы салаларының ілгері дамуына тегеурінді үлес қоса білді. Шоқанның артына қалдырған мол мұрасы – дәуір шежіресі, өмір көрінісі, заман тынысы. Сондықтан да, Шоқанның жан жүрегі мен ақыл ойынан туған ғажайып мұрасы бүгін мен болашаққа қызмет ете береді…»
Сондай-ақ, ашық алаңға қатысушалармен Ақселеу шығармашылығы бойынша жаңа әдіс-тәсілдер арқылы кері байланыс жасап, ойын қорытындылады.
Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Алдыбаева Мөлдір Байболатқызы « Ойсылқара» очеркі туралы айтып өтті. Ақселеу Сейдімбектің этнографиялық толғаныстарға толы очерктері далалық тарихи танымды арқау ететіндігін, еңбектері «Күңгір-күңгір күмбездер» кітабынан бастау алып, «Қазақ әлемі» этномәдени пайымдауларға толы фундаментальды кітабымен тұжырымдалғандығын, бұл еңбектердің бәрінде де қазақтың тарихи, рухани, мәдени, дәстүр мен салт-сана байлықтары арқау болғандығын атап көрсетті.
Ақселеу Сейдімбек «Ойсылқара» атты этнотанымдық очеркінде қазақ
халқының мал баптаған, көнекөз қариясы Қожабектің төлтума қасиеті, ата
кәсібін ардақтауы, түйе түлігіне деген адалдығы, қазақ халқының бойына туа
бітетін асыл қасиеттердің қайнарының осы қария бойында сақталғандығын
тілге тиек етеді. Очеркші өз кейіпкерін дала академигі дәрежесіне көтере отырып, дала сырының майталман білгірінің бейнесін толық ашып бере алған. Табиғат, адам, онда өмір сүретін жан-жануарлар әлемі жұмбағы мен сыры мол дүние екенін, қазақ әлемінің этномәдени құндылықтары әрбір қазақ баласының жадында жүруі керек екенін әр очеркінде еске салып отырғандай әсерде қаласың,-деп ойын қорытындылады.
Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Оразхан Алмагуль Сембайқызы Ақселеу Сейдімбектің «Бақыт» ертегісімен таныстыру барысында жазушының өте мағыналы да терең сөз қолданыстарын барынша орынды қолдана отырып, асқан ыждаһаттылықпен таныстырылым арқылы өте тамаша таныстырып, Ақселеу Сейдімбек шығармашылығына деген тыңдаушылардың қызығушылығын арттырды.
І.Жансүгіров колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Сулейменова Айгүл Максутхановна «Тоқаның толғауы» атты жасаған танымдық баяндамасын оқи отырып, Ақселеу Сейдімбек жинаған күй аңыздары оның көркем туындыларына да арқау болғандығын, ғалымның жазушылық дарыны қазақи əңгімелердің нағыз нақышты, құлақ құрышын қандыратын шешендігі мен оқиғаның қызықтығы қосылып, шебер шендестіріп, əдемі үндестіріп, қара сөздің қаймағын ағызып, айызыңды қандыратындығын айта келіп, Тоқа Шоңманұлы туралы радиопьесасымен таныстырды.
Тоқа Шоңманұлы – (лақап аты Сайдалы Сары Тоқа, 1830, қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы -1904) – халық композиторы, Тәттімбет күй тарту мектебін дамытушылардың бірі, шертие күйдің шебері. Тоқа жасынан-ақ асқан домбырашылық өнерімен ел-жұртына белгілі болды. Оның идеялық мазмұны терең, ойлы, сұлу ырғақты “Сары жайлау”, “Ерке қыз”, “Бел шешер”, “Жалғыз ішек”, “Қосбасар” (3 нұсқасы), “Боз торғай”, “Теріс қақпай”, “Аққу”, “Сары өзен”, “Боз айғыр”, “Төрт толғау”, (“Естірту”, “Арнау”, “Ана жүрегі”. “Немере жоқтауы” деген 4 бөлімнен тұрады) атты күйлері халықарасына кең тарады.
Тоқаның қартайған шағында ел-жұртқа қадірлі болып танылған Жалмағамбет дейтін үлкен ұлы қырық алты жасында дүние салыпты. Сол жылдың қары қалың түсіп, көктемде Жалмағамбеттің бейіті су астында қалса керек. Бұған Тоқаң қатты күйініп, ұлының сүйегін қайтадан дөңес жерге қоюды ниет етсе, ауылдың молдасымақ діндар адамдары: «Жаназа шығарарда «Аманат!» деп жерленбеген мұсылман баласының мүрдесін қазу күпірлік, кітап сөзінде орнынан қозғалған пенде о дүниеде бейіштің қарасын көре алмақ емес», — деп наразылық білдіріпті.
Тоқаның әйгілі «Төрт толғау» дейтін күйі осы бір қасірет шектірген оқиғаға орай шыққан. Жай шықпаған, көкірекке кептелген шер тарқамай, қайта-қайта толқи лықсып, төрт күй болып шыққан. Ержетіп, елге қадірлі болған баласының өлімі — бір қайғы, төңірегіндегі күйреп қалған ет жақындарының қасірет шегуі — екінші қайғы, күтпеген жерден Жалмағамбеттің деген топырағының суға қарық болуы — үшінші қайғы… Қысқасы, әрбір күйзеліс сәтінде Тоқа домбырасына ғана мұңын шағып, домбырадан ғана күйзелген жанына жәрдем тілеп, «Төрт толғау» атты тізбекті күйін дүниеге әкелген. Бұл күй өз ішінде «Естірту», «Арнау», «Ана жүрегі», «Немере зары» деген бөлек-бөлек атауларымен белгілі ,- деп сөзін аяқтады
Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Аяғанова Гульмира Асылбековна «Аққыз» повесі бойынша сөйледі.
Ақселеу Сейдімбектің жазушылық қарымын, көркемдік деңгейін мейлінше көрсеткен кітабы – «Аққыз» повесі екендігін ерекше атай отырып, шығармадағы Аққыз туралы деректермен таныстырып өтті.
Апамыздың азан шақырып қойған аты – Мүгілсін. Жаратылысынан сұлу болған апамыз өсе келе елге танымал әнші, күйші болады. Жиын-тойлардың сәнін келтіріп, халқы оны Аққыз атап кеткен екен. Елі оны «Жезтаңдай әнші Аққыз», «Күйші Аққыз» деп жоғары ілтипатпен атайтын болған.
Аққыз 9 қыздың ішінде ерекше болып өседі. Әкесі де оны еркелетіп, еркін өсіреді. Әкесі өнерге жақын болғандықтан қызы да күйшілердің жанында жүріп, өнердің айналасында жүреді. Аққыз апамызға бойжеткен кезінде сырттай құдандаласып жүргендер көп болады. Ол кезде апамыздың елге танылып, ел ішінде айтулы әнші ретінде, елдегі ауыл күйшілерінің үйретуімен Тәттімбеттің «Саржайлау», «Қосбасар», «Сылқылдақ», Саймақтың «Сары өзен», Тоқаның «Жалғыз ішек», «Бел шешер» күйлерін және Арқаның тамылжыған сұлу әндерін орындап жүрген кезі болатын. Аққыз өз қалауынсыз қалыңмал беруші елге ұзатылып, Көпбай деген жігітке тұрмысқа шығады. Тұрмыс құрғаннан кейін Аққыздың өнерді ары қарай қууына мүмкіндік болмайды. Ата-анадан айырылып, жат елге кеткеннен кейін «Жетім қыз» күйін шығарады. Аққыз әже болғанда танымал домбырашы Әбікен Хасеновтен Тәттімбеттің «Бес төре» күйін үйренеді. Апамыз Ақтоғай өңірінде тұрған кезінде Мағауия Хамзин, Әпике Әбенова мен Жақсылық Омашевтарға ұстаздық етіп, Тәттімбеттің күйлерін үйретіп, оның мұраларын жалғастырған адам. Ал белгілі ғалым-зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің деректеріне жүгінсек, Аққыз апамыздың жалғыз ұлы Тілеужан да күйшілік өнердің парқын түсініп, білетін жан болған. А.Сейдімбектің еңбегіне сүйенсек, он жетінші жылғы төңкерістен кейін ұжымдастыру, тәркілеу сияқты саяси әлеуметтік шаралардың бір ұшы Аққыз апамыздың отбасына өз кесірін тигізеді. Сол кездің өзінде-ақ әйгілі «Зар Қосбасар» күйін шығарған Әбди Рысбекұлы 1931 жылы домбыра тартқаны үшін атылады. Осындай сұмдықты көрген апамыз домбыра көрсе шошынатын күйге түседі. Кейіннен атылғандар ақталған тұста апамыз да домбырасын қолына алып, өлгені қайта тірілгендей болады. Күйші апамыздың «Жетім қыздан» бөлек, «Қосбасар», «Қайран елім», «Мұңды қыз» деген күйлері ел арасында танымал болады
Ақселеу Сейдімбек – Аққыз бейнесі арқылы қазақтың даналығы мен даралығын, рухани тазалығы мен адамгершілігін көрсетіп кеткен ұлы тұлға.
Бизнес, құқық және жаңа технологиялар колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Кулубекова Алтын Баратовна «Тәтті тіршілік» әңгімесі бойынша ойын өрбітті.
Ақселеу Сейдімбектің “Тәтті тіршілік” әңгімесінің тақырыбының өзі оқырманға көп ой салатындығын, шығарма атауында философиялық астар бар екендігін айта келіп, «Тәтті тірішілік» әңгімесін «Ой шақыру», аудио мәтін тыңдату, «Оқиғалар тізбегі» сияқты әдіс тәсілдерді пайдаланып, кері байланыс жасай отырып, әңгіменің мәтінімен, мазмұнымен таныстырып, әңгіменің арқауы болған малшы мен түлкінің әрекеттерін сипаттай отырып, тіршіліктің тәттілігін ұтымды ұғындыра білетіндігін шеберлікпен көрсете білді.
«Білім» гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Сейтханова Мөлдір Баяхметовна жазушы-ғалымның «Ақиық» шығармасындағы қазақи ғұрыптың жандануы туралы айта келіп, Ақиық» повесінде аңшылық-саятшылықтың өзгеше сыр-сипатын барынша бабымен баяндағанын, бүркітті балапан емес, еркін өсіп ержеткен сайыпқыран кезінде қолына қондырып, баулып-баптап, төңірегіндегі ел-жұрт¬¬ты таңдандырған құсбегі Сы第дықтың өнерінің сөзбен су¬рет¬телгеніне тоқталды. Ақселеу қазақтың күй өнерін қалай төгілдіре, егілдіре, аңсата, жаңғырта жазса, саят¬шы¬лық өнерінің қыр-сырын да тап солай өрнектеп шыққандығын айтады.
Үш күнге созылған ашық алаңның бас тренері болып отырған облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік бөлім басшысы Исаханова Шынар Қабиқызы: Ұлт мүддесін жанын шүберекке түйе жүріп қорғау қазақтың талай азаматының өмірін келте етті. Ақаң да сондай қыспақ пен құқайды көп көрді. Соның тікелей зардабы деуге де болады, нағыз кемеліне келген, болған-толған, деген шағында, 67-ге қараған тұсында ұлтын сүйген ұлы жүрек тоқтады. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов сол бір қаралы жиында былай деген екен: «Ұлылықтың үлгісіндей болған Ақселеу Сейдімбек – халқымыздың өр рухының, өнегелі салтының, өрелі қалпының аса көрнекті өкілі еді. Туған халқын, оның төл тарихын, салт-дәстүрін, тілі мен ділін жан-тәнімен сүйіп, бойындағы тәңірі берген бар қабілет-дарыны мен қайрат-жігерін ұлт игілігіне арнаған үлкен парасат иесі еді. Ел егемендігін алып, өз тізгіні өз қолына тиген кезге дейін-ақ Ақаң көп адам айта бермейтін, айтса да жаза бермейтін қазақтың көне мәдениеті мен рухани шежіресін шырылдай жүріп жаңғыртып, қызғыштай жүріп қорғай білді. Сол арқылы қазақтың әдебиетін ғана емес, қалың тарихын да тереңдетті. Ілкіден іргелі ел, жоралы жұрт болғанын дәлелдеді»
Қазақтың Ахмет Байтұрсыновтан кейінгі екінші ұлт ұстазы – Ақселеу Сейдімбек -ақылман, ғалым, этнограф, күйші, сері, қазақтың жоқшысы. Бір басына қаншама өнер мен қасиет-қабілетті сыйдыра білген ұлы тұлға.
«Ақселеу әлемі – қазақ әлемі. Қазақтануға асығатын ұрпақ Ақселеу әлеміне міндетті түрде қайырылатыны анық» – деген қаламы қарымды журналист Нұртөре Жүсіп айтқандай, Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығы қарсаңында ұлт ұстазының теңіздей терең, даладай кең, мәңгілік өлмес мұрасының, Ақселеу әлемінің тамшыдай ғана бөлшегімен таныс болдық деп ойлаймын,- деп сөзін аяқтады.
Бұл берері мол ашық алаң болды. Ой –қиялы, қаламы жүйрік жорналшыдан зерттеуші ғалым,жазушы деңгейіне көтерілген тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Қазақтың Ақселеуі болған біртуар тұлғаның шығармашылығынан рухани нәр алдық. Алуан қырлы еңбектері сан ғасырға жетері сөзсіз. Қазақ халқы тұрғанда ұлтын сүйген ұлы жүрек мәңгі соға береді.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *