Балалар, табиғат дегенде қандай ой оралады сендерге?
1-оқушы. Табиғат – ол Су. Суды тіршілік көзі дейді. Сусыз жер бетінде тіршілікті елестету мүмкін емес. «Сулы жер – нулы жер» деген мақал бекер айтылмаған. Су -адам жүрегіне жыр, көңіліне нұр, сезіміне гүл сыйлайтын берекелі зат.
2-оқушы. Су деген тіршіліктің қаны емес пе,
Су деген табиғаттың жаны емес пе?
Су жоқ жерде өмір жоқ, ол ақиқат,
Күміс су қара жердің сәні емес пе?
3- оқушы. Табиғат –ол Топырақ. Жер бетіндегі тіршілік атаулы қоректік нәрді топырақтан алады.
Топырақтан өмір иісі шығады
Оны денең тиіп кетсе ұғады.
Еңбегіңді есесіне беретін,
Жақсылық та топырақтан шығады.
4-оқушы. Табиғат – ол Өсімдік. Өсімдік – бұл жасыл желек, көк майса құрақ, қызыл-жасыл гүлдер. Өсімдік ашыққанда –тамақ, шөлдегенде – сусын, ыстықта көлеңке сая, суықта – пана, ауырғанда –дәрі, ренжігенде қуанатын табиғаттың сұлу көркі – гүл. Өсімдік таза ауа, еліміздің дәулеті жасыл желек, орман.
5-оқушы. Табиғат – ол Жануарлар әлемі. Жүгірген аң, ұшқан құс, дала ажары – ақбөкен, әні мен сәні – бұлбұл, су аруы – аққу табиғатымыздың сәні емес пе?
Ал, ендеше балалар табиғат туралы жұмбақтар білесіңдер ме?
Жұмбақтар шешу
Құрғақ жерде сақтайсың,
Онсыз тамақ татпайсың. (тұз)
Жұртың бәрі соны сүйеді,
Бірақ қарғағысы келмейді. (күн)
Бір нәрсе бетінде жоқ, ой менен қыр
Өзіңнің кіндігіңнен айналып жүр.
Өзіне назар салып қарасаңыз,
Келбеті жер жүзінің көрініп тұр. (глобус)
«Айт» десе жүгірмес,
Су тисе сілкінбес. (шөп)
Жазда жатсаң – көлеңкесіне алады
Қыста жатсаң- жаның раат табады (ағаш)
Бар ма жоқ па, оны білмейсің,
Ол жоқ жерде өмір сүрмейсің. (Ауа)
Еш жерге тұрақтамайды,
Ол жоқ жерде жер құрғайды. (Су)
Таңмен көзін ашады,
Әлемге нұрын шашады. (Күн)
Көктемде көгереді,
Жазда ырысқа бөленеді.
Күзде пісіп марқаяды,
Қыста ақ көрпе жамылады. (Жер)
6-оқушы. Табиғат сенде бәрі ортақ,
Аспаның, күнің, айың да.
Тегінде жаның жомарт-ақ,
Ізгілік жатыр бойында.
7-оқушы. Табиғат қызығам сенің суретіңе,
Бас ием сенің құдіретіңе.
Тұрасың күллі әлемге нұр таратып
Тұтқасы тіршіліктің күн бетінде.
– Ал енді, балалар, мына тақтаға назар аударып, берілген жағдаяттарды талдап көрейік.
1-жағдаят. Арман бақ ішінде келе жатыр еді. Терек бұтақтарын сындырып жатқан балаларды көрді де, тұрып қалды…
Сұрақ
1. Арман не істеді деп ойлайсыңдар?
2. Арман қандай бала?
3. Бұтақ сындырып жатқан балалр қандай екен?
2-жағдаят. Серік достарымен бірге ауыл сыртындағы бұлаққа келді. Ол бұлақтың көзінің қалдық шөптер, босаған ыдыстар мен қоқыстармен бітеліп қалғанын көрді…
Сұрақ
1. Серіктің әрекеті қандай болды деп ойлайсыңдар?
2. Серіктің бойынан қандай қасиеттер көруге болады?
3. Бұлақтың көзінің бітеліп қалуына кімдер кінәлі деп ойлайсыңдар?
-Балалар табиғат туралы қандай мақал мәтелдер білесіңдер?
– келесі кезекті тапсырмаларға береміз
Тапсырма. Берілген сөйлемдерді жалғастырып, өз көңіл-күйлеріңнің қандай болатындығын айтыңдар.
1. Жайнаған гүлдерді көргенде…
2. Сынған бұтақтарды көргенде…
3. Толқыны тербеліп тұрған теңізді көргенде…
4. Жарқыраған күнді көргенде… |