Бала тәрбиесі – отбасынан басталады
Нургалиева Жаня Исабековна
Тараз қаласы N59 орта мектебі
Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. А. С Макаренко «Ата – аналарға арналған кітабында» «Бала тәрбиесінде сіздің іс қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, сөйлейтініңіз, қалай күлгеніңіз, осы іс әрекеттің барлығы бала үшін өте маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз», – дейді. Жақсы перзент ата – ана қолындағы аманаты. Отбасында баланың жан дүниесін рухани пәктігіне тәрбиелеген абзал. Отбасында ата – ананың ықыласына бөленіп, тәрбие көріп өскен бала балабақшада да мектепте де өз ісіне жауап бере алады. Баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Үйде балаларды жазу сызуға, ауызша есепке машықтандыру, оларға қызықты әңгімелер айтып беру сияқты істермен қоса оларды бір мезгіл үй шаруасымен айналыстырып отырса, бала үшін оның маңызы зор. Бұл ретте бала біріншіден білімге құштар болса, екіншіден ол еңбекке дағдыланады. Ал еңбек пен білім егіз екенін естен шығармауымыз керек. Жас жеткіншекке жанұяда дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады. Дұрыс тәрбие алған бала ата – анасын қуантып отырады. Балаға дұрыс тәрбие берудің өзекті бір саласы жас жеткіншекті еңбекке деген әлеуметтік көзқарасын қалыптастыру болып табылады. Бұны тек мұғалімдер ғана емес әрбір ата – ана қолға алып, өз балаларының гүл, ағаш егіп, ауланы көгалдандыру сияқты игілікті іске қатысуын қадағалап отыруы керек. Сонда ғана еңбексүйгіштік қасиет берік дағдыға айналады. Еліміздің болашағы – ертеңгі тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екені даусыз. Сол тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ өсіру – баршаға ортақ, әрі міндет.
«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін – өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін – өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, онда қалыптасқан он моральдық – психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсіністік, сүйіспеншілік пен сыйластық, ауызбіршілік, отбасы мүшелерінің бір – біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл – күйі тікелей ықпал етеді.
«Тәрбие отбасынан басталады» деп халық даналығы бекер айтпаған. Саналы да, білімді бала болашағын қалыптастыру әрбір ата – ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» демекші, баланың тәрбиесіне тікелей ата – ана байланысты және де, мектепте жалғасады. Халық даналығында былай делінген «Егер сен бір жылдық өміріңді ойласаң – онда арпа ек, он жылдық өміріңді ойласаң – онда ағаш ек, ал ғасырлық өміріңді ойласаң- онда бала тәрбиеле» .Сондықтан да бала тәрбиесіне сәби кезінен бастап көңіл бөлсек, ұрпақ тәрбиесі ұлағатты, тәрбиелі, парасатты, білімді, ақылды, мәдинетті болып өседі. Осындый саналы ұрпақ тәрбиелесек еліміздің болашағы зор әрі баянды болмақ.