Шәкәрім Құдайбердіұлы философиясы
Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін жалғастырушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Абай бағытын ұстанды. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі де, онда жеті жасына дейін оқиды.
Жеті жасында әкесінен жетім қалған ол Абайдың тікелей тәрбиесінде болды. Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының тәрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның таланты ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпал жасады. Шәкәрімнің өзі кейінірек былай деп жазады: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім». Кезінде арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, ез бетінше ізденіп және Абай ағасының жетекшілігімен жан сарайын байытқан Құдайбердіұлы заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді. Ол адамдар өмірін жақсартуға тырысқан ғалымдарды мысалға келтіреді. Олардың кейбіреулері адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулері үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі деді. Ал, біреулер оку-біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі деді. Біреулері бай, кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулері тәрбиемен түзеуге болады деді. Өмірдің өзі — тіршілік таласы. Сондықтан адам өмірін жаратылыстың өзі солай жаратқан, бірін-бірі жеп, талап, таласып өмір сүрмек дегендер де болған. Шәкәрімнің өзі бұл идеялардың ешқайсысы адам жаратылысын өзгерте алмайтынына сенімді болды.
Шəкəрім Құдайбердіұлы — қазақтың ұлы данышпан ойшылы. Қазақ философиясында ар, ұят, ынсап, қайғы мəселелерін философиялық логикада тұңғыш рет қарастырған ойшыл. Өз философиясында ақыл-ой, ұждан мəселелерін анықтаған. Ұждан дегеніміз — ынсап, мейірім, əділет. Бұл екі өміргеде керек іс. Жанға азық болатын құндылық. Ақыл-ойдың жиырма сегіз түрін көрсеткен. Соның ішінде сау ақыл деп соған ерекше тоқталған философ. Адамды басқа тірі жандылардан өзгешелендіретін оның ақыл-ойы емес пе, Шəкəрім өз философиясында дүниені танушы, адамды адамдық негізге жетелейтін, ең негізгі қасиеті ретінде ақыл-ойды қарастырған.
Оның дүниетанымы көбіне мораль философиясына жақын. Шəкəрімнің дүниетанымы көбіне мораль философиясы мен ар ілімін қамтиды.
Шəкəрім дүниетанымында тəңір, нұр, күн, табиғат — қасиетті, киелі ұғымдар.
Еңбекке шыда, ебін тап та,
«Сабырдың түбі — сар алтын».
Өзімшіл болма, көпті ардақта,
Адамның бəрі — өз халқың [1; 180].
Адам тек қана өз тағдырымның алдында жауаптымын демей, барлық адамзаттың тағдырының алдында жауаптымын деп өмір сүруге шақырады. Адамзатқа ортақ бір-бірін қор қылмауға, адамзатқа ортақ мүддеде өмір сүруге үндейді. Ар бір адам адамзатқа ортақ мүддені қорғауға, «адам» деген ұлы ұғымды қор етпеуге шақырады. Шəкəрім Құдайбердіұлы ар-ұят мəселесін бірінші орынға қояды. Ар дегеніміз не? Оны қалай түсініп білеміз? Хайуандар əлемінде ар мəселесі жоқ деуге болады, демек, ар адамға ғана қатысты ұғым. Егер адам адамшылығын жоғалтса, оның өлгенімен бірдей. Бар жазадан ар-ұят жазасы ауыр. Біреуді алдап өтірік айтуға болғанмен, адам өз-өзін алдап өз ұжданының алдында орынсыз іске аяқ баса алмайды, ең жаман іс саналы болсаң, сен өз-өзіңді алдай алмайсын. Адам өзіне-өзі сыншы болып дұрыс қадам жасай білуі ғибрат аларлық іске қадам жасай білуі, оң деп білді.
Сабыр, сақтық ой, талап болмаған жан
Анық төмен болмай ма хайуанан.
Ынсап, рахым, ар-ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан!
Шəкəрім дүниетанымындағы негізгі мəселелердің бірі — ар ілімі. Ұят, ар тек адамға ғана қатысты. Ар-ұяты жоғалған адам — ол адам, бірақ ол адам надан адам танылған.
Ар деген адамның сыры, құпиясына қазық болатын рухани субстанция, ар — адам ісінің төрешісі. Ар — адамның өз соты. Əр адам өзінің арының алдында жауап бермек. Шəкəрім халыққа ар білімі деген арнайы білім керек деп таныды. Арлы адамның мойындағы ұяты, жігері, намысынын, қайраты бар адамды айтамыз. Адам арсыз болса, ол адамдық негізден айрылмақ. Адамды адам қылып тұрған оның арында. Егер адамды арсыз деп алсақ, онда біз «адамзат» деген ұғымнан айырылып қаламыз.
Ар — адамның ішкі сыры, бізге беймəлім құпиясы. Əдетте біз біреудің ішкі сырын біліп алғымыз келіп əдеттеніп жатамыз, онымыздан өнімді іс шықпақ емес.
Əрбір адам өз сыры ешкім біліп болмақ емес, ол адамның «жеке архиві», оны ол өзімен əкетпек.
Адамның сыры тек өзінің құпиясы. Адам арының тазалығы оның іс-əрекетімен өлшенбек. Ар тек жеке адамға қатысты қолданылатын ұғым. Арсыздық — адам бойындағы ең жаман қасиет, ол судың тұнық болғаннан гөрі, лай болғандығын қалайды. Ар — ізгіліктің өлшемі, оның көрінісі. Ізгілік тек жеке адамдарға ғана қатысты емес, ол адамзатқа тəн. Адамның əлемде пайда болуының өзі ізгіліктің өлшемі, оның көрінісі.
Дүниеге ізгілікті əкелуші адам. Сонымен адамның адамшылығы дегенде қадап-қадап айтатын ұғымдар «ұят», «намыс», «ар» осы үшеуі адамшылықтың негізгі салалары, арналары. Олардың бірінсіз адамның адамшылдығы толық емес. Əрине, «ұятсыздық», «намыссыздық», «арсыздық», «надандық» адамшылдыққа тікелей қатысты ұғымдар, бірақ олар адамшылдықтың өзі емес, оған қайшы келетін түсініктер. «Ар-ұят», «ұждан» Шəкəрім бұл ұғымдарды адамзат өмірінде ерекше орын алып, екі дүниеге де керек іс деп қарастырған.
Тумақ, өлмек — тағдырдың шын қазасы,
Ортасы — өмір, жоқтық қой — екі басы.
Сағымдай екі жоқтың арасында
Тіршілік деп аталар біраз жасы.
Жоқтық, барлық — жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса,
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы.
Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла-қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, əділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос — сол шарасы.
Адамға бұл ғұмырдың өткінші екендігін ескерте отырып, адамға ең керегі таза ой, жүректі таза тұнық ұстау. Мынау өмірдің ластанған лайымен таза жүректі былғамау. Тұнық, мөлдір су секілді адамда жүрегін таза ұстау, темірдің өзін дат басады, адамның да жан дүниесі солай кірлемек. Адам сол бір ғана берілген өмірінде үнемі адамшылдыққа ұмтылып, адамға ортақ іс қалдыру, ізгілікке аяқ басуы шарт.
Автор: Дәріғұлов Алшынбай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 1-курс магистранты
Жетекші: Жанатаев Данат, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті, философия ғылымдарының кандидаты