Мектеп мәдениеті туралы
Мектеп мәдениеті туралы
Копжасарова Тұрсынай Муафиковна, Педагогикалық шеберлік орталығы Ақтөбе филиалының аға менеджері
Бүгінгі таңда білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізіліп жатқаны баршаға аян. Осы өзгерістер аясында бүгінгі тақырыптың маңыздылығы өте жоғары, өйткені мектепте енгізіліп жатқан өзгерістердің сапасы және олардың болашақта тұрақтауы мектептегі қалыптасқан кәсіби мәдени ортамен тығыз байланысты.
Осыдан бірнеше ай бұрын Джим Коллинздің «Жақсыдан ұлыға қарай» тақырыбындағы әлемдік бестселлерге айналған кітабын оқыдым. Аталған кітапта автор «Неге бір компаниялар алға басып, басқалары бір орында қала береді?» деген сұраққа жауап беру мақсатында жүргізген алты жылдық зерттеуі нәтижесімен бөліседі. Зерттеу нәтижесінде үздік нәтижелерге қол жеткізген ұлы компаниялардың барлығына ( қай сала екені маңызды емес) тән ортақ табыс элементтері анықталған, атап айтсақ, олар: тәртіпті адамдар, тәртіпті ойлау, тәртіпті іс-әрекеттер. Аталған үш нәрсе «тәртіп мәдениеті» ұғымымен біріктірілген. Кез келген ұжымның, қай сала болмасын, белгілі бір қалыптасқан мәдениеті бар, ол әр ұжымда әртүрлі. Сол сияқты белгілі бір деңгейде «тәртіп мәдениеті» ( тырнақшаға алып отырған себебім- Коллинздің кітабынан алынған) бар. Коллинз бойынша, «тәртіп мәдениетінің» интерпретациясы: тәртіпті адамдар бар жерде иерархия қажет емес, тәртіпті ойлау бар жерде бюрократия қажет емес, ал тәртіпті іс-әрекет бар жерде шамадан тыс бақылау қажет емес. Тәртіп мәдениетін кәсіби этикамен біріктірсек, жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін сиқырлы қоспа аламыз.
Осы айтылған ойларды мектеп мәнмәтіні тұрғысынан қарастырсақ: жоғарыда айтылған «тәртіп мәдениеті» ұғымы мектеп мәдениеті және мектептегі мұғалім көшбасшылығымен ұштасып жатыр. Мектеп мәдениеті – мектептің дамуына әсер ететін маңыздылығы жоғары факторлардың бірі.
2013 жылы басталған І деңгей , бүгінгі таңда «Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы» бағдарламасы бойынша біліктілік арттыру курстары барысында мектеп көшбасшылығын зерттеу нәтижесінде мектептердің басым көпшілігінде жеке автономияның жоғары деңгейі анықталды. Мектептегі жеке автономияның жоғары деңгейі мұғалімдердің өз тәжірибесін «жекешелендіруімен» және өзінің жетістіктері мен ресурстарын қызғыштай қоруымен сипатталады. Осының негізінде мектептердегі қалыптасқан мәдениет деңгейі туралы қорытынды жасауға болады: мектептерде кәсіби тұрғыдан тәжірибе алмасу, бір-біріне кәсіби қолдау көрсету, бірлесіп жұмыс жасау деңгейі ойдағыдай емес.
Соңғы жылдар ішінде Педагогикалық шеберлік орталығының «Мектептегі мұғалім көшбасшылығы» және «Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы», «Тәжірибедегі рефлексия» және критериалды бағалау жүйесін енгізу бойынша өңірлік және мектеп үйлестірушілерінің біліктілігін арттыру бағдарламалары бойынша оқыған мұғалімдердің аталған бағдарламалардың түйінді идеяларын мектепте жүзеге асыру нәтижесінде мектеп мәдениетінде елеулі өзгерістер байқалады. Бүгінгі таңда мұғалімдер бірлесіп сабақ жоспарын құрып, зерттеулер жүргізіп, ынтымақтасып жұмыс жасауда. Дегенмен де бұл бағыттағы жұмыс әлі де жетілдіруді қажетсінеді. Бизнес саласындағы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген ұлы компаниялар үшін «тәртіп мәдениеті» қаншалықты маңызды болса, болашақта оқыту мен оқу тәжірибесіне елеулі өзгерістер енгізіп, 21 ғасырға бейім тұлға қалыптастыруды мақсат тұтқан білім ошақтары үшін жоғары деңгейлі жауапкершілік сезімімен сипатталатын мұғалім көшбасшылығы дамыған, педагогтердің кәсіби ортақ мақсат-мүддесімен ерекшеленетін, әріптестердің кәсіби ынтымақтастығы және бір-біріне деген сыйластығы мен ашықтығына негізделген оқу ортасын құру соншалықты маңызды.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718