Іс-әрекеттегі зерттеу – тәжірибені жетілдірудің тиімді жолы

Мұғалімнің біліктілігін арттыру- педагогиканың өзекті мәселелелерінің бірі. Білім сапасының кепілі –мұғалімнің кәсіби дайындығы мен шеберлігі. Оқушылардың білім сапасының  мұғалімнің кәсіби  даму деңгейіне тікелей тәуелді екенін халықаралық зерттеулер негізінде жасалған диаграммадан көруге болады. Төменде  келтірілген диаграмма мұғалімнің кәсіптік дайындығы мен оқушының білім сапасы арасындағы тәуелділікті дәлелдей түседі. Диаграммада білім деңгейі бірдей  екі оқушы берілген. Бірақ 8 жастан бастап оларды кәсіби деңгейі әр түрлі мұғалімдер оқытқан: жоғарыда көрсетілген оқушы –кәсіби шеберлігі жоғары  мұғалімдерден, ал төменде көрсетілген оқушы біліктілігі төмен мұғалімдерден білім алады. Арада үш жыл өткен соң, үздік мұғалімдерден білім алған оқушының  білім сапасы – 90 %, ал екінші оқушының білім сапасы- 37 %. Зерттеу нәтижесі  жоғары білікті мұғалім сабақ беретін сынып оқушыларының  біліктілігі төмен мұғалім сабақ берген оқушыларға  қарағанда танымдық тұрғыдан  3 есе тез дамығанын көрсетіп отыр.

 

Көптеген нормативті құжаттарға сәйкес мұғалім 5 жылда бір белгілі сағаттар мөлшеріне сәйкес біліктілік курстарынан өтіп, өзінің шеберлігін шыңдап отыруы тиіс.

Осы уақытқа дейін семинарлар мен конференцияларға қатысу, әріптестерінің сабақтарына  қатысу және ғылыми-әдістемелік  әдебиеттермен танысу мұғалім тәжірибесін жетілдірудің  оңтайлы тәсілдері ретінде қаралып келді. Бірақ аталған тәсілдер арқылы біліктілік арттыру оқу үдерісіне елеулі өзгерістер енгізіп, олардың тұрақты орын алуына ықпал ете алмағандығын уақыт дәлелдеп бергендей. Аталған біліктілік арттыру тәсілдері сыртқы білімді (эксплициттік)  ғана қалыптастырады.  Эксплициттік білімді имплициттік білімге айналдырғанда ғана ол нәтиже береді. [4, 8-б.]. Осы тұрғыдан мұғалімнің күнделікті оқыту тәжірибесін зерттеуі ішкі  білім алудың аса тиімді тәсілі болып табылады, өйткені олар мұғалімдерді өз тәжірибелеріне терең үңіліп, оған сыни көзбен қарап, өз жетістіктері мен кемшіліктерін талдау негізінде шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Сол себепті Педагогикалық шеберлік орталығымен әзірленген біліктілік арттырудың деңгейлік бағдарламаларында  мұғалімдерге күнделікті тәжірибесін зерттеу негізінде кәсіби дамуына ықпал ететін  заманауи тәсілдер қарастырылған.

Солардың бірі – іс-әрекеттегі зерттеу. Көптеген Батыс елдерінде бұл тәсіл әртүрлі білім беру ұйымдарындағы педагогикалық үдерістің ажырамас бөлігі болып табылады, сонымен қатар университетте «Іс-әрекеттегі зерттеу» курсынан өтуге болады; әдетте бұл курс магистратурада оқитын азды-көпті тәжірибесі бар студенттерге ұсынылады, өйткені ол мәні және мазмұны бойынша тәжірибеге бағытталған. Ал  біздің білім беру жүйемізде іс-әрекеттегі зерттеу мұғалімдер үшін жаңа ұғым. Білім беру саласындағы дәстүрлі зерттеуде оқу үдерісін әдетте ғалымдар зерттейді. Ал деңгейлік бағдарламада  қарастырылған іс-әрекеттегі зерттеуді сабақ беріп жүрген мұғалімдер өз күшімен жүзеге асырады, өйткені аталған тәсіл идеясы  оқу үдерісіне тікелей қатысты адамдарға негізделген. Зерттеуді сыныпта анықталған маңызды, көкейтесті мәселесі бойынша бір  мұғалім, жалпы проблема бойынша жұмыс істейтін мұғалімдер тобы жүргізе алады.

Іс-әрекеттегі зерттеудің мәніне тоқталсақ, ол келесі қадамдардан тұрады: проблеманы айқындау, деректер жинау, жинақталған мәліметтердің талдауы және интерпретациясы, деректер негізінде әрекет ету; нәтижелерді бағалау, болашақтағы әрекеттерді жоспарлау  [2, 86-б.].

Іс-әрекеттегі зерттеу кезеңдерінің сипаттамасы:

І кезең: проблеманы айқындау. Мұғалімдерде тәжірибе барысында бір емес, бірнеше өзекті мәселелер болатыны сөзсіз, дегенмен мұғалім анықталған бірнеше мәселенің ең маңыздысын таңдап алуы тиіс ( мысалы, мұғалім өз тәжірибесінде топтық жұмыс тиімділігінің тиімсіздігін байқайды).  Проблеманы айқындап болғаннан кейінгі мұғалімнің міндеті- зерттеу сұрағын тұжырымдау. Өз кезегінде зерттеу сұрағы оқушылардың нәтижелеріне, мектептегі ахуал мен мектеп мәдениетіне, оқу үдерісіне қатысты болуы мүмкін.

Тақырыпқа қатысты теориялық әдебиетті зерделеу-  зерттеу үдерісінің маңызды бөліктерінің бірі болып табылады. Әдістемелік әдебиетке шолу жасаудың пайдалылығын растайтын үш себеп бар:

  1. Сіз таңдаған педагогикалық мәселеге қатысты басты идеяларды анықтауға көмектеседі.
  2. Қаралып отырған мәселе мен басқа пәндік салалар арасындағы байланыс туралы ақпарат аласыз.
  3. Осы тақырыпты зерттеумен айналысып жүрген басқа адамдардың зерттеу нәтижелерімен танысасыз.

ІІ кезең: деректерді жинақтау. Жинақталған деректер белгілі бір сыныпта не болып жатқанын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл сатыда мұғалім зерттеуге қолайлы болып табылатын дерек жинау тәсілін таңдайды. Тәсіл таңдау барысында әрбір тәсілдің артықшылықтары мен кемшіліктерін ескерген жөн.

ІІІ кезең : деректерді түсіндіру/ талдау.

Мұғалім жинақталған деректермен танысып, анағұрлым жиі кездесетін және маңыздылығы жоғары сәттерді анықтайды. Мысалы, мұғалім  5 сынып оқушылары бойынша жинақталған  деректерді талдау негізінде  үздік оқушылардың оқуға деген ынтасының төмендігін анықтайды. Мұғалім бастапқыда бұнымен келісе алмай, осының дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін мектеп  психологымен бірлесіп, қосымша зерттеу жүргізеді. Қосымша зерттеу нәтижесінде үздік оқушылардың оқуға ынтасының төмен болуының себептері анықталады. Оның себебі – сабақта сралаудың жүзеге асырылмауы, яғни сабақ жоспарлау барысында оқушылардың танымдық деңгейлерінің ескерілмеуі.

ІV кезең: деректер негізінде әрекет ету, яғни негізгі мәселені шешуге бағытталған тәсілді енгізу негізінде сабақ жоспарлау және оны жүзеге асыру. Жоғарыда келтірілген зерттеу мысалын жалғастырсақ, үздік оқушылардың ынтасының төмен болу себептерін анықтап алған соң , мұғалім олардың сабаққа деген қызығушылығы мен ынтасын арттыру мақсатында сабақ жоспарына мақсатты түрде саралау тәсілдерін енгізіп, өз тәжірибесінде қолдану туралы шешім қабылдайды.

V кезең: нәтижелерді бағалау. Тәжірибенің жақсарғанын  анықтау үшін, енгізілген өзгерістерді келесі сұрақтар мәнмәтінінде бағалау қажет:

Шын мәнінде жақсару байқала ма және оны жинақталған деректер растай ма?

Егер ойдағыдай жақсару, алға ілгерілеу болмаса, нәтижені жақсарту үшін оқыту тәжірибесіне қандай өзгерістер енгізу қажет?

VІ кезең: болашақ әрекеттерді жоспарлау.

Деңгейлік бағдарламалар бойынша курстан өткен соң мұғалімдер өз пәндері бойынша оқыту тәжірибесін зерттеуге талпыныс жасауда. Әрине, бұл үдерісті жүзеге асыруда мұғалімдер көптеген қиындықтарды бастарынан өткеруде. Соның бірі – зерттеу сұрағын дұрыс тұжырымдау. Зерттеу сапасы зерттеу сұрағының дұрыс тұжырымдалуына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан мұғалімдерге біліктілік арттыру ұйымдары тарапынан, нақтырақ айтсақ, тренер тарапынан қолдау қажет.

Бұл бағытта Педагогикалық шеберлік орталығы өз жұмысын жалғастыруда. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мекетептерінде  зерттеу мәдениетін қалыптастыру және мұғалімдердің зерттеушілік жұмысын жандандыру, қолдау көрсету  мақсатында 2018 жылдан бастап,  «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» мектепішілік кәсіби даму бағдарламасы бойынша мектеп тренерлерін даярлау  курстары жүргізіліп келеді.  Бұл бағдарлама Сабақты зерттеу және Іс-әрекеттегі зерттеу үдерістерін зерделеуге бағытталған. Оның мақсаты – жоғарыда айтылған екі зерттеу тәсілін жүзеге асыру барысында мұғалімдердің зерттеу дағдыларын дамыту. Бұл мұғалімдердің зерттеу дағдысын қалыптастыруды көздеп отырған алғашқы бағдарлама. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуы мектептердің кәсіби қоғамдастығында зерттеу мәдениеті қалыптасып, мұғалімдердің тәжірибесін зерттеу сапасы артады деген сенім ұялатады.

Әдебиет тізімі:Жаңа

  1. Іс-әрекеттегі зерттеу. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Астана,2012
  2. Мұғалімге арналған нұсқаулық. «Мектептегі мұғалім көшбасшылығы». «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2012
  3. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2012
  4. Чичибу Т. Сабақты зерттеу бойынша мұғалімдерге арналған нұсқаулық: ағылш.- «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, Астана, 2013
  5. « Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» мектепішілік кәсіби даму курсының білім беру бағдарламасы.

 

 

 

 

 

 

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *