Ағылшын және қазақ тілдеріндегі сәлемдесуде көрініс табатын сыпайылық категориясы
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі сәлемдесуде көрініс табатын сыпайылық категориясы
Хишат Молдир Худагельдыкызы
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетінің магистранты (Теміртау қаласы, Қазақстан)
Абильдина Салтанат Куатовна
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Университеті. (Қарағанды қаласы, Қазақстан)
Қазақ тіл білімінде сыпайылық ұғымына жеткілікті дәрежеде мəн берілмеді, тек ХХ ғасырдың аяғында сөйлеу əдебіне, əңгіме жүргізу ережелеріне, мəдениет аралық қарымқатынастағы мінез-құлық үлгісі мəселелеріне қызығушылық арта түсті. Бұл сөйлеуші мен тыңдаушылардың əлеуметтік орынды мінез-құлқын лингвисттердің зерттеуге талпынысымен ғана емес, сондай-ақ сөйлеушінің мінез-құлық стилінде, қарым-қатынас жасау əдетінде, мінез-құлық құзіретінің сыпайылық, құрмет жəне əлеуметтік тұрғыда жарамды мінез-құлық аспектісінде мəдениеттің қалай көрініс табатынын көрсетумен түсіндіріледі.
Сыпайылық анықтамасы жақсы əдеттердің көрінісі ретінде осы құбылыстың мінез-құлықтық (сыртқы) жағын қарастырады. Алайда жақсы əдеттер төмен деңгейдегі мақсаттар мен адамға деген құрметтің жоқтығымен қатар жүруі мүмкін. Мұндай қарама-қайшылық мəнін «polite» жəне «courteous» секілді ағылшын ұғымдарынан түсінуге болады. Бірінші ұғым көбіне мінезқұлықтың сыртқы аспектісіне қатысты, ал екіншісі сыртқы көрініс пен адамға деген ішкі жақсы қарым-қатынастың үйлесуін білдіреді [Карасик 1992: 49]. Сыпайылық – интеракциондық коммуникация (жеке тұлға аралық байланыстардың орнауы, қолдауы және аяқталуы) барысында қоғамдық-қабылданған ережелерді сақтауға және даусыз, үйлесімді қатынасқа бағытталған, мазмұны комуникативтік қылықтың (тілдік және тілдік емес) жоралау стратегиялары жүйесі болып табылатын ұлттық-ерекше коммуникативтік категория деп түсіндіріледі [Т.В.Ларина , 284]. Сонымен қатар, сыпайылық түсінігі әр мәдениетте әр түрлі. Әр мәдениетте тілде көрініс табатын сыпайылық түсінігінің өз мағынасы бар.
Сыпайылық – бұл қоғамның əлеуметтік-мəдени ұйымымен анықталатын, сөйлеу мен іс-әрекетте әдеп қағидаларын сақтау, әдеп тәртібі негізі, кез келген коммуникативтік тұлғааралық қарым-қатынасты білдіретін әрекеттің ажырамас белгісі.
Сыпайылық категориясының формалары дербес жүйе болып табылмайды. Олар өзгермелі, тарихи уақытты жəне қолданудың əлеуметтік мəртебесін білдіреді. Сыпайылық категориясының формалары қандай да бір қарым-қатынастың ресми жəне бейресми жағдайына байланысты болады.
Сыпайылық категориясы жөніндегі мəселені мəдениетаралық тұрғыда қарастыру кезінде ең алдымен сыпайылық, сыйластық, ықылас, құрмет секілді əмбебап ұғымдар əртүрлі тілдер мен мəдениетте түрлі мағынаға ие екенін білу керек.
Бір-бірін дұрыс танымайтын адамдар арасында əлеуметтік қашықтық нақты байқалады. Мұнда рөлдік мінез-құлық өзара ортақ сақтықпен, формальдылықпен сипатталады. Əлеуметтік арақашықтықтағы сыпайылық формальды көрініске ие. Істің шынайы жағдайын жасыратын, əңгімені жорта бұру үдерісі жүзеге асады. Əлеуметтік арақашықтықта сөйлеушінің тыңдаушыға қарым-қатынасы жанама түрде жүзеге асатыны байқалады [Карасик 1992: 8-30].
Жақындасу тұжырымдамасы нақты сөйлеу актілерімен байланысты болады. Бұл жағдайда жақындасу тұжырымдамасы қолданыс ерекшелігі қағидаты бойынша таңдалған сəлемдесу жəне қоштасу формулалары негізінде көрсетілген. Дж. Лич мұндай сөйлеу актілерді табиғаты бойынша сыпайы санайды (‘intrinsically polite’) [Leech 1983: 106]. Шындығында да, олар арқылы сөйлеуші əңгімелесушіге деген ілти патын көрсетеді, оны танып, біліп, құрметтейтіндігі, жақсы көріп, бағалай білетіндігі жөнінде хабарлайды. Алайда сыпайы мағынада білдірілген ілтипат деңгейі əртүрлі мəдениетте түрліше болуы мүмкін.
Қазақ жəне ағылшын тілдеріндегі сəлемдесу формулалары
Сəлемдесу қарым-қатынас үдерісі кезінде үлкен маңызға ие. Ол бірнеше қызмет атқарады. Ең алдымен, бұл – қарым-қатынас орнату тəсілі, сізді байқағандығының белгісі, əлеуметтік ынтымақтастық нышаны. Сəлемдесуден қарым-қатынас бастау алады, оның үндестілігін анықтайды.
Аталған сөйлеу актісінің əмбебап сипатына қарамастан, мұнда қазақтар мен ағылшындардың сəлемдесуінде ұлттық-мəдени ерекшеліктер де байқалады.
Соныман қатар сəлемдесу формулалары кейбір диалектілік ерекшеліктерге де ие, бұл қазақтардың тарихи жəне географиялық тұрғыда жүзге бөлінуімен тығыз байланысты болуы керек. Мысалы, “Сəлем!” ең кең таралған сəлемдесу формасына жатады, көбінде бейтарап жағдайда қолданылады, бұл форманың Маңғыстау облысында “Сəлем бердік!”, ал оңтүстік аймақтарда “Салам!” секілді ауызекі таралған нұсқалары бар.
Қазақ қоғамында үлкенге құрмет, ізеттілік таныту кеңінен белең алған. Балаларды ерте кезден бастап ата-анасы жəне жасы үлкен бөгде адамдарға қарсы сөйлемеуге, оларға орын беруге, қызметшіл болуға үйретеді. Мұндай қарым-қатынас тілде көрініс таппауы мүмкін емес: осылайша, “Сəлеметсіңбе!” деген туыстары немесе өзінен кішілерге қатысты қолданылатын сəлемдесу формуласы төмендегідей нұсқаларға ие: “Сəлеметсіңдерме!” (бірдей жастағы бірнеше адамға қатысты), “Сəлеметсізбе” (үлкен жастағы адамдарға қатысты) жəне “Сəлеметсіздерме!” (үлкен жастағы бірнеше адамға қатысты). Соңғы екі сəлемдесу формулалары басын июмен, қолын көкірегіне қойып иілумен жиі қатар қолданылады. Аталған ым-ишаралар сəлемдесіп жатқан тыңдаушыларға ерекше құрметті білдіреді. Сөйлеу этикетінің аталған формулаларын талдай келе, сыпайылықтың тілдік элементіне екінші жаққа қатысты сыпайы қарымқатынастың барлық формаларында кездесетін “сіз” жұрнағын жатқызамыз.
Сəлемдесу формулаларын таңдау қарым-қатынас жағдайындағы сөйлеуші мен тыңдаушының бір-бірін танитын немесе танымайтындығына да байланысты болады. Егер олар бір-бірін танымайтын болса, сəлемдесу формасын таңдау негізінен, коммуниканттың жас ерекшелігіне байланысты келеді: құрдас немесе үлкен жастағы адамға “Ассалаyмaғалейкум!” (ер кісіге) немесе “Сəлеметсізбе!”, ал жасы кішілерге “Сəлеметсіңбе!” не “Сəлем!” формулалары қолданылады. Сəлемдесу формуласын қолдану сондай-ақ ресми немесе тұрмыстық жағдайға да байланысты болады. Ресми сəлемдесудің өзіндік ерекше белгілері болуы керек: тыңдаушыға құрмет білдіру, жас ерекшеліктеріндегі айырмашылық бейтараптылығы, жеке емес жалпы сипатқа ие болу жəне т.б. Ресми сəлемдесу негізінен, қарым-қатынастың эмоционалды бояудан арылған, тек салттық элемент болып табылады. Қазір жаңа тарихи реалияларға байланысты “Сəлеметсіздерме, ханымдар мен мырзалар!” сəлемдесу формуласы жиі қолданылады. Аталған сəлемдесу формасы тұрмыстық жағдайда қолданылмайды, егер де қолданылған жағдайда əзіл ретінде қаралады.
Жоғарыда аталғандай, сəлемдесу формуласын таңдау сəлемдесіп жатқан адамдардың гендерлік ерекшеліктеріне де байланысты болады. Қазақ тілінде тек қана ерлер қолданатын “Ассалаумағалейкум!” секілді сəлемдесу формасы бар, мұны естіген екінші ер кісі жауап ретінде “Уағалейкумассалам!” формасын қолданады.
Қазақша сəлемдесу барысында көпшілік формалар сондай-ақ қарым-қатынас қатысушыларының денсаулығын сұрау үшін де қолданылатыны қызық. “Амансың ба?”, “Аман-есен ба?”, “Есенсіздер ме?”, “Сау сəлеметсіздерме?” секілді сəлемдесу формаларының негізінде аман, есен, сау сөздері бар. Адресаттың өзінің денсаулығын сұраудан бөлек, қазақ лингвомəдениетінде оның туыстары мен жақын адамдарының денсаулығын, тіпті келген жері туралы жалпылай «Ел аман ба?» деп сұрау дəстүрі де кеңінен таралған, мұндай сəлемдесуге сыпайы жауап ретінде “Жақсы, рахмет” формасы қолданылады.
Қазақ тілінде сондай-ақ тәулік бөліктерін қолдана отырып сəлемдесу формулалары бар: “Қайырлы таң”, “Қайырлы күн” жəне “Кеш жарық”, “Қайырлы кеш”. Қолданыстағы аталған формулалар адресатқа деген құрметті білдіреді, мұндай сəлемдесуді жұмыста əріптестер арасында да естуге болады, осы формулаларды қолдана отырып бастық қол астындағы жұмысшымен сəлемдесуі мүмкін, жұмысшы да осылайша сəлемдесе алады.
Ағылшын тілінде сəлемдесудің үш бөлігін ерекше атап көрсетуге болады: сəлемдесудің тікелей формуласы (Hello, Good Morning, Good Afternoon, Good Evening), қаратпа сөз (Mr. Wright, Nick, Ladies and Gentlemen) жəне ағылшындардың сөйлеу коммуникациясына тəн “small talk” элементі (Ларина 2003). Біз тек бірінші бөлігін, яғни сəлемдесу формуласын ғана қарастырамыз. Good Morning, Good Afternoon, Good Evening секілді сəлемдесу формулалары көбінде ресми жағдайда қолданылады. Олар сондай-ақ екі құрамдас бөліктен тұрады: “good” – жақсы, жағымды. Аталған сəлемдесудің қысқарған формалары Morning, Afternoon, Evening формальды əрі коммуниканттар арасындағы тең құқықтылық белгісін білдіреді.
Осыған ұқсас үрдісті біз “Hello” қысқарған түрі “Hi”секілді сəлемдесу формасында да байқай аламыз. Аталған формалар семантикалық жағынан ұқсас келгенімен, ситуативті қолданыста айырмашылықтары бар. Ең алдымен, “Hi” барынша қысқа форма ретінде жиі қолданысқа ие, бірнеше жыл бұрын сөйлеу этикетінде мұндай сəлемдесуді тек өте жақын, етене таныс адамдар арасында қолдану белең алса, қазіргі кезде бұл формамен жұмысшы мен бастық, кішілер үлкендермен сəлемдесе алады. Сонымен бірге “Hi” тек сəлемдесу үшін қолданылады, əңгімені әрі қарай жалғастыруды меңземейді, ал “Hello” керісінше, əңгімені бастау белгісі ретінде қолданылады. Осы жағдайда сəлемдесудің «ұзақтығы» әңгіменің ұзақтығын білдіреді.
Ағылшын тілінде сондай-ақ төмендегідей сəлемдесу формулалары да бар: “How do you do” жəне “How are you” (қысқ. How’re you).
Алғашқысы кең таралмаған, себебі тек ресми танысу кезінде қолданылады. “How are you” репликасы тікелей аударғанда “Қалыңыз калай” деген формаға сəйкес келеді. Оның қысқарған формасы “Hi” тек қана сəлемдесу формуласы ретінде қолданылады, денсаулығы, жұмысы туралы жауапты меңземейді.
Қазақ жəне ағылшын тілдеріндегі сəлемдесу формулаларында бірқатар ұқсастықтармен қатар, кейбір төмендегідей айырмашылықтар да байқалады:
- қазақ тілінде жəне ағылшын тілімен салыстырғанда сəлемдесу формулалары саны жағынан басымырақ келеді;
- қазақ лингвомəдениетінде əлеуметтік, гендерлік немесе жас ерекшеліктеріне негізделетін қандай да бір сəлемдесу формулаларын қолдану критерийлері басымырақ келеді; ал ағылшын лингвомəдениеті үшін мұндай ерекшеліктер мүлдем тəн емес.
- қазақ тілінде сыпайы сəлемдесудің көрсеткіші саналатын арнайы -сыз/сіз жұрнағы бар, мұны біз шартты түрде «сыпайылық морфемасы» деп атаймыз; Ал заманауи ағылшын тілінде мұндай формальды көрсеткіш жоқ.
Сонымен сыпайылық дегеніміз, қорыта айтқанда, адамдар арасында байланыс орнату үшін жұмсалатын, сол байланысты жалғастыра беру мақсатында қолданылатын ұлттық ерекшелігі бар стеоретипке айналған қарым-қатынас формулалары болып табылады. Ал, сəлемдесу – бұл ілтипат белгісі, әңгімелесушінің сізді байқағандығының не сіздің маңызды екендігіңіздің нышаны, əртүрлі мәдениетаралық қарым-қатынасты орнату кезінде түрліше көрініс табатын сыпайылық стратегияларының бірі. Мақалада белгіленген қазақ және ағылшын тілдеріндегі сәлемдесу ерекшеліктерін назарға ала отырып, сыпайылық категориясы әмбебап екеніне көз жеткіземіз. Ол жалпы адами категория болып табылады әрі сөйлеушімен қатар жалпы ұлтты сипаттайды.
Әдебиеттер тізімі:
- Агапова, С.Г. Основы межличностной и межкультурной коммуникации. – Ростон на Дону.: Феникс, 2004. -288с.
- Формановская Н. И. Речевое общение: коммуникативно-прагматичекский подход. М.: Рус. яз., 2002.
- Формановская Н. И. Речевой этикет и культура общения. М.: Высш. шк., 1989.
- Карасик В. И. Языковой круг: личность, концепты, дискурс. Волгоград: Перемена, 1992.
- Ларина 2003д – Ларина Т. В. Вежливость как предмет лингвистического изучения // Коммуникативное поведение. Вып. 17. / Науч. ред. И. А. Стернин. Воронеж: Истоки, 2003. С. 10–22.
- Leech G. Principles of pragmatics. L.; N. Y.: Longman, 1983.-PP. 131-139.
- Əнес Ғ. Удербаев А. Диалектологиялық сөздік. –Алматы: Арыс.2007. С. 562-612
- Бектаев К. Большой казахско-русский русско-казахский словарь. Алматы: Алтын Казына, 1999.
- АРСС – Англо-русский синонимический словарь. Под рук. А.И. Розенмана и докт. филол.наук Ю.Д. Апресяна. М.: Рус.язык, 1988
- Даль В. Толковый словарь живого великорусского языка: Т 1-4. –М.: Рус. язык, 1989.
Істеріңізге сәттілік.Рахмет өз тәжірбиелеріңмен бөліскендеріңізге.Алдада тагы Семениар қатысып көп мағлұмат аламыз деген ойдамыз