Мектепке дейінгі мекемедегі ата-анамен жұмыстың маңыздылығы

Шымкент қаласы

№29 «Ай-Керім» бөбекжай-бақшасы

Тәрбиеші: Турсынбай Улбосын Мырзагелдиевна

Баяндама

Мектепке дейінгі мекемедегі ата-анамен жұмыстың маңыздылығы

Егемен еліміздің көк туын желбіретер ертеңгі болашақ, яғни бүгінгі бүлдіршіндер тәрбиесі аса ауқымды, назар салатын басты мәселелердің бірі.

Бала тәрбиесі ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Тәрбиенің ең алғашқы бастамасын отбасында алса, жалғасы балабақшамен байланысады, яғни бала тәрбиелене отыра білім алады. Сәл жәрдеммен мүмкіндігі ашылып, қабілеті дами кететін ұрпақ, тапшылықтан алға жылжымай тұрған келешегі мол, көзін ашуға арзитын бұлақ тәрізді.

Отбасында ата-аналарға педагогикалық білім беру өте қажет, себебі ата-ана бала тәрбиесінің мақсат, міндеттерін айқын түсінбей бала тәрбиесінің жолдары мен амалдарын ойдағыдай іске асыра алмайды. Ата-аналармен әңгіме кезінде өсіп келе жатқан сәбидің мүмкіндіктері зор, бірақ олар шексіз емес екендігін олармен бірге өткізілетін жұмыстар барысында ескерту қажет. Баланың мүмкіндіктерін ескермей дамытуды жеделдетуге болмайды, сондай-ақ даму барысында кідіріс те болмау қажет.

Сондықтан ата-ана ерте сәбилік және мектепке дейінгі жастағы балалардың дамуының психофизиологиялық көрсеткішін біліп, өмірін, іс-әрекетін, демалысын бірқалыпты ұйымдастырып реттеп отыру үшін қажетті жағдай жасау да маңызды. Отбасында бала әр нәрсені естиді, көреді, қалай өмір сүру керек, өзін-өзі қалай ұстау керек, жағымды, жағымсыз мінез-құлықтарды байқайды. Сондықтан ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап зерттеу жағдайын есепке алып отыруы тиіс. Көп жылғы жүргізілген бақылау мен зерттеу жұмыстардың мәліметтеріне сүйенсек, отбасындағы теріс қылықтар мен қиыншылықтар бала балабақшаға келгенде де дағдыға айналады. Әрине, мұндай себептер әр түрлі әсерлерден болады. Атап айтқанда, олар мыналар;

  • отбасы мүшелерінің әсіресе, әке мен ана арасындағы бірыңғай талаптың, көзқарастың жоқтығы;
  • отбасында балаға жеткілікті назар аудармаудың тапшылығы;
  • отбасында болатын ұрыс-керіс;

Осындай келеңсіз іс-әрекеттер балаға әсер етпей қоймайды. Осыдан бала психологиясында ауытқушылық пайда болады. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін тәрбиеші, бүкіл педагогикалық ұжым ата-аналармен тығыз ынтымақтастық орнатып бірлесе отырып жұмыс атқаруы керек.

Бала тәрбиесі мен дамуындағы басты рөл атқарушы отбасы. Отбасы балабақшамен бірлесе отыра оқу-тәрбие үрдісінің табысты не табыссыз болуын анықтайтын тәрбиелеуші орта факторларының маңызды кешенін туғызады.

Тәрбиешінің ата-аналармен жүргізетін жұмыс мазмұны 3 негізгі қызметті құрайды:

Бірінші қызметі. Ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісінің мазмұны мен әдістемесімен таныстыру.

Екінші қызметі. Ата-аналармен психологиялық – педагогикалық ағарту жұмысын ұйымдастыру.

Үшінші қызметі. Ата-аналарды бірлескен әрекетке тарту.

Әр бөлікті іс-әрекет түрінде және форма жүйесі ретінде құруға болады.

Ата-аналар мен тәрбиешінің өзара іс-әрекетінің функциялары мен міндеттері

Отбасы мен мектепке дейінгі мекеме арасындағы өзара іс-әрекет байланысының функциялары:

  • ақпаратттық;
  • тәрбиелік-дамытушылық;
  • қалыптастырушылық;
  • қорғау-сауықтырушылық;
  • бақылаушылық;
  • тұрмыстық.

Өзара іс-әрекет байланысының міндеттері:

  • ата-аналардың белсенді педагогикалық ұстанымдарын қалыптастыру;
  • ата-аналарды педагогикалық білім және білік дағдыларымен қаруландыру;
  • бала тәрбиесіне ата-аналарды белсенді қатыстыру.

Мектепке дейінгі мекеме мен отбасы арасындағы қарым-қатынас отбасындағы тәрбие жағдайын, балалар мен ата-аналардың жеке ерекшеліктерін танып, оқып білуден басталады. Осының негізінде тәрбиеші отбасындағы рухани құндылықтар, дәстүрлер, тәрбие мүмкіншіліктері және баланың ата-аналармен қарым-қатынасы жайында жақынырақ таныса алады. Бұл тұрғыда тәрбиеші психологиялық-педагогикалық диагностиканың дәстүрлі әдістер кешенін қолдана алады: бақылау, әңгіме, сауалнама,

іскерлік ойындар, балалар шығармашылығының материалдары және т.б.

Психологиялық-педагогикалық диагностиканы жүргізу барысында:

  1. Ата-аналар мен балалар өздерін зерттеу нысаны ретінде сезінбеуі тиіс.
  2. Отбасымен танысу мақсатты бағытталған, жоспарлы және жүйелі болу керек
  3. Танып білу әдістері тәрбие әдістерімен тығыз байланысты болу керек.
  4. Психологиялық-педагогикалық әдістер түрлендіріліп тұру керек.

Отбасын танып білудегі әдістер

1.Бақылау.

2.Жеке әңгімелесу.

3.Сауалнама жүргізу.

4.Іскерлік ойындар.

5.Балалардың отбасы жайында салған суреттеріне сараптама жасау.

Сонымен қатар мектепке дейінгі педагог отбасын танып білуде келесі әдіс-тәсілдерді де игергуі тиіс:

  1. Отбасының әлеуметтік портреті. Мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленушінің отбасы портретін құру үшін зерттеу дәстүрлі түрде оқу жылының басында жүргізіледі. Зерттеу сауалнама сұрақтарынан тұрады (отбасы құрамы, білімі, ата-анасының жұмыс орны мен қызметі, ата-әжелері жайында мәлімет).
  2. Әке мен шешенің балаға деген ата-аналық ұстанымын анықтау және отбасындағы тәрбие үрдісінде өз мақсаты мен тәрбие артықшылығынсезіне білу үшін отбасын тікелей зерттеу әдісі.

Көрсетілген отбасы ерекшелігін танып білу – қиын диагностикалық бағыттардың бірі. Өйткені отбасы – автономиялы, жабық құрылыс. Дегенмен де, сыпайлық танытып, отбасын зерттейтін әдістер де бар. Мысалы, осындай әдістердің бірі “Ата-ананың шығармасы”. Шығарма баланы жақынырақ танып, жұмыс барысында оның жеке ерекшеліктері мен қызығушылығын ескеруге өте тиімді.

Сонымен қатар өзінің диагностикалық мүмкіндіктерімен сурет салу әдістері де танымал. Мысалы, “Отбасы портреті”, “Бала үйде және балабақшада”, “Үш ағаш”, “Үй, ағаш, адам ”. Бұларды баламен, ата-аналармен жұмыс жүргізу барысында қолданады. Бұл әдіс арқылы отбасы жағдайын жан-жақтан байқауға болады.

Ойын әдістері де өзінің үлкен диагностикалық мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Сюжеттік-рөлдік ойын үрдісі кезінде баланың отбасы мүшелеріне деген қарым-қатынасын анықтауға болады.

  1. Тәрбиеленушілердің отбасындағы психологиялық-педагогикалық мәдениет деңгейін анықтау.Бұл әдіс психологиялық-педагогикалық мәдениетті арттыру бойынша жұмыс ұйымдастыру барысында, әр ата-ананың білім деңгейін ескеріп, жеке топтармен жұмысты ұйымдастыруда қажет. Бұл жағдайда негізінен ата-аналармен сауалнама жүргізу әдісі қолданылады.
  2. Ата-аналардың мектепке дейінгі мекеменің іс-әрекеті, мазмұны, жұмыс әдістері мен тәсілдері, педагогикалық үрдістің нәтижесі және тәрбиелік-оқу үрдісіне қатысу мүмкіндігі туралы пікірлерін зерттеу. Бұл бөлімде де сауалнама және сұрақтар қою жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар пошта жәшігі әдісін де қолдануға болады. Мектепке дейінгі мекеменің әр тобында ескерту, тілектер, ата-аналар тарапынан туындайтын сұрақтарға арналған шағын қорап қояды.Осындай тәсілмен ата-аналар жасырын түрде өз сұрақтарын қойып, пікірлерін жеткізе алады.

Мектепке дейінгі мекеме тәжірибесінде ата-аналармен жүргізілетін жұмыс жүйесінің топтық, жеке түрлері мен әдістері қолданылады.Бұл жұмыстардың барлығы ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыру, мектепке дейінгі мекеме мен отбасы арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған.

Ата-аналармен жүргізетін ағарту жұмысының мазмұны

Педагогикалық-психологиялық білімін жетілдіру:

  • Жеке тақырыптық кеңестер беру.
  • Педагогикалық білім университеттері.
  • Дәрістер, семинарлар, конференциялар.
  • Шығармашылық топтар, қызығушылықтары бойынша топтар

Ата-аналар мен қоғамдастықты оқу-тәрбие үрдісіне қатыстыру:

  • Ата-аналар жиналысы, ашық сабақтар мен мерекелік іс-шаралар.
  • Үйірме, бірлескен шығармашылық істер ұйымдастыру.

Аталған жұмыстардың кейбіреуіне тоқталар болсақ, педагогикалық білім университеттері – бұл ата-аналардың педагогикалық-психологиялық білімін жетілдірудегі тиімді формасы деп атап айтуға болады. Ата-аналардың сұраныстары бойынша баланы тәрбиелеудегі өзекті мәселелер жайында мәлімет беріп, таныстыруға болады.

Дәріс– тәрбиенің барлық мәселелер мазмұнын ашатын психологиялық-педагогикалық ағарту ісінің түрі. Тәрбие құбылыстарының, іс-әрекетінің ғылыми талдауы – дәрістің негізі болып табылады. Сондықтан дәрісте құбылыстардың себептерін, олардың жүру жағдайларын, бала тәрбиесінің механизмін, олардың психологиялық жағынан дамуын, отбасы тәрбиесінің мәнін ашу керек. Дәрістің тақырыбы ата-аналар үшін әр түрлі, қызықты және өзекті болу керек.

Мысалы: “Кіші жастағы балалардың жас ерекшеліктері”, “Баланың күн тәртібі”,“Өзін-өзі тәрбиелеу деген не ?”,“Бала және табиғат”,“Бала өміріндегі өнер”т.б.

Конференция – бала тәрбиесі туралы білімінің тереңдеуін және бекітілуін қарастыратын педагогикалық ағарту ісінің түрі.

Конференцияны өткізуде ата-аналардың белсенді қатысуы қарастырылады. Оларға балалар жұмыстарының көрмесі, ата-аналарға арналған кітаптар және шағын ән-шашу дайындалады.Конференцияның тақырыбы нақты дұрыс таңдалуы керек, мысалы: “Бала өмірінде ойынның алатын орны”, “Отбасындағы балалардың өнегелі тәрбиесі ” т.б.

Ата-аналармен жүргізетін ағарту жұмысының тағы бір түрі – тәжірибе. Тәрбиеші педагогикалық тәжірибе барысында ата-ана мен бала, ата-ана мен мекеме арасында келеңсіз жағдайлардан шығу жолдарын ұсынады.

Рөлдік ойындар – педагогикалық біліктіліктің қалыптасу деңгейін анықтау бойынша жүргізілетін ұжымдық шығармашылық іс-әрекет түрі.

Рөлдік ойындардың тақыптар үлгісі төмендегідей болуы мүмкін:

“Таңғы тіршілік”, “Бала балабақшадан келді”, “Отбасы кеңесі” т.б.

Ата-аналар жиналысын өткізу барысында оқу-тәрбие үрдісінің міндеттері талқыланып, ата-аналар мен балабақша арасындағы өзара байланыстың бағыттары анықталады.

Заман талабына сай тәрбиеші отбасының әлеуметтік негіздері, яғни отбасы педагогикасы және үйдегі тәрбие, ата-аналар мен баланың қарым-қатынас психологиясы жайында теориялық ғылыми біліммен мықты қарулану қажет. Педагог ата-аналармен тығыз байланыс жасау барысында ата-аналарды психологиялық – педагогикалық жағынан ағартудың тиімді әдіс-тәсілдерін жетік игеру керек. Өйткені ата-ана- бала- педагог – бұл жаңа заман отбасы дағдарысын жеңудегі үштік деп айтуға болады.

Осының барлығы – баланың мектепке дейінгі шағындағы үйлесімді және жан-жақты дамуы үшін атқарылатын істер.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *