Әнді сүйсең, менше сүй
Әнді сүйсең, менше сүй
Қазақтың ән өнері сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың асыл қазынасы, фольклордың музыкалық саласының бір тармағын құрайды.”Фольклор” сөзі ағылшын тілінен аударғанда “халық даналығы, халық білімі, халықтың ауызша шығарған туындылары” деген мағынаны білдіреді.Фольклор шығармалары халықтың әр дәуірдегі тұрмыс-салтымен,наным-сенімімен,күнделікті тіршілігімен тығыз байланыста туады.Оларда өмірде болып өткеннің ғана емес,халықтың “осылай болса екен” деген арман,үміттері де бейнеленіп,табиғат,өмір құбылыстарына баға беріледі.
Ән-халықтың сүйіп айтатын,тыңдайтын сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының ең бір бай арнасы болып табылады.Көне заманнан келе жатқан ән-күй туралы халықтың аузында қалыптасқан кқптеген мақал-мәтелдер,аңыздар,жырлар осының айғағы.Халықтың “Cөз-күміс,ән-алтын”,”Ел көркі-қыз,той көркі-ән” немесе “Ән-өмірді ұзартады” деген асыл сөздер осы өнерге арналған.
Қазақта ән мен өлең қатар жүрді, Абай заманында да солай болды.Өлеңге ебі бар кез келген ақын сол өлеңін әнге қосып, өзі айтатын болған.Ақын да, композитор да, орындаушы яки әнші де өзі.Осы құбылыс Абай айналасындағы әдеби мектептен әншілік өнерді бөле қарауға болмайтынын айғақтайды.Дарынды әнші болмағанымен, ән өнерінің қыр-сырын жақсы меңгерген Абайдың домбыраға қосылар қоңыр даусы болғанға ұқсайды.Ал, сол Абай даусымен орындалған алғашқы нұсқаны ары қарай жетілдіріп, нақышына келтіріп орындау-Абайдың әнші шәкірттерінің міндеті.Бұл орайда Ахмет Жұбанов былай дейді:
“Ақылбай, Әлмағамбет, Әйгерім Абайдың “жай даусымен” айтып, шығарып берген әндерін аузынан қағып алып, шырқыта, үдете, құйқылжыта орындап кетті.Абайдың міндеті-бірінші рет “автор даусымен” орындап беру болды.Әрине, одан әрі Абай өз әндерін орындамады деген сөзден аулақпыз”.
Абайды ең әуелі баураған Әйгерімнің өзі емес, әншілік өнері болған-ды.Кейіннен осы Абай әндерін нақышына келтіріп, жұртқа таратушылардың қатарында осы Әйгерім де тұрды.Ән, дауыс сияқтыны Әйгерімге Абайдың өзі үйреткен болатын.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй,-деп бүгінгі ұрпаққа айтқан Абайдың бұл өсиеті мәңгілікке айналды.Бұрыніы фольклорлық ән үлгісі келе-келе томаға-тұйық қалыптан әлдеқайда ұзап шығып, жеке ауылдың, болмаса ру-ұлыстың ғана тиесілі сыбағасындай болмай, кең-байтақ қазақ сахарасының ортақ туындысына, қазына-байлығына қосылды.Сарыарқадан ән әуелеткен Біржан сал,Ақан сері әндері қазақ жұртының батыс-шығысына тегіс жария болды.Бұл қатарда алдымен ауызға ілігері-тағы да Абай әндері.Оның ішінде ел көкейіне қона кеткен ерекше екі ән-“Айттым сәлем, Қаламқас”,”Сегіз аяқ” қазақ сахарасында кең таралды.
Абай өлеңді он екі жасынан бастап шығарған.Ақынның бала кезіндегі өлеңдерінің көпшілігі бізге жеткен жоқ.Олардың біразы ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен, шығармаларының аттары ғана сақталған.Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге жүрек тербеген оқиғалы, ғажайып әндер де шығарған композитор.Өнерге Абайша ғашық болу, әнді Абайша қастерлеу бір басқа.Абай халықтық өнердің қайнарынан мол сусындаған.Сусындай отырып, қазақ поэзиясы мен қазақ музыкасын шырқау биікке көтерген, әнге де жаңа ырғақ, жаңа мән-мағына әкелген.
Құр айқай бақырған
Құлаққа ән бе екен?-дейді Абай.Осы сөзі дәл бүгінгі біздің жастарға арнап айтылғандай.Қазір жастардың дәстүрлі әннен қол үзіп, батыстың мағынасыз, даңғырлақ музыкасына бой ұрып бара жатқандығын ойлағанда елдің келешегі, қазақ өнерінің болашағы “не болмақ?” деп мұңаясың.Теледидар, басқа ақпараттар толқыны, батыстық экспансия бізді ұлттық әдебиетімізден, ұлттық өнерімізден, ұлттық музыкамыздан бөліп алып барады.Бұл шынында да халықты алаңдатқан, шиеленіскен мәселе.“Қорқамын кейінгі жас балалардан” дегенде Абай осы сұмдықты сезген бе деп ойлайсың?!
Б. Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп
Көптілеуова Майра Ниетқалиқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі