Ресей-Украина соғысы Қазақстанға қалай әсерін тигізеді?
Сыдықбек Мейрамбек
Ресей-Украина соғысы Қазақстанға қалай әсерін тигізеді?
Ресей мемлекетінің көршілес жатқан Украина жеріне басып кіруі әлем жұртын дүр сілкіндірді. Аталмыш қанды қырғынға әкеліп тірелетін соғыс бастамасын тұтатып отырған Путиннің бұл іс – әрекетін батыс елдері соғысқа теңеп, қарсы агитациялық бағытта санкциялар легін жаудыруда.
Әлбетте, соғыс ұшқыны, геосаяси аренадағы алпауыт өзгерістер Қазақстанға да әсер етпей қоймайтыны сөзсіз түсінікті. Соғыс бастау алған күннен бері доллардың 460 теңгеге саудаланып жатқаны мұның айқын көрінісіндей. Жергілікті сарапшылардың тұжырымынша, доллар бағасы 500 теңгеге жетіп жығылуының қаупін айтады. Айта кетейік, теңге бағамының инфляцияға ұшырауының басты екі факторының біріне соғыс түрткі болса, екіншісіне Батыс елдерінің Ресейге салған қарсы санкциялар есебінде орын табады.
Сонымен, Батыс елдері мен Ресейдің арасындағы саяси қақтығыстар Қазақстанның экономикасына салдары қандай болмақ?
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, егер бұл соғыс жағдайы Қазақстанның саяси қақтығысына ешқандай әсер етпесе, онда экономикалық тұрғыдан елеулі түрде зиян келтіруі мүмкін. Атап өтер болсақ, мұнай бағасының көтерілуі, орын алып жатқан санкциялар әсері өмір деңгейіне,инфляцияға, девальвацияға, сөзсіз, теңгеге әсер етеді. Ал экономист, қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмұтова өз кезегінде Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ пен ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтату қажеттігін айтады. Бейбіт ымырыластықты, бейтараптылықты мақсат тұтатын Қазақстан Республикасы ұлттық валюта – теңгені тұрақтандыру және экономиканы сақтап қалу үшін мемлекет шұғыл шараларды қамтамасыз ету қажеттігін алға тартады. Алдыңғы нарықта көш бастап тұрған Kaspi Bank, Halyk Bank пен «Казатомпром» инвесторларының берген бағамдары да осы ойға келіп саяды.
Қазақстан экономикалық тұрақтылығын қалай аман сақтап қала алады?
Күні бүгінде оқиғалар төңірегінде шешуші рөл атқаратын шешімдер қажет екенін жергілікті экономист Мақсат Халық толығымен құптап отыр. Қазақстанның импорттық тәуелділігін жою қажеттілігін айта келіп, сәйкесінше экспортты жолға қою керектігін нұсқайды. Өндіру – қазіргі орын алып отырған жағдайға түбегейлі басшылық алуға толық құқылы болуға тіке жол болатын еді. Мемлекеттің суверенитеті, саяси – экономикалық аренадағы қауқарлығы елеулі рөл ойнайды. Ұлттық банктің бұл жағдайларға дер кезінде жауап беріп, қолынан келетін шараларды жасап жатқанын, базалық мөлшерлемені көтеріп, депозиттегі пайыздарды өсіріп, мемлекет тарапынан 10% сыйақы беру арқылы мәселені шешуге тырысып жатқанын хабарлайды. Әсіресе импортқа тәуелді заттарды өзімізде шығаруды бастау арқылы экономикамызды дұрыс жолға қоюға мүмкіндіктердіңқарастырылып отырғанынын айтады. Өз сөзін бұл шешімдерді тез арада қабылдау қажеттігін ,өйткені, уақыт күттірмейтінін мәлімдейді.
Әлем елдерінің басты мақсаты – Ресей экономикасын құлдырату
Ресей мемлекетінің соғыс отын тұтатып отырған іс – әрекеті нәтижесінде салынған санкциялар саны бойынша әлемдік антилидер атанды. Castellum.AI аналитикалық компаниясы Ресейді ең ірі санкциялар объектісі атап, зерттеу нәтижесімен бөліскен. 7 – наурыздағы жағдай бойынша Ресей Федерациясына қатысты 5500-ден астам түрлі шектеулер енгізілген болатын.
GSB UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Ресейдің өзіне қарсы салынған санкцияларға қосымша жоспары бар, анығында, олардың тұрақтыру қорында 600 млрд долларға жуық қаражат жинап үлгергенін, сол себептен де санкциялардың Ресейге ауыр тимейтініне болжам жасайды. «Өйткені кешегі рубльдің қатты құнсызданып кеткен кезінде Ресейдің ұлттық валютасын тұрақтандыруға тырысқанын байқадық», – дейді ол.
«Енді бағынбай кеткен бағамның әсеріне тоқталайық. Біз дайын өнімдерді импорттаушы елміз. Өндіріс өте аз. Ал, сыртқы сауда доллармен жүреді», – бұл ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Әлішер Өмірзақтың мәлімдемесі. Әлішер Өмірзақ Қазақстанның негізгі ажырамас, аға – экономикалық серіктестіктерінің қатарында Ресей мемлекетіне басымдық береді. Себебі, 2021 жылы экономикалық уағдаластықтың нәтижесі бойынша, екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 24 млрд АҚШ долларын құраған. Осы 24 млрд доллардың 17 млрд –ы Қазақстанға кіретін импорт есебінде орын алып отыр. Тек қалған мөлшері экспортталатын қазақстандық тауарлар болып табылады.
Экономист Бауыржан Ысқақов негізгі шығынға ұшырайтын объект халық екенін атап өтеді. Қарапайым халықтың басына түсетін ауыртпашылықтың алдын алу мәселесін қозғай келе, күнделікті тұрмысқа қажет тамақ, киім, автокөлік сынды өзге өндіріс сырттан келгендіктен, ол басқа валютамен келгендіктен, оны теңгемен сатып алғанда қымбатқа түсу мәселесін қозғайды. Яғни, нақты «қажет» деген дүниені тұтыну тапшылығы төмендеп кетіп, қарапайым халыққа салмақ түсететін тұсын қамтиды. «Бұл жерде негізгі шығынға ұшырайтын қарапайым халықтар ғой. Өйткені тұтынушылық тауарлар, оның тамағы, киімі бар, автокөліктің барлығы сырттан келгендіктен ол басқа валютамен келгендіктен теңгемен сатып алғанда қымбатқа түсуінің өзі қарапайым адамға осындай қиыншылықтар әкеліп жатыр», – деп түсіндіреді сарапшы.
Қаржы маманы Мақсат Халық қазақстандық тауарлардың көпшілігі шетелден жеткізілетіндіктен мұның еліміздің экономикасына біршама кері әсерлері болатыны сөзсіз дейді. Қазірдің өзінде теңгенің құнсызданып жатқаны бәрімізге белгілі, алаңдатарлық мәселе екенін, себебі, бұл дегеніміз импорттық тауарлардың бағасының шарықтауына алып келетінін айтады. Құрылыс материалдары сырттан әкелінеді, сол себептен де оның бағасы өссе тұрғын үйдің де бағасы көтерілуі мүмкін екенін, көп дүниеміз Ресеймен байланысты болғандықтан, инфляция бізде де орын алуы ғажап еместігін тағы бір атап өтеді. Экономист осы тұрғыда үкіметке тез арада алдын алу шараларын ойланып, тиісті шешімдер қабылдау керектігін нұсқайды. Оның сөзінше, онсыз да тұрмысы төмен халқымыз мұндай қиыншылықтарға дайын емес. Егер де инфляция орын ала қалған жағдайда, халықтың табысы көңіл көншітпейтіне назар аудара келе, осы тұрғыда үкіметтің тарапынан бұл мәселе күн тәртібіне қойылып, шешім табылуы жөнінде арнайы мәмілердің қарастырылуын қолдайды.
Отандық өнімге төнетін қауіп қандай?
«Қазір үкіметтің бастамасымен жедел штаб құрылған. Олар бұрын Ресей және Украина арқылы тасымалданған жүктерді өзге елдер арқылы өткізудің жолдарын нақтылап жатыр. Сондай-ақ, қазақ кәсіпкерлерінің өнімін қорғау мәселесі бар. Тұтынушы үшін пайдалы дегенмен, онсыз да аз отандық өнімді қорғамаса да болмайды», – деп Мақсат Халық отандық өнімге төніп тұрған қауіптің алдын алу шараларын бастап кеткенін өз сөзінде білдіреді.
Мақсат Халықтың сараптамасы бойынша, Қазақстан Ұлттық банкі рубльдің теңгеге шаққандағы бағамын бес теңгеден төмендетпей, алты теңгеден жоғарылатпай ұстап тұруға тырысады, ал бес теңгеден төмендеп, теңге құны өссе, Ресей тауары Қазақстан тауарына қарағанда арзанға түсетінің, бұл сәйкесінше, Қазақстан өніміне соққы болатынын айтады.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов мәлімедемесінде осы 1-2 айдың ішінде көптеген Ресейдің тауарлары біздің Қазақстанның нарық полкасына түсе ма деген қорқыныш барын, Ресейдің тауары біздікімен салыстырғанда 20-30 пайыз төмен болса, бұл тез арада елдің сауда-саттық дүкендерде біздің отандық тауарларды шектейтінін, сондықтан да бұл мәселеге Үкімет пен Атамекен бірге бірлесіп талқылап шешу керек екендігін айтады. «Бұл басты, өзекті проблеманың бірі болып табылады», – деп өз ойын түйіндейді.
Ресейлік федералды кеден қызметінің мәліметі бойынша, 2021 жылы теріскейдегі көршіміз 493,3 млрд доллардың өнімін экспортқа шығарған. Оның 87 пайызы алыс шетелге, тек 13 пайызы ғана ТМД – ға тиесілі. Мамандардың мәліметінше, Еуропа мен Америкадан қол үзген кәсіпкерлер жаңа нарық іздейді. Тіпті тауарларын Қазақстанның атынан сату жолдарын да қарастырулару шаралары бек мүмкін. Экономист Ербосын Нұрмұхан да Ресей мемлекетінің компанияларының қазақ жеріне келіп, әзірдің өзінде жұмысқа кірісіп кеткенін хабарлайды. Ал, экономикалық зерттеу институты мамандарының пайымынша, Ресей кәсіпкерлері біздің нарыққа бірден еніп, ілесіп кете алмайды.
«Екі мемлекет арасындағы қақтығыс – үшінші мемлекетке үлкен мүмкіндік ашады» (Бауыржан Ысқақов, экономист)
Экономист Бауыржан Ысқақов бюджетке түсетін табыстың еселенетін айта келіп, оның негізгі көзі ретінде мұнай, газ секторларын, алтын, күміс, мыс, темір сияқты қазба байлықтарын көрсетеді. Яғни, экспортқа шығаратын тауардың түгелі дерлік шетелге доллармен сатылғандықтан, одан түсетін кіріс көзі де доллармен келетінін айқындай түседі. «Ал, қарапайым халықтың қалтасына түсетін салмақты азайту үшін мемлекет өндіріске ерекше көңіл бөлуі тиіс. Әңгіме сол баяғы – азық-түлік пен киім кешек сияқты күнделікті тұтынатын тауарларды өзімізде шығарып, импортқа тәуелділіктен мейлінше азайту қажет. Тағы бір маңыздысы әлемде болып жатқан әр жағдайды жақсылап талдап, тиімді пайдалануымыз керек» , – деп өндірістің артуына көп көңіл бөлу қажеттігін тағы бір атап көрсетеді экономист. Саясаттанушы Серік Беркамалов та осындай пікірде. Оның пікірінше, ресейлік бизнес санкцияларға ұшырап, өз кәсіпорындарын Қазақстан аумағына көшіре алады немесе біздің банктер арқылы мәмілелер жасай алады.
Қазақстан екі елді мәмлеге шақырады, алайда басымдықты қай елге береді?
XVIII ғасырдың екінші ширегінде Абылай ханның мықты стратегиясы күллі қазақ халқына етене белгілі. Әр уақытта мықты дипломатиялық қарым – қатынас негізінде жүйелі әрекет жасап, екі жақты уағдаластыққа бейбіт түрде қол жеткізіп отырған. Қазіргі Қазақстанның негізгі ұстанымы да – бейтараптылық. Оған «Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев Украина тарапының бастамасы бойынша Президент Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті»,- деп Ақорданың ресми хабар тарату парақшасында жариялаған мақаласы дәлел бола алады. Қасым – Жомарт Тоқаев Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтату және одан әрі болдырмау үшін келіссөздер барысында уағдаластыққа қол жеткізудің маңызды екенін айта келіп, екі елдің ынтымақтастығын одан әрі дамыту жолдарын қарастырған.
Экономист Серік Беркамаловтың пікірінше, біз қалаған – қаламаған жағдайда да Ресей жағында болуға мәжбүр халде екенімізді түсінуіміз қажет. Себебі, Қазақстан кез келген жағдайда шығынға ұшырайтынын атап өтеді. Әлбетте, қанды қырғын, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін күллі екі елдің басына түскен қайғы кезінде, «мұндай уақытта бұл туралы айту қаншалықты әдепті екенін білмеймін, бірақ қазіргі жағдай — Қазақстан үшін мүмкіндіктер терезесі, – дейді Серік Беркамалов. Сарапшының пікірінше, Қазақстан тікелей «Еуропаға терезе» торабы ретінде рөл атқара алады. Ресей Қазақстандық жолдарды, әуе кеңістігін және теңіз порттарын пайдаланғаны үшін төлейтін болады және бұл бізге орасан зор пайда әкеледі.
Алла Гизатова, экономика ғылымдарының доценті М.Өтемісов атындағы БҚМУ оқытушысы оқиғаға сыни көзқарас таныту қажеттігін атай өтіп, мүмкіндіктерді қатар ескере келе, «қозғалу» керегін, іс – әрекет жасаудың маңыздылығына баса назар аударады. Өз пікірінде «әрекетке – берекет» ұранын алға тартады. Ресей санкцияларының Қазақстан үшін салдары оларды Қазақстанның өзі көргісі келетіндей орын алатынын, сол себептен де, өндірістің мол болуын, картопты өзіміз отырғызып, кәмпиттерді өзіміз жасауымыз керектігін ұғындырады.
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Жұлдызай Ысқақова Украинадағы жағдай туралы пікір білдірді. Қазақстан шалт қадамға бармауы керектігін, қандай да бір тарапты жақтамауын толыққанды құптайды. 30 жыл бойы көпвекторлы жүйені қолданып келгендігімізді және оның тек оң нәтиже бергенін еске салады. Қазақстанда Ресеймен туыстық байланысы бар 3 млн-нан астам орыс халқының, Украинамен байланыстыратын 300 мыңнан астам украиндықтардың барын айта келе, барлығымен ымыраластық дипломатиялық қатынастар орнатылғанына мән береді. Өз пікірінде Жұлдызай Ысқақова Қазақстан Республикасы билігінің ұстанымының дұрыстығына өзіндік баға берген болатын. Биліктің ұстанымын сындарлы деп бағалауға болатынын, арнайы Қауіпсіздің Кеңесінің отырысында ұжымдық шешім қабылданғанын айта өтеді. Сарапшының пікірінше, бейтараптық ұстаным мен тараптарды диалогқа шақыру оңтайлы шешім. «Кезінде Ресей мен Түркияны да келіссөздер үстеліне отырғыздық. Осындай жанжалдардың медиаторы ретінде жиі бастама көтердік. Менің ойымша, бұл тактика өте дұрыс. Біздің міндетіміз – тараптар қақтығысты дипломатиялық деңгейде шешу үшін барлық мүмкіндікті пайдалану», – деп қорытындылады сарапшы. Ел іргеміз мықты болғай, орын алып отырған жағдайдың оңтайлы шешім тауып, елеулі оң өзгерістер әкелетініне сеніміміз мол.