Қазақ баспасөзінің батыс өңірде қалыптасуы

Аңдатпа: Бұл мақалада баспасөздің батыс өңірінде қалыптасуы туралы мәселе қарастырылған.

Мақала барысында тамыры тереңге жайылған халықтың ұлттық басылымдарына,газеттердің шығуын батыс өңірімен байланыстырып, газет тарихына қалам тартқан қаламгерлер мақалаларын зерттеуге арналған.

Мақалада қазақтың батыс аймағындағы баспа беттерінің жарық көруі мен қазақ журналистикасының тарихына талдау жасалынған.

Кілт сөздер: баспасөз, төртінші билік, газет, баспахана, батыс өлке, басылым, жергілікті халық.

Abstract:печать, четвертая власть, газета, типография, западный регион, издание, местное население.

Keywords: press, fourth estate, newspaper, printing house, western region, edition, local population.

Бүгінгі таңдағы ақпараттық құралдардың БАҚ-тың дөңгеленген дүниенің саяси сахнасында белсенділігі сәт сайын артып отырғаны бұқараға белгілі. Себебі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов : «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі»дегендей оның қоғамдағы рөлі қарапайым халыққа жақын болып қызмет жасаумен бағаланады.

XXI ғасырда баспасөздің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі арта түскені мәлім. Өйткені баспасөздің рөлін оның санымен емес, ұлттық мүддеге негізделген қызметімен өлшенетіндігі белгілі. Баспасөз-сан ғасыр бойы отаршылдық тепкінің астында қалған халқымыздың мүддесіне сай аумалы- текпелі заманда жанында болып, жаңа құрылысты өмірге жөн сілтеді, сол жолда бағыт-бағдар берді. Егеменді еліміз өркениетке көшін қомдап түзеген шақта Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Идеологияның басты мұраты-тәуелсіздігімізді баянды ету, мына шырғалаңы мол дағдарыс кезеңінен елді аман-есен алып өту, осыған дейінгі ғасырлар бойы жасалып келген рухани байлықтарымыздың қайнарларын бұзбай, оны өрісі кең әлемдік өркениетке ұластыру» деп баспасөзге үлкен міндет жүктегенді.

Міне, енді еліміздің экономикалық-мәдени дамуының қарышты өсуімен дүние жүзіндегі дамыған 50 елдің қатарына межесі айқындалды. Осы асқаралы асудан сүрінбей өтіп, қазақ халқы мәртебесінің биіктеуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарының атқарар қызметі өте салмақты болып отыр.

Баршаға мәлім, Қазақстандағы «төртінші билік» атауына ие болған баспасөздің тарихына көз жіберсек, сонау XIX ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Дәл осы уақытта Ресей империясы қазақ жерін, әсіресе Кіші жүзден басталған отарландыру саясаты толығымен жүзеге асып, енді өз саясатын жүзеге асыру мақсатында газеттер ашқаны белгілі. Біздің ұлттық мәдениетіміздің нәзік жібін үздірмей, кішкентай ғана өрмекшідей, қайта тоқып, кейінгі ұрпаққа жаңаша таныстырған Ү. Сұбханбердина болды. Ол қазақ ұлттық басылымдардың тарихын зерттеп, олардың мазмұндалған библиографиялық көрсеткішін жасап, мәтіндерін қайта бастыру арқылы бүгінгі оқырмандарға жеткізе білді. Оның анықтауынша Троицк қаласында 1911 жылы жарық көрген «Айқап» журналы мен Орынбор қаласында 1913 жылы Кәрімов- Хұсайыновтар баспаханасында жарық көрген «Қазақ» газеті беттерінде батыс өлкедегі жағдайларға тұрақты хабарлар басылып тұрды. Олардың әр бетінде Батыс Қазақстан өңірінен Б. Қаратаев, Ғ. Қарашев, Х. Досмұхамедов, Н. Ипмағамбетов, А. Маметов, Ғ. Мұсағалиев, Ж. Сейдалин, А. Кенжин, Қ. Жұбанов сияқты көптеген азаматтар әртүрлі тақырыпқа қалам тартқан. Осы тұста академик Ә. Нысанбаев басшылығымен «Қазақ» газеті жинағы жарияланып, ізденушілерге сол замандағы-ақ баспасөз беттерімен танысып, тарихи кезеңді тануға мол мүмкіндік жасалды.

Батыс Қазақстанның үлкен бір аймағы саналған Ақтөбеде 1913 – 1914 жылдары қала басқармасы жанынан «Актюбинский городский вестник» журналы екі аптада бір рет шығып тұрған. 1913 жылы 17 қазаны мен 17 желтоқсанға дейін 5 саны жарық көрce, 1914 жылы 3 қаңтардан 15 желтоқсанға қалған 23 саны шыққан. Санкт-Петербург қаласындағы ГПБ(Государственной публичной библиотеки им. М.Е. Салтыкова-Щедрина) 1913 жылдың №1-5 нөмірлерінін 3 саны, 1914 жылдың №6-23 сандарының 12 нөмірі, БАН (Библиотека Академии Наук России) – 1913 жылы №1-5; 1914 жылдың №6-23 сандары сақталған. Журнал редакторы әрі шығарушысы В. Мощенский болған. Журнал 13 парақтан тұрған, яғни 26 беттік. «Актюбинский городский вестник» журналы екі аптада бір рет жарық көріп, әдеби-шаруашылық журналы болып табылды.

Батыс Қазақстандағы баспасөз алтын бұлақ бастауын Орда каласындағы 1911 жылы 16 наурызда жарық көрген «Қазақстан» газетінен алады. Газет тарихына қалам тартқан ғалым М.Ш. Ысмағұловтың Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражай қорында 83 беттен тұратын кұнды қолжазбасы сақталған. Тарихшы Орал қаласында жарық көрген газеттің осы санындағы Ғ. Қарашевтің «Бұл қай заман?» деген бас мақаласына тоқталып: «Бұл қай заманның» көлемі шағын болса да, онда проблемалық мәселелерді қозғап: қазақ халқының сол кездегі тарихи тағдырына біраз шолу жасайды», – деп түйіндейді.

XIX ғасырдың II жартысынан бастау алған Қазақстанның өзге өңірлері секілді Жайық өңіріндегі батыс аймақ баспасөзінің бай тарихы бар. Бұл кезде патша өкіметі өз билігін күшейту мақсатында, орыс шаруаларының тыныштығын ұстап тұру үшін оларды қазақ жеріне көшірді. Сонымен қатар, қазақ пен орысты араластырып қазақтың елдігін, ұлттығын айырудың мақсатын көздеді. 1868 жылы патша үкіметі «Дала облыстарын басқарудың уақытша ережесі» атты реформасына сай 1869 жылы Орал облысы құрылып, оның құрамына Оралдық қазақ әскери аумағы мен Орынбор қазақтарының жері біріктірілді. Облыс Орал, Ілбішін, Гурьев және Темір уездіктеріне бөлінді, сондай-ақ оның құрамына Маңғыстау жері де кірді. Жалпы жер көлемі 29 626 234 десятина болған болса, оның ең шұрайлы, құнарлы 6 4645 402 десятина жері қазақтар әскерилерге, ал қалған 23 160 832 десятинасы мемлекеттік меншік ретінде жарияланып, қазақтарға қоғамдық негізде пайдалануға берілді. Орыс отаршылдары егінге жарамды жердің бәрін қазақтардан тартып алып, Ішкі Ресейден шаруаларды әкеп қоныстандырған. Жайық бойындағы жерлерге бір адам аттап кіре алмайтын, қазақтар өз жерінде өгей баланың күйін кешті. Қоныстандыру басқармасының қазақ даласындағы жерге орналастырушы әкімдері мен мамандары өз міндеттерін патша үкіметінің нығаюына сай орындай білген.

Осылайша, Ресей империясы қазақ жерін толық жаулап алғаннан кейін, бұл аймақта өз саясатын орнықтырып, насихаттау мақсатында газеттер ашты. Батыс Қазақстандағы мерзімді баспасөздің алғашқы пайда болуымен және даму тарихына қысқаша тоқталсақ. Алғаш 1867 жылы Орал қаласының мәдени өміріне елеулі оқиға болған «Уральские войсковые ведомости»атты апталық газет жарық көрді. Оның алғашқы редакторы П. Назаров болған, газет алғашқы нөмірінен Ресей патшасына қызмет етті. Орал казактарының әскери құрамаларын реформалау, олардың үлесіндегі жер-су көлемін өзара реттеу, Жайықтан балық аулау кәсібін жетілдіру және т.б мәселелер туралы жазып, отарлау саясатын ұстанды.

Ішкі Бөкей хандығы Жәңгір хан заманынан бастап Ресейдің Астрахань, Орынбор секілді іргелес жатқан қалаларымен жиі араласуы, Орда мектебінде ұстаздық еткен өзге ұлт зиялылары арқылы да қазақ даласына келген газет- журналдар біздің халқымыздың ой-санасының дамуына өз септігін тигізді. Сол кездегі қалыптасқан қазақ интеллигенциясы өзімен бірге халықтың қамын жеп, сөзін сөйлейтін нағыз ұлттық газеттің дүниеге келуін тездетті.

Батыс Қазақстандағы ұлттық баспасөздің бастауы 1911 жылы 16 наурызда жарық көрген «Қазақстан» газетінен алады. «Қазақстан»газеті Орда қаласында шықты. Сол жылы 27 мамырда шыққаннан кейін кезекті сандары шықпай, алты айға жуық тоқтап қалады. Бірақ бұл мерзімде газетті шығарушылар редакция мен баспахана жабдықтарын Орал қаласына көшірген екен. Газет материалдарын Ғ. Қараш пен Е. Бұйрин даярлап, кезек-кезек Астрахань қаласына пойызбен апарып, Б. Қаратаевқа тапсыратын болған. Ол өзі қарап большевиктердің баспаханасында газетті бастырады. Газет шығарушылардың бірі Ғ. Қараш – қазақ халқының еркіндігін, елінің тәуелсіздігін армандаған көрнекті ақын, ойшыл-философ, қоғам қайраткері Ғ. Қараштың қоғамдық-саяси қызметі 1911-1913жылдары «Қазақстан», 1919 жылы «Дұрыстық жолы» газеттері мен «Мұғалім» атты жарық көрген басылымдармен қатар дамыды. Осылайша, қазақ журналистика тарихын- дағы толыққанды басылым болып табылатын, ұлтының бостандығы жолында табанды күрес жүргізген саяси басылым ретінде танылған баспасөз «Қазақстан» газеті болып калды.

Баспасөз-қай заманның да айнасы, жаршысы. Қазақстанның батыс өлкесінде шыққан баспасөз жергілікті халықтың арасында сауатсыздықты жоюға, оқу-білімге шақырған, бұқара халықты жаңа өмірге бастауда, еңбекшілердің мәдени деңгейі мен білімін көтеруде өте үлкен рөл атқарды. Жасыратыны жок, жұмысшылардың қалың көпшілігі сауатсыз еді. Сондықтан да газет халыққа білім беру жүйесінің дамуына, оқу сапасын жақсартуға және сауатсыздықты жоюға айрықша мән берумен болды. Жергілікті жерде қазақтар басым бола тұрса да, газеттердің басым көпшілігінің орыс тілінде жарык көруі-Ресейдің Қазақстанда отарлауды одан әрі тереңдете түсудің амалы, яғни олардың ой санасын отарлау аркылы орыстандыру саясатын ұстағаны айқын аңғарылды. Міне, осыған орай қазақ тілінде басылым сұраған халықтың ащы жанайқайы газет беттерінің кейбір сандарында жазылған еді.

Сонымен, тұңғыш Қазақстанның батыс өлкесіндегі тарихының көкжиегіне қалықтап шыққан мерзімді баспасөздері өз кезегінде үлкен маңызды қызметтер аткарды. Азаматтық қарсылық жылдарында халықтың мүддесін көздеп, сол бір аумалы-төкпелі заманда қалың бұқараны соңынан ерте білді. Қашанда қоғамдық ой-пікірдің көш басында өлке баспасөзі қоғам дамуының барысында қанаты қатайып, қаламы ұштала түсті.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.Елбасы: эсселер, ой-толғамдар, өлең-жырлар, сұхбаттар. —Алматы: «Ана тілі», 1996.

2.Әсіп С. Қазақ қасіреті. —Алматы: Қазақстан, 1994.

3.Қорқытов Б., Досбаев Ә. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеудегі өрескел қателер. —1951.

4.Бекхожин Х. Қазақ совет баспасөзі—Алматы, 1961.

5.Субханбердина Ү. Қазақ халқының атамұралары: Мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш. Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 1999.

6.Кенжебаев Б. Қазақ баспасөзінің тарихынан.-Алматы: Қазмембас.-1950.

7.Атабаев Қ. Мерзімді басылым-XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының дерегі ретінде: Монография.-Алматы: Қазақ университеті, 1998.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *