ҚазҰУ-дың өнімді тәжірибесі

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті –Қазақстан Республикасының жетекші әрі үздік университетінің бірі. Бұл оқу орны білімді шәкіртті ғана емес, білікті маман даярлауға да көп көңіл бөледі. 1934 жылы құрылған бұл оқу орны қазіргі кезде әлемдік деңгейдегі университеттермен тең дәрежеде тұр.

Қазақ ұлттық университеті   талай студенттердің асқақ арманын орындап, жол көрсеткен оқу орны. Мұнда көптеген атақты ақын-жазушыларымыз, тілшілеріміз білім нәрімен сусындаған. Мысалы, Ә.Нұршайықов, К.Ахметова, З.Қабдолов, Б.Кенжебаев, А.Қыраубайқызы, т.б. атақты түлектерімізді айтуымызға болады. Бұл оқу орнымыздың үздік екенінің дәлелі болып тұр.

Қазіргі таңда ҚазҰУ-да білім алуға, өзін-өзі жетілдіруге       мол мүмкіндіктер жасалған. ҚазҰУ қалашығының барлық аймағы Wi-Fi сымсыз желісімен қамтылған. Оның кез келген нүктесінде әр студент университет бірлестігінің желісінде жұмыс істеумен қоса, Интернетке тегін қосылу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар тәулік бойы істейтін 300 орындық жаңа Интернет-кафе жұмыс істейді. Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы – ҚазҰУ қалашығының інжу-маржаны. Мұнда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркемөнер үйірмелері, «Біз» студенттер театры, КТК командасы жұмыс істейді. Спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған (ҚазҰУ қалашығының спорт кешені, Студенттердің спорттық клубы, түрлі секциялар, денсаулық топтары). Қызметкерлер мен студенттердің спартакиадасы ұдайы өткізіліп, олардың қалалық жарыстарға қатынасуы қамтамасыз етіледі.

Университет студенттерінің өмірі қызықтылығымен әрі алуандығымен ерекшеленеді. Ол тек дәрістер мен семинарларға қатысумен ғана шектелмейді. Олар шалқыған шығармашылық қуат пен жастық жалынды, балғын талантты шыңдайтын театр студиялары мен поэтикалық клубтарға, көңілді және тапқырлар сайысына белсене қатысады.

ҚазҰУ-да тек білім алып қоймай, білімімізді түрлі тәжірибелік жұмыстар арқылы сынай аламыз. Қазіргі таңда 4-курс студенттерінің

«Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығынан» өндірістік тәжірибеден өтуі осы бастамалардың дәлелі деуге болады. Тәжірибе жұмысының негізгі мақсаты – студенттердің педагогикалық қызметтің негізгі функцияларын меңгеруі, педагогикалық құзыреттілікті, кәсіби қасиеттерді қалыптастыру және дамыту, ғылыми байланыстарды жүзеге асыратын негізгі ұйымдардың, мекемелердің қызметімен таныстыру.

Мұражай жетекшісі Имаханбет Райхан Сақыбекқызы біздің өндірістік тәжірибемізге басшылық етіп, атқарылуы тиіс жұмыстарды түсіндіріп, бағыт-бағдар көрсетіп отырды.

Сонымен қатар, Мекебаева Лейла Адамқызы біздің  атқаратын жұмысымызды бөліп беріп, қалай орындағанымызды тексеріп, қатемізді түзетіп отырды. Бұл тәжірибеден өту арқылы біз Ахмет Байтұрсынұлы туралы білімімізді кеңейтіп, еңбектерімен толықтай таныстық. Бұл тәжірибеден үйренгеніміз көп болды.  Алдағы уақытта да үйренеріміз көп болады деген сенімдеміз.

 

Қошым-Ноғай Ақерке

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Филология және әлем тілдері факультеті

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының

3-курс студенті

 

 

Мекебаева Лейла Адамқызы, ф.ғ.к, аға оқытушы

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *