“Ұлт ұстазының” еңбегі
«Ұлт ұстазының» еңбегі
«Қазір бой жарыстыратын заман емес,ой жарыстыратын заман.» Расында әлемнің алдыңғы қатарлы қай мемлекетін алып қарасаңыз да білім беру саласын басты назарда ұстап отыр. Себебі,олар болашақтың кілті білімде екендігін жақсы түсінеді. Біздің елімізде көштен қалып келе жатыр деп айта алмаймыз. Бәсекеге қабілетті маман дайындауда еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары өз үлестерін қосуда.
Бүгінгі таңда мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің студентімін. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті -еліміздің ең үздік жоғары оқу орны қатарында, жетекші университет болып табылады. ҚазҰУ QS “World University Rankings” халықаралық рейтингісінде топ-165 қатарына кірген. Сонымен қатар,мемлекеттік оқу гранттары бойынша көшбасшы болып келеді.
Біздің факультетімізде алты кафедра бар және факультет студенттерге сапалы білім беріп, ғылыми зерттеу және өндірістік тәжірибе аясында үш бағытты негізге алып келеді. Филология факультетінде қазақ тіл білімі саласында елеулі еңбек етіп, ғылыми зерттеу жұмыстарымен танылған ғалым-ұстаздар өте көп. Солардың қатарында өзім дәріс алған Рақыш Әмір, Берікбай Сағындықұлы,Гүлдархан Смағұлова, Анар Салқынбай, Дина Әлкебаева есімдерін атап өтпеске болмас.
Қашықтан оқудың машақатын біз де көрдік. Індет жайлаған кезде онлайн форматты да байқап көрдік. Десе де экран ар жағында отырып қарап қала алмадық. Бұл орайда біздің факультетіміз «Ахмет Байтұрсынов «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығымен” келісімшартқа отырып, бізге үлкен мүмкіншілік жасады. Өндірістік тәжірибе студенттерге жаңа тыныс бергендей. Себебі, оқудан бөлек біздер зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа тың мәліметтермен жұмыс жасаудамыз. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының поэзиялық шығармаларын, прозалық туындыларын мерзімді басылым беттерінен жинастырып, түрлі конференция материалдарын қарастырып, бұрын-соңды кездестірмеген жаңа мәліметтерді топтастырып жатырмыз. Бұл тапсырмаларды орындау арқылы біз өзімізге керемет тәжірибе алдық. Ғылыми зерттеу жұмыстарын өткізу барысында факультетімізден бөлінген Имаханбет Райхан, Шортанбаев Шоқан, Есентаева Айжан, Мекебаева Ләйлә сынды аға-оқытушыларымыз бізге түрлі көмек беріп, бағыт-бағдар көрсетіп тұрады.
Өзге емес, ұлт ұстазына айналған Ахмет Байтұрсыновтың тағылымды еңбек жолын зерттеу біз үшін үлкен мәртебе. Қазақ даласында тыңнан түрен салып, ағарту ісіне өлшеусіз үлес қосқан ғалымның өмір жолы кім-кімге де үлгі-өнеге. Оның «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» еңбектері қазақ тілі мен әдебиетінің алтын қорында сақталары сөзсіз. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаяны жөнінде көптеген еңбектер жазылды. Мысалы, Райхан Имаханбеттің “Ғасыр саңлағы:Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны” және Амантай Ахметовтың “Рух әміршісі” секілді кітаптарды атап өтуімізге болады. Енді осы даңғыл жолды болашықта біз жалғаймыз деген сенімдемін.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология және әлем тілдері
факультетінің 4-курс студенті
Райхан ИМАХАНБЕТ
ф.ғ.к., аға оқытушы