Мен балабақша әдіскерімін.
Осы бір қиындығы мен қызығы мол жұмыс жолына түсуіме не себепкер болды деп кей-кездері ойға қалам. Себебі қазіргі уақытта балабақшада жұмыс істеу қиын екенін бәрі біледі. Қанша бала болса, сонша мінез, сонша ата-аналар. Біз бала кезімізде үйге жүгіріп келіп, біреу тиді немесе ұрысты деп арыздансақ ,ата-анамыз демек,өзің кінәлісің – деп ұрысып жіберетін. Жасыратыны жоқ қазіргі ата-аналар балаларын жетектеп келіп, олардың көзінше балабақша қызметкерлерін тілдеп жатады. Бұл әрекеттің бала тәрбиесіне кері әсерін ашу үстінде сезбей де қалады. Содан соң бұл бала неге бұлай істеді – деп, баласының қателіктеріне таң қалып отырады. Осындай кезде ата-анамен дұрыс жағымды қарым-қатынас орнату, баланың тілін тауып, қажеттілігіне сай жұмыстану міндетіміз. Қандай жағдай болмасын мен өз мамандығымды сүйемін және бұл балаларға қарап өзімнің балалық шағым есіме түседі.
Мен балабақша әдіскерімін.Бұл дәрежеге қалай жеттім.? Қандай сатыдан өттім?
Өзім туралы ой қозғасам есіме балалық шағым түседі. Иін ағашқа екі шелекті іліп алып ауыл сыртындағы үлкен құдықтан анам күніне екі рет пе, үш рет пе су таситын. Секіріп ойнап анаммен бірге қара терге түсіп суға бірге баратын күндерім ең бақытты шақтарым екен. Мектеп табалдырығын аттамай жатып анам кенеттен қайтыс болды. Бес бала шырылдап әкемізбен қала бардық. Көзі көрмейтін, құлағы нашар еститін кәрі әжеміз болды. Сол кісі бізді сүйрелеп жүріп бағып қақты. Қазіргі уақытта әлдебір нәтижеге жетсем ,сол әжеміздің тәлім-тәрбиесі деп ойлаймын. Әкем еркелетіп, бар жағдайымды жасаған болса да, балалық шағым мен үшін ауыр болды. Басқа балалалардың анасы болды, қыздар әдемілеп шаштарын өріп, қолдарында алуан түрлі ойыншықтар ойнап, тәттілер жеп жүргенде, маған анамның жоғы жаныма қатты бататын. Соларға қарап дүкенші болам деп армандайтынмын.
– Әке, мен дүкенші болам, сені шоколадпен бағам, сенде бәрі болады, – деп жиі айтам.Бұған әкем мәз болатын.
Мектепте жақсы оқыдым. Әсіресе математика пәніне қызығушылығымда, қабілетімде жоғары болды. Мысалы, өміріммен байланыстыратын болсам,ұстаздарым мені мұғалім болуға дайындай бастады. Дүкенші болам деген балалық арманым, солай ұстаздыққа ауысты. Математика пәнінің мұғалімі болам деп, жүргенде бастауыш сынып мұғалімі болып шыға келдім. Адамның қалауы бола бере ме? Алланың айдауымен оқу бітіріп, тұрмысқа шығып Аққұдық бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасадым. Бірақ маған жұмысымда бір нәрсе олқы болып тұратын, және мұғалімдік менің жұмысым емес секілді сезінетінмін.
Кеңес одағы күйреді, ауылдық мектептер жабылып, тұрғындар мектебі бар аудандарға көше бастады.
Бізде Талдыбұлақ ауылына көшіп келдік. Мектепте орын болмай балабақшаға жұмысқа орналастым.Тілдері жаңа шыға бастаған, былдырлаған балдырғандармен жұмыс жасай бастадым.
Міне, көңілімдегі олқылық осы жерде толғандай болды.Кішкене балалармен жұмыстану қиын да, қызықты болды. Балабақшаға келмей қалған балаларды сағынып, іздеймін, жұмысыма дән ризамын, осыдан артық не керек. Әрине, жаңа жұмыс басында қиындық тудырғанмен, тез үйрене бастадым. Осылай мамандығымды қалай жақсы көріп, сол мамандыққа қалай тез төселеіп кеткенімді де байқамай қалдым. Осының өзі бір мысал емес пе? Осылайша, сырттай тәрбиеші мамандығын да оқып алдым.
Тұңғыш ағартушы педагог Ы.Алтынсарин «Күнәнің ең үлкені – бала жанының нәзік пернелерін дұрыс сезіне алмайтындарда» – деп айтқандай, кішкентай бөбектерді жаныңмен сүймесең, олардың тілінде сөйлей алмасаң, қиқар мінездеріне төзіп, оларды тәрбиелей алмасаң тәрбиеші болып жұмыстанудың керегі де жоқ.
Тәрбиеші болып істей жүріп, жаңа технологияларды меңгерту курстарына қатысып білімімді жетілдірдім, сайыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болдым. Тәрбиеленушілерімде әртүрлі сайыстарға барып, «Айгөлек» фестивалінде дипломдармен марапатталды. Міне, осындай жетістіктеріме қолдау білдірген мектеп басшылығы балабақша әдіскерлігіне ұсынды. Осылайша, мектепке дейінгі ұйымға әдіскер болып, мектепке дейінгі ұйымның педагогтарымен жұмыстана бастадым. Бәрі оңай бола кетті десем, өтірік айтқаным, бұл жолда көп жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты ұстазым Зиада Жұмапиқызының көмегі көп болды. Қазір ол кісі зейнетте, бірақ ұстазымның көмегі керек болғанда жиі ақылдасып тұрамын.
Тәрбиешілерім де өз жұмыстарына адал,балаға мейірімді жандар. Қандай жұмыстарда да, қандай шараларда да белсенділік танытып жүреді.
Мектепке дейінгі ұйымның басты міндеті оқу тәрбие процесін жүйелі жоспарлау, жаңа технологияларды қолдану, баланы дамытудың тиімді жолдарын қарастыру. Балалардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарына сай заттық-дамытушы ортаны құру. Міне, осы жұмыс жүйесі балабақшамызда қалыптасқан. Мектепке дейінгі ұйымдар жас ерекшеліктеріне сай 5 білім саласы бойынша жасақталған. Тәрбиешілер тәрбиеленуші бүлдіршіндерді әртүрлі сайыстарға қатыстырып, жүлделі орындарға ие болды. Осыған орай «Біздің мақтаныштарымыз» атты бұрыш ұйымдастырылған. Ұжымға қандай көмек керек болса, қол ұшын беруге дайынмын.
Мен балабақша әдіскерімін! Ақиық ақын М.Жұмабаев айтқандай «Тәрбие – адам баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша азық беріп өсіру» деген екен. Бұл мамандық менің иығыма аса жауапкершілікті жүктегенін білемін. Осы жолда болашақ егенменді еліміздің негізі болатын жас ұрпақтарды тәрбиелеуде адал жолмен, айқын мақсатпен жұмыстана беруге, осы сәбилердің болашағына сәлде болса жақсылық нұрын сеуіп, қоғамға пайдалы, жан-жақты дамыған құзіретті тұлға қалыптаруға өз үлесімді аямай жұмыстануға сөз беремін.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718