Әке туралы ой
Әке туралы ой
Жанымдасың, қамқорымсың білемін.
Қабыл алғын бала – жүрек тілегін.
Бұл қамшының сабындай қысқа өмірде адам баласының бүкіл болмысын, тыныс тіршілігін, кескін-келбетін ғажайып нұрға бөлейтін, жүрек төрінен мәңгі кетпейтін, көңілдің саясын паналайтын екі асыл жан бар.Оның бірі-аяулы ана болса, екіншісі–ардақты әке. Біздің қанатымыз қатайғанша, бұғанағымыз бекінгенше аялап, мәпелеген аяулы қос шынардың алдындағы перзенттік борышымызды ешқашан өтей алмайтынымыз анық.
Маған да ардақты әкемнің өмірдегі таудай тұлғасын, биік адамгершілік қасиетін, ұсақ тірліктің әр сынынан азаматтық болмыспен жол тауып шығатын сұғылалығын ойыма алғызған, қолыма қалам ұстатуға мәжбүр еткен оған деген сағыныш, құны еш нәрсемен өлшенбейтін перзенттік сезім болса керек.
Әкем Әбдіреш Төре ұлы мынау жарық дүниедегі маңдайына жазылған өлшеулі ғұмырда сөзі мен ісі үйлесім тапқан ардақты азаматтың бірі еді. «Әке» деп ауыз толтырып, көкірегіңді керіп, кеудені айқара ашып, ерекше ықыласпен, ізгі ілтипатпен айтуға тұратын өмірдегі аяулымның да қамшының сабындай қысқа, бескүндік жалған өмірмен қош айтысқалы да төрт жыл өте шықты.
Әкеме деген балалық сағынышымды, сырым мен ешкімге айтылмаған әңгімемді қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім.
Ойлаған адамға, тіпті, өмірдің өлшеуіне салып қарағанда, төрт жыл –азғантай жыл емес. Алайда, осы уақыт мен үшін ғана емес, әкеміздің қанынан тараған ұл-қыздары үшін де жылдар пара-пар болды. Өйткені, әкесіз өткен осы уақыт жүректі қарашаның суық желіндей тоңдырды, желтоқсанның ызғарындай қарыды, қаңтардың аязындай қатайтты. Менің әкем де қазақтың жоғын жоқтап, барын ұқсатқан небір маңдайалды азаматтарындай қарапайым отбасынан шыққан.
Әбдіреш Төре ұлы 1945 жылы 1-ші қаңтарда Тәжікстан республикасы Душанбе қаласында Қарымсақовтар әулетінде дүние есігін ашыпты.
Әкесі Төре мен аяулы анасы Ұштап үш қыз бен екі ұлды дүниеге әкелген екен. Менің әкемнің өзінен үлкен Қаным, Темір атты екі апасы мен Әбдімұқан ағасы және өзінен кейінгі қарындасы Базаргүл. Әкем тумаларының арасында төртінші бала екен. Бері келе, Шымкент облысы Жетісай ауданы Ленин колхозына көшіп келіп, жалпы орта мектепті бітіреді. Шымкент қаласындағы милиция училищесіне оқуға түсіп, оқуын аяқтап шығады.
Бері келе, анам Марияшты жолығып, құда түсіп, шаңырақ құрыпты. Орысша білім алған анамыз Марияшқа әкемнің отбасында бірден тіл табысу қиын болса да, шыдамдылық пен төзімділік танытып, сый-құрметке ие болады. Анамыздың құлақтың құрышын қандыратын әндері мен жүректен шыққан өлең жолдары таң қалмасқа шек келтірмеді.
Алла тағала әкем мен шешеме перзентті бірінен кейін бірін беріп, шаңырағын шаттыққа, босағаларын бақытқа кенелткен екен.
Тіршілігі қара қазандай қайнаған Ішкі-істер қызметінде әкемнің еңбек жолы басталады. Таза еңбектің, маңдай терімен атқарылған жұмыстың тәттілігі ерте жастан сезілді. Ол теңіздей толқыған тірліктің барлық мағынасын еңбектен тапты. Қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты. Әкеміз Ішкі-істер қызметінде 30 жыл қызметте болды.
Таңда көрген түс.
Ас үйде жүрмін. Үлкен бөлмеге кірсем, қақ төрде әкем отыр. Анам жанында отыр. Жүзі бал-бұл жанады, өте қуанышты, ерекше жайдарлы. Көңілденіп әңгіме айтуда. Аулада мал сойылып, қазан асылып жатыр.Тоғызымыз түгел үйге келгенбіз. Үйдің іші абыр-сабыр. Әкемді көрген мен керемет күйге ендім. Әкем алыстан келгенін әңгімелеп отыр. «Әкеміз қайтыс болды дейміз, ол тірі екен-ау». Сұмдық, біз төрт жыл бұрын ол кісіден айырылып қалған жоқпыз ба?!, «әкем келді»-деп бәріне хабарлап жатырмын. «Сыртта жүргендерге «әкем келді» деп айта салыңдаршы»- деймін шығып бара жатқандарға.
Көзімді аштым. Түсімді жалғастырғым келді. Қайта жұмамын. Көргенімді көз алдымнан өткізіп жатырмын. Тіпті, дәл осы сәт ұйқымнан оянғаныма да өкінетін деймін. Жүрегім сыздады. Не деген бақытты шақ?! Шіркін, қандай керемет күн?! Міне, әкем келді, анам жанында, бәріміздің басымыз бір шаңырақта қосылыпты-ау. Бір сәт туып, осының бәрі өңіме айнала кетсе деймін. Дәл бір сиқырға сенетін бүлдіршін бала секілдімін.
Өзегім өкініштен өртеніп кетті. Енді анамыздың жанында дәл осылай отыратын бұл сәттің ешқашан тумайтынына өкіндім. Мұның бәрін түсімде ғана тамашалауыма тура келетініне мұңайдым.
Бетімді көрпемен көлегейлеп, қараңғылықтың құшағына ендім де, жастығымды жасқа толтыра бердім. Содан соң бұл түсімді «Әкем бізді алыстан бақылап, бәрін де көріп-біліп жүр екен-ау» -деп, іштей жорыдым.
Әкеміздің мінезі тұйық. Сырт көзге қатал, суық болып көрінеді. Бірақ, өте қарапайым, ақкөңіл болатын. Қайран әкем, осы Алланың берген уақытында, өмірінде көпті көрген, көзі ашық, көкірегі ояу, қызметтегі кісі болатын.
Әкеміз–біз үшін асқар тау болды. Әкеміз-осы шаңырақтың бар ауыртпалығын көтерген, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам болды. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау, біздің парызымыз деп түсінеміз. Себебі, бізді дүниеге әкеліп, өсіріп, оқытып, үлкен азамат етті.
Әкем- ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі болды. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы бола білген кісі.
Адам өмірді түсіну үшін бейнет көріп өсу керек дегеніне түсінбей қараушы едім. Иә, өзінің қарапайым сөздері мен үлкен ойды айтып отырады екен.
Марияш анамыздың жүзінен нұр төгіліп, жүрегінен жылу бөлініп, жан-жағына шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейір алып жүрген, алтын ананы мәңгі қастерлеп, еңбегін бағалап өтейік дегім келеді.
Ақылы мен пайымы терең анамыз бізді үнемі әкемізді сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отыратын. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», « Әкеңнін керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге жасымыздан тәрбиеледі. Ол кісі керемет әке бола алды, ал мен сондай жанның қызы болғаным үшін бақыттымын. Себебі, қадір – құрметтің бәріне лайықты болды.
Жүзі мен жүрегіне жылылықтың нұры тамып тұратын еді-ау, шіркін…
Жаным әлі де ауырады, әкемнің өлімімен бірге жүрегімнің жартысы үзіліп түскендей. Өмірімдегі әдемі суреттер әп-сәтте жаңбыр жауған секілді жағалданып кеткендей болды.
Бұл ешқашан, ешуақытта ұмытылмайтын қайғы, жазылмайтын жара. Өкінішті-ақ…
Балалық шақ. Әр адамға өзінің балалық шағы өте ыстық. Бірақ осы шағын бөлік қанша тамаша сәттерге толы болады. Кешегі титтей кішкентай кезім қызық әрі өте қанық түстерге толы болды. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. Әрқайсымыздың балғын сәттеріміз жанұямызбен өтеді. Бақытты балалық шақтың кепілі-сүйікті ата-анаң, бірге туып өскен бауырларың, жақсы көретін ата-әжең, жақындарың және жан достарың.
Балалық шақ – ең алғаш деген сөзден құралады. Осы уақытта көп нәрсені байқап көргіміз келеді, көкке ұшардай сезім бойымызды билейді. Әр ізденісіміз, әр көрген нәрсеміз, бастан өткізген оқиғаларымыз бізді есейте береді.
Сонымен, балалық шақ-бұл… Ұйықтаудың арманы емес, міндеті санаулы. Мектептен келе сала терезеге қарап, достарыңды көріп, даланы аңсауың. Бірақ, сен анаңмен сабақ оқуға тиіссің. Түн ішінде әжетханадан үйге қарай жүгіріп, ешкім жеп қоймайды деп қуану!
Ойыншықпен бірге ұйқыға жатарда, алдымен, сол ойыншыққа қолайлы болуын қарастыруың. Қағаздан, не жапырақтан ақша жасау. Батпақпен тамақ жасау.
Жер-аяғы кеңіген кезде дос-құрбыларыңмен ойнау. Онда да тек кешкі 21.00 ге дейін. Ойынның қызығымен жүріп, күннің батқанын да байқамай қалуың. Ал ойынның түрі кө-ө-ө-п еді. Тек қана допқа қатысты ойынның бірнеше түрі болатын- валейбол, баскетбол, тағысын тағылар. Кәмпиттен босаған қаңылтырдың ішіне құм толтырып, мак ойнауың.
Балалық шақ-адамға бір рет қана берілетін, өміріңде қайталанбайтын шақтардың бірі. Балалықпен жасаған әрбір қателік кешірілетін кез, анаң мен әкеңнің қолынан жетектеп еркелеп жүретін кез, енді қандай бұзақылық жасасам екен деп бірдеңе бүлдіргің келіп тұратын кез. Қалағаныңды әперіп, арманыңды орындайтын кез. Жалпы балалық шақта жасаған қателіктерің, еркеліктерің өсе келе бір еске алып отыратын сағынышқа айналады. Сол кезде нағыз бақытты шақ балалық шақ екенін түсінесің. Оның енді қайтып келмейтінін ойласаң, уақыт неткен жүйрік еді деп бір күрсінесің.
Бала кезде теледидардан көретініміз-отбасы болып тамашалайтын фильм немесе мультфильм, мұзда мәнерлеп сырғанау чемпионаты, орталық каналдан берілетін «Ал, қане, қыздар!». Қазіргідей сансыз каналдағы кино, компьютер мен ұялы телефондағы, ғаламтордағы түрлі ақпарат болған емес. Мен қызым мен немерелеріме осы туралы айтқанымда маған біртүрлі аянышты көзбен қарайды. Шамасы ата-анасының өмірі қандай көңілсіз өткені туралы ойлайды-ау. Қайдан білсін, біз үшін ең бақытты кездің өзі сол балалығымыз болғанын. Қайдан білсін, әр ай сайын келетін «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс», «Жалын», «Жұлдыз» журналдары біз үшін қазіргі ғаламтордан кем емес болғанын.
Күнделікті өміріміз де бір сүреңді болды. Таңертең мектепке барасың, түстен кейін үй шаруасымен айналысасың, одан кейін сабақ оқисың. Жыл мезгіліне қарай қыста ауланың қарын күрейсің, малға шөп бересің, қора тазалайсың, үйдің жанындағы құдықтан темір шелекпен су тасисың, жазда кішігірім малды бағасың (бұл шаруа сенің қыз бала не ұл екеніңе байланысты емес, кім болсаң да-сол шаруа). Кешкі асқа отбасы төрт көзі түгел жиналады да, ата-анамыз күні бойы не істегенімізді сұрайды. Біз тәптіштеп тұрып айтамыз. Дүниежүзілік этикет тәртібіне орай үндемей отырып тамақ ішу-біз үшін мүмкін емес жағдай. Күн сайын осы. Сыртымыздан тыңдаған адам «тағы да сол әңгіме» дер еді. Ал өзімізге соның өзі қызық болатын. Бұл үйде тек өз отбасымыз болғанда ғана. Ал аяқ астынан күтпеген қонақ келе қалса, қонақ шайға қанғанша өз бөлмемізде отыра тұрамыз. Оған ренжимейміз де. Өйткені ата-анамыз бала кезімізден «Қонақ ырысын ала келеді» деп құлағымызға әбден сіңіріп тастаған.
Біздің ең бір сағынышпен күтетін мерекеміз «Жаңа-жыл» мерекесі. Жаңа-жыл кешінде үлкен дастархан жанында отбасымызбен отырып, ата-анамыздың тілектерін тыңдап, бір-бірімізді құттықтап, ата-анамыздың дайындаған сыйлықтарын алып, мәз-мейрам болып жатқан күндерді жиі еске аламын.
Менің балалық шағым бақытты өтті десем қателеспеймін. Бала күніміз күлкі мен бала ренішке толы сәттер ғой. Балғын сәттерді естен шығару мүмкін емес. Балалық шақ балдай тәтті ғой, расында ащысы болса да, ол-балалық еркеліктің еншісінде. Әрине, сағынудамыз. Сол себепті, сенің балалық шағың-өміріңдегі ең басты байлығың дегім келеді.
Бала кезімізде кім боламыз деген сұраққа біреуі мұғалім, біреуі дәрігер, енді біреуі милиционер деп жауап беріп жататын. Сол арманың ақиқатқа айналу үшін неше түрлі ойындар ойнайтынбыз. Мұғалім болып достарымыздан сабақ сұрап баға қойып жатамыз, біріміз дәрігер болып емдеп жатамыз. Қарап тұрсақ, сол бала кездегі арманның жетегімен дәл қазір өзіміз қалаған мамандықтардың иесі болып отырмыз. Бәрі өз ретімен орындалып жатыр, ал өткен шақ қайта оралмайды. Тек қана елесі ғана қалады.
Тым кішкентай кезім. 1-ші сыныпта оқып жүрген болатынмын. Әкем ағама үлкен қара сөмке әкеліп беріп жатыр екен деймін: «Маған сол сөмкені бер»- деп бой бермеген болуым керек. Әкем маған үлкен қара сөмкені ұстата қойды да, шығып кетті. Қуанышымда шек жоқ. Сол үлкен қара сөмкені қуана көтеріп мектепке барғаным жанымнан кетпес.
Шіркін, балалық бал күндер–ай…Неткен уайымсыз, қамсыз күндер десеңізші…
Балалық шағым. Екінші сыныпта оқитын болуым керек. Қазақ тілі пәнінен жаттығуды жазуға ұмытып кеткен болатынмын. Сабақтың басталуына да аз уақыт қалған болатын. Анам үйге келген қонақтармен әуре. Мен берілген жаттығуды қалай жазарымды білмей, жылап отырған болатынмын. Әкем бөлмеме кіріп келіп, қолына көтеріп алды да, әп-сәтте түсіндіріп, жаттығуға көмектесіп жіберді. Сол күні қазақ тілі сабағынан «бес» алып, екі езу екі құлақтың ұшына ілініп қалған, менің мәз-мейрам болып келгенім әлі есімнен кетпейді.
Мен кішкентайымнан көп сырқаттанып, ата-анама көп салмақ болдым. Ата-анамыздың аппақ төсекте аялап өсіргенін, түн ұйқысын-төрт бөліп, күн жағымызға көлеңке, жел жағымызға қорған болғандарын қалай естен шығарамыз.
Әкем мен анам бізге бәрін беруді ойлады. Бізге мектепті жақсы оқыңдар дейтін. Кейін мектепті бітіріп, жақсы жоғары оқу орнына түсуімізді қалады.
Әкем мен анам сабақтарымызға немқұрайлықпен қарамай, кешкілік “Сабақтарың қалай, үй тапсырмасын орындадыңдар ма?” деп, үнемі бақылап отыратын.
Үйде арнайы балалар бөлмесі болды. Бұл бөлмеде қабырғада үлкен “Жер шары” картасы ілулі тұратын. Сабақ орындайтын дөңгелек үстел үстінде де үлкен және кіші глобустар тұратын. Ұзын бір қабырғаны бойлай тұрған кітап сөрелері қызықты кітаптар мен журналдарға толы болатын. Әкем мен анам қайда жүрсе де бізге оқу құралдары мен неше түрлі ойыншықтардың сан түрін әкеліп, қуантудан жалықпайтын. Мектептегі ата-аналар жиналысына үзбей қатысып, қажет болған жағдайда көмектерін аямайтын. Анам мектебіміздің ата-аналар комитетінің төрайымы болды.
Әкем мен анам бізге бәрін беруді ойлады. Бізге мектепті жақсы оқыңдар дейтін. Кейін мектепті бітіріп, жақсы жоғары оқу орнына түсуімізді қалады.
Мен әкем мен анамның маған деген сенімін ақтағым келді. Кейін оқу бітіріп, жақсы жұмыс орнына тұрып, олардың мақтанышы болғым келді. Мен үшін мақтана алатындай. Егер мен үлкен жетістіктерге жетсем, ол жетістігім ата-анамның еңбегі деп ойлаймын.
Мен өз балалығыма, бала кезімде қасымда болған ата-анама, бауырларыма ризамын. Балаларымыздың өмірі өзгелеу, біздікінен жеңіл, қызықты болар. Бірақ бұл кезді өз балалығымның бір күніне де айырбастамас едім. Қара сирақ, жалаң аяқ күйімізде әр нәрсені армандап, жаңалық атаулының бәріне қызығып жүрген, ертеңгі күннен тек жақсылық күткен, қуансақ шын көңілмен қуанып, ренжісек, қара аспан төңкерілгендей, тығылып отырып, жылап алатын балалығым – ең қымбаттым өзің екенсің…
Менің арманымның алғашқы бастамасы.
Қыран құстың қанатына мініп, көкте қалықтағандай, балалық шақта өмір белесінің бірі, жоғарғы оқу орнына түсіп, студент атану әрбір талапкердің үлкен арманы.
Студентік шақ тәтті әрі ең қызықты шақ. Біз өзіміз келген жеріміздегі таныс достардан бөлек, мұнда әр аймақтан келген жаңа достармен танысу. Жаңа таныстық, жаңа өмірге жол ашу.
Мектеп бітірген жылым. Қолыма алған бір парақ қатты қағаз – менің бітіру туралы куәлігім. Ішіндегі бірінің астына бірі тізбектеліп қойылған бағалар да мақтанарлық. Осы көкшіл құжат – менің арманымның алғашқы бастамасы еді.
Бір баспалдақты артқа тастап, келесісіне аяқ басқалы тұрған шағым. «Мұғалім болам» дедім. Осы кезде үнсіз тыңдап отырған әкем бір-ақ сөзбен: «Болды, мұғалім болам деді ма, мұғалім болады?!»-деді. Сол күн, сол сәттен бастап менің болашақ мамандығым қайта талқыға салынбады.
Үлкен қалаға жол жүргелі жатырмыз, әкем бір мал сойып, ауыл ақсақалдарының батасын алып, жол жүріп кеттік.
Мен де дегеніме жетіп, Қарағанды қаласындағы, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті атанып шыға келдім. Осылайша, асқар тауым – әкемнің қолдауымен мақсатыма жетіп тындым.
Жүрегім алып-ұшып университеттегі сабақтарымның тез аяқталғанын күтетінмін. Университеттегі сабақтарым аяқталған бойдан, үйге қарай асығатынмын. Себебі, ұшақтан түскен сәтте, алдымнан таудай әкем күтіп тұратын.
Осылай, жоғарғы оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, тұрмысқа шықтым. Бір баланың анасы атандым.
Әкемнің үлкен қызы, әрі ерке қызы–маған деген махаббаты өте ерекше болатын.
Анам мені он сегіз жасында өмірге алып келіпті. Сондықтан да болар, әкешімнің мен дегенде жаны бөлек еді. Қыздан ең үлкені болғандықтан, солай болуы заңды да шығар. Бірақ, әкемнің маған деген қамқорлығы мен мейірімі өте ыстық болатын.
Маған жаны ашығыш еді. Көңіліме кірбің түскенін байқаса, іштей уайымдап қалатын. Менің жайымды да басқа балаларына қарағанда көбірек ойлайтын. Қарағанды қаласында оқуда жүргенімде де, тіпті тұрмысқа шыққан соң да «Ана қызға қараңдар, керегін әперіңдер, бас-көз болып, қарайлап жүріңдер» деп анама үнемі тапсырма беріп отыратын.
Қыдырып келсем, төрге шығарып, әкелік сый-құрметін көрсететін. Көбіне-көп мені бала секілді етіп, қасына отырғызып алушы еді. Сөйтіп, соқталдай болсам да, әке-шешемнің орталарында отыратынмын.
Ата-анамыздың бейнеті мен зейнеті.
Біздің қолымыздағы тілдей дипломдарымыз ата-анамыздың бейнеті мен зейнетінің, балаларын сағына күткен, түн ұйықтамай амандық тілеген, өздерінің қолдары жетпеген армандарын жүзеге асырады деген үміттерінің белгісі деп түсінеміз.
Бүгінгі таңда Әбдіреш әкеміз бен Марияш анамыз төрт ұл бала мен бес қыз баланы дүниеге әкелген. Сол тоғыз баладан жиырма сегіз немере,он жеті шөбере тараған бақытты отбасылар өмір сүруде.
Үлкен ұлы Асқар Маңғыстау облысы бойынша прокурор орынбасары лауазымына дейін өсті. Қазір құрметті демалыста. Өзім ұстаздық жолын ұстадым. Ақтау қаласының №10 жалпы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келемін. Үшінші қызы – Раногүл бухгалтер мамандығын таңдаған. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші болып еңбек атқарады. Төртінші қызы – Райхан бухгалтер мамандығын оқыды. Қазіргі уақытта бизнес орталығында қызметте. Бесінші бала -Серік Атырау облысында мұнай саласында қызмет жасап келеді. Шолпан атты аппақ айдай қызы медицина колледжін бітіріп, қазіргі уақытта медицина орталығында қызметте. Егіздің сыңары Айман қызы да жеке меншік бизнесінде қызметте. Қара шаңырақтың иесі Омар атты ұлы қажырлы еңбегінің арқасында қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы. Бақытты шаңырақтың отағасы. Кенже ұлы Бауыржанымыз да ортамызда жүр. Әкеден және анадан алған өнегелі істі қолымыздан келгенше өзіміздің балаларымызға баулып, жақсы білім беруге, адал еңбек етуге тәрбиеледік. Бұл күндері немерелері де әр алуан мамандық иелері болып отыр.
Қайғы мен қасіретке ұласқан «ажал» атты алыс сапар.
Беу, дүние-ай…бұлай болар деп кім ойлаған? 2016 жылдың 31- ші қаңтары күні біздің отбасымыз үшін қаралы күнге айналды. Әкеміздің дүниеден озғанын естігенде, қаралы хабар өзекті өртеді, төбемізден жай түскендей болды… Көз жасымызға ерік беріп, шырылдап қала бердік…
Әкемді мәңгі жасайтындай көруші едім. Сөйтсем, бәрі де маңдайға алдын-ала жазылып қойған талқы тағдыр екен ғой. Қайғы мен қасіретке ұласқан «ажал» атты алыс сапары арамызды әп-сәтте алшақтатты. Содан қайта қайтпайтынын білсем де, әлі күнге дейін оның жоқтығына сенгім де, көнгім де келмейді.
Шындығында, «әкем қайтыс болып кетті» деген сөзді айту – мен үшін өте ауыр. Сол сөзді айтқан кезде, қарсы алдымда отырған біреу жеңіл қабылдап, «е-е-е» дей салса, көңіліме қатты тиетінін де жасырмаймын.
Міне, қазір әкемнің ақылға толы әңгімесі мен «Балам» деп еркелеткен сөздерін аңсаймын. Әкемнің кейде таңдана, ал кейде паңдана қараған әдемі көздерін аңсаймын. Бәрінең де, орны бөлек, қымбат жан-әкешімнің ортамызда жүрген бақытты шақ, керемет кездерін аңсаймын. Әкешіме деген сарқылмайтын сағыныш, таусылмайтын махаббат бойымды әлі де кернеп тұр.
Бір білерім, әке рухы біздерді әрқашан қолдап-қорғап жүретініне сенімдімін. Себебі, әке бейнесі жанымыздан кетсе де, жадымыздан ешқашан кетпек емес…..
Әкешім!!!
Білемін, бәрін, бәрін сездің, Әке,
Асылы айтпаушы едің сөзді қате…
Жерлеген күні сені дертті болып,
Мен түгіл жылап тұрды көк түнеріп.
Жеткізген тоғыз баланы қайран Әке,
Жете алмай жетпіс екі жасқа кеттің әке.
Кеп жатты құрдастарың көңіл айтып,
Сиреген қатарлары көбі қайтып.
Тағдырдың жазуына қандай шара,
Қоятын не қуантып, не мұңайтып.
Болды рас дертің күшті, қайғы содан,
Ажалдан құтылып ед қай кісі аман?
Ішінде тоғыз баланың отырса да,
Жылайды жалғызсырап байғұс анам!
Қайран әке, жастығын тез ұрлатқан,
Мойымай нала шаққа.
Көңіліме нұр құйып, көзімді ашқан,
Жол сілтеп болашаққа.
Айтқан ақыл, салмақты сөзің мақтан,
Бастаған парасатқа.
Жүрміз әлі жан әке, өзің жаққан,
Жылынып сол ошаққа.
Әкешім, әке!!!! Өзіңді еске алып, бейне бір қалған жүзіңді көз алдыма елестетемін!!!! Әке…… әке мына қамшының сабындай дүниеде жарқ етіңде кеттің, өзіңе деген сағынышымды айтып жеткізу мүмкін бе? Әкешім жатқан жерің жайлы,топырағың торқа, жаның жаннатта болсын!!!!
Әке, Жаратушы Иеміз сіздің тәубәңізді, адалдығыңызды қабыл алып, Жәннәт төрін сыйға тартсын деп тілейміз.
Сағынышымызды қабыл ал, ӘКЕ!