“Балабақша бақыт баспалдағы”
“Балабақша бақыт баспалдағы”
Шаттыққа, мейірімге толы ең тәтті, таза балалық шақ. Осы бір қайтып келмеске кеткен кездерді есіңе алғанда, езуіңе еріксіз күлкі үйіріледі. Сол кездердегі қызыққа толы бала өмірімен қоштасып, ертерек өскісі келетін армандар да болатыны анық. Дегенмен, балалық шақтың бастауы балабақшадан бастау алады. Осы орайда баланың тұлға болып қалыптасуында балабақшаның алатын орны ерекше. Бала балабақшаға келгенде көздері жәутеңдеп, ең алдымен мейірім күтеді. Сондықтан тәрбиеші алғашқы күннен бастап, баланы мейіріммен қарсы алып, бала жанының бағбаны болатын екінші анасы. «Балажанды адамды бала айналып кетпейді» деген сөздер осыған саяды. Бала балабақшаның есігінен кіргеннен бастап оның өміріндегі тәрбиелік дағдысы қалыптасады. Себебі бала үйде ата-анаға еркелеген қылықтарын қалдырып, балабақшаның ішкі тәртібіне үйренеді. Яғни, баланың мезгілімен тамақтану, жаттығу, серуендеу, орындыққа түзу отыруға дағдыланады.
Балабақша – бала болашағының қайнар көзі, тәрбиеші – сол бұлақ бастауының жүрегі. Балабақша- бұл баланың өмір сүретін бір әлемі, сонымен бірге тәлім-тәрбие беріп, қызығушылығын арттыратын білім ошағы. Тәрбиеші мамандар әрқашан қоғамға қажет адамдар. Себебі, тәрбиешілер қазіргі таңда балаларын жан-жақты дамытып, баланың мейірімді, қайырымды, әдепті болып қоғамның бір белсенді азаматы болуға тәрбиелейді. Тәрбиешіде педагогикалық бірізділік, әр балаға сабырлылықпен жұмыс жасау, ата-анамен қарым-қатынасты орнату, баланы нақты әрі жүйелі қалыптастыра алатын қабілеті болуы қажет. Баланы ойната отырып тәрбиелейді, білім береді. А.Байтұрсынов бір сөзінде «Баланың ойыны қайсы, жұмысы қайсы? Баланың ойыны да ойын, жұмысы да ойын» деген екен. Яғни, бала ойын ойнап жүріп өседі.
«Бала жасындағыны ұмытпайды» демекші бала балабақшадан үйренген қасиеттері мен дағдыларын өзінің қажеттілігінше жүзеге асырады. Осы орайда бала балабақшада ең алдымен байланыстырып сөйлеуге қалыптасады, жеке бас тазалығын ұстауға үйренеді және мүсіндейді, сурет салады, құрастырады, жапсырады, қырқады, сызады, жазады, бояйды, сәйкестендіреді, топтастырады, қоршаған ортамен танысады, ең алғаш еңбек дағдыларын үйренеді. Міне, осының бәрін бала балабақшада өз бойынан өткізеді. Онымен қатар бала сахнаға шыға отырып, өз бойындағы қорқыныш пен үрейден арылады. Бала бұл кезеңнің барлығын балабақшадан өтеді.
Сонымен қатар баланың балабақшада рухани құндылықтары да қалыптасады. Яғни, бала сәлемдесуді, сыйлауды, құрметтеуді, қамқор, дос, жанашыр, мейірімді де ашық, таза, ұқыптылық дағдылары қалыптасады. Осы дағдылар мен икемділіктің барлығын балабақшадан игергеннен кейін барып, «Білім» атты кемеге аттанады. Міне, осылайша балабақша баланың дамуы мен қалыптасуына ықпал жасайды.
Әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес – тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» дегендей, балабақша баспалдағынан өзіне ең құнды рухани азық алып өскен бала, үлкен өмірдің бір кірпіші болып қаланатыны анық.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718