“Қазақ хандығының басқару жүйесіндегі “Аға” хандардың ролі.

 

Ғылыми жоба: Қазақ хандығының басқару жүйесіндегі «Аға» хандардың ролі

Орындаған:  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№61 орта мектеп» КММ

                             Тарих пәні мұғалімі, жоғары деңгейдегі ұстаз

     Ермағанбет Бауржан   Ғалимжанұлы.

 

Нұр-Сұлтан қаласы

2019-2020 оқу жылы

 

Қазақ хандығының басқару жүйесіндегі «Аға» хандардың ролі

Даналарымызды, болмысы бөлек дараларымыздың, көңілі тұнық, жүрегі таза сараларымыздың бізге қалдырған ең басты мұрасы – жер! Осы жер үшін қазақтың көрмеген қиянаты, тартпаған азабы жоқ. Сұқ көздерін қаптай келгенде, тікендей қадалып, найзадай шаншылып, сүйем жерін бастырмай, сүйегін сатпай өткен сол Алаш рухты арыстардың үлгісі мен үзілмес ұлы идеясының жұлынына, ұлттың «құлына» айналған кешегі Әлихан Бөкейханов: «Мемлекеттің негізгі арқа сүйер тірегі – Жер. Ол болмаса мемлекет болмақ емес. Жер, Жер және Жер. Жерсіз Отан жоқ» десе, бүгінгі кемеңгер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев : «Қазақ халқы – тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей өзегін ғасырлар тереңінен тартып, осынау қасиетті Ұлы Даласынан табан аудармай , дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп өркендей келе жатқан байырғы халық», – деді.

Түп атамыз түрік те өз алдына мемлекет болғанда «Еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық болды» – депті. Біз де бұл күні осы бабалар сөзін қайталап, азаттығымыздың қадірін танып, біліп жатырмыз.

Дүние, шіркін, ұршықтай шыр айналып тұрады. Бірақ, әр ұлттың кіндігі қасиетті жеріне байланған. Қазақ та осы күйімен күн ешіп келеді. Тәңірім жеріне қарай ниетін кең етіп жаратқан. Соның арқасында айтқаны орын болып, дегені мәреден көрініп келеді. Бір кездері: «Құнсыз болып еріміз, Жесір болып жеріміз «Жан менікі» дей алмай, «Мал менікі» дей алмай, Ит пен құсқа азық ек», (Ахмет Байтұрсынұлы) – деп еңсеміз түскен, есеңгіремеген күндер артта қалды.

«Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көктүріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі», – деп толғанды Нұрсұлтан Әбішұлы өткен жолы Ұлытауда берген сұхбатында.

Біз – өз тарихымызды жаңадан меңгеріп, жүйеліп жатқан еліміз. Күлтегін, Йолықтегін, Тоныкөктерден қалған тастағы тарихтың өзі Тәуелсіздік алған соң ғана аударылып, жалпы халыққа таныла бастады. Ол аудармалардың бәрі текстологиялық салыстырулар жүргізілген, мүлтіксіз орындалған дей алмас едік. Одан кейінгі                   Әл – Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Қ.А.Яссауи, А.Иүгнеки, М.Дулати, Өтеміс қажы, З.М.Бабыр, Қ.Жалайыри сынды ғұламаларымыздың еңбектеріменен халық енді – енді ғана таныса бастады. Жалпы жұрттың қолы әлі жете қойған жоқ. Олардың көпшілігі араб – парсы немесе шағатай тілдерінде жазғандықтан, аудармалары көңіл көншітерлік, таралымдары жеткілікті дей алмасақ керек. Тіпті, күні, кешегі баршамыз жарыса оқып жүрген, 1910 жылы басылып, 90 – шы жылдары Алматыда жарияланған Құрбанғал Халидидің «Тауарих хамсасының» («Бес тарих») өзінің шикілігі шығып, қазір қайта дайындалу үстінде.

Сонымен, қазақ мемлекеті өз бастауын, ұлан байтақ Еуразия аралығын еркін жайлаған түркі – тілдес халықтардың, еркімен, тағдыр ортақтығымен, рухани бірлігімен, аумалы төкпелі заманда ұрпақтар үйлесімділігімен дүниеге келді. Мемлекет ешқашан негізі, тамыры жоқ жерде пайда болмайтынын ескерсек, Қазақ мемлекеті сақ, ғұндардың заңды мұрагері түркі – тілдес халықтар құрған қанағаттар, қыпшақтар иелігі, Ақорданың жалғасы болды. Ол Қазақ атауымен алғаш рет пайда болған  мемлекеттің құрылуына ықпалын тигізді. 1465 – 1466 жылдары құрылған қазақ мемлекеті – ұзақ жылдың табиғи дамудың заңды нәтижесі. Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «Ал Қазақ мемлекеті, қазақ ұлты – Жошы ұлысының әскери сол қанаты, Ақорда дәуірінде «Алаш елі», билеушісі Орыс хан – «Алаш хан» атанды. «Алаш» атауы – қазақ атауының тікелей баламасы. Оны Қадырғали Жалайфри, Шоқан Уалиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев әлдеқашан айтып кеткен. Бұл туралы парсы, моңғол, орыс деректерінде жеткілікті материалдар бар. Бірақ Қазақ хандығы қазақ мемлекетінің бастауы да, соңғысы да емес. Сақ, Үйсін, дәуірінен бастап, бүгінге дейін өсіп – өніп келген динамикалық құбылыс», – деп түйіндеген – ді. Сонымен, қазақ мемлекеті қайнар бастауын – бүгінгі Қазақстан территориясын сонау көне заманнан көшіп қонып, тұрақты мекенге айналдырған тайпаларда, олар құраған мемлекеттерден алады.

Мемлекетіміз түрлі тарихи жағдайларға қарамастан, бізіңше, өзінің біртұтастығын 1780 жылы қазақ ханы Абылай қайтыс болғанға дейін толықсақтады. Абылайдан кейін ғана Ресей отарлау жоспарын батыл жүргізуге кірісті. Орыс әскерлері ашықтан – ашық Кіші жүзді ойрандады, хандық басқару кірісті. Орта жүз ханы Уәлидің соңына әскер салды. Мұның өзі «бодандық» қысымының жаңа кезеңінің басталғанын анық дәлелдеді. Оның арты ашықтан – ашық Нұралы ханның Уфа қаласына, Арынғазы ханның Калуга қаласына жер аударылуына, Сырым, Исатай, Махамбет батырлардың, Кенесары ханның, Наурызбай сұлтанның өліміне ұласты. Соңы, Қазақ мемлекетінің орыс империясының құрамына зорлап енуіне әкелді. Соған қарамастан, халқымыздың, бойындағы, азаттық рухын, жарқын болашаққа ұмтылысын ешкім өшіре алмады.

Бізіңше, әу бастан Қазақ мемлекеті дала демократиясының үлгісімен құрылды. Ол саяси – экономикалық егемендікті сақтаған қазақ рулары, олар құрған рулар федерациясы, одан әрі тайпалық Конфидирациялар одағы – Ұлы, Орта, Кіші жүзден құралған Халық кеңесіне, Құрылтайға тоғысты. Халық кеңесінде ұлт мәселесі, тұтас елдікті сақтау, жайылым мәселелері талқыланды. Он сегізінші ғасырдағы қазақтар жайымен жақсы таныс П.Рычков «Қазақ рулары емін – еркін көшіп жүреді, бастары сырттан жойқын қауіп төнгенде немесе олжаға аттанғанда ғана қосылады», – дейді. Қазақ тарихында Тәуке хан заманындағы Сайрам маңындағы Мартөбе, Күлтөбе, 1710 жылғы Арал теңізі маңындағы Қарақұм, 1729 – 1730 жылғы Ордабасы жиындары туралы мәліметтер сақталған. Халық кеңесінде ел сенімін ақтайтын хандық басқару жүйесінің тірегі, оның басшысы Аға хан көпшілік дауыспен сайланды. Бұл арада 1767 жылы 14 желтоқсанда Абылай ханның Омбы әкімшілігіне жолдаған хатындағы қазақты басқарған Аға хандар туралы «менің ата – бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, олардан соң, енді мен Абылай ханмын», деген жолдарды атап өтуге тиіспіз. Әрине, тізімде қазақ хандығының құрылу, қалыптасу кезеңіндегі Керей, Қасым, Тәуекел хандар аталмағанымен олардың қазақ тарихындағы сіңірген еңбектері тарихи деректерде толыққанды хатталған. Біз үшін осы деректің маңыздысы алғаш рет Аға хандардың ретімен көрсетілуі және оның Абылай атынан жазылуы дер едік. Тарихымызда Аға хандармен қатар оларға бағынған кіші хандар да болған. Бір ғана он сегізінші ғасырдағы аты тарихта қалған Ұлы жүздегі Жолбарыс, Орта жүздегі Сәмеке, Көшек, Кіші жүздегі Нұралы, Батыр, Қайып және өзге де хандар, сөз жоқ, Аға хандарға бағынған. Бұл арада кейбір ғалымдар жазғандай, қазақ тарихындағы Ұлы, Орта және Кіші жүздер «үшеуі үш мемлекет болған» емес. (Нәсенов Б. Қазақта жүз болмағау// Нәсенов Б. Он сегізінші том – отыз үш кітап.Әбілқайыр хан (үшінші тарауы). Мәскеу мұрағаттары сөйлейді. Санк – Петербургтің кітапханасы сайрайды. Алматы – Новосибирск, 2011.-11 б ) Иә, болуы да мүмкін емес. Он сегізінші ғасырда қазақ халқы бірлігі мен ішкі тұтастығы арқылы ғана анталаған көршілері – Ресей бағыттаған қалмақ, башқұрт, орыс – қазақтардан, жоңғардан, парсыдан, қытайдан, оңтүстіктегі, хандықтардан аман қалды. Қытай мұрағатынан табылған 1762 жылғы Қайып, Батыр, Нұралы хандар хатын жариялап саралаған Бақыт Еженханұлы: «Билеушілердің данышпандығы мен патриоттығына тиісті бағасын   беруіміз керек. Олардың дмпломатиялық жолдауын өз бастауымызды Шыңғыс ханнан аламыз»; «қазақ халқы үш жүзге бөлінгеніне қарамастан, біз барлық қуаныш пен қиындықты бірге бөлісеміз» деген жалғыз ғана жоғары идеямен суғарылған еді. Хандар мен сұлтандар өз күштерінің бір ғана нәрседе – Қазақ елінің бірлігінде екенін өте жақсы түсінді», – деген пікірлер біздің мемлекеттік түсінігімізді сөзсіз кеңейте түседі. Бұл арада Аға хандарға лайықты бағасын беретін уақыт жеткендігін атап өтеміз. Аға хандарға өзі кіші хандармен ру, тайпаларды басқарған би, сұлтандармен, мемлекеттік құрылымдағы батыр, жасауыл, төлеңгңттермен, мұсылман діни өкілдермен тығыз қарым – қатынаста болған. Билеушілердің өзі елден бөлектене алмады, халқына тәуелді еді.

Әбілқайыр ханның Ресейге қаратып: «Мені қан майданда жаулап алған жоқсын, «орыс бодандығын» өз еркімен қабылдадым, Түркістанға көшіп кетсем, орыс үкіметі мені қайтара алмайды»,- деп жар салуы ( Есмахамбетов К. Алғы сөз. Әбілқайыр хан: Аңыз бен ақиқат// Әбілқайыр хан. Жинақ. Құрастырған К. Есмағамбетов. – Алматы: «Арыс», 2004.-16б), Еділ қалмақтары, Жайық қазақ-орыстарымен соғыстары, башқұрттары өзіне қосуға және оларға қазақтан хан сайлауға күш салуы, ран шахы Нәдірмен 1742-1446 жылдардағы өзара елші алмасуары, 1446 жылы Нәдірге «орыстар жағынан қасатыққа ұшырған шақта паналау үшін Бесқала қалашығын беруді» сұрап хат жазуы, осы аралықтағы Жоңғар мемлекетімен құдандалы болу саясаты, оны жалғастырған Әбілмәмбет, Абылай хандардың Ресеймен байланысты үзбей Қытаймен, Ауғанстанмен елшілік алмасулары, өзара тиімді сауда-саттықты дамытуы қазақтың Аға хандарының тәуелсіз саясатын айқындайды. Аға хандар Әбілмәмбет, Абылайдың көп векторлы сыртқы саясатын жүз хандары толықтай қолдады деуімізге болады. Абылайдың 1757 жылы Қытай генералдарына : «Мен Орта жүздің ханымын. Кіші жүз бен Ұлы жүзді де менің тумалас бауырларым билейді»,-деген пікірінің өзі ішкі тұтастықты білдіреді. (100 құжат (Қазақ хандығы мен Чин империясы арасындағы қарым-қатынасқа байланысты құжаттар) – Алматы: «Санат», 1998.-176б ). Олай болса өткен тарихымызды жазуға ерекше ықпал жасаған 1731 жылғы Әбілқайыр хапн бастаған, кейін, оны Әбілмәмбет, Абылай хандар жалғастырған қазақ-орыс келіссөдер тарихын отырлаушы Ресей көзқарасымен емес, жаңаша ұлттық пайыммен саралайтын уақыт жетті.

Қазақ мемлекеттілігін сақтау барысындағы халқымыздың біртуар тұлғаларының қоғамдық – саяси қызметтерін мұрағатта бар құжаттармен шынайы зерделеу де – кезек күттірмейтін мәселе. Олардың бірінің ерлігін екіншісіне деректерін бұрмалап әрі-бері жылжыту, тұлғаларды қолдан ұлықтау, жергілікті жерлерден үлкен, кіші батырларды қолдан жасау бүгінгі жағдайымызда тарих ғылымында абырой әкелмейді.

Біз сапамыз тәп-тәуір халық болғанымызбен, санымыз әлі де тым аз халықпыз. Қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Біз жайылсақ жақпыз, жиылсақ көппіз» деген десе, Әбіш Кекілбаев: « Бір кезде Білге Қаған: «Баз кешсек – өкінеміз, жаңылыссақ – түзелеміз. Біріксек етті, елім!» – деп еді. Міне, бүгін іргеміз түгел, бірлігіміз бекем. Жалпақ әлем тегіс мойындаған мемлекет болуымыз, жарық дүние түгел таңғалған Астана салуымыз – соның айғағы. Мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жайбарақат жетіппіз. Ол бірлікті ел, бірлікті төрі бар салиқалы қауымдардың ғана қолынан келмек.

Иә, бір замандары Абылай хан: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмейік» деген екен. Ардақты ханның осы сөзіне бағар болсақ, «Қазақ елі» кешені білімге сенген заманның бір биігі, елдің береке – бірлігінің бір дәлелі, ұйысқан ұлттың ұлы қадамының мәйегі екені сөзсіз.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп данышпан Абай айтқандай, ел болған жерде сол елдің басшысы болады. Басшысын сыйлау бабалардан қалған үлгі. Сол үлгі азаттық жылдары ерекше көрініс тапты.

Осылайша, еліміздің тарихи жетістіктері тәуелсіздік жылдары айқын көрініс тапты. Біздің халықта «Қол бастаған қиын ба, әлде сөз бастаған қиын ба?» деген дана сөз бар. Қазақ елі қашанда ел тағдырын қолына ұстаған біртуар тұлғалардан кенде болған емес. Болашағына алаңдаған Төле би бабамыздың заманында «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп артында қалдырған баталы өсиеті бар. Ал жаңа елге ата жолын қуған, баба дәстүрін ұстанған жаңа басшыны тарих туғызды. Көпұлтты жұрты Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдар бойы елінің атағын зор биікке шығарып, өркениетке бастап келеді.

Отанына тілеулес дос іздеп, елін әлемге таныту үшін дүниені төрт айналып шықты десе де болады. Халқының шынайы құрметіне бөленген Елбасы осы жылдары халқымен бірге Қазақстанның шаңырағын көтеріп, керегесін көріп, өз қолымен уығын қадады. Міне, сондықтан, біздің жас мемлекетіміз үшін осы 23 жылдың салмағы кімге ауыр болды десек, біз ұлт қамын ойлаған әлемдік ауқымдағы тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімін атаймыз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы. Алматы: Қазақстан, 1995. 32 б.

 

  1. Рахманқұл Бердібай «Абылай асуы».

 

  1. Қойшығара Салғараұлы «Хандар кестесі».
 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *