Әулие Таразға тағзым
ӘУЛИЕ ТАРАЗҒА ТАҒЗЫМ
Абиева Айгуль Аншыбаевна
Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі
*Зерттеу мақаласына Баспасөз басылымдарында жарияланған авторлардың мақалары, тарихи деректерге сүйене отырып, жазылды.
*«Қазақстанның киелі 100 нысаны» тізіміне Әулие ата өңіріндегі бірнеше тарихи орынжары кірген. Атап айтсақ, «Бекбау ата» үңгірі; «Мерке-Жайсан түркі ғұрыптық кешені»; «Ақыртас бекінісі (ҮІІІ-ІХ ғғ.»; «Ежелгі тараз қалашығы (І-ХІХ ғғ.»; «Тектұрмас кешені (ХІҮ ғ.)»; «Қарахан кесенесі (ХІІ ғ.)»; «Айша бибі кесенесі мен бабажы Хатун мазары (ХІ-ХІІ ғғ.)».
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жас ұрпақты бабалар рухында тәрбиелеп, олардың жандүниесіне ұлтжандылық тағлым, ғибратты сіңіру мақсатында көптеген келелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, «Туған жер» бағдарламасы аясында Әулиеата өңірінің киелі жерлерін және Жамбыл облысы этностарының тарихын, мәдениетін, тілін және салт-дәстүрлерін, археологиясын, географиясы туралы тарихи деректерге сүйене отырып, шәкірттерге ұғындыру, олардың өздеріне зерттеу жұмыстарын тапсыру арқылы дүниетанымын кеңейту.
Жамбыл облысы аймағында 10 аудан және Тараз қаласы орналасқан. Тараз қаласының тарихы бүгінде 2000 жылдан асып барады. Әр аудан орналасқан өңірдің бірін-бірі қайталамайтын тарихы бар. Жуалы, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандары аумағындағы Әулиебастау бұлағы, Шақпақ әулие үңгірі, Батырбек датқа сазы, Тамды әулие бұлағы, Қотырбұлақ әулие бұлағы, Ақ көл және Қаратау өңірлері, Ақкесене мен Көккесене мазарлары, «Жолбарыс қамалған», Ісектас, Маятас үңгірі туралы аңыздар жазылған. Шөлтөбе қорғаны, Аққия мекенжұрты, Қостөбе, Түймекент, Баласағұн қалашықтарында, Жайсан ғұрыптық кешенінде, Бала Ақтөбе, Аяқ Ақтөбе қорғандарында, Биназар батыр, Оңғарбай би кесенелері бар.
Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай аудандары бойынша киелі «Топ ағаш» тоғайы, Әулие Бала есепші, ежелгі Меркі үңгірі, Шарпи табиғи жылысу гейзері, Сыпатай, Өтеген, Қордай батырлар мен Кенесары хан жөнінде тарихи аңыздар бар.
Әр ауданның өз тарихы бар Жуалы тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке: аудан аумағында 100- ден астам қорған есепке алынған, 15 обалар қорымы, төрт бекініс, төрт кизет мұнарасы, үш белгісіз елді мекен орны, жартас бетіндегі суреттер, тас шеңберлер табылған. Тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында Бауыржан Момышұлының мұражайы мен ескерткішін, Рысбек батыр ескерткішін атауға болады. Жуалы ауданындағы Теріс өзенінің алабы ежелден-ақ Мыңбұлақ аталған. Бұл жердің толық сипаттамасын алғаш шамамен 630 жылы осы аймақта болған қытай жиһангері Сюань-Цзянь жазып қалдырыпты.
Шақпақ әулие үңгірі. Жуалы ауданының Шақпақ елді мекенінің жанындағы Шақпақ тау жотасының батысында «Шақпақ әулие» аталатын шағын үңгір бар.Шақпақ әулие үңгірі туралы ел аузында түрлі – түрлі аңыз әңгімелер айтылады. Соның бірінде Шақпақ әулие Шақ және Пақ деген егіз кісі екен. Осы жерде оларды қарақшылар өлтіріп кетіпті. Олардың әруақтары түйе болып, тазы болып осы маңда жүреді екен делінеді. Шақпақ әулие үңгірінде шырақшы болып жүрген Дербіш Дүйсенбіұлы үңгір маңындағы тастар туралы: «Мына тастардың барлығының өз аттары бар, мысалы: «Жігіт пен қыз», «Арыстан тас», «Басын кескен адам», «Төрт бура», «Екі басты айдаһар», «Бүркіт әулие», «Құмай тазы» т.б. деп түсіндіреді. Шақпақ әулие үңгірінің төңірегіндегі тастарда аппақ, бір-біріне ұрғыласа от шығатын шақпақ тастары кездеседі. Бұрынғы кезде осы тастардың ортасына мақта қойып ұрғылау арқылы от тұтатқан екен.
Батырбек датқа кесенесі. Батырбек датқа кесенесі. Батырбек датқа Әулиеата өңірінің айтулы билерінің бірі болған. Байзақ датқамен замандас, қатар өмір сүрген.
Әулие ата өңіріндегі аңыздар Тамды әулие туралы тағы бір аңғыз былай дейді. Тамды әулиенің қозы бағып жүрген бала шағы екен. Бір күні көп қозының ішінен оның өзінің жалғыз қозысы жоғалып кетеді. Сұрау салғанда да жоғалған қозының хабары шықпайды. Едәуір уақыттан кейін қозыкеш балаға бір егде кісі келіп, жайын айтады. Сөйтсе, бұл кісі Тамдының қозысын ұрлаған ұрының өзі екен. Ұры қозының етін әлдеқашан жеп қойған екен, бірақ содан бері іші түйіліп ауырып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалыпты, тіпті қатты ауырғанда шыбын жаны көзіне көрінетін болыпты.
Қотырбұлақ әулие бұлағы. Талас ауданында тылсымға толы тағы бір қасиетті орын – Қотырбұлақ әулие бұлағы. Ақ көл туралы аңыз. Ерте заманда Әулие ата жерінде бір хан өтіпті. Ханның көп ұлдарының ішінде жалғыз қыз бар екен. Қызды Ақ деп атапты. Хан қызына арнап бір көлдің жағасынан қала салдарады. Қыз қызметшілерімен сол қалада тұрыпты. Ел қаланы хан қызының атымен Ақтың қаласы деп атапты. Ақ көл маныңда серуен құрып, серіктерімен мергеншілікке үйреніп, зеріккен шақтарында ашық далаға аң аулауға шығып тұрады екен. Жаугершілік заманда Ақтың қаласына хан қорғаушы әскер жіберіп, қаланы қорғауды соларға бұйырады. Қала қорғанын басқаруды Аса деген батырға тапсырады. Ел оны батырлығы мен ерлігі, ақылы басқарладан асып тұрғандықтан Аса батыр деп атаған екен.
Қаратау туралы аңыз. Қаратау пейіштің ішіндегі тау екен. Басынан бұлақ ағып, төсінде неше түрлі ағаш өсіпті, қойны толған асыл қазына, баурайы көкмайса болыпты. Неше түрлі құстар мен андар сонда. Адам ата мен Хауа ана оның саясында демалып, тамашалайды екен.
Ақ кесене. Ақ кесене мұнарасы Талас ауданында орналасқан, Қазақстан тарихында осы күнге дейін сақталған Қыпшақ дәуірінің ескерткіші. Мұнараны зерттеу жұмыстарын ХІХ ғасырдың 90 жылдарында өлкетанушы Василлий Каллаур жүргізген. Қолда бар деректер Ақ кесененің іргетассыз салынғандығын айғақтайды. Іргетассыз мұнараның ерекше құрылысы аталған көнекөз ғимараттың осы күнге дейін сақталуына ықпал еткен. Яғни, бекініс құрылысына пайдаланылған кірпіштің ерекше технологиямен жасалуы, әрі кірпішті қалаудағы өзіндік әдіс мұнараны берік ете түскен.
«Жолбарыс қамалған» туралы аңыз. Баяғы заманда таластағы елге Ескендір Зұлқарнайын соғыс салып келіпті. Қаптап келген жауға қарсы шыққан Отан қорғаушылар ерен ерлік көрсетеді. Тау мен даладағы әр шақтал, әр биік, әр өзен алынбас қамалға айналады. Ескендір Зұлқарнайын кеңесшілерімен кеңескенде олар: «Бұл елдің тауында екі қызыл жолбарыс бар, соларды ұстасақ өздері тырп етпейді. Олардың иесі – сол жолбарыстар», – деп ақыл айтыпты. Содан Ескендір Зұлқарнайын әскеріне екі қызыл жолбарысты ұстау туралы жарлық береді. Жау әскері талай күн, талай түн іздеп жүріп, екі жолбарысты Қаратаудың қойнауынан көреді. Жан-жақтан қоршаған биік тау, кіретін-шығатын жол біреу ғана екен. Жау жолбарыстардың шығатын жолын тас үйіп бекітеді. Жолбарыстарды тау ішіне қамап, ұстамақ болып қанша тер төксе де, жаудың әрекетінен ештеңе шықпайды. Екі жолбарыс бірде көрініп, бірде көрінбей жаудың ит сілікпесін шығарады. Енді алудың мүмкін еместігін көрген Ескендір Зұлқарнайын кері қайтыпты. Жолбарыстар сол қамалған жерінде қала беріпті. Бұл жерді ел кейін Жолбарыс қамалған деп атап кеткен екен.
Ісектас жартасы – Жаңатастан 4,5 шақырым жерде, Жаңатасқа баратын тас жол бойында орналасқан. Бұл жартасты Чапаев жартасы деп те атайды. Бұл жартасты алып динозаврға ұқсатуға болады, ерекше бітімді тас. Ал кеңестік дәуірде Чапаевтың бейнесіне ұқсатқан. Жартастың биіктігі – 50 метр, өте көне тау. Ісектастың түбінен Бүркітті өзені ағады. Бұрынғы кезеңде мұнда су диірмендері болған екен. Егер қасынан барып, жақындап қарайтын болсаңыз, тастан неше түрлі бейнелерді көруге және ұқсатуға болады, өзінше ерекше
Маятас үңгірі – Маятас ауылынан оңтүстікке қарай 9 шақырым жерде, Бүркітті өзенінің шығысында орналасқан. Үңгірдің ортасы 5 қанатты киіз үйдің аумағымен бірдей. Оңтүстік жақтағы кіреберісінің биіктігі – 3,5 метр. Үңгір алғашқы адамдардың тұрағы болған. Алғашқы қауымдық құрылыстан келе жатқан өте көне үңгір.
Ақыртас. Әкелі-балалы екі батыр тастан сарай тұрғызып жатады. Баласы таудан тас тасып, әкесі оны қалап тұрыпты. Әкесі баласынан жұмыс үстінде жан-жағына қарап алаңдамауды талап етеді. Бірде баланың көзі күндей жарқыраған хан қызы Түйме сұлуға түседі. Содан соң-ақ ол бар жұмысын тастап, Түйме сұлудың соңынан еріп кете береді. Түйме сұлу қасына ерген алты қызымен қашады. Соңдарынан қалмаған жігітті жетеуі жеті кесекпен атқылайды. Жеті қыздың лақтырған кесегі түскен жерден жеті төбе пайда болады. Бірақ қуғыншы батырдың бетін бұл төбелер де қайтара алмайды. Әбден шаршап-шалдыққан Түйме сұлу Талас өзенінің оңтүстік шығыс жағалауындағы бір биіктің баурайында жығылып, жан тапсырады. Қыздың әкесі сол жерден қорған тұрғызады. Қорған кейін Түймекент деп аталып кетеді.
Ақыртас. Ақыртас қорғанын Манас батыр мен оның баласы Семетей (Симей) тұрғызады. Баласы таудың басынан тас лақтырып тұрады, әкесі ол тастарды қағып алып, қашап, қалай береді. Қамалды тұрғызып, Манас пен баласы сол жерде тұрақтап қалады. Әкесі өлген соң, бала Ақыртасты тастап, Манас мазарға кетеді. Сол жерде көшпенділер оны өлтіреді. Батырдың аяқ сүйектерінен жұрт Талас өзенінің үстінен көпір салады.
Ақыртас. Түймекент деп аталатын жерде баяғы заманда Көкшехан деген бір хан тұрған екен. Оның Түйме сұлу деген қызы болыпты. Көкшеханның қоластында Алаңғасар алып деген қызметші бар екен, сол Түйме сұлуға ғашық болып қалады. Алаңғасар алып Көкшеханнан Түйме сұлуды өзіне әйелдікке беруді сұрайды. Көкшехан оған қызын беруге келіседі. Алаңғасар алып Көкшеханға бірнеше жыл адал қызмет етеді, бірақ хан қызын беретінге ұқсамайды. Өзінің алданғанын білген Алаңғасар алып баласы Арыстан екеуі Таластың басындағы Қызыл қайнар деген жерге келіп, тастан қамал тұрғыза бастайды. Әкелі-балалы екеуі тастан қамал тұрғызып Талас өзенін басқа арнаға салып, Көкшеханның елін сусыз қалдыруға бекінеді. Алаңғасар алып Көкшеханды өзіне осылайша кіріптар етіп, Түйме сұлуды алмақшы болады. Баласын тауға шығарып, өзіне тас лақтырып тұруға жұмсайды, жұмыс үстінде оған жан-жағына, әсіресе Талас өзеніне қарамауды қатты тапсырады.
Ақтөбе (Баласағұн) қаласы. Баласағұн Қарахан мемлекетінің астаналарының бірі болған ортағасырлық қала атауы. Жазба деректерде 10 ғасырдан бастап белгілі. әл-Мақдисидің мәлімдеуінше, ол «игілікке бай, үлкен қала» болған. Ал Махмұт Қашқари Баласағұнның Күз-Ұлыс немесе КүзОрда деген басқа аттары болғанын хабарлайды.
Әулиеатаның Шу аңғары мен Мойынқұм аймағын байланыстырып жатқан Қозыбасы деген жер бар. Тарихи деректер бойынша, мұнда Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген. Керей мен Жәнібек хандарға қоныс болған құтты мекен. Ал ел аузындағы аңыз бойынша, бұл жердің Қозыбасы аталуының тарихы былай екен. Ерте заманда хандар таққа отырғанда хан қарауындағы қалың жұрт жабыла қозы сойып, топтанып отырып етін жейтін болыпты. Сөйтіп қозының басы үйілген жер Қозыбасы аталып кетіпті дейді. Ал екінші бір аңыздарда аталған шоқы қозының басына ұқсағандықтан Қозыбасы аталып кеткен деген деректер бар. Жалпы, тарихи зерттеулер бойынша Жетісу өңірінде 47 бірнеше Қозыбасы бар.
Топ-ағаш әулие тоғайы. Ол Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе елді мекенінен 10 шақырым шығысқа қарай орналасқан. Аңыз бойынша бұл жер Ұлы жүздегі Мақтым Ағзам Қожа немересі НұрилаДомалақ ананың дүниеге келген жері екен. Әкесі Шахристан оған осы мекенде дүниеге келген қызына Алла аян бергеннен кейін «Нұр» және «Илла» деген сөз тіркестерінен біріктіріп Нұрила деп азан шақырып ат қойған екен. 7-8 жасында Нұрилаға Алла аян беріп, осы жерде қада қағып, 40 қызбен бірге өрнек тоқыған. 58 Тоқылған алашадан ел алғысына бөленген. Алланың құдіретімен әр қаққан қазық жапырақ жайып, 1378 жылы осы Топ-ағаш пайда болған.
«Әулие Бала Есепші» кесенесі.Аңыз бойынша «Әулие Бала Есепшінің» жылқысын біреу ұрлап әкетіпті. Қатарлары өзің сәуегейсің, бірақ жылқыңды кім ұрлағанын білмейсің деп қайраған. «Әулие Бала Есепші» өзінің жылқысын ұрлаған үйге барыпты. Халық «Әулие Бала Есепші» келді деп шуылдап кетіпті. Бірақ ол кісі бұл үйден еш жылқы дауламаған. Үй иесі оның неге келгенін түсініп, ат-тон айыбын берген 62 екен. Ел арасында «Қара құртқа бата берген» деген де аңыз тараған. Кейіннен шырақшы болған Нұрманалы ата 12 жасар кезінде Бала Есепшімен бірге қара құрт көп мекендейтін аймақта келе жатқан. Күн батуға таяп қалды ауылға қайтайық деген Нұрманалыға жолдан көрінген улы жәндік «қара құрт бата сұрап тұр» деп бата берсе, ол келесі келгенде алдынан балаларын шұбыртып ертіп шыққанын халық байқаған. Халық таудан құмға көшер алдында Бала Есепші атаның алдына жапырақ ұшып келіп, сол жапыраққа қарап тұрып «биыл құмға көшпеңдер, ол жақта ауа райы шаруаға қолайсыз болады» деп болжаған. Тауда қалғандар шаруасы өрге басып, құмға көшкендер жұтқа ұшырап таяғын сүйретіп оралған дейді. Есепші атаны жортқан аң, ұшқан құстың тілін білген деседі ауыл қариялары. Оның әу баста әке-шешесінің азан шақырып қойған есімі – Әлібек екен.
МеркіАлатаудың көкмайсалы бауырында, Тараз қаласының шығысында 150 шақырым жерде орын тепкен Меркі аты ғасырлардан ғасырларға осы атаумен жеткен. Оның аты тарихшылар мен саяхатшылардың аузына жиырма ғасырдан аса тарихы бар Таразбен бірге алынады. Сондықтан да бұл өңірде сыртқы жаудан қорғану үшін жан-жағын өзен қорғаған қылтанақты жерде орналасқан ірі қорғандар мен биік дуалдары бар қалалар салынған. Бір ауданның аумағында атақ-даңқы әуелеген Меркі, Аспара сияқты қалалар орналасқан. Ал Меркі өзенінің жоғары жағында ЮНЕСКО-ның тарапынан қорғалатын тарихи, мәдени ескерткіштердің санатына енген Меркі түркі ғибадатханасының тарихымызда алатын орны ерекше. Ортағасырлық Меркі қалашығы. Бұл өңірде аты тарихтан өшсе де, солардың сарқыты болып табылатын талай халықтар мен ұлыстар өмір сүрген. Меркі атауы түркі тілдес Түркеш мемлекетінің тарихымен астасып жатады. Бұл өңірді түркештердің қарасы да, сарысы да билеген. Ескендір Оңдасыновтың айтуынша, 738 жылы Шу және Іле бойын жайлаған қара және сары түркештер өзара билікке таласып, соғысуының салдарынан өзгеге жем болған. Түркештерден кейін Меркіні жайлаған қарлұқтар да түркі тілдес халық болатын. Бір нәрсе анық – Меркі өңірінің байырғы тұрғындары да, қазір де түркі тілдес халықтар болған. Қазақстан тарихында «Қарлұқтар Тараздың шығыс жағында мекендеді. Олардың қарауында Құлан, Меркі қалалары болды», – деп жазылған. Араб тарихшысы Ибн-әл Факих «Китабахбар әл-булдан» еңбегінде «Қарлуқтар – ежелгі түріктер» деп жазғанын еске алатын болсақ Меркі түркі тектес халықтардың мекені. Қарлұқтар түркі тайпасының бір бұтағы болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Қарлұқтар Тараз қаласының шығыс жағындағы Құлан, Меркі, Аспара, тағы да басқа кішігірім қамалдар мен қалаларды билегені белгілі. 69 Өлкені түркілер мекендегенін дәлелдейтін ғажап тарихи ескерткіштер де осында. Теңіз деңгейінен 3,5 мың метр биіктікте, Меркі өзенінің қайнарында, Әулие көлдің маңында, аңы мен құсы, табиғаты әлі бұзыла қоймаған көк шалғын жайлаудағы тарихи ескерткіштер «Меркі түрік ғибадатханасы» деген атаумен ғылымға енген. Көкпен тілдескен Тәңіртау – Алатаудың басына бұлт қонақтап, қар жауып жатса, ғибадатхана орын тепкен жер масатты кілемдей жайнайды. Мың бұрала аққан бұлақ, саф ауа, салқын самал бар болмысыңызды билеп алады. Ұлы бабаларымыз Жаратқанның ұлы күшін осында түсінгендей, мәңгілік өмірге осы жерден аттануды арман еткендей. Болмаса Алатаудың ұшар басына жақындап келіп, ұлыларын жерлемеген болар еді ғой… Бұл ғибадатхананы алғаш рет 1895 жылы зерттеген орыс ғалымы И.В. Аничков өз еңбегінде балбалдарды тексергенін, оның бірнешесін Ташкентке жібергенін жазады 751 жылы Құлан мен Меркіге арабтар шабуыл жасағанда да сол қақпаға ие болуды армандаған еді. Тура осы кезде олар жерлеріне басып кірген қытайларға бірлесе шайқасты. Қытайды жеңгеннен кейін олар қайтадан майдан алаңына шықты. Осындай аласапыран кезде билікке келген қарлұқтар арабтармен ұзақ жылдар бойы шайқасып, ақыры жеңіске жетеді. Жеңіске жеткен олар өңірдің тез арада дамуына жол ашты.
Меркі үңгірі.Археологтардың даталауы бойынша б.э.д. Ү-ІҮ ғасырларға сәйкес келеді. Бұл қолөнер туындысына теңдес үңгірді бабаларымыз темір рудасын пайдалану үшін қазған болуы мүмкін. Бұл үңгір қазіргі таңда көптеген туристерді қызықтыруда. Меркі санаториясына демалуға келген кез-келген азамат осы үңгірге кіріп қызықтайды. Сондықтан бұл үңгірдің шежіресі мен тарихын зерттеп, ғылыми айналымға енгізу керек. Сыпатай батыр мавзолейі. ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. Сыпатай ауылының шығыс жақ шетінде,ескі байланыс даңғылының, қазіргі Алматы – Тараз –Бішкек автомагистралінің жағасында.
Өтеген батыр Өтеғұлұлы. (Мүйізді Өтеген) (1699-1773) – XVIII ғасырдың І жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен батыр. Ұлы жүздің дулат тайпасынан шыққан. Бабасы Сырымбет 1635 жылы Ойрат ханы Батырдың 50 мың әскеріне қарсы соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқа қатысқан. Өтеген батыр 15 жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа қатысып, қазақ елінің түстігін, Жетісу мен Шығыс Қазақстан өңірін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірді. Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысты. Осы ұрыстарда қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді аты шулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналды. Төле бидің, Абылай ханның серігі болды.
Қордай батыр. Ежелгі заманда, бұдан екі мың жыл бұрын сақ пен ғұндары дәуірлеп тұрған шағында,І-ІІ ғасырда ғұмыр кешкен деседі. Шырақшы Тоқтұров Думан Тұрсынғалиұлы Қордай батыр туралы бірнеше аңыздар айтты. Қордай батырдың екі қолы тоқпақтай,басы бақырдай, құлағы тебінгідей, көзі өткір, сесті, екі иығына екі кісі мінгендей, бойы барлық адамнан биік болған екен. Өзі ақкөңіл, жомарт, күлгенде қарқылдап, сөйлегенде гүрілдеп, жанның бәрін жақынындай көреді. Қолы да,жолы да, ашық батыр бай болмайды. Ол тапқан таянғанын елге үлестіріп отырған. Қордайдың кезінде «Қоңыр желімді, Қордай батыр» деп жаулар да,ұрылар да оған жоламайды екен. Оны жұрт зор денелі, ерекше жаралған жан деседі. Қордай-Ұлы жүздің Дулат руынан шыққан батыр. Атақты алашқа айналған белгілі- Қордай бабамыз Дулаттан, Қасқару, Жаныстан шыққан атақты батыр.
Біздің аудан Тұрар Рысқұлов ауданы маңында қазақ-жоңғар қатынасындағы шешуші кезең болып саналат «Аңырақай шайқасы» болған. «Ойранды», «Тұтқынсай» шатқалдары соның айғағы. «Ойранды» шатқалында қазақтың қалың қолы жоңғарға жойқын соққы бергендігі, Сәмен батырдың садақшыларының ерлігі, «Тұтқынсай» шатқалындағы шайқас барысында жоңғарлардың қазақ жауынгерлерінің 64 жебелерінен қырғынға ұшырағаны туралы аңыздар айтылды. Тұрар Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылының тұсында Жасақ деген атпен қалған жерде Әбілхайыр хан үш жүздің қолын біріктіріп, алғашқы қақтығыс Сұмқайты (Жоғарыда айтылған Топағаш) маңында болған екен.
Аудан Жамбыл облысының оңтүстігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1938 жылы Луговой ауданы болып құрылған. 1999 жылдан қазіргі атымен аталады. Жер аумағы 9,1 мың км². Тұрғыны 63 878 адам (2010). Аудандағы 43 елді мекен 4 ауылдық және 1 кенттік округке біріктірілген. Аудан орталығы – Құлан ауылы Аудан аумағының басым бөлігі жазық, тек Оңтүстік ғана таулы. Мұнда Қырғыз Алатауының Ашамайлы, Қорғантас, Қарақыр, Көкқия, Көгершін, Шөңгір, Құттыжан, Ойранды, Шал, Қайыңды, Сөгеті, Мамай, Қарауылшоқы және Көкдөнен таулары орналасқан. Ауданның солтүстік Мойынқұм шөліне ұласып кетеді. Жер қойнауынан құрылыс материалдары барланған. Аудан жерінен бастауын Қырғыз Алатауынан алатын Қорағаты, Қарасу, Шалсуы, Жарлысу, Талды, Қарақыстақ, Әулиебұлақ, Қорғантас, Қарақат, Шөңгір, Көкдөнен, Қайыңды және Сарыбұлақ өзендері ағып өтеді. Аудан аумағында аумағы шағын келген (5 км²-ден аспайтын) Белогорка, Байтелі, Шілік, Ақкүшік, Мақбел, Әбілқайыр, Қосапан, Сұңқайты, Сандықкөл, Мөңке, Қарамақау, Көккөл және Қалғанкөл көлдері бар.
Пайдалынған әдебиеттер.
- А. Абуталы, Е.Қ. Серікбаев, Г.С. Өтепбергенова, Р.Тобаджанова «Әулиеата өңірі киелі мекендерінің тарихи аңыздары» оқу құралы, «Тараз университеті» баспасы Тараз, 2018
2.E- mail:info@egemen.kz (№5, 2-3 бет)
3.E- mail: aikyngazet@gmail.com (№55, 3-4 бет)