Сабақтың тақырыбы: Қазақстан Республикасы.
Исмагулова Мария Кариевна,
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
СҚО Айыртау ауданы
«№2 Саумалкөл гимназия-мектебі» КММ
Сабақтың тақырыбы: Қазақстан Республикасы.
Сабақтың көрнекілігі: Қ.Р. рәміздері, үнтаспа, теледидар, диаэпископ, карточкалар.
Пәнаралық байланыс: әдебиет, музыка, ағылшын тілі, орыс тілі.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ.
Сабақтың әдіс-тәсілдері: тыңдау, әңгімелеу, сұрақ – жауап.
Сабақтың жоспары.
- Ұйымдастыру кезеңі.
1.Кіріспе
2.Отан туралы өлең тыңдау (түсіну)
- Жаңа тақырып.
- Қазақстан Республикасының рәміздері туралы мәтін тыңдау
- Мәтінге байланысты тапсырмалар
- Диктант жазу
- Мұғалімнің әңгімесі
- Астана туралы әңгімелеу
- Астанаға саяхат
- Өлең оқу сәті
- «Бау» ойыны
- Оқулықпен жұмыс
- Тексеру кезеңі
- Үй тапсырмасы
- Бекіту. Баға қою.
Сабақтың барысы:
I.Ұйымдастыру кезеңі.
- Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгін кім кезекші? Бүгін нешесі?
– Иә, балалар, бүгінгі сабақ Қазақстан Республикасының туған күніне арналып өтеді. Сондықтан сабағымызды Әнұраннан бастайық.
-Құрметті оқушылар, қонақтар! Бүгін 9 сыныпта «Қазақстан Республикасы» атты сабағы өтпекші. Республика күні баршамызға құтты болсын!
Гүлденген, көркейген Отанымызда бірлік, ынтымақ бола берсін!
Оқуда да, еңбекте де алда болыңыздар!
- Үнтаспадан «Туған жер» деген өлеңді тыңдайық та, не туралы екенін әңгімелейік.
- Жаңа тақырып Қазақстан Республикасы
- Үнтаспадан Қ. Р-ның рәміздері туралы мәтін тыңдайық. (Тәуелсіз Қ. Р-ның жаңа рәміздері 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Олар: Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран).
а) Әнұранның бұрынғы күйінде қалдырған музыкасын Е. Брусиловский, М. Төлебаев және Л. Хамиди жазған. 1992 жылдың 11 желтоқсанында Әнұранның жаңа сөзі қабылданды. Жаңа сөзін жазғандар: М. Әлімбаев, Қ. Мырза Әлі, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева. 1996 жылы қаңтардың 24-і Қазақстан Республикасының Президентiнің“Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституциялық заң күшi бар Жарлығымен белгiленген. Сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, ал әнін жазған Шәмші Қалдаяқов.
ә) Елтаңба. Көгілдір аспан аясында шаңырақ бейнеленген. Оған күн сәулесі сияқты ұықтар шаншылған. Оларды қанатты қос пырақ бейнесі көмкеріп тұр. Елтаңбадағы бес жұлдыз – бес құрлық белгісі. Авторлары: Шота Уәлиханов, Жандарбек Мәлібеков.
Туы. Мемлекеттік туымыздың түсі – аспан түстен ашық көк.Ол адалдықтың, тазалықтың белгісі. Ту бетінде алтын күн бейнесі, бүркіт, ұлттық өрнек бейнеленген. Алтын күн – киелі шамшырақты, қыран — еркіндікті, биік самғауды білдіреді. Тудың авторы: Шәкен Ниязбеков.
(Оқыған Қ. Р- ның халық әртісі. Қ. Р-ның мемлекеттік сыйлығының иегері Д. Жолжақсынов).
- Осы мәтінге байланысты деңгейлік тапсырмалар орындайық.
3 деңгей.
Сұрақтарға жауап бер:
а) мәтінде Қазақстан Республикасының рәміздері туралы айтылған ба? (иә, жоқ)
ә) Тудың түсі ашық көк пе ? (иә, жоқ)
б) Шота Уәлиханов және Жандарбек Мәлібеков Әнұранның авторлары ма ? (иә, жоқ)
в) Қанатты қос пырақ бейнесі Елтаңбада бар ма? (иә, жоқ
2 деңгей.
Сұрақтарға жауап бер.
- Тудың түсі қандай? Онда не бейнеленген?
- Ту, Елтаңба, Әнұранның авторлары кімдер?
- Елтаңбаның негізгі белгілеріне түсінік бер.
1 деңгей
«Қ.Р.—ның рәміздері» мәтінін мазмұнда.
- Ендігі тапсырма диктант жазу.
Біздің Отанымыз.
Біздің еліміз – бай әрі қуатты ел. Мұнда барлық халық еркін өмір сүреді.
Әркім қалаған еңбегін істеуге, оқуға, демалуға ерікті.Біздің еліміздің балалары бақытты.
Қазақстан — әлемдегі ең ірі астықты мемлекеттердің бірі.
(Дәптерлеріңді ауыстырып, диаэпископ арқылы тексеріңдер)
5.Мұғалімнің сөзі:
-1997 жылы 10 желтоқсанда Президент бастаған алғашқы көш Алматыдан Ақмолаға аттанды. 1998 жылы мамырдың 6-сы күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы» деген жарлыққа қол қойды.
- Астанаға саяхат
Арамызда Астанаға барып, қыдырып келген Рожкова Ирина Астана туралы әңгімелейді.
(бейнетаспа, теледидар)
7.Өлең оқу сәті
– Ал, кім Астана туралы өлеңді есіне түсіре алады.
Астана.
Астанам – жас қалам,
Мақтанышым – бас қалам.
Көзіңде шырқалсын
Шаттықты асқақ ән!
Астанам –жас қалам!
Мақтанышым бас қалам
Келешек бақ күнге,
Жолшы боп бастаған,
Ардақты Астанам.
- Ойын кезеңі
-Келесі тапсырма «бау» ойынын ойнап, интеграциялық байланыс жүргізейік.
9.Оқулықпен жұмыс
-Мұғалім: Оқушылар тақтаға жаза берсін, ал біз оқулықтың 22 бетіндегі мәтінді мәнерлеп оқиық. “Жері байдың – елі бай” демекші, Қазақстан жері өсімдік, жануар, өзендерге бай. 1 оқушы тақтаға шығып “ӨСІМДІК” деген сөзді орысшаға аударып, еліміздегі өсетін өсімдіктердің атауларымен жалғастырады. 2 оқушы “ЖАНУАР” деген сөзді ағылшын тіліне аударып, елімізде бар жануарлардың атауларымен жалғастырады. 3 оқушы өзендердің атауларын қазақ тілінде жазып жалғастырады. Партада отырған оқушылар мәтіннен АНТОНИМ, СИНОНИМ, ОМОНИМ сөздерді табыңдар (батыс – шығыс, оңтүстік –солтүстік, ұлан-байтақ, ұлан-ғайыр, көз – адамның көзі, терезенің көзі, иненің көзі).
11.Тексеру кезеңі
-Тақтаға орындалған тапсырмаға назар аударайық.
III.Бекіту кезеңі
-Оқулықтың 23—24 беттеріндегі өлеңдерді мәнерлеп оқу.
-Балалар, тақтаға назар аударыңдар. Бүгінгі жоспарды біз ойдағыдай орындадық.
-Оқушылардың сабақта алған бағалары жарияланады.
- Үйге тапсырма беріледі:
25 беттегі деңгейлік тапсырманы орындау, 23—24 беттердегі 2 өлеңнің біреуін жаттау.