Жыл басы – Наурыз!
Өтелбаева Құндыз Аманкелдіқызы
Мақсаты: Наурыз туралы түсінік беру, сурет арқылы Наурыз мейрамы туралы ұғынуға көмектесу, мейрам және тағы да басқа жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру. Көктем мезгіліндегі табиғат сұлулығын байқай білуге тәрбиелеу.
Қолданатын көрнекі құралдар: көктем мезгілінің, наурыз мерекесінің суреттері.
Сөздік жұмыс: наурыз, наурызкөже.
Мотивациялық – қозғаушылық:
Балаларға магнитафоннан әуен тыңдату.
Көктем келді, көктем келді далама,
Қуанып жүр ата – ана да, бала да.
Біздің үйге ұя салды, алақай,
Былтыр кеткен қарлығаштар тағы да.
Дала гүлге оранады,
Түрлі түске боянады.
Нұрлы көктем келген кезде,
Табиғат та оянады.
-Балалар, сендерге өлең ұнадыма?
Ұйымдастырушылық ізденістік:
– Балалар қазір жылдың қай мезгілі?
– Көктем мезгілі.
– Көктем мезгілінде табиғатта қандай өзгеріс болады?
– Көктемде қар еріп, күн жылынады ағаштар бүршік жарып алғашқы гүл –бәйшешек шығады.
– Көктем мезгілінде неше ай бар.
– Көктем мезгілінде үш ай бар. Олар Наурыз, Сәуір, Мамыр. (Ай аттарын балалар бірге қайталайды)
– Көктем мезгілінің қазір қай айы?
– Наурыз айы.
– Дұрыс айтасыңдар балалар, қазір көктем мезгілінің наурыз айы.
-Бүгінгі оқу қызметінде көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі «Наурыз мейрамы» туралы әңгімелейміз.
-Наурыз мейрамы – қазақтың көнеден келе жатқан салт – дәстүрі. Бұл – күн мен түннің теңелетін кезі.
Наурыз мейрамында қазан– ошақта ет пісіріліп, дастархан жайылады, адамдар бір – бірімен құшақ жайып қауышады. Қазақтың Наурыз мерекесінде ұлттық ойындар қыз қуу, арқан тарту, көкпар тартыс, асық ойындары ойналып, палуан күрес, ат шаптырып бәйге ұйымдастырылады, алтыбақан теуіп ойнайды. Наурыз мерекесі күні арнайы Наурызкөже пісіріліп, наурызкөже ішіледі. Адамдар бір – біріне жақсы тілектер айтып, игі ниеттерін білдіреді.
Тақпақ үйренейік
Құтты болсын, Наурыз.
Арманымыз әніміз.
Наурызды қарсы алып,
Қуанамыз бәріміз!
Сергіту сәті.
Тербеледі ағаштар,
Алдымнан жел еседі.
Кіп-кішкентай ағаштар
Біп-биік боп өседі.
-Балалар, кәне, отырған орнымызда бір – бірімізге бұрылып, білек сынасу ойынын ойнайық.
Оқу қызметін қорытындылау
-Наурыз мерекесі жылдың қай мезгілінде тойланады?
-Наурыз мейрамында қандай дәстүрлі ас пісіріледі?
-Қандай ұлттық ойындар ойналады?
Оқу қызметі соңында балаларды мақтап, мадақтау.