Балабақшадағы қақтығыс және оның алдын алу жолдары
Қақтығыс – жеке тұлға қалыптасуында бір бірімен сәйкес келмейтін қағидалардың, тұлғааралық бәсекелестіктің түбіндегі қарама-қайшы ойлардың қақтығысуы, түрлі өткір эмоционалды толқулармен байланысты өзара түсініспеушіліктің болуы болып табылады.
Балабақшадағы баланың жүріс-тұрысының бұзылуына байланысты қатығыстар ерте жастан бастау алады. Мектеп жасына дейінгі кезеңде бала өмірі тікелей басқа балалармен, айналасындағы жақын адамдарымен қарым-қатынасына байланысты өрбиді. Бала есейген сайын оның қатарластарымен қатынасының маңыздылығы артады.
Ерте жас – адам өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Нақты осы кезеңде бала өзін, өзінің іс-әрекеттерін түсініп, тұлға ретінде қалыптаса бастайды. Бұл жаста бала қарым-қатынас жасауды үйреніп, өз бетінше әрекет ету дағдылары байқалады. Осы кезеңде ересек адам – балаға әсер етуші, барлық іс-әрекетте қолдаушысы болып табылады. Үлкендер не жасаса, бала сол әрекеттерді қайталайды. Егер де бала көптеген ойыншықтармен ойнамаса, бұл оның ойнағысы келмейтінін емес, сол берілген ойыншықтарды дұрыс қолдана алмайтынын аңғартады. Сондықтан, бұл кезеңде ересектер балалармен жағымды қарым-қатынас орнатып, кез келген жағдайда түсіністікпен қараудың маңыздылығы зор. Ерте жастағы балалардың қоршаған ортадағы құбылыстарды, заттарды түсінбеуі көптеген қақтығыстық жағдайға әкеледі.
Балалардың үлкендермен қарым-қатынасында жиі кездесетін қиындықтарға импульсивтілік (гипербелсенділік) пен баяу (пассивті) түрлерін атап көрсетуге болады. Импульсивті балалар шектен тыс қозғалмалы және эмоционалды болады. Олар кез келген іске қызығушылықпен араласады, бірақ та қызығушылықтары тез жойылуы мүмкін. Сонымен қатар, бұндай балалар ұзақ уақыт ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде отыра алмай, ойын ережелерін көп жағдайда сақтамайтындықтан, қақтығысқа жиі кезігеді. Импульсивті балалар өз бетінше әрекет етуге бейім, барлық істе өздерінің алда болғандарын қалап, қатарластары арасында да қақтығыс туындау мүмкіндігі жоғары болады.
Баяу, пассивті балалар, керісінше, шектен тыс баяу, шыдамды келеді. Олар көпшілік ортада ерекшеленбейді, тәртіпті бұзбайды, ешкімге кедергі келтірмейді. Олар өз бетінше әрекет ете алмайды және өз ойларын ашық жеткізе алмауларына байланысты түрлі қақтығыстарға кезігеді. Пассивті балалар топтық жұмыстарға тиімді болғанымен, олардың жеке даму ерекшеліктеріне аса мән беруді қажет ететін балалар болып табылады.
Ерте балалық жаста эмоционалды қақтығыс туындауы мүмкін, яғни балаға деген көңілдің жетіспеуі, қорқыныш т.б. бұдан да басқа ерте жаста кезігетін бірнеше қақтығыс түрін атап көрсетуге болады:
· өзара қарым-қатынас қақтығыстары – баланың бірлескен іс-әрекетке ұмтылуы, ересектерге өз қалауын жасатып, нәтижесінде бала өзі қалағаның ала алмауы;
· мотивациялық белсенділік қақтығыстары – «Мен» қағидасында пайда болады;
· нормативті қақтығыстар – «болады» және «болмайды» түсініктерінің сипатында пайда болуы;
· қызметтік қақтығыстар – бала іс-әрекеті қисынсыз әрекеттерден мақсатбағдарлы, бірлескен әрекетке ауысқанда туындайды.
Балада қалыптасқан қақтығыстар физикалық әрекет етумен, сөздік әсермен, талап етулермен байқалады. Көп жағдайда бұл балалар не болмаса үлкендер арасындағы ұрсыс пен төбелеске ұласады.
Д.Б.Эльконин мектеп жасына дейінгі кіші жаста қақтығыс көп жағдайда ойыншықтарға байланысты, ал мектепке дейінгі орта жаста – рөлдерге байланысты және үлкенірек жаста – ойын ережесіне байланысты туындайды деп көрсетеді.
Я.Л.Коломенский және Б.П.Жизневский ойындағы қақтығыстың туындау себептерін толықтырып өтті:
– «ойынның бұзылуы» – ойын қойылымының, құрылымының, сондай-ақ қиялдағы ойын жағдаятының бұзылуы;
– «ойынның ортақ тақырыбын таңдауды» – балалар нақты қандай ойын ойауға қатысатындарына таласқанда;
– «рөлдерге бола» – балалар арасында кім қандай рөлді сомдайтындарына байланысты;
-«ойыншықтарға бола» – ойын заттары, ойыншақтарға ие болуға байланысты талас;
– «ойын сюжеті бойынша» – ойын барысы қалай өтуіне байланысты әр түрлі ой пкірлер;
– «ойын әрекеттерінің дұрыс орындалуы бойынша» – бала ойында дұрыс не болмаса қате әрекет етуіне байланысты талас.
Ерте балалық шақта қақтығыстық жағдайлар көп болғандықтан, олардың шешімін табу да қиынға соғады. Қақтығысты шешу – бұл екі жақты араздастыратын мәселелерді мәмілеге келу арқылы шешу, келісімге қол жеткізу, қақтығысты тудыратын себептердің алдын алу және жою, қақтығысушылардың мақсаттарын өзгерту, даулы сұрақтардың келісімін табу арқылы жүзеге асады.
Балалардың қақтығыстық жағдайын шешуде педагогтар екі ортада делдал бола отырып, олардың өзіндік ерекшеліктерін ескеру керек:
- Қақтығыстық жағдайды шеше отырып тәрбиеші оның дұрыс шешімін табуға кәсіби жауапты болады.
- Үлкендер мен балалар әртүрлі әлеуметтік мәртебеге ие, сондықтан да қақтығыста және оны шешуде олар әртүрлі әрекет көрсетеді.
- Үлкендер мен балалардың өмірлік тәжірибелері мен жастарындағы ерекшелік қателіктерге жауаптылықтың әр түрлі деңгейін туындатады.
- Жағдайды әртүрлі түсінулері. Қақтығыста басқа балалардың қатысуы оларды куәгерліктен даудамайға қатысушыларға айналдырады, ал қақтығыс тәрбиелік мағынаға ие болады.
- Тәрбиешінің кәсіби бағдары – қақтығыста бастамашылықты өзіне алып, бірінші орынға қалыптасушы тұлғаның қызығушылықтарын қояды.
- Балалар қатығысын шешкеннен бұрын алдын алу тиімді болып есептеледі.
Қақтығысты шешуде педагогтар жауапты рөл атқарады. Олар қақтығыс туындаған жағдайда оңтайлы шешу және ешкімді ренжітіп алмау қажет. Ғалымдар баланың қақтығысында тәрбиешінің ұстанатын бағыттарын жіктеп көрсетті:
Авторитарлы бағыт – тәрбиеші бала тәрбиесінде эмоционалды-еріктік қасиеттеріне назар аударады: қайсарлық, тәртіптілік, бастамашылдық, тіл алу, өз беттілік, еңбекқорлық.
Демократиялық бағыт – бұл тәрбиеші балалада моральдық қасиеттерді тәрбиелеу маңызды деп есептейді: қайырымдылық, мейірімділік, шынайылық, адалдық, мәдениеттілік.
Анархиялық-салғырттық бағыт – бұл арнайы білімі жоқ, мамандық таңдауы кездейсок тәрбиешілер.
Қақтығыс кез келген әлеуметтік-психологиялық құбылыс құрылымы ретінде де, үрдіс ретінде де қарастырылады. Сондықтан, қақтығысты шешудің нақты бағытын анықтау қиын. Ағылшын зерттеушісі Р.Даль мүмкін болатын үш альтернативті қақтығыс соңын көрсетеді: тығырыққа тірелу, күш қолдану және бейбіт келісімге келу. Ал педагогикалық іс-тәжірибеде қақтығысты шешудің негізгі үш бағытын атап көрсетуге болады:
- Назар аудармау бағдары – балалар қақтығысын елемеу, бірақ та ол өрши түседі және бала бойында жек көрушілік сезімі ұлғая береді және бала психологиясы бұзылып, жаңа мәселе туындайды.
- Басу және жазалау бағдары – қақтығысқа түскен балаларға ұрсып, ата-аналарымен сөйлесу – жиі қолданылатын тәсіл.
- Ынтымақтастық бағдары – ең күрделі және ең тиімді тәсіл. Мұнда үлкендер балаларға қақтығысқа не себеп болғанын, оны қалай тиімді шешуге болатынын түсіндіреді және ойын арқылы не болмаса басқа да педагогикалық тәсілдермен татуластырады.
Педагог қақтығысты шешу барысында оған қатысушылардың қарама-қайшы ойларын анықтап алу қажет. Іс-тәжірибеде оны анықтау қиынға соқтырмайды, себебі мектеп жасына дейінгі балалар жағдайға өте эмоционалды жауап береді және қақтығыс не үшін туындағанын өздері-ақ айтып береді. Қақтығыс барысында қандай сөздер жиі қолданылса, сол арқылы екі жақтың көзқарастарын анықтауға болды. Сонымен қатар, қақтығысқа түскендердің ортақ ойларын да аңғару мүмкіндігі болады.
Ғалымдардың зерттеулері бойынша, ойын жағдайында пайда болатын қақтығыста балалардың бір-біріне әсері 1-2 жаста физикалық, психологиялық әсер ету көп болса, есейе келе ол тәсіл азая бастайды. Ал сөздік, аргументті, қорқыту әсерлері бала есейген сайын ұлғая түседі. Ойын барысында туындаған қақтығыстар ерте жаста ойынның бұзылуына алып келсе, балалар өсе бастаған сайын қақтығысты шешуге тәрбиешінің көмегіне, басқа адамдардың көмегіне жүгінеді, не болмаса өз беттерінше шешуге тырысады.
Леви қақтығыстың алдын алу, шешу үшін бірнеше сабақ түрлерін көрсетеді. Бес жастан бастап балаларға топтық сурет салу, топтық ойындар, тыңдау әдістерін қолдануға болатынын көрсетті. Мектеп жасына дейінгі кезеңде ойын бала іс-әрекетінің басты түрі болғандықтан, ойын арқылы қақтығыстың алдын алу тіміді тәсілдердің бірі болып табылады.
Барлық бала дерлік қақтығысқа түседі, дегенмен бірінде ол сирек болады, ал екіншісінде жиі кездеседі. Балалардың кейбіреуінде қатарластарымен келіспеушіліктерінде ашумен жауап берсе, енді бірі төтенше жағдайларда ғана қақтығысса, енді бірі басқанын әсер етуімен қақтығысқа кіріседі және одан тез шығуға тырысады. Қақтығыстық жағдайға түсу баланың жеке психологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Ерте жастағы балалар арасында қақтығыстық жағдайды қиын не болмаса даулы балалар туындатады. Оларға: агрессивті, шағымданғыш, тұйық, тым көңілшек, білгішсымақ, жасқаншақ т.б. балаларды жатқызуға болады. Бұндай балалармен жұмыс жасай отырып, бала бойындағы қақтығыстың алдын-алу не болмаса шешу жолдарын табуға болады. Балаға мектеп жасына дейінгі кезеңде түсінікті тіл бұл – ОЙЫН тілі. Сондықтан, ең алдымен ойын терапиясын қолдана отырып қақтығыстың алдын алу не болмаса шешу тиімді тәсіл. Ойын терапиясы – бұл балалар мен үлкендерге ойын ойнату арқылы жүретін терапевтік әдіс. Бұл әдісті әлеуметтік инфонтелизімге, тұйықтыққа және қарым-қатынасқа түсе алмаушыларға, фобиялық реакцияларға, мінез-құлықтың бұзылыстарына қолдануға болады.
Сонымен қатар, ерте жастағы балаларға экспессивті техника, жанұя терапиясы, би терапиясы, релаксация элементтерін қолдануға болады. Экспрессивті техника – бұл сөйлемейтін, үндемейтін балаларға қолданған өте тиімді. Осы техниканың арқасында сөйлемейтін бала, сөйлеп үйренеді. Жанұя терапиясы – бұл балалардың ата–аналарына мәселенің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізілетіні бойынша нұсқаулықтар. Би терапиясы – бұл өте қарапайым болғанмен балаларға тигізетін көптеген маңыздылығы бар. Ол балалардың ішкі жан дүниесі жайында, ой-өрісі жайында толық мәліметтер береді. Би арқылы денені сезінуге, дене қозғалыстарын басқара алуға үйренеді. Бала би нәтижесінде тек физикалық, эмоционалды жағын ғана емес, сонымен қатар моторлық функцияларының дамуына жағдай туғыза алады. Релаксация (босаңсу) – бұл терапияға аутогенді жаттығуларды жатқызамыз. Әдістеменің негізгі элементі болып бұлшық ет релаксациясының тонировкасы кіреді.
Балаларда қақтығыс ерте жастан пайда болады. Оларды шешу және алдын алу жолдары баланың мінез-құлқына байланысты жүргізу қажет. Топтық және жеке айналасындағы адамдармен қарым-қатынас құруды қалыптастыру ерте жастан бастап жүргізілу керек. 1 жастағы балаларда «Мен» және басқа адамдардың қажеттіліктерімен байланысты қақтығыстар байқала бастайды. Яғни, қақтығыстық жағдайлар жасқа қарамай барлық кезеңде өтеді. Тек 5 жасар балалар араларында туындаған қақтығыстардың туындау себептерін түсінеді, ал 8 жаста олар өз қозқарастарын ашық білдіре алады.
Ерте жастан бастап балада және олардың арасында туындайтын қарама-қайшылықтар мен қақтығыстарды елеусіз қалдырмай, ересек адам баламен бірге сол жағдайдың туындау себептерін талдап, ескеру керек. Қақтығыс – оған дұрыс жол таба білгенде, педагогикалық үрдістің, тәрбиелік әсер етуші ретінде, нәтижелі факторы болып табылады; топта «қиын балалардың» бар болуы белгілі бір деңгейде топтың жалпы дамуына, топтық қалыптасуына, достық қарым-қатынастың нағаюына әсер етеді, алайда бұл уақытта жағымды жағдай тудыра білу керек.
Балалар арасындағы қақтығыс – бұл ең алдымен, олардың бір-бірімен қарым-қатынас дұрыс орната алмауынан туындайды. Педагогтың басты міндеті – қатығыс болмай тұрып балалардың қарым-қатынасын реттеу. Ал қақтығыс басталып кеткен жағдайда оны шешу жолдарын іздестіру. Сондықтан, ең алдымен ерте жастағы балалармен қарым-қатынасты реттеуге арналған тренингтер мен ойын-сабақтар жүргізу қажет. Бұндай сабақтарға Фоппельдің «Серіктестікке үйренеміз», «Топтық бірлік», «Қарым-қатынас орнату» бағытындағы ойындарын қолдануға болады: «Күтпеген суреттер», «Үштік» және т.б. – бұл ойындар кішкентай балаларға топтық жұмысты нығайтуда, бір-бірімен жағымды қарым-қатынас жасаудағы маңыздылығы зор.
Үлкендердің міндеті басқа адамдар арасында балаларға кейбір өмір ережелерін, яғни әр адамның қалауы мен ойы әр түрлі болғандықтан, өз қалауын дұрыс жеткізе білу, басқанын ойын тыңдай білу, келісімге келуге үйрету болып табылады. Педагогтармен қатар ата-аналар бала бойындағы қарама-қайшылықтарды, қоршаған ортасымен қақтығыстарды шешу, алдын алу жұмыстарын дұрыс жүргізе білу керек. Сондықтан, біз Т.Гордон бойынша қақтығысты шешудің алты қадамын көрсетіп отырмыз:
№ | Қадамдар | Мақсаты | Ата-ананың әрекеті |
1 | Қатығысты танып, анықтау | Мәселені шешуге баланы кіріктіру | Балаға шешімін табуды қажет ететін мәселе бар екенін анық және қысқаша айту. Баламен бірлесе жұмыс жасау маңыздылығын түсіндіру |
2 | Мүмкін болатын шешімдерді өңдеу | Шешімнің көптеген нұсқаларын қарастыру | Бала ұсынған шешімдерді кемсітпей және бағаламай қабылдау, өзінің шешімін артынан қосу. Мүмкіндіктер санын ұлғайтуға итермелеу |
3 | Мүмкін болатын шешімдерді бағалау | Әр түрлі шешімдерге, әр ойға өз көзқарасын білдіре отырып, баланы белсендіру | Бала шешімдерінің қайсысы басқаларына қарағанда тиімді көрінетінін ашық айтуын ұсыну. Өзінің сезімі мен қызығушылықтарын білдіру, қолайлы нұсқаларын және қай нұсқасы көңілден шығатынын (көңілден шықпайтынын) айту |
4 | Қолайлы шешімді таңдау | Нақты шешім қабылдау | Қалған әр шешім туралы бала не ойлайтынын білу. Әркім өзіне қатысты келісімді орындауға міндетті болатынына қол жеткізу. Егер шешім бірнеше тараудан тұрса, оларды қағаз бетіне түсіріп қойған дұрыс. |
5 | Шешімді шығару тәсілдерін жасау | Қабылданған шешімнің іс жүзінде жүзеге асу үрдісіне жоспар жасау | «Қашан бастаймыз?», «Уақытты кім қадағалап отырады?», «Орындалған жұмыстың орындалу сапасы қандай болады?» және т.с.с. сұрақтарды талқылауға салу. |
6 | Қорытындысын қадағалау және бағалау | Шешімнің орындалуына жағдай жасау. Қабылданған шешімде қайта қарауды талап ететін жағдайларды анықтау | Бала бұрынғыдай қабылданған шешімге және оның қорытындысына көңілі толатынын сұрастыру. Шешім қорытындысы бойынша өз сезімі мен ойларын (өзгеруі де мүмкін) білдіру. Қажет болса, шешімді қайта қарау не болмаса түзету. |
Біз үшін баланың тұлғалық жетілуі, бойындағы жағымсыз қасиеттері мен өшпенділіктерінің алдын алу, болашақта өз ойын ашық жеткіе алатын, мейірімді, шыншыл болуы, тәуелсіз еліміздің атын әлемге танытар азаматтар болып қалыптасуы қаншалықты маңызды болса, педагогтың да білім беру негіздерін меңгеруі, бала бойындағы теріс жүріс-тұрыстың алдын алып, сыни тұрғыдан ойлай алатын құзіретті маман болу маңыздылығы да ерекше деп ойлаймыз. Сондықтан, біздің міндетіміз мектеп жасына дейінгі кезеңнен бастап баланың айналасымен қарым-қатынас жасау мәдениетінің дұрыс қалыптасуына, ішкі және сыртқы қақтығыстарға ұшырамауына (мәселе туындаған жағдайда алдын алуына) ықпал жасау. XXI ғасырда заман талабынан туындаған сұранысқа қарай болашақ ұрпақты тәрбиелеу педагогтар мен ата-аналардың басты міндеті.
Әдебиеттер тізімі:
- Гамезо М.В., Петрова Е.А., Орлова Л.М. Возрастная и педагогическая психология: Учеб. пособие для студентов всех специальностей педагогических вузов. — М.: Педагогическое общество России, 2003. — 512 с.
- Гришина Н. В. Психология конфликта. 2-е изд. — СПб.: Питер, 2008. — 544 с.
- Коломенский Я.Л., Живнявский Б.П. «Социально-психологический анализ конфликтов между детьми в игровой деятельности» М 1990г.
- Латынов В. Конфликт: протекание, способы разрешения, поведение конфликтующих сторон.// Иностранная психология, том 1, № 2, 1993.