7 модуль арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру
Қазіргі уақытта заман талабына сай еркін, өзіндік дәлел – уәждерін нақты жеткізе білетін, ынталы, өзіне сенімді, сыни пікір – көзқарастары жүйелі дамыған, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерумен қатар, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы тәрбиелеу – мұғалімдердің басты міндеті. Осыған орай, әр мұғалім өз алдына мақсат қойып, оқу үрдісінде жаңа әдіс -тәсілдерді қолдану арқылы соған жетуді көздейді. Бүгінгі таңда жаңа білім беру жүйесі бұрынғы әлемдік қабылдау «білемін-білмеймін», «жасай аламын-жасай алмаймын», «қолдана аламын- қолдана алмаймын» дегендей нобай түрінде емес, ол: «ізденемін-табамын», «ойланамын-шешімін табамын», «зерттеймін-танимын» дегендей іс –әрекеттері арқылы білім беру түрінде көрініс табады. Бірінші орынға – оқушы тұлғасы, оның ақпаратты өздігінен жинақтау, саралау, талдауға дайындығы, пікірталасқа түсе білуі, дәлелдей алуы, сонымен қатар шешім қабылдап, оның орындалуын қадағалау сияқты қабілеттері шығады.
Эдмунд Берктың айтуынша: «Өткенде қала отырып, болашақты жоспарлау мүмкін емес» ХХІ ғасыр- қатаң бәсеке ғасыры, сондықтан заман талабына сай, жан-жақты, құзыретті мұғалім болу үшін, көп еңбектеніп, алдымен, өз біліміңді одан әрі дамытуға тура келеді.Өз басым, Кембридж университетінің ұсынған бағдарламасымен танысып, жеті модуль бойынша оқыту идеясының мектепте қаншалықты тиімді екендігіне көз жеткізе алдым. Айтылған бағдарламаның жетекші мақсаттары: біріншіден-әр ел үшін маңызды болып табылатын рухани, мәдени және адамгершілік құндылықтардың негізінде жастарды өз елінің мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу, екіншіден – жастарды жылдам өзгеріп жатқан әлемде өзіне сенімді және табысты болуға мүмкіндік беретін дағдылары мен түсініктерін дамытуға, өмірлік жағдайларда өз білімдерін қолдануға ықпалын тигізетін сыни тұрғыдан ойлауға үйретуді қамтиды. Бағдарлама бойынша барлық сабақтарда оқытудың белсенді әдістерін қолдану қарастырылып, білім беру үрдісі – мәселені саналы түрде шешу түрінде құрастырылады. Өздігінен білім алуда жиі топтық жұмыстар қолданылады. Нәтижесінде, топтық білім әр топ мүшесінің бар білімінен құрылады да, топ алдына қойылған мақсатқа жеткен соң рефлексия жүргізіп отырады. Сонымен қатар, оқушылар әр ақпарат көздерінен (Интернет) өздігінен білім алуға дағдыланып, фактілерді салыстырып, ізденіп, білімін тәжірибемен ұштастыра алып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырады.
Нақты өз тәжірибеме тоқталатын болсам, осы бағдарлама бойынша жұмысымды 8 сынып оқушыларымен жүргізе бастадым. Әрине, бұл күнге дейін оқушылар топтық жұмыстар орындап отырды, бірақ әр сабақта емес, ал топтық, жұптық жұмыс осы бағдарламаның негізінде болғандықтан, алдымен оқушылардың сынып ішіндегі өзара қарым- қатынастарын анықтап алу мақсатында: «Сағат тілімен достар», «Сынып мәдениеті» , «Адам құндылықтары», т.б. сауалнамалар алдым. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында оқушыларды топқа бөлген кезде әр түрлі тәсілдерді (бойлары бойынша, жануарлар топтары,т.б) қолданып отырдым. Топ ішінде міндетті түрде оқушылардың қалауынша тайм-киппер, топ басшысы және хатшы тағайындалып отырды. Бұл әдіс әр оқушының мойынына жүктелген жауапкершілікті сезінуге көмектеседі. Әрине, міндеттер ауысып отырады, нәтижесінде, әр оқушы өзінің топбасшылық қабілеттерін көрсете алады.
Оқушылар үшін, тіпті, өзім үшін де сабақ тақырыбын өздеріне анықтатып, сол сабаққа мақсат қою деген жаңалық болды, бірақ бұл жай да ынта, қызығушылықтарын арттыруға түрткі болып отырды. Ол үшін мысалға, бір сабақта «Араб сауатылығы» (сөздің тек дауыссыз әріптері жазылады)әдісін, келесі бір сабақта тақырыпқа байланысты ребус, жұмбақтар жасырып отырдым. Сабақтың әр кезеңдерінде оқушыларда тек оқу үрдісінде ғана емес, сонымен бірге күнделікті өмірде қажетті ойлау дағдыларын дамыту мақсатында сыни тұрғыдан ойлау модулін «Джиксо», «Алты қалпақ», «INSERT», «фишбоун», «RAFT», «миға шабуыл», «қарлы кезең», «синквейн», «эссе» жазу арқылы енгіздім. Бұл тапсырмалар сонымен қатар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және дарынды, талантты балаларды оқыту модульдерін де қамтиды.
Әр сабақта Мерсер бойынша диалогтің 3 түрі де орын алды(әңгіме-дебат,топтық әңгіме,зерттеушілік әңгіме). Бұл түрлері топпен, жұппен жұмыс кезінде, рольдік ойындар өткізгенде, жобаларды қорғау және бағалау уақытында, рефлексия жасау кезінде көрініс алды. Диалогтік оқытуды енгізгендегі мақсатым: оқушылар ашылып, өз идеяларын дәлелдей алады; тақырып немесе мәселе бойынша өз ойларын білдіре алады; тек өздерінің ғана емес, басқа оқушының идеясын қабылдап, түсіне алады; оқушылардың қандай деңгейге жеткендігін көрсете алады; ойлау деңгейлерін, сөйлеу дағдыларын дамытады.
Александердің айтуынша: «Сыныпты бағалау тек техникалық тәсіл емес…» Бүгінгі күнге дейін оқушыларды тек мұғалім бағалап отырса, ендігі жерде әр оқушы өзіне-өзі, өзара баға қоюды үйренді. Әрине, бастапқыда, оқушылар тарапынан шынайы бағалау тек кей жағдайларда болды, осыған орай әр бағасының «не үшін?» қойылып жатқандығына көздерін жеткізіп отыру мақсатында оқушылар жетістіктерін бағалау критерийлерін бірігіп құрастырып отырдық. Бұл тәсіл баланың өзін-өзі реттеуге, оқу үрдісін зерделеуге мүмкіндік береді. Оқушылар өдерінің және өзгелердің жұмыстарына сын көзбен қарап, іс-әрекеттерін саралауға дағдыланды. Кейін әр оқушы «мен бұл бағаны ….үшін қойдым» дегендей сөздерімен, қойылған бағаның әділдігін дәлелдеп, түсініктеме беріп отырды. Осылайша оқушылар бірте-бірте өз іс әрекеттеріне сараптама жүргізуді үйренді. Бұл мен үшін бір жетістік.
Қорыта ұлы Абайдың сөздеріне тоқталғым келеді. «Үш- ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» егерде өзіңнің шәкірттеріңнің бойында осы қасиеттерді көргің келсе, алдымен өз бойыңа оларды қалыптастыруға, дарытуға тырысып, өз алдыңа сыни ойлай алатын ұстаз болу қажет, өйткені, сыни тұрғыдан ойлайтын адамды басыну мүмкін еместігі анық
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718