(cnfpls0 3k3v-9ks v9hf

«Ұстаздық ілім»-ұлы мұра
Қазақ-өткенді қадірлеген,жаңаны байыптаған, болашақты болжап бағдарлаған дана халық.Ежелгі ескі заманнан бастап күні бүгінге дейін ғұмыр кешкен қазақ халқы- отбасы,әулет,ауыл,ата-ру,тайпа,-топ,одақ,ұлт қатарлы қауымдастықтың сан түрін құрай отырып, елдікке жетіп, аты әйгілі (шамамен 16 империя орнатып) мемілекет құрып, Ұлы Дала кеңістігінде бес мыңнан астам уақыт тіршілік еткен көне,текті, байырғы қауым. Мемлекеттің шаңырағы бір де биіктеп,бір де шайқалып, скифтердің тұңғыш патшасы Торғытайдан бастап,қазақтың соңғы ханы Кенесарыға дейінгі уақыт кеңістігінде тасқын судай сапырылған сақ, ғұн, түркі,оғыз-қыпшақ ұрпақтары ұзақ сонар тауарихын найзаның ұшымен ғана емес,ақыл-парасат күшімен де,ұрпақ тәрбиелеу ісімен де,ұлағатты үлгі өнегелі сөзімен де, «кісі» болдыру амал-айласымен де, ақыл-кеңес үлгісімен де айшықтап,бізге сарқылмас ілім мұрасын мирас етті.Қазақтың тәрбиелеу ілімі қалыптасып, дамып,іске асу барысында талай ұлық ұстаздар туып шықты, әулет мектебінің сан түрі пайда болды.Бұл мектептердің бас ұстаздары ана мен дана,ата мен әже,әке мен шеше,аға мен көке,дос пен таныс,жеңге мен жезде сияқты ұлағатты ұстаздар есімі,іс-әрекеті ел есінде,халық жадында мәңгі сақталған. Ұлы Даланың ұлық ұстаздарының ақыл парасаты мен тәжірибесі негізінде: «Көшпелі тұрмысқа сәйкескен,киізтуырдықтыарға (қазақ,қырғыз,монгол) ортақ жас ұрпақты оқытып білім беретін,тәрбиелеп үлгі өнеге көрсететін,еңбек пен өнерге баулитын,өмірге дайындайьын,өздеріне ғана тән ОҚУ БІЛІМ жүйесі қалыптасқан.Ұлы Даланың Ұлық Ұстаздарын көп қырлы ілімдерінің ішінен «Ұстаздық ілімі» туралы қысқаша баяндалық.
1.2.Ұстаздардың ұстазы-Әбу-Насир әл Фараби.(870-950) Фараби ертедегі Қазақстан жерінен шыққан, қазақ топырағында дүниеге келген, ғұлама ғалым. Шығыстың ұлы ойшылы, әрі ағартушысы, әйгілі математик, философ, музыка зерттеушісі, тарихшы болған.Туған жері-Отырар (Фараб) қаласы. Отырар (Фараб) ойшылдарының ең атақтысы, ең ғұламасы -Аристотельден кейінгі “екінші ұстаз”,“Шығыстың Аристотелі” ұлы ғұлама. Араб, парсы шежірелерінің деректеріне қарағанда, Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы Фараб(Отырар) қаласында, отырарлық әскербасының жанұясында дүниеге келген. Ол туған жерінің атауымен “әл-Фараби”,яғни “Фарабтық” деген атқа ие болған.Фараби алғашқы білімін Отырар медреселерінің бірінде алған . Өмірін араб елдерінде өткізген. Ол Аристотель еңбектерін араб тіліне аударып, оған түсініктемелер жазған. Сол үшін оны “екінші ұстаз” (Аристотельден кейінгі) деп атаған Дүниежүзілік ғылым мен мәдениеттің алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан ұлы бабамыздың педагогикалық мұрасы да тілегей-теңіздей мол дүние.Данышпан ойшыл өз еңбектерінің көпшілігін ұстаздық тұрғыдан тәлім-тәрбиелік мақсатқа орайластыра жазған.Мәселен,ғұлама бабамыз жиырмадан астам недагогикалық –психологиялық трактат жазған. Әл-Фарабидің айтуы бойынша нағыз ұстаз ғана айтқанын екі еткізбейтін, ешкім шағым жасауға батылы бармайтын, білімі телегей-теңіздей, ақыл-ой парасаты да, ерік- жігеріне де ешкім тең келе алмайтын адам. Осындай қасиеттері бар ұстаз ғана шәкіртке үлгі-өнеге көрсетеді, ол халықты соңына ертіп,орындауға жұртты өз сөзімен жігерлендіре білу.оның мұң-мұқтажын,талап-тілегін орындай алады.Әл-Фараби түсінігінде, ұстаз да қала басшысы сияқты ел жетекші, халық қадірлісі (менеджер-педагог). Медресе балаларды оқытып, тәрбиелесе, қала бастығы олардың ата-анасына өнеге көрсетеді, халықты ізгі қасиеттерге баулиды. Олай болса мұның екеуі де “сегіз қырлы, бір сырлы” қай жағынан да болса барша халықтан көш ілгері тұрған кісілер. Сондықтан бұл екеуіне де мынадай 12 түрлі қасиет сәтті қабысып келсе нұр үстіне нұр болған болар еді:
1. Тән ерекше жетілген түрлі іс-әрекетті нәтижелі етіп орындауға ыңғайлы бейім болуы;
2. Нені болса да жақсы айырып, тез тұжырымға келе алатын;
3. Өзінің түсініп, сезгенін көріп, білгенін есіне жақсы сақтай алатын;
4. Көреген ойлы, талғампаз, ақылды адам болуы;
5. Ойын анық, дәл бере алатын, көркем сөйлей алатын шешен;
6. Ілім-білімді, оқу-ғылымды жан тәнімен, ұңғыл-шұңғылын ақыл-ой жұмысының үлкен бейнетін тек ләззат санайтын адам;
7. Қайда жүрсе де өте ұстамды;
8. Өтірік-өсекті, мылжыңдықты жек көріп, шындықты, әділдікті бар ынтасымен сүйе білу;
9. Өр кеуделі, жан мен арын бірдей кіршіксіз ұстайтын адам;
10.Мал-мүліккке, дүние-жиһазға, мәнсіз ұсақ тіршілікке қызықпау;
11 .Табиғатынан әділ, шынайы, шыншыл;
12.Басқаға дау, өзіне де қиянат қыңыр-қиқар болмай, әркез шешімге келе алатын байсалдығы мен батылдығы қатар жүре алатын, қорқыныш пен үрейге жол бермейтін адам.
Фараби еңбектерінде ұстаз бен шәкірттің ара қатынасы, бұл екеуінің психологиялық қасиеттерінің қандай болуы керек екендігі жайлы де аз айтылмаған. Ұстаз өз шәкіртінен адалдық, сыпайылық, ізгілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерді көргісі келсе, онда оның өзінде де осы аталған қасиеттері болуы шарт. «Пәлсапаны үйрену үшін алдын – ала нені білуі қажет?» дейтін еңбегінде ол былай дейді: «Мұғалімдік (ұстаздық) еткен адамның өлшеуі (әдісі) тым өктем (қатаң) болмасын және тым асыра босаңсытқан төмендікпен де болмасын. Егер тым қатты, үнемі ызғарымен болса, онда оқушылар мұғалімді жек көретін халге жетеді. Егерде өте босатып жіберген кішіпейілділік болса, онда оқушылар жағынан мұғалімді кем санау, оның ғылымына жалқау қарау қаупі туады. Ұстаз ескерер тағы бір жәйт,- дейді Фараби, – бұл шәкірттің мінез – құлқындағы жағымсыз мінезді, ұнамсыз қылықты болдыртпау, онда жақсы сипаттардың қалыптасуына мүмкіндік беру». Кімде- кім туған кезінен бастап және жас жеткіншек шағында жоғарыда аталаған шарттарды бойына дарытқан болса және есейгеннен кейін басқа алты шартқа сай келетін болса, біріншісінің орнын басатын екінші басшы сол болады:
– Бірінші шарт – дана болу.
-Екінші шарт – қалаға арнап бірінші имамдар белгілеген заңдарды, ережелер мен әдет – ғұрыптарды жадында сақтап, жетік білу, өзінің барлық іс -әрекетін осыларға сәйкес жүргізу.
-Үшінші шарт – бұрынғылардан тиісті заң сақталмаған жағдайда, бірінші имамдардың үлгісімен әрекет жасай отырып, бұл жөнінде тапқырлық көрсету.
-Төртінші-бірінші имамдар аңдай алмаған нәрселерді, бұрын-нан қалыптасып қалған жағдайды да, болашақ оқиғаларды да қалаған кезінде танып – біліп отырарлықтай тапқыр да білгір болу; өзінің осындай іс – әрекетінде ол халықтың әл – ауқатын жақсартуды мақсат етуге тиіс.
– Бесінші – бірінші имамдарының заңдарын және солардан кейін, солардың үлгісі бойынша өзі белгілеген заңдарды толық игерген,оларды басқаға игерте алатын болу керек.
– Алтыншы – әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде қайратты болу, оның бер жағында әскери өнерді қызмет бабындағы өнер ретінде біліп алу…
Ғұлама бабамыз ұстаздық мамандықты өте жоғары бағалап: тәрбиеші адам (қазіргі мұғалім) – «мәңгі нұрдың қызметшісі».-деген.
1.2.Ілімі асқақ,рухани ұстаз-Қожа Ахмет Яссауи(1094-1167)Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық поэзиясының көрнекті өкілі, дуалы ауыз данышпан, кемеңгер ақын ағартушы Ахмет Яссауи көне Исфидзат (Сайрам) қаласында дүниеге келген. Оның ата-анасы Ибраһим Ата мен Қарашаш Ана осында тұрып, осы жерде қайтыс болған.Араб, парсы авторларының жазбаларына қарағанда Ахметтің әкесі өз заманында сауатты, көзі ашық адам болған. Тіптен балауса, бүлдіршін Ахметке араб, парсы тілдерін Таяу Шығыстағы Исфахан, Бағдат қалаларынан ұстаздар жалдап үйретеді. Он алты жасында-ақ болашақ ақын, шығыс поэзиясын, әдебиетін, философиясын жетік меңгереді. Он жеті жасынан бастап, өзі де өлең жаза бастайды. Өз жырларын шығыс авторларынан бірінші болып, сол кездегі шайырлар секілді араб, парсы тілдерінде емес, өзінің ана тілі – түркі тілінде жазған. Алғаш рет білімді жергілікті ғұлама Арыстанбап бабадан алады, кейін Бұхара қаласында дәріс алуға барып, парсының белгілі ғалымы Жүсіп Хамаданиден білімін тереңдетеді, діни медресесінде оқиды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен дәстүрді жалғастырады. Осында ол ислам дүниесі кең таныған кемеңгерге айналады… Орталық Азияда сопылық IX-X ғғ. кең таралған, ол,жеке сопылық мағынадағы мектептер құрумен көрінді, олардың басында араб тілдес елдерде-шейхтар,иран тілдестерде-шейхтар мен пирлар,ал түркі тілдестерде шейхтар, пирлар, ишандар,баба, ата деп аталатын тәлімгерлер тұрды. Яссауидің қоғамға қабылдатуды мақсат еткен идеал адам типі – кемел адам, яғни сопы, дәруіш. Яссауиде барлық адам “кемел адам” болуға ұмтылуы керек.Тәлімгерлерге де,шәкіртке де қойылатын талап осы.Яссауи күнделікті өмірдің өзінде оқу-білім, халықты сауатттандыру, көкірек кезін ашу ар түзейтін (хал) ілімін қалыптастыру жөнінде көптеген құнды ойлар айтып, осы игілікті іске өзі де белсене араласып отырды.Оның айтуынша «…ең ауыр майдан надандықпен,нәпсімен күресі майданы: әрі ұзақ, әрі ызасы көп…».Қаламгер ғұлама ғалым қараңғылықтан халықтың көзін ашудың қаншалықты қиын екеніне ашық, әрі дәл, дөп басып айтқан Әрине ол аумалы-төкпелі заманда елдің жағдайының тұрмыстары ауыр болғаны белгілі. Баршаның білім алуы оңайға соқпады. Оқу білімге құмарлық, имандылық иірімдері, инабаттылық, адамгершілік қасиет, адал еңбек, патриоттық әуен, елжандылық, ұлтжандылық сезімдер, ақыл-ой тәрбиесі, табиғатты қорғау секілді тәлім-тәрбие салалары «Диуани хикмет», «Мұнажатнама», «Пақырнама», «Мират-ул-Қулуб» секілді еңбектерінде көрініс тапқан.Дәлірек айтанда, медіресе-лердің ашылуына ықпал етумен қатар өзі оқулықтар мен тәлім-тәрбие беру әдіс-тәсілдеріне нұсқаулар да жазды.Қ.А.Ясауидің өзі жазған немесе басқа халифалары шәкірттері жазған оқулықтары бойынша алдыңғы толқыны бірнеше миллиондаған түркі тілдес ұрпақ өкілдері сауат ашты, білім нәрімен сусындады, ғибратты тәлім-тәрбие үлгілерімен тәрбиеленді.
Қазақ даласына исламның таралуы діни білім мен араб тілін оқытып үйрету қажеттілігі негізінде мешіт,медіресе,кітапханалар салынып,осы іс-әрекетке тікелей әсер етуші түркістандық пір Яссауидің дана да,дара даналығы негізінде тәрбиелеу сопылық ілім қалыптасып, оқытып білім берудің сопылық педагогикасы салтанат құрып,сан миллиондаған ұрпақтардың білім алып, сауат ашып,жүрегіне рух нұрын құюда өлшеусіз өнеге көрсетті. Яссауи бабамыз сопылық педагогиканың реформаторы,әрі ғұлама ғалымдығын көп алдында қорғап дәлелдеген ұстаз. Яссауи зікірі (сопылық үшкіру) кезінде ән боп айтылды, олар жиі белсенді дене қимылдарымен және қатысушылардың экстатикалық тәртібімен (асма) қатар жүрді. Хусам-ад-дин Сығнақи «Рисалада», «шейх Ахмет Яссауи жүз жетпіс маңдай алды және нағыз ұстаздар қызметінде болды және олардан иджаз немесе өз бетінше уағыздауға рұқсат алды. Сол дереккөзіне сәйкес ол олардың (яғни осы ұстаздардың) жарлықтарының иесі болды және олардың әрқайсы оған өз хиркаларын кигізді ( сопылық мектептердегі сабақтастық символы). Ол олардан «зикр-и-джахр» (қатты зикр), «самаў и ракс» – салттық билердегі музыкалық үшкіруді қабылдады».Мұсылмандықты қабылдаған түркі халықтары үшін ислам дінінің негіздерін үйрену, шариғат заңдылықтарын түсіну, зерттеу, тарату талпын-ысын арабтіліндегі Құран Кәрімді, Мұхаммед пайғамбар хадистерін, исламдық мәтіндерді игеру арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін болып табылатын. Мұсылманның парызы саналатын іс-әрекеттер(бес уақыт намаз, ораза, қажылық) де белгілі бір дәрежеде араб тілді мәтіндермен байланысты болды. Сондықтан ислам дінін игеру бірінші кезекте күрделі де көп салалы араб тілін жүйелеп, жіктеп, егжей-тегжейлі үйренуді талап етті .Осының бәрін иманды-білімді ұстаздар мен шәкірттері арқылы жүзеге асатынын ғұлама толық түсініп дұрыс шешкен. Рухани тазалық пен кемелдікті мақсат еткен Ясcауи жан тазалығы, ар тазалығы, жүрек тазалығы қағидаларын бірінші орынға қойды. Ол өз ілімін қоғамды тәрбиелеуші, түзетуші ар ілімі ретінде түсіндірді. Қожа Ахмет Яссауи XII ғасырдың басында өзінің алғашқы шәкірттерін түрік әлемінің түрлі қиырларына жібереді.Қызынан туған өзінің жиенін Ахмет Сопы – Қайалыққа,Хәкім ата Сүлеймен Бақырғаниды Үргенші қаласына жібереді. Ахмет Яссауидің сыбайластары мен шәкірттері: Хәкім ата (582/1183 ж. қайтыс болған) және Саид Ата (615/1218 ж қайтыс болды) өз шейхтарының рухани әдісін Сырдария мен Жайық бассейндеріне,Хорезмде және Шығыс Түркістанға таратты.Яссауи ілімінің таралу процесі Орталық Азияның далалық аудандарын исламдандырумен қолма-қол жүрді. Қожа Ахмет Яссауи өмір сүрген кезде оның шәкірттерінің арасында 12 мың таңдаулы және 99 мың қарапайым халықтан шыққандар болды.Оның Яссы қаласында 40 ханаках-чилляханы («шіркеу»,сопылық үшкіруге оқытатын 40 күндізгі курстардан өтуге арналған арнайы оқу орны) болды, онда түрік әлемінің әр түкпірінен келген көптеген зерттеушілер оқыды. Міне осылай ұлт ұстазының терең салихалы педагогикалық саясатының нәтижесінде Түркістан өлкесі қазақтың ағартушылық орталығына айналып,ғұлама бабамыз қоғамдық қайраткер дәрежесіне көтерілді.
Ұстаздық ілімін орнықтырған ғұлама ұстаз-Ыбырай Алтынсарин(1841-1889).Ыбырай атамыз ұстаздықты өз үйінен бастап,қазақтың әулет мектебінде қалыптасқан «Ата-ана-бас ұстаз» қағидатын сыныптық мектепке алып барған жаңашыл ұстаз .Себебі орыс-қазақ халық мектебі ашылғанға деін шәкірттерін өз үйінде оқытып,қазақтың әулет мектебін халық мектебіне ұластырып, енді «Ұстаз-шәкірттердің екінші ата-анасы болуға тиіс екенін»- өз үлгісімен көрсете білді. Жалпы қазақ халқы ұстазды ерекше қадір тұтып, барынша сыйлап,ата-анасындай көретін дәстүрі бар жұрт.Кәзір жер басып жүрген әр қазақтың жүрегінде алғашқы ұстазы анасымен бірге сақ таулы.Ыбырай атамыз ұстаз тіптен де,ерекше ққадірлі де,қажет болған. Қазақ халқының келешегі тек өнер-білімде деп түсінген. Білім сапасы мұғалімге байланысты. Оқыту мен тәрбиелеуде басты күш – ұстаз тұлғасы. Ыбырай айтқандай «Халық мектептері үшін мұғалім бәрінен де қымбат болып табылады. Олармен ешбір керемет педагогикалық басшылық та, мұқият инспекторлық бақылау да тенесе алмайды», « мұғалім-мектептің жүрегі.»Ы.Алтынсаринның ұстанған басты қағидасы баланың жеке басын қадірлей отырып,оны ізгілікке, қайырымдылыққа жұмылдыру болды Ағартушы ұстаз елге үлгі боларлық шығармалар жазу барысында алдына мақсат қойды. «Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа , тазалыққа , отырықшыл тұрмыстың артықшылығына үйретудің өзі қазақ даласына тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білемін»-дейді. Өз шығармаларында адамгершілікке тәрбиелеу идеясын көтеріп , оны шешудің жолдарын іздестірді. Шығармаларының идеясы-шыншыл , еңбексүйгіш , әдепті , қоғам белсендісін тәрбиелеп және оларды ғылым-білімге үйрету еді. Ата-ананы сыйлау , құрмет тұту ана қадірін түсіну , жақын достарын сыйлай білу керек деген жалпыхалықтық қағиданы әрқашан бала зердесіне салып отыру әрбір тәрбиешінің міндеті дейді . Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық көзқарасынан да бүкіләлемдік тәлім тәрбиенің алтын діндегі гуманистік көзқарас, яғни шәкіртке жылы жүректі болу, мұғалім мен оқушы арасындағы ынтымақтастық принциптерінің көрініс тапқанын байқаймыз. Мысалы, өзінің екі кластық мектептерінің меңгерушілеріне жазған нұсқау хатында ол «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес. Ол балалармен сөйлескенде ашуланбай және жұмсақ сөйлесуі және шыдамдылық етуі тиіс, әрбір нәрсені де ықыласпен түсінікті етіп түсіндіру керек, орынсыз терминдерді қолданбау керек, мұндай сөздер оқушыларға түсініксіз болады да жалықтырып жібереді… Оқушыларды бағалағанда олардың іске мәнді қатнасы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың біліміне қарап бағалау керек», деп жазған еді, ал Н. И. Ильминскийге жазған бір хатында: ., “Шәкірттер кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын. … мен балаларды жазалауды сүйетін қатал адам емеспін. Бірақ тентек етіп өсірсең балалардың адамгершілік қасиетін бұзып аласың» – десе , « Жеміс ағаштары» атты әңгімесінде «тәрбиеде үлкен мән бар, ақыл кеңесті алмасаң анау тұрған үлкен ағашқа, қисық ағашқа ұқсап өсесің деп әке баласына берген ақыл ғибратын келтіру арқылы тәрбие жөніндегі көзқарасын білдіреді.
Міне, осылай ,Ұлы даланың ұлық ұстаздары негізін салған. «Ұстаздық ілімі» нақтылы іске асып,орныға түсті.Ұстаздық ілімге қатысты орынды да,ойлы пікір білдірмеген бір де бір ойшыл жоқ. Жүсіп Баласағұнидің ойынша, ұстаздық ететін адамдары аз, оқып- үйренуге ұмтылатын шәкірт жастары жоқ жұрт ешқашан надандықтан құтыла алмайды. Нағыз надандық хат танымағандық және оқып- танымағандық емес, көңілдің жан- дүниенің көрсоқырлығы. Сондықтан ақынның ойынша, әрбір адам үшін қараңғылықтан, надандықтан құтылудың ең дұрыс жолы – адам ешбір басқадай жолмен емес, тек қана дұрыс өмір сүру арқылы өз әлемін таба алады. Мысалы: От парызы – жану. Онсыз жай ғана көмір. Қант парызы – оның тәттілігі. Тәттілігі болмаса, жай ғана сусымалы зат. Сол сияқты біздің парызымыз да ар-ұжданымызға құлақ түру. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.» –дейтін Абай атамыз: «Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға,ақырын жүріп,анық бас,еңбегің кетпес далаға»-деп ұстаздарға тамаша кеңес береді.Ал,шәкірттерге: “Қашан бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты Адам болады.” « Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі білсем екен демекілік. Не көрсе соған талпынып, “ол немене?”, “бұл немене?” деп, “ол неге үйтеді?”, “бұл неге бүйтеді?” деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегені.»Осы қажеттілікті қанымдау тек ұстаздардың қолынан келеді.
Ұлт көсемі,ғалым-педагог А.Байтұрсынұлы: «Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, мето-дикадан хабардар оқыта білетін мұғалім. Екінші – оқыту ісіне керек құралдардың қолайлы, һәм сайлы болуы. Құралсыз іс істелмейді, һәм құралдар қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы. Үшінші – мектепке керегі белгіленген программа. Жаңа жолдың көшбасшысы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері соны, пікірлері жаңа – ниетті, жұртына қызмет ету…»Ал,тәрбие хакімі: «Баланың бойына ұлттық құндылықтың нәрін сеуіп, азамат қылып тәрбиелейтін ұстаз. Сондықтан да ұстаз білімді де білікті болуы керек. М.Жұмабаев кезінде: «Әрбір ел келешегіне негізді балаларын тәрбиелейтін, даярлайтын мектебімен салмақ. Бір елдің тағдыры – мектебінің құрылысына байланысқан нәрсе»-деген екен.
Түптеп келгенде, ҚОҒАМ МҰҒАЛІМГЕ ЕРЕКШЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ. МҰҒАЛІМ ТӘРБИЕСІНЕ ЕҢ КӨНГІШ КЕЗІНДЕГІ АДАМ СЕНІП ТАПСЫРЫЛАДЫ. МҰҒАЛІМ БАЛАНЫҢ БІЛІМІН, ИКЕМДІЛІГІН, ӘДЕТІН, МҰРАТЫН ЖӘНЕ ӨМІРЛІК МАҚСАТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ, ЯҒНИ ОНЫҢ ҚОЛЫНДА АДАМНЫҢ ӨМІРЛІК ТАҒДЫРЫ ТҰР.
КЕЗІНДЕ КӨНЕ ГРЕК ФИЛОСОФЫ ПЛАТОН БЫЛАЙ ДЕГЕН ЕКЕН ЕДІ: «ЕГЕР КЕБІС ТІГУШІ ОЛАҚ БОЛСА, МЕМЛЕКЕТ БҰДАН КӨП ЗАРДАП ШЕГЕ ҚОЙМАЙДЫ – БАР БОЛҒАНЫ АЗАМАТТАР БІРШАМА НАШАР КИІНЕР, АЛ ЕГЕР ҰСТАЗ ӨЗ МІНДЕТІН НАШАР ОРЫНДАСА, ОНДА ЕЛДЕ НАДАНДАР МЕН БҰЗАҚЫЛАР КӨБЕЙІП КЕТЕДІ». Д. В. ЛУНАЧАРСКИЙДІҢ СӨЗІ ДЕ ОСЫ ОЙҒА ҮНДЕС: «ЕГЕР АЛТЫН ІСІНІҢ ШЕБЕРІ АЛТЫНДЫ БҮЛДІРСЕ, ОНДА АЛТЫНДЫ ҚАЙТА ҚҰЮҒА БОЛАДЫ. ЕГЕР БАҒАЛЫ ТАС БҮЛІНСЕ, ОНДА ОЛ ЖАРАМСЫЗ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ, АЛАЙДА ЕҢ БАҒАЛЫ ДЕГЕН ГАУҺАР ТАСТЫҢ ӨЗІ, ЖАҢА ТУҒАН АДАМНАН ҚЫМБАТ ЕМЕС. АДАМНЫҢ БҰЗЫЛУЫ – НЕ ҮЛКЕН ҚЫЛМЫС, НЕМЕСЕ ОРНЫ ТОЛМАС ӨКІНІШКЕ АЙНАЛАДЫ. СОНДЫҚТАН БҮЛ МАТЕРИАЛМЕН МҮЛТІКСІЗ, ОДАН НЕ ЖАСАЙ АЛАТЫНЫҢДЫ КҮНІ БҰРЫН БІЛЕ ОТЫРЫП ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАЖЕТ» – ДЕГЕН.
ИӘ,бүгінгі ұстаз,өз алдына үлкен мақсаттар қоя отырып,өз лабароториясында нелер педагогикалық зерттеулер жүргізіп,заманауи технологиялар негізінде білім беріп,тірбиелеудің ғылыми әдіс-тәсілін қорытып шығаратын ғалым-менеджер педагог.Оған көрсетілетін көмек,жасалатын жағдай,беделін артыратын демеулік үлкен де,мәнді,асыл да құнды болу керек.
Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым-жазушы) 14.12.2018

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *