Халықаралық кітап көрмесі
Журналистика факультеті “Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының” 3-курс студенті Мөлдір АМАНГЕЛДІ
20 қарашада «Атакент-Экспо» халықаралық көрме компаниясының ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолымен – 2024» ХІІ Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі өтті. Көрменің мақсаты – заманауи кітаптарды кеңінен тарату, отандық кітап ісін нығайту, баспагерлер мен полиграфистер арасында тәжірибе алмасу және ұлттық кітап нарығында отандық өндірушілерді қолдау. Көрмеде баспа және цифрлық өнімдер ,кеңсе тауарлары, полиграфиялық жабдықтар мен қызметтер көрсетілген. Көрме аясында «Атамұра», «Алматыкітап», «Мектеп», «Arman-PV», «Дарын», «Адал Кітап», «Smart University» секілді Қазақстанның жетекші баспаларының жаңадан шыққан кітаптарының тұсаукесерлері өтті.
Көрмеге шетелдік баспа ісімен айналысатын компаниялар мен университеттер келіп қатысты. Германия, Ресей, Өзбекстан, Иран, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінен мамандар мен кеңесшілер жиналды. Шетелдік университеттер өздерін таныстырып, студенттер мен мектеп оқушыларын шетелге оқуға шақырды.
«Атамұра» баспасында Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа» кітаптары 2 тілде жаңадан басылып халық назарына жол тартты. Шараға жазушы Ермахан Шайхыұлы, «Атамұра» корпорациясының президенді Рақымғали Құл-Мұхаммед, журналист Қайнар Олжай, ақын Серік Қалиев, Бердібек Соқпақбаеваның қызы Самал Соқпақбаева мен немересі қатысты. Іс-шарада балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығы жайлы әңгіме өрбіді.
Көрме барысында түрлі шетелдік университеттермен танысып шықтық. Кеңесшілер барынша келушілердің көңілін аулап қалам, күнтізбе, жеке логотипті қаламсаптарын сыйлыққа ұсынды. Қазақстандық баспалардың ішінде өзіме қатты ұнағаны «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» республикалық мемлекеттік мекемесі. Бұл баспаның ерекшелігі аты айтып тұрғандай көру қабілеті нашар адамдарға арнап кітап басып шығарады. Кітап арнайы нүктелер арқылы, глянцы қағазынан жасалған. Бұл кітапханада Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы жарық көрген. Арнайы орталықта оқымаған зағип жандар үшін де жағдай қарастырылған. Ол үшін арнайы аудиокітаптар да бар екен. Біздің кітап саласында осындай мүмкіндіктер бар екенін көріп қатты қуандым.
Көрменің соңына қарай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультеті, Баспагерлік-редакторлық дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақмтандағы баспа ісі: келешегі мен келелі мәселесі» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел аясында баспа ісінің аға оқытушылары мен дизайн мамандарының пікірлері айтылды. Темірғали Көппаев баспа ісіндегі бірқатар мәселелер мен жетістіктерді атап өтті. Баспа саласының дамып келе жатқанын, келешек жастардың қолында деп пікір білдірді. Рамазан Айгүл Әмірғалиқызы кафедраның оқытушыларын жиналған қонақтарға таныстырды. Сонымен қатар Филология ғылымдарының кандидаты Қарлыға Мысаева да өз тезисімен бөлісті. 1) Ғылыми терминдердің бірізді болмауынан, аударма тілі ауыр екенін 2) Қазақ тілі ғылым тілі бола алады деп пікір білдірді. Қарлыға Мысаеваның тұшымды пікірлері маған да ұнады. Келесі кезекті Бейсен Серікбай мен Жанарбек Берістенов алды. Дизайн мамандарының айтуы бойынша Қазақстанда кітап дизайнының деңгейі шетелдік кітап дизайндарынан төмен. Кітаптың мұқабасын жасауды нағыз өз ісінің шеберлеріне табыстау керек деп кеңес берді. Жанарбек Берістенов «Қазақстандық кітаптардың ішінде иллюстрация жоқ, кітапты адам сезініп оқуы үшін иллюстрацияның маңызды екенін алға тартты. Болашақта кітап иллюстрациясына жоғарыдан ақша бөлінсе деп ұсыныс тастады».
Жалпы бұл көрме менің мәдени көзқарасыма үлкен әсерін тигізді. Көрмедегі кітаптарды ұстап, көріп әлемдік бесстселлер кітаптармен тағы да таныс болдым. Осындай көрмелердің жиі болуы адамзаттың оқу мәдениетін арттыруға көмек береді деп ойлаймын.