Іскерлік қарым-қатынас этикасы

ІСКЕРЛІК ҚАРЫМҚАТЫНАС ЭТИКАСЫ

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — 90 жылдық тарихы бар, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет білім мен ғылым саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, қазіргі таңда әлемдік оқу орындарының қатарында өз орнын нығайтқан беделді білім ордасы болып табылады.

Бұл оқу орнында болашақ мамандардың кәсіби-психологиялық құзыреттілігін қалыптастыру және дамыту мақсатында «Басқару психологиясы» пәні оқытылады. Бұл пән ұжымдарды, мекемелерді, ұйымдарды тиімді басқарудың және жұмыс сапасын арттырудың психологиялық модельдері мен әдістерін қарастыратын пәнаралық ғылым ретінде маңызды орын алады. Пән аясында ұжымда қарым-қатынас орнату, басқару стратегияларын қолдану және кәсіби қарым-қатынас психологиясы мәселелері зерттеледі.

Психология ғылымдарының кандидаты, профессор Назираш Сүлейменқызы 1-курс магистранттарына «Іскерлік қатынас және кәсіби қарым-қатынас психологиясы» тақырыбында дәріс өткізді. Сабақ барысында магистранттар іскерлік қарым-қатынастың түрлерін, іскерлік этиканың негіздерін және кәсіби қарым-қатынас принциптерін талқылады. Сабақ соңында студенттер іскер адамның психологиясы мен іскерлік этикасын қамтитын жобалар әзірледі.

Іскерлік қарым-қатынас дегеніміз — қызмет саласындағы адамдар арасындағы байланыс орнатуға, ақпарат және тәжірибе алмасуға, сондай-ақ бірлескен істерді жүзеге асыруға бағытталған күрделі процесс. Ол жалпы адами мораль нормалары мен мінез-құлық ережелеріне негізделеді.

Іскерлік этика — бұл адамдардың кәсіби қызмет барысында ұстанатын мінез-құлық нормалары мен ережелерінің жүйесі. Ол жауапкершілік, уақытты тиімді басқару (тайм-менеджмент), киіну мәдениеті, сөйлеу әдебі сияқты маңызды аспектілерді қамтиды. Мысалы, әріптестермен қарым-қатынаста сыпайылық таныту, «сіз» деп сөйлеу, «мырза» және «ханым»сияқты сыпайы атаулар қолдану — іскерлік қарым-қатынастың негізі болып табылады. Іскерлік этика мен қарым-қатынас бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Кәсіби ортада қызмет ететін әрбір адам іскерлік қатынас пен этикалық стандарттарды сақтауы қажет.

Қорытындылай келе, «Басқару психологиясы» пәні магистранттарға кәсіби ортада қажетті коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруға, ұжыммен тиімді жұмыс істеуге және даулы мәселелерді оңай шешуге мүмкіндік береді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен білім алып шыққан түлектер осындай құзыреттіліктерді меңгеру арқылы қоғамда және кәсіби ортада жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады.

Жубаназарова Н.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

психология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.

Сайлинова Қ.К.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жалпы және қолданбалы психология

кафедрасының аға оқытушысы

Берікханова Арайлым,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Филология факультетінің    1-курс магистранты

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *