ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТЫЛСЫМ МЕКЕНДЕР

                                                                                                                                                                                                 Арифханова Айзада

Көк көл

Жамбыл облысында орналасқан Көк көлді “сиқырлы су арнасы” деп атайды. Бұл көлге ешқандай өзеннің ағысы кірмейді. Дегенмен көл тап-таза, тұнық. Ғалымдар осыған орай, су астында үңгір болуы мүмкін деп болжайды. Сондай-ақ ғалымдар бұл жерде су бетіне түскен затты сорып алатын шұңқырдың бар екенін айтады. Ежелгі түрік аңызына сүйенсек, Көк көлдің түбі жоқ. Зерттеушілер де бұл көлдің түбін тексере алмаған. Аңыздарда Көк көлде су айдаһары бар деп есептеген. Өлкетанушы Бичерский бұл көлде белгісіз мистикалық жануар бар екенін де зерттеп, растаған. Тіпті ол мұндай жануардың көлдің бетіне шығып кеткенін көрген екен. Вахташылар да мал бағып жүргенде, ешқашан көрмеген үлкен жануар суда жүзіп, жақын маңда ұшып жүрген құстарды судың түбіне алып кеткенін көргендерін айтқан. Кей кездері шынымен де су ішінде бір алып жануар жүзіп келе жатқанда, көл беті шымырлап, жұмбақ дыбыстар шығарады екен. Әрине, бұған көрген-білген адамдардан басқа ешбір дәлел жоқ.

Әнші құм төбесі

Әнші құм төбесі Алматы облысы, Кербұлақ ауданы жеріндегі Іле өзенінің маңында орналасқан. Ол үлкен және кіші Қалқан тауы етегіндегі құмды төбе болып табылады. Алматы қаласынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі 150 метр, ұзындығы 8 шақырым болса, ені 3 шақырым екен.

Әнші құм төбесі қазақ жеріндегі ең мистикалық жер деп айтуға болады. Бұл құмды “әнші құм” деп атаудың себебі, құмдар реактивті ұшақтың дауысындай дыбыстар шығарады. Бір қызығы, бұл дауыс бірнеше қашықтықтан өткен сайын күшейеді. Сол себепті жер де сілкіне бастайды. Бүгінде бұл жер толық зерттелмеген. Құмның қалай, қайдан пайда болғаны белгісіз. Осы жерге жақын орналасқан тұрғындардың айтуынша, құмның астында Шыңғыс ханның табылмаған зираты жатыр. Әрине, бұл жай ғана аңыз.

Өлген көл

Талдықорған облысы, Герасиловка аулында, ұзындығы 100 метр, ені 60 метрді құрайтын, атын естігенде дене түршігерліктей қорқынышты Өлі көл бар. Деректерге сүйенсек, мұнда суға кеткен адам көлдің бетіне қалқып шықпай, белгісіз себептермен көлдің түбінде ұзынынан тұрып қалады екен. Жергілікті тұрғындар бұл жерден бірнеше километр айналып өтеді. Қыс мезгілінде су қатпайды, жазда су жылымайды. Су, қысы-жазы суық болып тұрады.

Сондай-ақ, көлдің ішінде ештеңе өспейді, балықтар да тіршілік етпейді. Тіпті су асты жәндіктері де жоқ. Ал жоғарыдан шыбын, маса секілді жәндіктердің түрлерін кездестіре алмайсың. Енді бұл көлді неге Өлі көл деп атайтыны белгілі болар.

Арнайы ауа толтырылған баллонмен сүңгіген адам, үш минуттан соң белгісіз себептермен тұншығып, жағаға шығуға тырысады. Бұның барлығын ғалымдар көлдің түбіндегі улы газдың бар екендігімен байланыстырады. Суда тіршіліктің болмауы да осымен байланысты болса керек.

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *