“XX ғасырдағы кино өнері”

Сарыбаева Әсел, Досқара Гүлсамал, Жендей Адия, Серикова Аяулым, Белалова Анель, Мадыгулова Даяна, Таңатқызы Аяулым, Момынкулова Мерей, Бодаубек Гүлнұр, Амантайқызы Перизат, Қырғызәлі Ақбаян

Мәдени-тынығу жұмысы, 3 курс

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті

Алматы қ.

sarybaeva2004@mail.ru

Ғылыми жетекші: аға оқытушы, өнер магистрі A.Ж.Дүйсенбай

 

 

 

 

 

 

Түйіндеме

Мақалада  XX ғасырдағы қазақ киносы бірнеше кезеңдерге бөлініп қарастырылған. Ш. Аймановтың ең алғашқы жарық көрген фильмдері мен қазақ киносының қалыптасуы және қазақ фильмін жаңа  деңгейге көтерген талант жайлы айтылады.

Кілт сөз: кинодраматургия, кинорежиссура, жанр, қазақ фильм, сюжет, көрермен

 

Кино өнері – өмірдегі сан түрлі құбылыстарды, әлеуметтік психологияны, тіпті бірнеше саланы қамтитын әрі оны киноэкранда көркем бейнелейтін өнер түрі болып саналады. Себебі, әлемдік киноның бүгінгі беталысы, қозғап отырған мәселелері, көрермен қауымға әсер ететін ықпалы өте үлкен. Кино идеологиялық құралдан бұрын, ең бірінші «өнер» екені айдан анық. Бүгінде бұл өнер қоғам ішінде қалыптасқан түйткілді мәселелерді көпшілікке жеткізудің негізгі құралы. Байқасақ, кейінгі уақытта қазақ кинематографиясында жаңа фильмдер көптеп-ақ түсіріліп жүр. Мәселен, екі жыл бұрын отандық кино қоржынына бір жыл ішінде 36 көркем картина қосылса, оның 90-95 пайызы жекеменшік киностудиялар түсірген коммерциялық жобалар екен. Алайда экранға шығып, халыққа ұсынылып жатқан сол сансыз фильмдердің сапасы қай деңгейде? Жалпы, бүгінгі киноның кемшіліктері мен жетістіктері қандай?  деген сынды сұрақтар алаңдататыны сөзсіз. Рас, қазір ел ішінде қазақ киносы көп талқыға түсіп жүр. Бірі оның тарих тереңіне көз тастап, ежелгінің бағыты, сипаты бөлек, ұлтқа тиер пайдасын сөз етсе, екінші бірі бұрынғы мен бүгінгісін салыстырып, сынға алып әлек.

Қазақ киносының  қалыптасуы мен  өркендеуіне Кеңес дәуірі киносының тікелей әсері болды десек те, ұлттық әдебиетіміз, театр, музыка, бейнелеу өнері салаларының да әсері одан кем болған жоқ. Бүгінгі күнде  өз заңдылықтары  мен жеке тәжірибелік мектеп дәстүрін қалыптастырып үлгерген қазақ киносының тарихын бірнеше кезеңдерге бөліп қарастыруға болады. Жылдар аралығымен өлшенетін хронологиялық сипат ұлттық кино өнеріміздің ерекшелігін жалпы қазақ кино өнеріне әсерін бағалауға  мүмкіндік береді.

Қазақ киносының даму тарихын кезеңге бөліп қарастыратын болсақ нақты 7 кезеңі бар. Қазақ фильм бесінші кезеңінен бастап қарастырылған.

Алғашқы кезең: 1910-1927 жылдар аралығы – Қазақстан территориясын  кинофикациялау кезеңі. Бұл кезең қазақ даласына келген алғашқы жылжымалы  қондырғының қызметімен сипатталады, қазақ көрермені  алғаш рет экрандық шығармамен танысты, киноның құдіретін көрді, оған аса қызықты. Бірте-бірте кең етек ала бастаған кинофикация кезеңі кино өнерінің қазақ жерінде өріс алып дамуына тікелей әсер етті.

Екінші кезең: 1928-1938 жылдар аралығы – қазақ жерінде алғашқы хроникалық сюжеттер киноөндірісінің пайда болу тұсы. Бұл жылдары жалпы әлемдік кино өнері тарихында көп жаңалықтардың келген тұсы болатын. Дыбыссыз кезең өтіп, киноға «тіл бітті», кино өнерінің  жаңа сала ретінде теория тұрғысынан дәлелденген терең мүмкіндіктері қалыптаса бастады, монтаж теориясы жүйелендірілді» [1, 12б]. Міне, осындай жаңалықтар кезінде кеңес киносы құлашын кең жайып, шалғай жатқан қазақ ауылдарына да кинематограф арқылы жаңа үкімет саясатын насихаттауды мақсат етті, соның нәтижесі ретінде Қазақстанда «Востоккино» трестінің бір бөлімі ашылды.

Қазақ киносының тарихындағы үшінші кезең: 1938-1944 жылдар аралығы – бұл кезеңді ұлттық кино өнеріміздің қалыптасуына  алғы  шарттар тудырған кезең ретінде бағалауымыз керек. Алматы киностудиясы құрылады, алғаш рет ұлттық тақырыпта киносценарийлер конкурсы ұйымдастырылады, кино саласына жазушылар бет бұра бастайды. Соғыс жылдары Алматыда шоғырланған «Мосфильм», «Ленфильм» сияқты ірі-ірі киностудиялардың қызметі ұлттық киноөнеріміздің қалыптасуына тікелей әсерін тигізеді.

Ұлттық кино өнеріміздің «қалыптасуы мен өркендей бастаған тұсы төртінші кезеңді құрайды, бұл – 1945-1960 жылдар аралығы» [1, 17б]. Осы жылдары Алматы киностудиясының алғашқы  көркемсуретті фильмдері өндіріске жіберілді. Осы кезеңде ұлттық режиссура мектебі өріс алады. Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Ходжиков, Шәріп Бейсембаевтардың кинематографиялық шығармашылық жолдары қалыптаса  бастады. Кино саласында кәсіби деңгейде мамандар даярлау мүмкіндігі айқындалды.

1960-1970 жылдар тұсы – ұлттық киномыздың өрлеу жылдары болып есептеледі. Бұл кезеңде қоғамдық жаңа қарым-қатынастардың түр-түрі, әлеуметтік мәселелер тұрғысынан болып жатқан жаңа өзгерістер, өмір шындығы, жеке кейіпкер психологиясы сияқты терең мазмұнды құбылыстар экрандық көркем  шығарма тақырыбына айналды» [1, 18б]. Осы жылдары кино өнері мен ұлттық әдебиет арасындағы байланыс та күшейе түсті, нәтижесінде экранға тарихи, жаңа заман тақырыптары және эпостық шығармалардың экрандалуындағы үздік мысалдары бола алатын «Қилы кезең»,  «Атамекен», «Қыз-Жібек», «Менің атым Қожа», «Тұлпардың ізі» сияқты кинотуындылар келді. 60-70 жылдар киносы кезеңі, әсіресе, режиссура шеберлігінің кәсіби деңгейіне көтерілуімен сипатталады. Ұлттық режиссура мектебінің негізін қалаушы режиссерларымыздың шығармашылықтарындағы ең үздік фильмдері («Менің атым Қожа» – 1963, реж. Абдолла Қарсақбаев; «Алдар-Көсе» – 1964ж., «Атамекен» –1966ж, реж. Шәкен Айманов; «Тұлпардың ізі» – 1964ж., «Қилы кезең» – 1966ж., реж.Мәжит Бегалин; «Арман-атаман»-1967ж., реж. Шәріп Бейсембаев; «Қыз-Жібек» – 1970ж., реж.Сұлтан Ходжиков) осы жылдары экранға шығарылды.

70-80 жылдар тұсы – қазақ киносында кинорежиссурада тоқырау жылдары болса, кинодраматургия саласында, керісінше, өрлеу кезеңімен сипатталады. Әдеби шығарманы экрандаудың жаңа сатысы киноға театр режиссерларының келуіне ұласады» [1,20б]. Бұл жылдары әдеби шығармалар желісімен көптеген фильмдер экранға жол тартты: Мұхтар Әуезов туындысы «Көксерек» (1973ж, реж. Т.Өкеев), Дулат Исабеков шығармасы «Гауһартас» (1975ж, реж. Ш.Бейсембаев), Әбдіжәміл Нүрпеисов трилогиясы бойынша «Қан мен тер» (1978ж, реж. Ә.Мәмбетов), Әнуар Әлімжанов шығармасы «Жаушы» (1980ж, реж. Ә.Мәмбетов).

1980-1990 жылдар аралығы – «жаңа толқын» кезеңі» [1, 22б]. Кино тілінің  жаңа мүмкіндіктері жаңа режиссурамен бірге келді. Киношығарманың негізгі мазмұны жеке кейіпкердің ішкі сезімі төңірегінде өрбітілді. Жаңа толқынмен экранға тосын кейіпкер келді. Шығармашылық ізденістер қазақ киносын тағы бір деңгейге көтерді, жас режиссерларымызды әлем тани бастады. Соңғы жылдары түсірілген фильмдеріміз аса дәрежелі халықаралық кинофестивальдарда жоғары бағаланып жатты. Бұл, сөзсіз, ұлттық кино өнерінің зор жетістігі болып есептелді.

Әрине, кино пайда болысымен түрлі түсті, дыбысты болып шыққан жоқ. Ол көптеген асулардан өтіп, дәл қазіргі қалпына келді. Оның дүниеге келуімен, «театрлар жабылады» дегендер де болды. Алғаш кино «жанды фотография» түрінде пайда болып, көп кешікпей көркем фильм, деректі кино және ғылыми-көпшілік кино деп аталатын үш салаға бөлінді. Тұңғыш фильмдерде баяндалатын оқиға таспаға ірі бөлшектермен түсіріліп, бір-бірімен астына жазылған мәтіндер арқылы ғана жалғасты. Кинода дыбыс болмағандықтан, актерлер сөйлейтін сөздің орнын театрлық шебер ойынымен, бейнелі ыммен толықтырды. «Кино өнері тәуелсіздіктің алғашқы жылдары үлкен маңызға ие болды. Өйткені ол кезеңде режиссерлер кеңестік комплекстер мен сол кезден қалған синдромдандан құтылу жолын іздеді. Киностудиялар бірлестігінің арқасында 1990 жылы 14 көркем фильм экранға шықты. Бұл кезде жеке киностудиялардың үлесі жоғары болды» [2]. Мәселен, 1991 жылы 18 көркемсуретті туындының тең жартысы жекеге тиесілі болған. Одан кейінгі жылдарда да киностудия өндірісі мемлекеттік қаржы есебімен түсірілген фильмдермен терезесі тең, кейде тіпті басым түскен.

Қазан төңкерісінен кейін пайда болған қазақ киносының алғашқы туындысы «Амангелді» деп аталды. «Ленфильм» студиясында түсірілген көркем фильм ұлт батыры Амангелді Иманов туралы болатын. Оның режиссері Марк Левин болса, Амангелдіні сомдаған әртіс Елубай Өмірзақов еді. Міне, осылай алғаш қазақ киносы өмірге келді. Сұрапыл соғыс жыларында «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары бөлімшесінің Алматыда болуы қазақ киносының одан әрі өркендеуіне әсерін тигізді. Бұл студиялар Алматыда өзара бірлесіп, ЦОКС (Біріккен орталық киностудия) деген атпен өзінің қызметін бастады. «1941 жылы 12 қыркүйекте Алматыда көркем фильмдер шығаратын киностудия ұйымдасып, 1944 жылы ол Алматының көркем және деректі-шежірелік фильмдер студиясы (1960 жылдан «Қазақфильм») деп аталды. Дәл осы мерейлі күнді, яғни 12 қыркүйекті «Қазақ киносының күні» деп атауды Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Бауыржан Нөгербеков, 2005 жылы ұсынған болатын. Сол уақыттан бері бұл атаулы күн тойлануда. Қазақ киносында «Амангелдіден» кейін талай-талай ұлт бейнесін, қазақ тағдырын, бүгіні мен кешегісін суреттейтін туындылар дүниеге келді. Әсіресе ел жадында «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Девушка джигит» және т.б. көптеген фильмдер сақталып қалған. Жарты ғасырдай тарихы бар бұл туындылар әлі де болса көрерменнің сұранысында» [2].  Қазақ киностудиясы алғашқы ұйымдасқан кезінен бастап 100-ден астам көркем фильм және 500-дей деректі фильм шығарды. Бұл фильмдер тақырыбы жағынан әр алуан. Экранға қазақ халқының өткен өмірін көрсететін, «Абай әні» (1946), «Шоқан Уәлиханов» (1957), «Қыз Жібек» (1972), «Сұлтан Бейбарыс» (1989), «Отырардың күйреуі» (1992), «Махаббат бекеті» (1993), «Жамбылдың жастық шағы» (1996) т.б. картиналар шықты. Балаларға арналған «Қанатты сыйлық» (1956), «Менің атым Қожа» (1963), «Қызыл тас заставасы маңында» (1969), «Көксерек» (1973), «Алпамыс мектепке барады» (1976), «Балалық шақтың кермек дәмі» (1983), «Сүйрік» (1984), «Ауылым Алатаудың баурайында» (1985)  т.б. секілді фильмдер жарық көрді. Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейін киноның жағдайы мүлде өзгерді. Бұрын идеология құралы саналатын өнер түрінің Қазақстанда дамуы баяулап, сапасы да төмендеді. Тек соңғы жылдарда ғана бұл салаға қайта көңіл бөліне бастады. Өмірге көптеген жаңа туындылар келді. Шедевр-фильм, оқиғалы-фильм, ұмытылатын-фильмдер бар. «Соғыстан кейінгі жылдары, әсіресе, деректі кино өндірісі қарқынды өркендейді. Республика өмірінде болып жатқан маңызды оқиғалар мен құбылыстар негізінен киножурналдар мен деректі фильмдерде көрініс тапты. Егер, 1946 жылы студияда бар болғаны екі деректі очерк түсірілсе, 1948 жылдан бастап, әр апта сайын қазақ және орыс тілдерінде «Советтік Қазақстан» киножурналын шығара бастайды. Бұрын «Советтік Қазақстан»  журналын бір-екі  ғана режиссер монтаждаған болса, ендігі жерде О.Әбішев, Г.Баканова, Е.Бельская, Н.Гольденберг, Х.Дәулетбеков, М.Слуцкая, Э.Файк секілді режиссерлар жұмыла кірісе бастайды.  Алайда, бұл жылдары түсірілген фильмдердің көркемдік сапасы айтарлықтай сәтті болмады. Өйткені, авторлардың оқиғаға байланысты жеке көзқарасы, бақылауы көрінбей, фильмдердің кейіпкерлері бірін-бірі қайталап отырды.

«Қазақфильм» – Қазақстанның ең ірі киностудиясы, оның негізі 1934 жылға тиесілі. Бастапқыда ол Алматы кинохроника студиясы ретінде құрылды, бірақ 2 жылдан кейін алғашқы деректі фильм түсірілді. Студияның негізін қалаушы – Қазақстан КСР үкіметі.

Ш. Айманов қазақ киносын дамыту үшін көп жұмыс жасады. Ол «Райхан» (1940), «Абай әндері» (1945), «Алтын мүйіз» (1948), «Жамбыл» фильмдерінде ойнады. Режиссер Е. Дзиган мен драматург Н. Погодин алдымен Ш. Аймановты эпизодтық рөлге шақырды, бірақ жұмыс барысында ол осы аттас фильмде Жамбылдың басты рөлін ойнады. Бұл рөлді сәтті ойнағаннан кейін актер халық арасында танымал болды. Осы уақытқа дейін көрермендер экранда жасаған Жамбыл мен Алдар Көсе бейнелерін есіне алады және жақсы көреді. Алдар Көсе рөлі үшін Ш. Айманов 4-ші байқаудың арнайы дипломын – Орта Азия және Қазақстан Республикалары кинематографистерінің жарысында алды.

Шәкен Айманов (1953 жылдан бастап) «Қазақфильм» студиясының көркемдік бөлігін басқара отырып, қазақ киносының дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ киносының жетістігі «Махаббат туралы Поэма» (1954), «Дала қызы» (1955), «Біз осында тұрамыз» (1957), «Біздің сүйікті дәрігеріміз» (1957), «Бір ауданда» және «Ән шақырады» (1960-1961, сценарий авторларының бірі), «Қиылыс» (1963), «Алдар Көсе» (1964), «Әкелер елі» (1966), «Бас сүйектегі періште» (1968), «Атаманның соңы» (1970), олардың кейбіреулері түрлі байқау-жарыстар мен кинофестивальдердің дипломдары мен сыйлықтарын алды.

Ш. Айманов – ҚазКСР Кинематографистер одағы басқармасының негізін қалаушылардың бірі және өмірінің соңына дейін 1-хатшысы болып жұмыс атқарды (1958-1970). Ленин орденімен, басқа ордендермен және медальдармен марапатталған.

Актер мен режиссердің шығармашылығына «Шәкен Айманов» (1974) деректі фильмі арналды. Алматыда «Қазақфильм» көшесі мен киностудиясы Шәкен Аймановтың есімімен аталды. Шәкен Айманов тұрған үйде және киностудия ғимаратында ескерткіш тақталар орнатылған. Киностудия жанынан Аймановтың мұражай-кабинеті құрылды. Павлодар қаласында Шәкен Айманов атындағы кинотеатр ашылды. Алматыда 2003 жылдан бастап жыл сайынғы «Шәкен жұлдыздары» ойын және анимациялық фильмдер фестивалі өтуде.

1948 жылы  жарық көрген «Советтік  Қазақстан» киножурналының көптеген сандарында алдыңғы қатардағы озат әйелдердің бейнесі көрініс тапты. Мәселен, №16 арнайы тақырыптық санында облыстық, аудандық және қалалық комитеттерін басқарып отырған әйелдер бас қосқан республикалық семинарға арналады. «Ауылдан келген қыздар» (реж. Х.Дәулетбеков, опер. Н.Кононов) киноочеркінде  Қазақ қыздар педагогикалық институтында оқитын студенттердің өмірін көрсетсе,  «Жас таланттар» (реж.  Х.Дәулетбеков, опер. И.Гитлевич) Алматы консерваториясының студенттері туралы әңгімеленеді. «Советтік Қазақстан» киножурналының жиі шығып отыруы  халық шаруашылығының маңызды мәселелерін көрсетумен қамтамасыз етті. Журналдың көптеген сандарында озат еңбеккерлердің  тәжірибесі көрініс тауып, режиссерлар әрбір санын сюжеттік тұрғыдан түрлендіріп отыруға талпынды» [3]. Кино өнері бұл тек фильмдер өндірісі емес, сонымен бірге оның насихаты да. Қазақ киносының насихаты өте қажет екеніне жиі көзіміз жетіп жүр. Өкінішке қарай, олар тек заманауи экраннан жиі көрінетін өнер иелері (әншілер, коммерциялық фильмдер актерлері, әзіл-сықақ театрларының актерлері, т.б.) мен фильмдерді (көбіне коммерциялық фильмдер) ғана біледі. Яғни бүгінгі жас ұрпақ қазақ киносының тарихынан хабарсыз. Себеп – насихаты жеткілікті емес.

Кино – қоғам өмірінің айнасы. Олай дейтініміз, әлемдік киноның бүгінгі бет алысы мен қозғап отырған мәселесі көрермен қауымға ықпал етеді. Соңғы жылдары біздің елде де киноиндустрияға көңіл бөліне бастады. Десе де, бүгінде қоғам арасында отандық кино саласы көп сынға ұшырап жүр. Кино жанрлары — ішкі құрылымдарының ұқсас сипаттары негізіндегі кинолық шығармалардың топтары. Жанр — бұл жай ғана фильмдерді олардың стильдеріне, пішініне немесе мазмұнына сүйене айқын түрлерге бөлу. Көптеген фильмдер оңайша мелодрама, драма немесе комедия сияқты санаттарға жатқызылуы мүмкін. Алдымен жанр түрлеріне бөлетін болсақ:

Аниме (Мульт жанры), Военные (Әскери), Вестерн (Батыс), Боевик (Шытырман), Детектив (Із кезуші), Комедия (Қызықты), Семейный (Отбасылық), Криминал (Қылмыстық іс), Фантастика (Таңғажайып), Драма (Қайғылы оқиға), Мелодрама (Махаббат, Мұңды), Ужасы (Қорқынышты), Мистика (Тылсымдық), Приключение (Қиындық), Мультфильм, Спорт, Сериалы (Сериал) – көп бөлімді кино,фильмдер, Документальные (Деректі), Исторические (Тарихи), Отечественные (Отандық), Триллер (Қорқынышты), Трейлер (Кинодан үзінді), Саундтреки (Кинода жүретін әндер), Фэнтези.

Ал, Қазақстанда осы жанр түрлерінен атап айтар болсам отандық фильмдер комедия бағытында аса көп таралған. Себебі, күйбең тіршіліктен, ауыр жұмыстан, жалпы қоғам ішінде туған резонанстардан шаршаған халық арзан күлкі, жеңіл әзілге құрылған фильмдерді ұнататыны анық.

«Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – деді Президент Қ.К. Тоқаев [3].

«Ел боламыз десек, экранды түзеу» керектігін еске салған Мемлекет басшысы бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кеткенін айтып, бірнеше түйткілді мәселенің басын ашты. Президенттің айтуынша, қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал ететін бірден-бір сала – кино өндірісін елімізде жақсы дамыған деп айту қиын. Оған бірнеше себеп бар. Отандық киноны дамыту үшін жаңа көзқарас, жаңа серпін қажет екенін айтып, бұл үшін кинотеатрларға келушілердің санын анықтайтын цифрлық жүйені құру орынды екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент киноиндустрияны экономиканың жеке секторы ретінде қарастыра отырып, салада жинақталған проблемаларды кешенді және дәйекті түрде шешу қажеттілігіне тоқталды. Киносыншы Гүлнар Әбікееваның пікірінше, қазақстандық кинематографияны креативті индустрия деп санайтындар аз, өйткені бізде Президент айтқандай, кинофильмдердің кассалық жинағы бойынша ресми статистика жоқ, фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмаймыз. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаевтың айтуынша, кинотеатрға келушілердің санын анықтайтын цифрлық жүйе жасалып жатыр. Нарық қатысушысы, кинотеатрлар мен дистрибьюторлардың көптеген талабын реттеу қажеттігінен бұл жұмыс ұзаққа созылып кетті. Әйтсе де, біршама сынақтан өтіп, жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарлануда. Өнеркәсіп статистикасыз өмір сүре алмайды, сондықтан мұндай жүйе өте қажет.

Қорытындылай келе, кезінде әдебиет белгілі бір идеологиялық мақсатта ғана емес, ұлттың рухын бекітетіндей, өзінің тұғырын нықтайтындай аса бір маңызды рөл атқарса, бүгінде сол жауапкершілікті кино өнері мойнына алып отыр. Осындай бір жауапты кезеңде біздің кино міндетті түрде ұлттық болуы шарт. Яғни фильм басынан аяғына дейін  діни немесе басқа емес, таза ұлттық мақсатқа, ұлттық мүддеге құрылуы тиіс. Өйткені кино – идеологияның басты құралы. Осы орайда ұлы кемеңгер Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөзін әңгіме етіп отырған саламызға қарай лайықтау қажет. Әлемдік көшке ілескен біздің елдің де кино саласында қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай болмаса да, біраз халықаралық байқауларда қазақстандық фильмдер мен актерлер жүлделі оралып жүр. Жалпы комедия жанрының көп түсірілуі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен тұрмыс-тіршілігіне тікелей байланысты болып отыр. Халықтың бүгінгі жағдайы комедия емес, драма десек, артық айтқандық емес. Себебі, күйбең тіршіліктен, ауыр жұмыстан, жалпы қоғам ішінде туған резонанстардан шаршаған халық арзан күлкі, жеңіл әзілге құрылған фильмдерді ұнататыны анық. Сондықтан да болар, біздің қоғамда комедияға сұраныс көп. Әрине, мұнымен отандық кинодағы даму үдерісі тоқтап қалмасы анық. Алдағы уақытта ерекше қарқын алуы да ғажап емес. Десе де, отандық фильмнің айналасындағы проблемалар да аз емес. Отандық киноның ұлттық болмыс пен ұлттық типаждан ажырап бара жатқаны бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе болса, мемлекеттік телеарналардан комедиялық сериалдар мен фильмдерге жиі орын берілуі де толғантарлық жағдай. Данышпан Гиппократ айтқандай, «Өмір жолы – қысқа, ал өнер жолы – ұзақ» демекші, отандық кино өнерінің ғұмыры ұзақ болуы үшін де алдағы уақытта әлемдік бәсекеде еш төмендемей, үнемі үздік туындылармен толығып отырғанын қалаймыз. Бұл – қазақ киносының келешегіне алаңдаулы барша киносүйер қауымның ортақ тілегі деп білеміз.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *