Менің университетім-мол мүмкіндіктер мекені

Менің университетім-мол мүмкіндіктер мекені

 

Білікті маман-әр елдің, әр ұлттың баға жетпес байлығы. Олай болса, талантты, білімге ынтасы зор, талаптылар үшін жоғарғы оқу орындарының көп болуы-табиғи заңдылық. Себебі, осындай оқу орындарын бітірген мамандар білімді, қабілетті, іскер, ұлтжанды болса еліміздің дамуы да соғұрлым жедел болмақ. Сол мақсаттарға сай Қазақстан астанасы Алматы қаласында 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды.

Тарихы тағылымға толы бұл университетке әлемге әйгілі ойшыл ғұлама ғалым Әл-Фарабидің есімі берілген. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті (ҚазҰУ) деп аталады.

Тоқсан жылға жуық тарихы бар Қазақ Ұлттық Университетінде 25 мыңнан астам студенттер мен магистранттар білім алуда.

Университетте студенттердің алаңсыз білім алуына жақсы жағдайлар жасалған:

  • 18 студенттік жатақхана
  • 1600 орындық Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы
  • Ғылыми кітапхана
  • Спорттық кешен және стадион, «Керемет» атты студенттерге қызмет көрсету орталығы, интернет орталық, тамақтану комбинаты студенттер үшін жұмыс жасап тұр.

Қазіргі таңда университетте 16 факультет, 67 кафедра, 35 ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттары және ғылыми-технологиялық парк, әскери кафедра жұмыс жасауда. Сондай-ақ ҚазҰУ әлемнің 418 ірі халықаралық жоғарғы оқу орындарымен ынтымақтаса қызмет жүргізуде.

Қазақ Ұлттық Университетінің студенттеріне еліміздің және әлемнің үздік ғалымдарының жетекшілігімен ғылыммен айналысуына, шет елдің ең үздік университеттеріне академиялық мобильдікпен семестрлік оқуға баруына, халықаралық білім бағдарламалары бойынша білім алуға көп мүмкіндіктер берілген.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғарғы білімді мамандар даярлау жолындағы жан-жақты ізденістерімен, жаңалыққа құмар, үздік жетістіктерге құштар, өз елімізде ғана емес, дүние жүзіне танымал білім ордасына айналды.

ҚазҰУ-Қазақстанның жетекші жоғарғы оқу орындарының көшбасшысы, әрі бірегейі. ҚазҰУ әлемдік QS рейтінгісі бойынша 236-орында, 2022 жылғы рейтингте әлемнің үздік 200 университеті қатарына енді.

Университетіміздің түлектері алтын ұямыздың алысқа жеткен атақ-абыройына лайықты еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанымыздың игілігін еселей түсуге үлесін қосуда.

Еліміздің маңдайалды университетінен жоғары білім алып, әрі магистратурасын тамамдағалы отырған мен үшін – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің түлегі болғаным-зор мақтаныш.

Осы университеттің химия факультетінің 1983 жылғы түлегі, ұзақ жылдар мектепте ұстаздық еткен, жақында алтын ұя – Қазақ Ұлттық Университетінде өтетін 40 жылдық түлектер кездесуін асыға күтіп жүрген аяулы анамның «берер білімі терең, әрі құнарлы» деген ақыл кеңесімен бір отбасынан үшеуіміз осы Қазақ Ұлттық Университетін таңдап жоғарғы білім алдық. Үлкеніміз-метереолог, сіңілім екеуміз екі шет тілі мамандығын алып шығып, ҚазҰУ-дың магистратурасында білімімізді жалғастырудамыз.

ҚазҰУ-студенттердің жеке тұлға болып қалыптасуына ықпалы мол құтты білім ордасы деп білемін.

Студенттік шақтарымда жатақханада тұрдым. Студенттер санатының белсенді мүшесі бола жүріп, ұйымдастырушылық қабілетім шыңдалды.

Студенттер мен жас ғалымдарының «Фараби әлемі» атты ғылыми конференциясына қатысып, жүлделі орынға ие болдым.

Ұлттық Университеттің ұлағатты ұстаздары берген біліммен сусындап, ғұлама  ойларынан ғибрат алған білікті мамандар легі жыл сайын артуда. Мен де осы лектің қатарынла болып, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге, елімнің дамуына үлес қоссам деген ойым бар.

Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық Уинверситеті алдағы уақыттарда да шығармашылық еңбектің биік тұғырынан көріне беретініне сенімдімін. Менің университетім-менің мақтанышым.

 

Бақтиярова Еркежан Нұрланғазықызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс магистранты

Ғылыми жетекшісі:

PhD, доцент м.а. Кузембекова Жанна Жалайыровна

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *