ӘЛ-ФАРАБИ ТҰЛҒАСЫН БРЕНДКЕ АЙНАЛДЫРУ МАҚСАТЫНДА АТҚАРҒАН ЕҢБЕКТЕРІ

Аликбаева М.Б.,

филос.ғ.к., әл-Фараби ат. ҚазҰУ-нің аға оқытушысы

 

 

ӘЛ-ФАРАБИ ТҰЛҒАСЫН БРЕНДКЕ АЙНАЛДЫРУ МАҚСАТЫНДА АТҚАРҒАН ЕҢБЕКТЕРІ

 

Философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтайұлы қазақ философиясының тарихын зерттеу бағытында қосқан үлесі орасан зор. Ұстазымыз туралы танымал философ, профессор Аманжол Қасабекұлы «Жақыпбек Алтаев жоғары мәдениетті, парасатты, зиялы, өзінің айналасындағы адамдарға қамқоршы, жан-жақты білімнің иесі, ізгі жан, қарапайым адам. Сондықтан ол өз әріптестері мен шәкірттерінің арасында шынайы бедел мен құрметке ие, көрнекті ғалым-ұстаз» [1] деп баға берген еді.

Жақыпбек Алтайұлының әл-Фараби еңбектерін насихаттап, Фараби есімін әлемдік брендке айналдыруға байланысты атқарып келе жатқан еңбектері зор. Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактаттар жазған. Өкінішке қарай, осынау ұшан-теңіз рухани туындылардың көбісі жоғалып, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен. Азияның ұлы ғалымдары мен ойшылдары Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Беруни, Бозжани, Омар Хаям және т.б. өздерін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Әбу Әли ибн Сина: «Бұрын еш түсіне алмай жүрген грек метафизикасын толығымен осы әл-Фарабидің кітабын оқып түсіндім»  деген екен [2].

Жақыпбек Алтайұлы: «әл-Фараби − әлемдік тұлға. Ол біз­сіз де танылған. Демек, рухани құндылық ретінде ол бізге тәуелді емес, біз оны мақ­таныш етуіміз керек. Өйткені күллі әлем мойындаған ғұламаны өзімізге рухани жақ­тан меншіктеп алу − қазақ руханияты үшін үлкен жеңіс. Қазір біз сол жеңіске жар­тылай ие болдық. Ол − әл-Фарабидің біз­дің елде дүниеге келгенін дүниежүзінің тануы. Яғни, әлемде әл-Фараби арқылы Қа­зақстанды тану үдерісі жүріп жатыр». Ұлы далаға кіндік қаны тамған талай мық­ты ғалымдар болды. Бірақ солардың ара­сында туған елінің атын әлемге та­ныт­қан – дүниежүзінде «әлемнің екінші ұста­зы» деп мойындалған Әбу-Насыр әл-Фараби екені даусыз. Тарихи деректерге жүгінсек, атақты араб ғалымы, географы ибн-Хаукалдың «Китаб Масалик уә мамалик» және ибн-Хал­ликанның «Уфиат әл-аиан фи әл-Заман» атты еңбегінде Әбу Насыр Әл-Фараби тура­лы деректер келтірілген. Онда ғалым­ның түркі нәсілді екені және аталарының ат­тары Тархан, Ұзлақ, яғни  түркіше екені көр­сетілген де атап айтады.

Әл-Фараби туралы зерттеулер туралы ғалым : «Әл-Фарабиді Қазақстанда ғылыми ор­та­ға ең алғаш таныстырған Эрнест (Арношт) Яромирович  Кольман (1892-1979) деген ма­­­тематик, философ ғалым. Қазіргі Че­хия­ның астанасы Праға қаласында еврей отба­сында дүниеге келген ол атақты физик-ға­лым Альберт Эйнштейннің лекцияларын тыңдап, оның шәкірті болған. Бірінші дүние­жүзілік соғыста орыстардың қолына тұт­қынға түсіп, кейін Қазан төңкерісі ке­зін­де больщевиктердің көмегімен түрмеден боса­тылған. КСРО-да партия қызметтерінде болған ол 1941 жылы соғыс кезінде Мәс­кеу­ден алдымен Башқұртстанға кейін Ал­ма­тыға эвакуацияланған. Осы Кольман 1943 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында өткен бір конференцияда Орталық Азия ғұламаларының Еуропа ғылымына жасаған ықпал-әсері, үлгісі жайында баяндама жасайды. Міне, сол баяндамасында ол Әбу Насыр әл-Фараби туралы деректер келтіреді. Шынын айту керек, ол кезде Фараби туралы Қазақстанда мүлдем айтылмайтын, себебі ол туралы ешкімнің хабары жоқ еді. Міне, осыдан кейін тарихта Отырардың ежелгі аты Фа­раб екенін білетін қазақтар әл-Фараби де­ген атқа елеңдей бастайды. Бәрінен бұрын Кольманның баяндамасына аты аталған ғалым туралы деректер іздеп, зерттей бастаған геолог ғалым, тау-кен инженері, кейін геология-минералогия ғылымдары­ның докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі болған Ақжан Машани әл-Фарабиді зерт­теуге өмірінің қырық жылын арнады, ұлы ғалымның шығармаларын тауып аудартып, жариялады. Соның арқасында әл-Фараби туған топырағымен қауышты [3].

Әл-Фараби сынды ұлы ғұлама есімінің өз Отаны – қазақ топырағына қайта оралуы­на үлкен ғалым, академик Ақжан Машанов орасан зор еңбек сіңірді. Ол 50 жылдан астам өмірін әл-Фараби бабамызды зерттеу­ге арнады. Ақаң 1958 жылдан бастап Лондон, Каир, Париж, Берлин, Лиссабон, Бейрут т.б. қалалардың ең ірі кітапханаларына хат жазып, әл-Фарабидің шашырап жатқан мұраларын жинастырып, оның 160 еңбегінің библиографиясын тауып алады. 1961 жылы әл-Машанидің республика Ғылым академиясы хабаршысының №5 санында «Әл-Фараби және оның мұралары» деген алғашқы мақаласы шығады. Бұған дейін қазақ топырағында әл-Фараби туралы ешкім айтпаған еді. 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының бірінші санында әл Машанидің әл-Фараби туралы мақаласы жарияланды. Онда төрткүл дүние түгел мойындаған әл-Фараби жайында түсiнiктеме берiлiп, оның қазақ топырағынан шыққан бiздiң бабамыз екендiгi бiрiншi рет айтылды. Бұл бүкiл әлем зиялыларының көзқарасында өзгерiс тудырған тосын жаңалық болатын [2].

Әл-Фараби мұраларын зерттеуге елі­міздің атақты ғалымдары Ә. Марғұлан, А. Көбесов, Р. Бердібай, А. Қасымжанов, Ә. Дербі­сәлі, тағы басқалар да ат салыс­ты. 1975 жылы Мәскеу қаласында белгі­лі шығыстанушы ғалым Б.Г.Ғафуров пен А.Х.Қасымжановтың орыс тілінде шық­қан «Әл-Фараби мəдениет тарихында» («Аль-Фараби в истории культуры») атты кітабы араб-мұсылман философиясы мен мәдениетін зерделеп, фарабитанумен шұғылданушы ғалымдар арасында үлкен серпіліс тудырды. Сондай-ақ белгілі жазушы қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романын қазақ оқырмандары үлкен ықыласпен қарсы алды.

Ұстазымыз, «1968 жылы ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында «Әл-Фараби мұ­раларын зерттейтін шығармашылық топ» құрылып, оның жұмысын ҰҒА коррес­пон­дент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ағын Қасымжанов үйлестірді» — дей келе, 1991 жылы Қазақ Ұлттық университе­ті­не әл-Фарабидің аты берілгендігін, сол тұста ҚазҰУ-де декан болып істейтін Ағын Қа­сым­жанов 1993 жылы Фарабитану орта­лығын құрып, оны 2000 жылға дейін бас­қарғандығын да атап өтті [3].

Профессор Ж.А. Алтаев әл-Фараби еңбектерінің халықты бірлікке шақыруда, жастардың интеллектуалды деңгейін көтеруде мәні зор екендігін, Фарабидің білімін, ғылымын, айтқан ойларын көпшілікке насихаттау арқылы келешек ұрпақтың бойына сіңіру керектігін атап өтті. Өйткені әл-Фараби әлемдік өркениеттің тұлғасы. Әлемдік ғылымның, жаратылыстану ғылымының, Еуропадағы өркениеттің қалыптасуында әл-Фарабидің үлесі бар дейді профессор. Оны әлемдік ғалымдар да мойындап отыр. Грек философиясымен, грек мәдениетімен Фараби және оның замандастары таныстырды. 2012 жылы Парижде «әл-Фараби және еуропалық өркениет» деген үлкен симпозиум өтті. Мен қатыстым сол шараға. Еуропалық ренессанс мәдениетінің қалыптасуына Фарабидің еңбегі барын шетелдік ғалымдар расымен де мойындап отыр. Сол шараға қатысқан кезде көзім жетті», — деді профессор [3].

Қазіргі уақытта Жақыпбек Алтайұлының әл-Фараби мұрасына байланысты жазған бірнеше еңбектері жарық көрді. Атап айтсақ, «Әл-Фараби және заманауи қазақстан философиясы», «әл-Фараби және ислам философиясы», «Ортағасыр классикалық Ислам философиясы», «Классическая исламская философия Средневековья», «Қазақ философиясы: өткені,бүгіні және болашағы», «Казахская философия: прошлое, настоящее и будущее», «Қазақ философиясы»,  «Ортағасыр классикалық ислам философиясы», «Әл-Фараби өркениеттер сұхбатында», «Аль-Фараби — великий мыслитель востока», «аль-Фараби в истории культуры», «аль-Фараби», «Фарабитану»,  «Al-Farabi Philosophy of the Second Master Turkevi Research Centre»,  «Эпоха аль-Фараби и диалог цивилизаций (взгляды на жизнь и философское наследие)»,  «әл-Фараби әлемі және тәуелсіздік философиясы», «әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы», «Al-Farabi veliki mislilac istoka», «Ұлы даланың ұлағатты тұлғалары»  және т.б.

 

  1. Алтаев Жақыпбек Алтайүлы: биобиблиографиялық көрсеткіш / Құраст.: С.Б. Булекбаев, Т.К. Ысқақов, Ж. Қазиева, С.Т. Туреханова; Жауапты ред. З.А.Мансуров; ред.: Д.Т. Нурғалиева, Т.К. Ысқақов. — Алматы: Қазақ университеті, 2008. — 82 б.
  2. Әл-Фараби жылын атап өтсек // https://egemen.kz/article/171866-al-farabi-dgylyn-atap-otsek
  3. Жақыпбек Алтаев. https://strategy2050.kz/news/zh-altaev-l-farabi-men-abaydy-brendke-aynalyruymyz-kerek/

www.kaznu.kz

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *