Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасы

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – мемлекеттік аттестаттаудан бірінші болып өткен және барлық мамандықтар мен деңгейлер бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру құқығын растаған Қазақстан Республикасы Жоғары білім беру жүйесінің жетекші мекемесі. Университет жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім беру кеңістігіне одан әрі интеграциялауға, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған орасан зор білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндірістік әлеуетке ие.

          Біздің таңдауымыз болып келе жатқан ҚазҰУ студенттер үшін толыққанды оқу және демалыс үшін барлық жағдайды ұсынады. Университет әр түрлі халықаралық конференциялар, форумдар өткізіп, шетелдік профессорлар мен студенттерді тартуға, шетелге немесе еліміздің басқа аймақтарына шығып академиялық байланыстар орнатуға үлкен мүмкіндіктер жасайды. Қалашықта ірі қоғамдық тамақтану комбинаты, асханалар мен буфеттер бар, ондағы бағалар қалалық тамақтану орындарымен салыстырғанда 30-40%-ға төмен. Өзге қалалардан келген студенттерге заманауи жайлы жатақханалардан орын беріледі. ҚазҰУ-да бірегей Студенттер Сарайы, киноклуб, спорт кешені, интернет клубы, т.б. студенттердің ыңғайлылығы үшін жасалған.

          Сонымен қоса, университет Қазақстандағы ең үлкен және ең бай кітапханалардың біріне ие. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасы студенттерге, профессорлық-оқытушылық және оқу-көмекші құрамдарға арналған мәдени және рухани орталық болып табылады. Онда оқулықтар, монографиялар, көркем әдебиеттің керемет үлгілері, ХVI-ХІХ ғасырлардағы сирек кездесетін кітаптар, мерзімді басылымдардың 200 мыңнан астам данасы шоғырланған. ҚазҰУ Ғылыми кітапханасы 1934 жылы құрылған Қазақстан Республикасындағы ең ірі ЖОО кітапханаларының бірі. Ғылыми кітапхана университетпен бір уақытта ұйымдастырылды. Бұл университеттің оқу процесінде және ғылыми-зерттеу жұмысында кітапхананың маңызы туралы айтады. Ғылыми кітапхананың мақсаты – оқырмандарға ақпараттың барлық түрлеріне еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету, олардың кітапхананың анықтамалық аппаратымен жұмысын жеңілдету. Ғылыми кітапханада шамамен 2 млн дана қор бар. Оның ішінде: қазақ тілінде 439500 дана, шет тілдерінде 85 мың дана, ол жыл сайын 40-45 мың дана жаңа басылымдармен толықтырылады. Ғылыми кітапханада 19 мың адам оқиды, олар тек студенттер ғана емес, сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлер, оқу-көмекші персонал, университет қызметкерлерінің басқа да санаттары. Кітапхана оқу залы 1100 орынды қамтиды.Сонымен қоса, мұнда әртүрлі тақырыпта мақалалар, диссертациялар, газет-журналдар, т.б. шығармаларды табуға болады. Университеттің электрондық кітапханасында жаратылыстану-ғылыми, әлеуметтік-гуманитарлық және инженерлік-техникалық бағыттардың кең спектрі бойынша ресурстар ұсынылған. Барлығы 500 мыңнан астам әдебиет және 16 мыңнан астам толық мәтінді ресурстарды қамтиды. Кітапханада маңызды тақырыптарда шетелдік оқутушы-профессорлардың қатысуымен халықаралық конференциялар өтеді.

          Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасының қоры ғалымдардың көмегімен көне кітаптармен толықтырылуда. Мысалы, 2021 жылдың тамыз айында баға жетпес 300-ге жуық қолжазбаларды өз үйінде сақтаған Дүйсенбековтар отбасы сыйға тартты. Бұл 1324 жылғы Египет басылымының Құраны және өз уақытында атасы жинаған Пәкістан, Үндістан, Түркия және Қазанның тарихи жазбалары. Бұл жазбалар ХІІІ, XVII және XIX ғасырларға тән әдебиет, дін, тарих, география және фармацевтика саласындағы еңбектер болып табылады. Шығармалар әр түрлі тілдерде – араб, парсы, түркі, татар тілдерінде жазылған.

         Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып жатқан әрбір студент, магистрант, докторант немесе оқытушылар үшін кітапхананың маңызы зор екені белгілі. Кітапхана өзіндік жұмыстар, зерттеу жұмыстары, диплом немесе диссертация жазу, реферат, мақала дайындау, т.б. жұмыстарды орындау барысында кез келген ақпараттың қолжетімді болуын, сондай-ақ зерттеу процесін жеңілдетуді қамтамасыз етеді.

  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология факультеті,

Түркология және тіл теориясы кафедрасының

2-курс магистранттары Ибадулла Нұрсауле, Сәндібек Жәудір

Ғылыми жетекшісі: PhD., доцент м.а. Кузембекова Ж.Ж.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *