Басқару психологиясы сабағынан алған әсерім
Данабекова Мөлдір
1-курс магистрант
Оқытушы: Болтаева Алия
Әл-Фараби атындағы ҚазҰ
Басқару психологиясы сабағынан алған әсерім
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздегі ең беделді жоғарғы оқу орындарының бірі. Бүгінде университет әлемдік деңгейде өзіндік орны бар көшбасшы уни¬верситеттің біріне айналған. Қазіргі уақытта білім алушылардың саны шамамен 26 мыңды құрайды. Оқытушы-профессорлар құрамының саны 2000-нан асады. Университет профессорларының арасында 10 академик, 7 Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 14 ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар.
Мен осы университеттің түлегімін, унивенситеттегі білім беру жүйесімен таныс адам ретінде ҚазҰУ-ды білікті мамандар ордасы деп айта аламын. Себебі, ондағы оқытушылар құрамы нағыз өз ісінің мамандарынан тұрады.
Қазіргі кезде мен осы университетте магистратура бағдарламасы бойынша білім аламын. Мамандығым «Математика және статистика». Маған өтілген әрбір сабақ менің маман ретінде шыңдалуыма қажет деп санаймын. Соның ішінде, «Басқару психологиясы» сабағына тоқталып өткім келеді. Басқару психологиясы іс-әрекетті арнайы басқарудың модельдерін және еңбектің сапасын көтеруге бағытталған пән. Бұл сабақты маңызды деп санауыма, дәріскер Болтаева Алияның сабақты түсінуге ыңғайлы, жеңіл жолмен, шынайы өмірден мысал келтіре отырып түсіндіруі әсер етті. Кез келген адам басқару қызметін атқарады, мысалы: адам өз өмірін басқарады, өз уақытын басқарады, өз денсаулығын басқарады, өз қаржысын басқарады. Ал осылардың барлығын дұрыс басқара білу табысқа алып келеді.
Осы пәнді оқу барысында өткен 15 апталық сабақтардың ішіндегі маған ең ұнаған сабақ — мотивация қызметі мен түрлері туралы өтілген сабақ болды. Бұрын мотивацияны тек ойшыл ғалымдардың сөзін оқу арқылы немесе басқа адамнан қолдау көру арқылы аламыз деп ойлайтын едім. Осы сабақ арқылы мотивацияның тек шабыт әкелетін дүниелерді оқудан тұрмайтынын түсіндім. Адам жетістікке жету үшін оның мотивациясы болу керек, ал сол мотивацияға адамның қарнының тоқтығы, денінің саулығы, қауіпсіздікте өмір сүруінен бастап өзін-өзі құрметтеуі мен мойындауы, басқалармен сыйластықта өмір сүруі мен шығармашылығы, ішкі ниеті жатады.
Басқару психологиясы сабағынан ұжыммен жұмыстағы қиындықтар мен оларды шешу жолдарын да оқып білдім. Өзім де ұжыммен жұмыс жасайтын болғандықтан, ұжымды басқару, ондағы конфликт, жазалау мен марапаттау туралы білім маған пайдалы болды деп санаймын.
Болашақта, әрине бұл пәнді оқып алған білімді өзіме қолданамын, қолдан келіп жатса басқалармен бөлісуге болады. Алдағы уақытта математика пәнінің маманы ретінде ұжыммен жұмыс жасағанда, ұжымдық қарым-қатынаста, өзімді одан ары қарай маман ретінде, адам ретінде дамыту барысында алған білімімді қолданамын деп сенемін.
Қорытындылай келе, маман болып қалыптасу жолымда бағыт-бағдар берген Басқару психологиясы сабағы пайдалы болды деп айта аламын. Сабақты оңай тілмен түсіндіре білген апайым Болтаева Алияға алғыс білдіргім келеді.