МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ-ҚАЗҰУ!
Мектеп бітіргеннен кейін түлектер алдында олардың өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі — оқу орнын таңдау тұр. Әрбір адам өз мамандығын саналы түрде таңдап, болашақта кім болғысы келетінін өзі үшін шешуі керек. Мен де еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарын ұзақ сараптадым, менің назарым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тоқтады.
Бұл мекеме көп жылдық оқу және ғылыми жұмыс тәжірибесіне бай. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының бас рейтингісінің көшбасшысы болып табылады. Ел тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты, қызметтерінің сапасы жағындағы жетістіктері үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығының дипломанты IQNET Халықаралық сертификациялық жүйесінің ірі әлемдік сертификаттау орталықтарының куәлігін алды.
Университет жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігуге, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндірістік әлеуетке ие.
Университетте 16 факультет, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, технопарк және әскери кафедра жұмыс істейді. Университетте 2 мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100 аса ірі академиялардың академиктері, 40-тан астам Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық мемлекеттік және атаулы сыйлықтың лауреаты және 40-қа жуық жас ғалымдар сыйлықтарының лауреаты жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жоғары кәсіби білім берудің көп деңгейлі жүйесі бойынша 25 мыңнан астам студенттер мен магистранттар білім алуда. Менің университетім әлемнің 418 ірі халықаралық жоғары оқу орындарымен бірлескен халықаралық оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, студенттер алмасу және тағылымдамалар өткізу бойынша ынтымақтасады.
Халықаралық рейтинг агенттігінің зерттеу қорытындысы бойынша QS World University Rankings ҚазҰУ 2018 оқу жылы әлемнің 800 үздік университеттерінің арасында 220 орын алды. QS University Rankings рейтингісінде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері бойынша ҚазҰУ 200-ден 11-ші орынды иеленді. ҚазҰУ-дың екі рейтингісінде Қазақстанның барлық жоғарғы оқу орындарының арасында ең жоғары баға алды.