Талапкер таңдауы – ҚазҰУ!
Жылдан жылға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуге өтініш білдіретін үміткерлер саны артып келетіні жалпыға мәлім. Әрине, бұл тектен тек емес. Оның бірқатар себептері әрбір Қазақстан азаматына белгілі десек жаңылмаспыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — Қазақстандағы ең ірі оқу орындарының бірі. Ол ЖОО бас рейтингінің көшбасшысы, ел тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы өнім және қызмет сапасы саласындағы жетістіктері үшін сыйлығының дипломанты. Университет жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім беру кеңістігіне одан әрі интеграциялауға, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған орасан зор білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндірістік әлеуетке ие.
ҚазҰУ – сапалы білім мекені! Университетте 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, 40-қа жуық Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 47 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Сондай-ақ, университет қабырғасында еңбек ететін әрбір оқытушы, әрбір маман әрдайым даму үстіндеекендігі рас. Мерзімді түрде жаңа тағылымдама, жаңа тәжірибе, жаңа зерттеу жұмыстары, жаңа әдіс-тәсілдер және тағы сол сияқтылар. Ең маңыздысы – студенттермен кері байланыстың бар екендігі. Белгілі бір мерзім сайын студенттер анонимдік сауалнама түрінде университетке, оқытушыларға, эдвайзерге деген жеке көзқарастары мен бағаларын білдіре алады. Бұл университеттің оқу сапасы үшін әрдайым алаңдап, жұмыс жасайтындығының белгісі.Яғни, білім сапасы өзекті талаптарға сай өзгеріп, жетілдіріліп отырады. Осыған бір дәлел – ҚР жоғары оқу орындарының сұранысқа ие ұлттық рейтингіне енген 135 оқытушының жартысынан астамын ҚазҰУ қызметкерлері құрады. Оның ішінде физика-техникалық факультетінен – 34 оқытушы, химия және химиялық технологиядан – 19, биология және биотехнология – 8, механика-математика – 6, философия және саясаттану – 1, экономика және бизнес жоғары мектебінен 1 оқытушы бар.
ҚазҰУ – әлем мойындаған мәртебелі жоғары оқу орны! Ең алдымен, ҚазҰУ – отандық университеттер ұлттық рейтінгісінің көшбасшысы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ QS World University Rankings рейтингінде 150-орынға ие болды. Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша QS World University Rankings (QS World University Rankings EECA 2020) рейтингінде ҚазҰУ 16-орынды иеленді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектерді жұмысқа орналастыру рейтингінде (QS Graduate Employability Rankings) 550 ЖОО-ның ішінен 201-251-орынды алған Орталық Азиядағы алғашқы ЖОО болды. Британдық «Times Higher Education» агенттігінің зерттеу нәтижелері бойынша ҚазҰУ 1001-1200 позициясын сақтап қалды, Asia University Rankings рейтингінде 401-500 — орын, THE Emerging Economies rankings-351-400-орын, the Impact Rankings рейтингінде – 801-1000 орынды иеленді.Ең экологиялық университеттердің «UI Green Metric Ranking of World Universities» жаһандық рейтингінде университет 212-ші орынға ие болды. ҚазҰУ QS stars «5 жұлдыз» басымдық белгісіне ие болды. Quacquarelli Symonds (QS) беделді халықаралық рейтингтік агенттігі жүргізген тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары баға алып, «QS Stars Rating System» халықаралық рейтингісінде «Бес жұлдыз» жоғары марапатына ие болды. ҚазҰУ – «Бес жұлдыз» марапатына ие болған Орталық Азия аймағындағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны. Әрине, мұның бәрі Қазақ ұлттық университеті иеленген лауазымдардың бір бөлігі ғана. Бұл дегеніміз, жетістігі «сансыз» ұғымына келе жатқан жоғары оқу орны алдағы уақытта да талапкер таңдауы бола беретіні сөзсіз.
ҚазҰУ – мүмкіндіктер отаны! ҚазҰУ оқытудың халықаралық бағдарламасын жүзеге асыруда, студенттермен алмасу және тағылымдамалар өткізуде әлемдегі 400-ден аса ірі халықаралық ЖОО-мен әріптестік байланыс орнатқан.Бұл кез келген білім алушыны ынталандырушы, қозғаушы күштердің бірі болып табылатын факті. Студенттермен алмасу, шетелдік тағылымдамадан өту әрбір студентті ізденімпаз, жан-жақты, білім алуға деген құштарлығы мықты тұлғаға айналдырады. Оның себебі, халықаралықбағдарламаларға ат салысу не қатысу арқылы студенттің ой өрісі кеңейіп, өз зерттеу жұмысына деген жаңашылшабытты оятуға және сан түрлі ақпарат көздерімен танысуға, жаңа мүмкіндіктерге ие болуға септігін тигізеді.
Осылайша, 89 жылдық тарихы бар білім ордасыныңталапкер таңдауы болу себептері атап өтілді. Менің таңдауым – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті! Ал сіздің таңдауыңыз не?
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология факультеті,
Түркология және тіл теориясы кафедрасы,
”Шетел тілі: екі шет тілі” мамандығының
1-курс магистранты Альжанова А.А.
Ғылыми жетекшісі: PhD., доцент м.а. Кузембекова Ж.Ж.