БАТА – ТІЛЕКТЕР – ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ АЙНАСЫ

Аңдатпа

Әрбір той сол ұлттың салт – дәстүрінің көрінісі. Осы тойларда бата беру мен тілек тілеу екі бөлек мағынада атадан балаға ғасырлар бойы беріліп келе жатқан ғұрпымыздың асыл бейнесі.

Соңғы уақыттары тойдың ашуылуында кейбір ел ағалары бата беру сәтінде шатастырып, ұзақсонар тілек айтып жабады. Ал, тойдың асабасы даярлық кезінде осыған айырықша мән беріп, ескертіп отыруы тиіс.

Бата – аталы сөз, дана сөз. Бата беру — ұрпақты кіщілік пен кісілікке тәрбиелейді, бата – жастарды алға, жарқын болашаққа жетелейді.

Мақаланың мақсаты- бата-тілек білдіру ұғымына анықтама бере отырып, ұмыт болып бара жатқан әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғырту мақсатында бата-тілек айту дәстүрінеталдау жасау.

Мақаланы жазу барысында екінші зерттеулер нәтижесіне сүйене отырып, сапалық әдіс қолданылды.

Кілт сөздер:бата, тілек, той, дана, ғұрып.

Abstract

Each holiday is a reflection of the traditions of that nation. Blessing and making a wish at these weddings in two separate meanings is a noble image of our Rite, which has been passed down from father to son for centuries.

In recent times, in the midst of the wedding, some of thenotable people are confused at the moment of blessing and close with long wishes.

Blessing is a word of honour and wise. Blessing – educates the generation of humanity and humanity, blessing-leads young people to a bright future.

The purpose of the article is to analyze the tradition of blessing and wishing in order to revive our forgotten customs describing the concept of blessing and wishing.

Aqualitative method was used and it is based on the results of the second research.

Keywords: blessing(bata), wish, wedding, wise, rite.

Әрбір қазақ үлкендерден бата алуды мұрат санаған. Адам өмірінде кездесер қайсыбір сәттерде, той иесіне, қуаныш иесіне арнап қол жайып бата беру –халқымыздың ежелден келе жатқан рухани қазынасы.

«Батаменен ел көгерер» деп текке айтылмаса керек. Халқымызда «Бата қысылғанда -қуат, әрбір іс – әрекетіне даңғыл жол ашып, бәле – жаладан қорғайды» деп есептеген.

Ақ тілеудің белгісі – бата.«Бата» — құнды рухани тілек. Бұл поэтикалық шығармашылықтың ерекше түрі, батаменен адамзат баласы Алла Тағаладан рақым сұрайды. Бата беру қазақ халқында әртүрлі жиындарда орындалып отырған. Салт-дәстүрдегі белгілі бір рәсімдердің орындалуы кезінде, мысалы, қыз ұзату кезінде қызға үлкендер бата берген. Бата айту арқылы қызға рухани күш жігер беріп, бақыт тілеген. Барған жеріндегі қызға келін болудың қыр-сырын түсіндіретін болған. Батагөйдің бата сұрай келген немесе белгілі бір адамның өнеріне, батылдығына немесе басқалай жақсы қасиеттеріне тәнті болғанда бата беретін кезі болған.Дәстүрлі қазақ мәдениетінекөз жүгіртсек, байырдан келе жатқан ұғымдарының бірі – «бата» сөзі қазіргі таңда тек алғыс, тілек ретінде қолданылады. Бата: ақ тілек, ізгі ниет, береке-молшылық, аман-саулық тілеп, жалбарыну түрінде айтылады, ол ерекше қасиетті деп саналған. Бата бергенде дәм-тұздың болуы шарт. Ертеде батаны көпшілікке де, жеке адамға да беретін болған.Батаны әдетте ақсақалдар айтады; «батаның» ел арасында тараған  түрлері көп:

  1. Ұзақ жолдың алдында, сынақтардың алдында берілетін бата.

Мысалы,

Жортқанда жолын болсын,

Көкірегінде сенім болсын.

Жолдасын қызыр болсын,

Соқпағын түзу болсын.

Аман барып, сау қайт[1].

  1. «Дастархан бата» — үй иесіне оның қонақжайлылығы үшін алғыс білдіру.

Дастарханыңа береке берсін,

Үйлеріне мереке берсін,

Астарыңа адалдық берсін,

Бастарыңа амандық берсін,

Дендеріңе саулық берсін,

Үйіп-төгіп тау ғып берсін![1]

  1. «Алғысбата» қайырымдылық үшін, мейірімділік үшін беріледі. «Бата» тәрбиелік әдіс ретінде мейірімділік, адамгершілік үшін қызмет етеді. «Батаны» әрдайым елге құрметті, елге сыйлы, көреген ақсақалдар береді.Бата беруші адам – жайдан-жай, бейсауат жан емес. «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» дейтін нашарлар бата бере алмайды. Бата беретін адам – отты-жігерлі «баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас»,- деп орайы келген жағдаяттарда адамдардың өздері лайық көрген жандардан ізгі бата алуды мәртебе ретінде қарастырғандығын байқаймыз.Бата алушы риясыз берілген ақ батадан рухани қуат алады, ол берілген бата ары қарайғы өмір жолында жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батырлардан, билерден, шашасына шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған.Ал әйел адамның бата беруі – салтты бұзу болып табылады. Әйел адам тек ақ тілегін айтқан.
  2. «Жаңа айдын батасы» — жаңа айға бата беру. Бұл соқыр діни сенім емес, табиғатқа табыну да емес. Біздің ата-бабаларымыз жұлдыздардың орналасуынан, айларды болжай алған.Қазақ халық даналығында Ай ерекше роль ойнайды. Оған «Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа», «Ай көрдім – аман көрдім, баяғыдай заман көрдім», «Айың тусын оңыңнан…» сынды бабалардан қалған сөздер дәлел.
  3. Ең жақсы батаны халық «ақ бата» деп қастерлейді.
  4. Теріс (қарғыс) бата. Бұл жазаның бір түрі, бірақ ол «бата» деп аталады. «Теріскей батаны» әкелері өз балаларына сенімін ақтамаған немесе ата-аналарын ұятқа қалдырған кезде береді. Халқымыз әрдайым жұрттың қарғысына ілігіп, теріс бата алудан сақтанған. Теріс батаны қарғыс пен жазаның ең ауыр түрі деп қарастыруға болады. Ғалымдардың айтуынша, қазақ қоғамында батаның бұл түрі сирек айтылған. Бұдан өзге теріс батаны алғаннан кейін оны қайтару үшін жалбарыну рәсімдері жасалатын болған. Теріс батаға мысал ретінде «Қыз Жібек пен Төлеген» жырын қарастыруға болады. Аталған жырда Төлегеннің теріс бата алған жері сипатталған. Осыдан кейін оның ісі оңға баспай, ақырында жарық дүниемен қош айтысты. Яғни халқымыз теріс батаның әсері күшті деп есептеген.Мұндай адамдардан жұрт өздерін аулақ ұстауға тырысатын болған.

Мысалы,

Құдай сені қор қылсын,

Дұшпаныңды зор қылсын!

Жетпейін дегенде жер қылсын,

Еңбегіңді сор қылсын!

Көз жасыңды көл қылсын!

Қайғың қалың шемен болсын,

Шыға алмайтын терең болсын! – деп теріс бата берген[2].

  1. Келінге бата

Ақылды енелі бол,

Абысынға беделді бол.

Қайын апаңа жағымды бол,

Қайын жұртыңа жұғымды бол[3].

  1. Сүндет той батасы

Бұл сүндет Әлми сақтан порым болған,
Бұл Жұмай ақ тілеуімен орындалған.
Ғайып Ерен, Қырық Шілтен қорғап жүрсін,
Азамат бол Қыдыр ата қолыңды алған.
Әмин, Аллаһу Әкбар![4]

  1. Наурыз батасы. Баталардың ішінде Наурыз батасының орны ерекше. Бұл күні әдетте жасы үлкен кемеңгерлер кішіге бата береді. Жастар таң шапағын күтіп, сол кезеңде ауыл ақсақалдарының, ақылгөй басшылардың батасын алуға асыққан. Наурызда жастар ақсақалдардан, беделді кісіден «Наурыз-батасын беріңіз» деп бата сұрайды. Ақсақалдардың Наурыз батасы әдетте «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп елге, жерге де беріліп жатады.
  2. Жарапазан батасы

Айтамын жарапазан есігіңе,

Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе.

Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе,

кім келіп, кім кетпейді есігіңе.

Айтқанда жарапазан тоямыз ба?

Кәдесін бұрынғының қоямыз ба?

Кәдесін бұрынғының қойып кетсек,

Барғанда ана жайға оңамыз ба?

барып ем ана ауылға тайлақ берді,

Тайлағын ала жіпке байлап берді[5].

  1. Асқайырубатасы.

Асың, асың, асыңа,

Бақыт берсін басыңа.

Дастарқаның мол болсын,

Көргенің тек той болсын.

Өркенді бол, қойлы бол,

Ашық-жарқын ойлы бол[6].

Бата жатқа айтылады. Батаның ұлағатты үлгісі үлкен, тәрбиелік мәні зор. Бата беріліп жатқанда көпшілік қолдарын жайып, іштерінен «Әумин»-деп айтып, тыныштық. Сақтауға тиіс. Сондықтан да тойда айтылатын бата мен тілекті ажырата білуіміз керек. Өкінішке орай, еле арасында жүрген бірлі-жарым үлкен ақсақалдарымыз болмаса, жастар жағы осы бір тәрбиелік мәні жоғары дәстүрімізді ұмытыңқырап бара жатқандай.

Сондай – ақ дәстүрлі қоғамнан индустриалды, одан кейінгі постиндустриалды қоғамға көшуде бұл ғұрып өз мағынасын, салт-дәстүрдегі орыны жоғалтқан жоқ. Бірақ әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қазақтар арасында «батаның» мағыналық мазмұнын өзгеріске ұшыратты. А. С. Сарсамбекова, Р. Р. Баязитова, С. К. Ботбайбекова, З. О. Ибадуллаева, С. А. Ярыгинлардың «бата беру в культуре казахов- традиции и новации» атты ғылыми жұмыстарында өкінішке орай, «бата алу мен бата беру» мәдени-тілдік құбылыс ретінде халықтық дәстүрді зерттеу материалдарында әлі жеткілікті зерттелмегендігі атап көрсеткен[7, 131-142 б.].

Батаның қазақ халқының тарихында маңызы зор. Қазақ тарихын бата тарихы деп атауға болады. Тарихи тұлғалардың көптеген баталарының мәтіндері бүгінгі күнге дейін сақталған. «Абай» эциклопедиясында: «Жәнібек Қошқарұлы (1693-1752) оған Шақшақ Жәнібек деп халқы лақап ат қойған.Шақшак — оның үшінші ұрпақтағы арғы атасы. Ол 126 жастағы абыз Қаракерей Сара мен 90 жастағы ақсақал тайғанның батасын алған және ол 17 жасында бас қалмақ батырын жеңген». Ал атақты би Төле әйгілі Анырақай шайқасы кезінде танымал болған Қойгелді батырға:

Аталы ұлдың сөзі баян-ды,

Атасыз ұлдың сөзі шаян-ды.

Аталы ұл Қойгелдім,

Ел үшін неден аянды?!

Желкесін үзді сұм жаудың,

Дегенде қатер таянды.

Олжа әперген еріңе

Саялат елім саяңды!

Қойгелдім, жай қолыңды,

Алла оңғарсын жолыңды!…

Ата жолын қуған ұл

Алашқа әмсе пана бол!

Ұлдарына аға бол!

Қыздарына пана бол!

Қойгелдім мсе қыран бол,

Ел-жұртыңа ұран бол!-деп өз батасын берген екен.

Ж. К. Оразалиновтың кітабында әр түрлі баталар келтірілген. Оның ішіндегі әсерлі баталардың  бірі — батыр Райымбектің анасы жоңғар басқыншыларымен шайқасқа бара жатқанда берген батасы:

Қолыңды жай құлыным,

Жәрдем болсын құдайым.

Медет тілеп пірлерден,

Жаратқанға жылайын.

Ғайып ерен, қырық шілтен,

Адасса жолға салып жүр,

Сыртыңнан қорғап бағып жүр…

Жауға аттанып барасың,

Анаңның құрттың шарасын.

Қалмақтан кекті алдырып,

Жазғайсың көңіл жарасын.

Сескенбей жүр шырағым,

Атаңа жетіп барасың.

Жаратқан ие қолдасын,

Жолбарыс болсын жолдасың![8]

Cонымен қатар, ата-бабаларымыздың мәдениеті, тілі, тарихы туралы біздің ақпаратымыздың маңызды көздерінің біріқазіргі түркі тілдес халықтар, олардың ерте орта ғасырлардағы жазба ескерткіштері. Олар түркі тайпаларының қоныстануының барлық аумақтарында кездеседі. Кейбір жағдайларда оларда түркі халықтарының кейінгі «батасына» типологиялық жағынан жақын өзіндік тұжырымдар жазылуы мүмкін.

Қазақтардың қазіргі фольклорында «бата» ауызша-поэтикалық шығармашылықтың бір түрі ретінде ерекшеленеді [9, 142-144 б.]. В. В. Радлов, Г. Н. Потанининдер ХІХ – ХХ ғасырдың басында өз еңбектерінде оның мағынасын толығырақ қарастырып, мәнін  ашатын мәліметтер ұсынған. Этнограф-фольклоршы ғалым Александр Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шыққан «Образцы киргизской народной словестности, молитвенных благожеланий — бата сөз» атты мақаласында «Кімде-кім қазақ даласында болса, ол батаның халықтың қандай ерекше назарында болатынын жақсы біледі. Бата қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықылас-пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі поэзиялық өлең түрінде ақтарылады» деп жазған[10].

Ал, әдебиеттанушы Тоқтар Әлібек аузы дуалы батагөйлер кез келген адамға батасын бермеген. Аузы дуалы қариялар да кез келген адамға батасын бере бермеген. Мысалы, Жамбыл Сүйінбайдың батасын алу үшін біраз тер төккен. Ал Сүйінбай Қабан жыраудан әзер алған. Өйткені өнер жолындағы адамдар ізбасарлары көңілінен шыққан кезде ғана батасын берген. Яғни, бірі жүрек жұтқан жауынгер, бірі жолаушы, бірі танымал ақын болса да, батадан аттап кете алмаған. Ал халық оларды сол кезде ғана мойындаған. Ал әйел адамның бата беруі – салтты бұзу болып табылады. Әйел адам тек ақ тілегін айтқан, – дейді[2].

Қорытындылай келе, түркітілдес этностардың бата ұғымының тамыры терең екенін атап өткен жөн. Ол барлық өмірлік жағдайларда адаммен бірге өмір сүреді. Ортағасырлық қоғамда пайда болған дәстүр діннің өзгеруі кезінде өзінің маңыздылығын сақтай алдыжәне діни сана, сондай-ақ дәстүрлі қоғамнан индустриалды, содан кейін жаһандану процестерімен сипатталатын постиндустриалды қоғамға көшу кезіндежәне ақпараттық технология заманынында да өзінің орыны мен мәнінен айырылған жоқ. Өмірдің өзгерген бағыта қарамастан, «бата берудегі» қазақ халық дәстүрінің феномені жойылған жоқ. Сонымен қатар, бұл ұғым жаңару үрдісін бастан кешіріп келе жатыр.

Жалпы батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренішті де қамтиды. Сол арқылы халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне қарай халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт – бағдар беріп, тәрбиелеп отырған дейді зерттеушілер.

Аталардың қасиетті өсиеті – замандар мен ғасырлар бойы біртіндеп жиналып, ақыл елегінен өткізіліп, тексерілген өмір тәжірибесінің, тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже қағидасы іспеттес. Халықтың тілек – бата сөздері жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды, малды – басты, дәулетті – бақытты, кекшіл емес кешірімді болуын тілейді, жерін, елін қорғауға талапты мықты боп ер жетуге тәрбиелейді. Белгілі бір этикалық, эстетикалық, педагогикалық жүйемен құрылған тілек – бата сөздер халықты өзімен бірге келе жатқан ежелгі мұрасы. Бұлар – рухани өмірінде тұтастық, бірлігін, салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін сақтауда ерекше қызмет атқарады. Ата-бабаларымыздың өсиет батаның шығу тарихы әлі терең зерттелген жоқ.Алайда бірқатар тіл мамандары: «Бата – арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі», – дейді. Яғни, бата – фатекенің мағынасы: алғыс айту, ақ ниет, ақ тілек білдіру. Ақ бата – ұлтымыз үшін теңдесі жоқ асыл сөз»[11].

Әдебиеттер тізімі:

  1. Жақсы сөз – жарым ырыс [Электронды ресурс]. 2023.(24.03.2023ж.қаралды)
  2. Батаның қасиеті. Оның адам өміріне тигізер әсері қандай? [Электронды ресурс]. 2018. (24.03.2023ж.қаралды)
  3. Келінге берілетін бата  Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/mangilik_el/shanyirak/salt-dastur/37203/ [Электронды ресурс]. 2023. (24.03.2023ж.қаралды)
  4. Бата [Электронды ресурс]. 2023. (24.03.2023ж.қаралды)
  5. Жарапазан бата [Электронды ресурс]. 2023. (24.03.2023ж.қаралды)
  6. Ас қайыру: ас қайыру: бабалар аманатына адал болайық [Электронды ресурс]. 2023. (24.03.2023ж.қаралды)
  7. А. С. Сарсамбекова. Бата беру в культуре казахов — традиции и новации // Вестник НГУ. Серия: история и филология. 2021. Vol. 3. Б. 131–142.
  8. Бердалы Оспан. Бата беруқазақтың ежелгі дәстүрі [Электронды ресурс]. 2019. (24.03.2023ж.қаралды)
  9. Машимбаева А. Ж. Суггестивная форма казахских бата-пожеланий // Филологические науки. Вопросы теории и практики. 2013. Vol. 5 (23). Б. 142–144.
  10. Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді? [Electronic resource]. 2018. (24.03.2023ж.қаралды)

 

 Исламбеков Әлибек

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы, Қазақстан

Ғылыми жетекші – филос.ғ.к., аға оқытушы, Аликбаева М. Б.

www.kaznu.kz

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *