Амангелді Үдербайұлы Имановқа 150 жыл!

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістердің ең ауқымдысы болып саналатын,  Торғай облысындағы көтерілістің сардарбегі болып  Кенесары ханның атақты Иман батырының немересі Қазақстандағы Азамат соғысының қаһарманы Амангелді сайланды.

Амангелді Иманов 1873 жылы қазіргі Қостанай облысы аумағында, Торғай ауданында дүниеге келген. Бала кезінде үш жыл ауыл молдасынан, одан кейін төрт жыл медреседе оқып, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген. Аманкелді жеті жасында әкесінен, он үш жасында анасынан айырылады.Он алты жастан кейін байларға жалданып жұмыс істейді. Аманкелдінің немере ағасы Көшімбек орысша-қазақша екі жылдық мектеп ашып, сол мектепте Аманкелді де екі жыл оқып, орысша сауатын ашады. 1905-1907 жылдары орыстың бірінші революциясының азаттық идеясы ықпалымен шаруалардың байларға қарсы қарулы күресіне қатысты. Социал-демократтардың жергілікті жердегі большевиктер тобымен тығыз байланыс жасап, шаруалар бұқарасының ұлт-азаттық күресін басқарушы ретінде Торғай даласына атағы жайылды. Ә. Жанкелдин, Н. Токарев, И. Денисов, Ә. Майкөтов, И. Деев т.б. демократиялық интеллигенция өкілдерімен байланыс орнатты. 1896-1911 жылдары патша өкіметі оны «сенімсіз» адам деп, бірнеше рет түрмеге отырғызды

Кейбір деректерге қарағанда, 1916 жылы Амангелді туының астында 50 мыңдай адам болған. Бас қолбасшы Имановтың өзі болып, Жангелдиннің айтуынша, көтерілісшілерді қару-жарақпен және оқ-дәрімен қамтамасыз етумен айналысатын әскери кеңеске сүйенді.

Амангелді Иманов әртүрлі болыстарда кедей халықтан құралған төңкеріс топтарын ұйымдастырады. 1915-1916 жылдары Амангелді Атбасар, Ырғыз, Қостанай уездерінің қазақтарымен байланыс орнатады. Осы уездердің жігіттерімен көтеріліс жағдайына, қай жерде тоқтауға, байланысты қалай ұстауға, азық-түлікті, оқ-дәрілерді қандай жолмен алуға болатынын уағдаласып, ақылдасады. Осылайша ол казак әскерлері мен қазақ солдаттарының қару-жарақ және адам саны жағындағы айырмашылыққа қарамастан әртүрлі соғыс тактикалары мен айлаларын ұтымды қолдана білді. Бұндай ұтымды соғыс тактикалары Үрпек-Доғал шайқасында, Шошқалы шайқасында айқын көрініс тапқан. Бұл жерде Амангелді Имановтың жақсы стратег және дарынды ұйымдастырушы екендігінен хабардар береді. Ал, оның ұйымдастырушылық қасиеті, қазақ халқының басын қосып, бірігіп әрекет етуіне сеп болды.  Бұл көтерілісте тек қана қазақ халқы ғана емес, қырғыз, орыс халықтары да белсене қатысты. Ол көтерілс ұйымдастырумен қоса    революциялық көтеріліс кезінде Амангелді Атбасар мен Көкшетау аралдарына барды. Ол ауылдарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, Атбасар және Көкшетау уездерінің қазақтары өз жерлерінен айырылғанын айтады. Осылайша қазақ халқының көзін ашып,  әділетсіздіктерге немқұрайлы қарамау керетігіне халықты барынша шақырады.

Аманкелді Имановтың ерлікке толы ғұмыры көптеген ақын-жазушылар, суретшілер мен композиторлардың шығармаларына арқау болды. Халық ақындары Ж. Жабаев, О. Шипин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, орыс жазушылары П. Кузнецов, Л. Соболев, Д. Снегин шығармаларын арнады. Украин жазушысы О. Десняк «Тургайский сокол» — «Торғай сұңқары», орыстың адыгей қаламгері И. Раевский «Амангельды и Алим» — «Аманкелді мен Әлім» повесін, Ғ. Мүсірепов, В. Иванов, Б. Майлин бірлесіп «Аманкелді» фильмінің киносценарийін жазды.

Амангелді Иманов бір сөзінде, «Егер біз бостандыққа қол жеткізсек, онда бізде де білімді меңгеру мүмкіндігі болады. Біз де өркениетті халық болар едік» — деген екен. Осы сөзінен-ақ ұрпақтарының білімді болып өскедігін қалағаны хақ. Оның сол кездегі егемендік арманы бүгінгі таңда орындалып отыр.

                                                                                                                                                                   Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

                                                                                                                                                                    Т.ғ.д., профессор Сайлан Б.С.

                                                                                                               Тарих факультетінің 1-курс магистранты Жаксибаева Д.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *