Қазақстанның жоғары білім жүйесінің және Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің даму тарихы
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін келесі даму сатыларына бөліп, қарастыруға болады:
Бірінші, 1991-1994 жылдар — жоғары білімнің заңнамалық және нормативтік-құқықтық базасының қалыптасуы;
Екінші, 1995-1998 жылдар-жоғары білім беру жүйесін және оның мазмұнын жаңарту;
Үшінші, 1999-2004 жылдар — білім беруді басқару мен қаржыландыру, білім беру ұйымдарына академиялық еркіндік беру;
Төртінші, 2005-2010 жылдар — «2015 жылға дейінгі Қазақстанның білім беру жүйесін дамыту тұжырымдамасы» негізінде нарықтық экономикаға жоғары білім беру жүйесін бейімдеу;
Бесінші, 2011 жж. қазіргі уақытқа дейін — жаңа кезең, инновациялық дамуға бейімделген, еңбек.
Негізінен Қазақстанның жоғары білім тарихы 1920 жылдан бастау алады. Алғаш құрылған Қазақ Кеңестік социалистік автономиялық республикасының орталығы 1925 жылға дейін Орынбор қаласы болса, 1924 жылғы ұлттық территориялық межелеулерге байланысты Орынбор Ресей құрамында қалды.
1932 жылы педагогикалық институттар Орал мен Қызылорда қалаларында ашылған болса, 1934 жылы педагогикалық кадрлар даярлайтын мұғалімдер институттары Алматы. Қарағанды, Орал, Семей, Ақтөбе, Петропавл, Шымкент және Қостанай қалаларында өз жұмыстарын бастады. Бұл институттар жоғары білімді мұғалімдер даярлауда зор рөл атқарды. Ал 1952 жылы бұл институттардың бәрі де педагогикалық институттарға айналып Қазақстандағы жоғары оқу орындары санын арттыра түсті. 1920 ж. халық ағарту қызметкерлерінің съезінде ұлт көсемі А.Байтұрсынов алда тұрған нақты міндеттерді атап өтіп, оны іске асыру тетіктерін нақтылап көрсетеді
Қазақстан Республикасындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымы «Білім туралы» Заңмен (27.07.2007) реттеледі. 2010 жылы Болон декларациясына қол қоюмен Қазақстанда «бакалавр-магистр-доктор PHD» жоғары деңгейлі білім беру жүйесі енгізілуде. Бұл құрылым өзінің заңды растамасын «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында тапты:
1) Жоғары базалық білім — бакалавриат бағдарламасы — оқу мерзімі 4 жыл;
2) Жоғары оқу орнынан кейінгі білім, оның ішінде оқытудың ғылыми-педагогикалық бағыты — магистратура — мамандандырылған магистратурада оқу ұзақтығы — 1 жыл, ғылыми-педагогикалық — 2 жыл;
3) Философия докторларын (PhD), бейіні бойынша докторларды даярлау бағдарламасы – докторантура – магистратура бағдарламаларын аяқтағаннан кейін. Оқу ұзақтығы-кем дегенде 3 жыл немесе одан көп.
Болон декларациясына сәйкес сынақ бірліктері немесе кредиттер жүйесін енгізу білім беру бағдарламаларын тануды қамтамасыз етеді. Оқытудың кредиттік технологиясын енгізу ұлттық білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде тануға, студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім беру сапасын арттыруға және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің барлық деңгейлері мен сатыларының сабақтастығын қамтамасыз етуге елеулі үлес болып табылады. Демек, еліміздің барлық жоғары оқу орындары ECTS типі бойынша әзірленген кредиттерді қайта есептеудің қазақстандық моделін пайдаланады. ECTS — білім беру бағдарламасын немесе жеке курсты меңгеру кезінде студенттің оқу жүктемесін өлшеудің әмбебап жүйесі.
Білім беру саласында жүргізілген реформаға сәйкес 90-шы жылдары бірқатар өзгерістерге қол жеткізілді: білім беру мекемелерінің құзыреті кеңейді; жалпы білім беретін және мемлекеттік оқу орындарында кәсіптік білім беруді тегін оқытуға мемлекет кепілдік береді; үш тілде оқыту жүйесі енгізілді; мемлекеттік емес оқу орындарына рұқсаттар берілді және басқа мемлекеттердің азаматтарына бірдей оқуға рұқсат берілді ҚР азаматтарымен кредиттер берілді; кредиттік жүйе және тегін оқуға грант бөлінді; жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына кәсіптік білім беру және ұтқырлық бойынша оқыту мүмкіндігі берілді; жоғары оқу орны жоғары білімді шыңдауға мүмкіндік беретін негізгі әлеуметтік орын ретінде дербестікке ие болды.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің құрылу кезеңі 1976-1983 жылдар аралығында Маңғыстау өңірінде тұңғыш жоғары оқу орнының негізі қаланып, өнеркәсібі өркендеп келе жатқан облысымыздағы «мамандар ұстаханасы» ретінде қалыптасты.
1976 жылы 5 наурызда ҚазССР жоғары және орта кәсіптік білім министрі Т.К. Катаев қол қойған №195 Бұйрық шығады. Онда: «Батыс Қазақстанның халық шаруашылығын инженер мамандармен қамтамасыз ету мақсатында және Маңғышлақ облысы партия комитеті мен облыстық атқару комитетінің кепілдемесіне орай Шевченко қаласындағы Каспий аймақтық тау-кен комбинаты жанынан В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының жалпытехникалық факультетін ұйымдастыруды бұйырамын», – деп жазылған болатын.
1983-2001 жылдары оқу орны В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Жалпытехникалық факультетінен ҚазПТИ-дің Ақтау филиалы мен кейін біріктірілген Ақтау политехникалық институты және Атырау университетінің Ақтау филиалы секілді аралық баспалдақтардан өтіп, өз алдына дербес жоғары оқу орны – Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетіне айналды.
Университет кешенінің жобасында қажетті инфрақұрылымдар барынша қарастырылды. 2007 жылдың маусым айында Ақтау қаласының 32 шағын ауданында университет кампусының құрылысы басталды. Екі жылдан кейін бұл жерде жаңа университет корпусы бой көтеріп, 2009 жылы күзде пайдалануға берілді. 2009-2010 оқу жылын университет ұжымы жаңа оқу корпусында қарсы алып, қыркүйек айында мұндай оқу үдерісі басталды. Жарық та жайлы аудиториялар, кең дәліз, атриум, мәжіліс залдары мен дәріс залдары, дәмхана мен асхана, кітапхана мен оқу залы – барлығы талапқа сай жабдықталып, студенттердің оқуына барлық жағдай жасалған. Он бес қабаттық ортадағы бас корпуста университет әкімшілігінің құрылымдары, төрт қабатты ғимараттың үш қанатында Теңіз технологиялары институты, Педагогикалық технологиялар институты, Экономика және құқық институты орналасқан.
Ш.Есенов атындағы КТИУ Каспий маңы мемлекеттері университеттерінің ассоциациясының (АУПГ); Университеттердің Ұлы Хартиясының (Magna Charta Universitatum, Болонья қ. (Италия); EURASHE – Жоғары оқу орындары Европалық Ассоциациясының; Университеттердің Евразиялық ассоциациясының; Қазақстан Республикасы университеттері ассоциациясының, сондай-ақ Мұнайшылардың халықаралық қоғамының (SPE) мүшесі болып табылады.
Ақкенже Чаншарқызы Бусурманова,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті,
«Жаратылыстану ғылымдары» кафедрасының доценті, х.ғ.к.,
Ақтау қаласы