ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ «ЗЕРТТЕУ» МӘРТЕБЕСІ ЖАЙЛЫ

«Зерттеу университеті – Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, бес жылға арналған даму бағдарламасын іске асыратын және білім мен ғылымды интеграциялау, жаңа ілім мен технологияларды жинақтау мен трансферттеу үшін өз қызметінің нәтижелерін пайдаланатын университет…» Бұл сөздер Қазақстан Республикасының «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңының 21.6-тармақшасында жазылған.

25 шілде ­– Қазақ Ұлттық Университеті (www.kaznu.kz) үшін мерейлі күн. Бұл күн жалғыз ҚазҰУ ұжымы үшін емес, жалпы Қазақстанның ғылым мен білім саласы үшін атаулы мереке. Бұның себебі де зор. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 25 шілдедегі №516 қаулысына сәйкес, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамына «Зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Көп ұзамай бұл қуанышты жаңалықты оқытушылар мен студенттермен университеттің Баспасөз қызметі де бөлісті.

ҚР Ғылым және Жоғары Білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанда бірнеше жоғарғы оқу орындарын «зерттеу университеттеріне» трансформациялау жоспарланып отыр. «Зерттеудің экожүйесін қалыптастыру және алға жетелейтін технологияларды дамыту бойынша ЖОО-дарды «зерттеу университетіне» көшіру жоспары іске асып жатыр. Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті зерттеу мәртебесін алды» — деп бөлісті министр.

«Зерттеу университеті» мәртебесі берілгелі Қазақ Ұлттық Университеті (www.kaznu.kz) Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған концепция талаптарына сай ғылым, бизнес және өндіріс интеграциясын ақырындап қамтамасыз етіп келе жатыр. ҚазҰУ бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға ғана емес, сонымен қатар кең ауқымды ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға және оны әрі қарай коммерцияландыруға маманданған. Зерттеу университеті ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ­өсу шыңына, ғылымды қажет ететін экономиканың драйверіне және ғылыми-инновациялық жүйенің хабына айналып отыр.

Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – әлем бойынша ең үздік 150 университеттің арасында Орталық Азиядағы, соның ішінде Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны. Университеттің инфрақұрылымына 16 факультет пен 68 кафедра, 8 ғылыми-зерттеу институты және 29 ғылыми орталық, сондай-ақ 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханалары кіреді. Студенттер, магистранттар пен докторанттар – білім алушылар контингенті 26 мыңды, ал оқытушы-профессорлар құрамы 2 мыңды құрайды. Оқытушылардың шамамен 35%-ы шет тілін меңгерген. Университет бүгінгі күні шет елден келетін студенттер үшін білім экспортының орталығы. Өзге мемлекеттен келген студенттер контингенті 70 есеге артқан: 2016 ж. – 33, 2021 ж. – 2400 студент.

Қазіргі таңда ҚазҰУ (www.kaznu.kz) ­–  ғылыми-инновациялық және білім беру қызметін тиімді жүзеге асыратын көп бейінді университет. Негізі қалалғалы білім ордасы 80 жылдың ішінде білім мен ғылым, өндіріс, өнертапқыштық, ғылыми ашылулар тоғысқан аса ірі құрылымға айналды. Бұл ретте ҚазҰУ-н зерттеу университеті ретінде Қазақстанның білім жүйесі үшін жаңа белес деп қарауға болады. Қазақ Ұлттық Университетінің «зерттеу» мәртебесін алуы ­­­– еліміздің рухани өміріне, әлеуметтік жетілуіне, саяси ахуалына, экономикалық дамуына ықпал ететін болады.

Айтжанов Бекзат

ҚазҰУ І курс магистранты

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *