«Жас азамат» газетіндегі саяси мақалалардың мәні
Қазақ жастар баспасөзінің төлбасы- «Жас азамат» газеті. Аты – жастар баспасөзі болғанымен, заты – асыл, ұлт тәуелсіздігінің туын алғаш көтерген рухани шам-шырақтар қатарынан «Жас азаматты» көреміз. «Жас азамат» алтын идеалы,әулие мақсұты,негізгі жолы-ұлт бостандығы,ұлт теңдігі деп газеттің алғашқы нөмері “Жас тілек” атты бас мақаласында жазылған.
«Жас азамат» уақыт тамырын дәл басып, үлкен саясатқа батыл араласып, сұңғылалық танытқаны оның әр санынан байқалады. «Жас азамат» газетінің он сегіз санындағы әрбір мақаладан Алаш идеясы көрініс беріп отырады. «Жас азамат» газетінің өзіндік жолы мен ұстанымы болған. Ол ұстаным мен жол Алаш қозғалысының негізінде қалыптасқан болатын. Газеттің 1918 жылы 31 шілдедегі алғашқы санында жарық көрген «Алаш азаматтарына» деген үндеу сипатты мақаладан біріншіден сол тұстағы қазақ жұртының жағдайын, Алаш зиялыларының бағытын байқасақ, екіншіден жастарға деген демеу мен сенімін байқаймыз. Онда: «180 миллион Россия халқын 300 жылдан астам бір шыбықпен айдаған Роман тұқымының тағы күйреп, іс басынан құлағандай, жеті айдай зорлықпен, қанішерлікпен билік жүргізіп дәурен сүрген большевик үкіметі де, Сібір жерінде жығылды», – деп бастап дәл сол тұстағы саяси жағдайдан хабар береді. Яғни бұл кез большевиктердің жеңіліп қайта шегінген кезі. Алаш баласының уақыттық қуаныш тапқан, мұрсат алған кезі. Одан әрі: «Дін үшін, туған жер үшін, патша үшін!» деп Николай үкіметі халықтың қанын қандай сорса, социализм үшін, жұмыскер кристиан үшін, Совет үшін!» деп большевик үкіметі де халықтың қанын сондай сорды», – деп большевик үкіметінің де баяғы отаршыл орыс екенін көрсетіп кетеді. Бұл Алаш зиялыларының ұстанымы еді. Олар Кеңес үкіметіне тіс-тырнағымен қарсы болды. Ал бұл қарсылықтың себебі Алаш зиялыларының бұл жол арқылы қазақты биікке шығара алмайтынын білгендігінде еді. Өздері атап көрсеткендей оның баяғы патша үкіметімен ұқсас отаршыл жүйе екенін анық танығандығында болатын. Соңында барша қазақты бірлікке, Алашорданың соңынан еруге үндейді.
«Жас азаматтың» ұлт теңдігі, бостандығы жолы үшін ереже еткен үш ұстанымын байқаймыз. Әуелде атағаны – «алаштың алтын туын жайқалдыра алатын», «іргелі ел қылатын бірлік». Бұл дегеніміз Алаш идеясын ұлттық идея етіп ұстану. Ал Алаш идеясының негізгі ұстыны түп-тамыры сонау түркіден тамыр тартатын «мәңгілік ел» идеясы болатын. Ол бойынша жер бірінші байлық болып есептеледі. Екіншісі – бұл жерде «әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндеті» делініп отырғанын өнеркәсіп, техника секілді ғылым күшімен дамыған қауқарлы тіршілік көздері және әр түрлі ұсақты, ірілі шаруашылық деп қарастыруымызға болады. «Шаруа» сөзі ол тұста іс, жұмыс, кәсіп мағынасында қолданылған. Яғни елдің әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі алға қойылып отыр. Бұл жолда кәсіптің әр түрлі саласын бірдей дамыту, барлық түрлі шаруашылықты, өндірісті жандандыру секілді мәселелердің бәрі бар. Земстволық басқарудың да бір ұшқыны осы шараны алға сүйреу үшін қажет болған. Үшіншісі – «ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті» қолданады дегені мемлекеттік басқару жүйесіндегі әділет, теңдік. Бүгінгі сөзбен айтар болсақ, 1) жалпы халықты бірлікте ұстау, яғни ұлттық идея мәселесі; 2) елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, әр түрлі шаруашылыққа, өнеркәсіпке, ғылым-техникаға қолдау көрсету; 3) Елді әділ билеу, яғни азаматтық қоғам құру.
Үшінші ұстанымы ретінде – әділетті, азаматтық қоғам құру мәселесі. Әуелі газеттің үшінші санындағы «Спасс заводы» деп басталатын қысқа хабар түріндегі жазбада, аталған завод жұмысшыларының алғаш большевиктер орнай қалған кезде, завод басшылығын басып алып, енді большевик қашқанда бұрынғы завод иелері қайтадан өз орындарына келгенін мәлім етеді. Одан әрі «жұмысшылардың көбінде елге жетерлік ақшасы да жоқ. Қосақ арасында кетіп, кінәсіз момындар да жұмыстан шығарылып жатыр» деп өкініш айтады. Осындай бір аумалы-төкпелі заманда, шауып алу, тонап кету, алдап алу салтқа айналған, аштық пен соғысқа қатар ұшыраған шақта да, әділет туралы бір ауыз сөздің айтылуының өзі және шынайы айтылуы – жас қауымның әлгінде айтқан әділетшіл қоғамға жасаған аз да болса талпынысы демей тұра аламыз ба? Газеттің 25 қазандағы сегізінші санында «Ішкі хабарлар» деген шағын мақалада осы тектес мәселелер қозғалып, істің әділет табуын нұсқайды. Және жетінші, сегізінші сандарда бөліп басылған Мұхтар Әуезовтың «Ескеру керек» атты мақаласында: «Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем би билеген заман – киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хал бұлқынбай жатқа бағынудың жолында болды. Кең қазақ даласын әлде неше указ сайқалдап шықты. Көп өзгеріс жаңалықтар болды. Әуелгі қазақтың халықтық қалпы неше толып, неше кішірейіп шым-шытырық түрлерге түсті. Әр түрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап, жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты.» деп бастап, әрі қарай қазақ ішіндегі барша келеңсіздіктің себебін ашуға тырысады. Мақалада бүлінген елді түзейтін әділ заң мен теңдікті сөз етеді. «Абайдың: «Мен закон қуаты қолымда тұрған кісі болсам, адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», деген сөзінің қазақ турасында іске алынатын кезі келді» деп, енді осы ел ішінде әдетке, мінезге айналған тонау мен алдау, қорқыту, бүгінгіше айтқанда азаматтардың құқығын таптау мәселесін күн тәртібіне қойып реттеу керек дейді. Бұның бәрі біз айтқан әділетті қоғамға деген талпыныс емес пе? Және газеттің әр санында дерлік земство ісі туралы хабарлар беріледі. Земствоға сайлау тәртібі, жөн білетін, ұтқа жаны ашитын, әділетшіл азаматтардың сайлануы секілді мәселелерді үгіттеп, мемлекеттік жаңа құрылысқа бар ынталарын салады. Бұндай хабарлар көбінде «Земство», «Земство ісі» деп, «Қалалық дума сайлауы», «Мемлекет кеңесі», кейде сол облыстарға байланысты «Ақмола облосной земский собраниесі» деген секілді тақырыптармен беріліп отырады. Мұның барлығында да дерлік земствоның пайдалы жақтары, әділ билікті негіз етуі, сайланушылардың аты-жөні секілді мағлұматтар кездеседі. Большевиктерге жүргізілген сот ісі, ел ішіндегі дау-шарлардың сотта қаралуы секілді оқиғалар да газетте қысқа хабар, шолу ретінде беріліп тұрған. Бірнеше жерде әділетсіз қаралған сот ісі айтылса, 14- санындағы «Спас заводынан» деген хабарда, екі күдікті ұрыны ұстаған милиция айтқаныммен жүрмедің деп екеуін жазықсызда жазықсыз, сотсыз атып өлтіргені айтылып, бүгінгі милиция патша үкіметі кезінен де қатал болып барады, мұндай милицияны ұрының жолдасы деу керек деп өлген екеуге жанашырлық білдіреді. Газеттің алтыншы санында әйел теңдігі мәселесі туралы бір материал бар. Онда Кереку қаласында өткен оязной соттың сүйгенімен қашып кеткен әйелді қайтадан бұрынғы күйеуіне таңғаны туралы айтып, әділдік, теңдік іздеген қазақ қызы мұны көріп көңілі қалмай ма? Өзіміз айтатын әйел теңдігі қайда қалды деп налиды. Осы тектес мақалалар газеттің жалпы барлық санында кезігеді. Және бұл мақалалардың бәрі жас азаматтықтардың әділет ісіне деген ынтасы мен талпынысын білдіріп тұрды.
Қорыта айтқанда, «Жас азамат» аз уақыт ішінде саяси бағыт-бағдары анық, өз бетін тапқан, оқырмандарының ықыласына бөленген басылым болды.«Жас азаматтың» соңғы саны 1919 жылғы 3-ақпанда шықты да, тоқтады. Зерттеуші Дихан Қамзабекұлы атап көрсеткендей, жастар газеті ұлт болашағы үшін ақырғы санына дейін адал қызмет етті.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1)Аллаберген Қырықбай, Нұсқабайұлы Жарылқасын, Оразай Файзолла. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008 жылдар). /Қ.Аллаберген, Ж. Нұсқабайұлы, Ф. Оразаев.-Алматы: Білім, 2010. — 80-84 бет
2) Qazaqstan tarihy порталы https://e-history.kz/kz/news/show/31907
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультеті 1-курс студенті
Нұрғалиқызы Жібек