Ауған ардегері – Болат Сайлан!

       Жер бетіндегі әрбір халықтың бойында оны өзгелерден даралап тұратын, өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлай отырып, оның сөзіне құлақ асу, кішіпейілділік таныту.
       Адамзат баласының та­рихы біріңғай бейбіт заман емес, керісінше, өзара қырқыс пен қақтығысқа толы бол­ды. Әсіресе, ХХ ғасырда екі жаһандық және көптеген жергілікті атыс-шабыс­тар­мен сипатталатын қарулы қақтығыстар орын алып, олар қиратушылық күші жа­ғы­нан алдыңғы кезеңдегілерден әлдеқай­да асып түсті. Сөйтіп, ХХ ғасырдағы со­ғыс­тың жиілігі адамзаттың бүкіл тари­хын­дағы орташа соғыс жиілігінен 1,5 есе артып кетті, 150 миллион адам опат болды. Аса ірі де қасіретті оқиғаның бірі – екінші дүнежүзілік соғыс. Кешегі алып КСРО мемлекеті құрамындағы халықтар үшін ол Ұлы Отан соғысы болды. Соғыс 4 жылға созылып, Кеңес Одағында өмір сүрген әрбір төртінші адам көз жұмды. Бұл қиын заманда, КСРО халықтары бірігіп, жауға тойтарыс бере алды.

       Ал, күні кешегі Кеңес дәуірінің кереғар  саясатының салдарынан он жылға ұласқан Ауған соғысы – адамзат тарихындағы ерлік парақтарының бірі болды. Кеңестік қызыл жасақтың қатарына қазақтың қыран жігіттері де қатыстырылған еді. Қайғы мен қасіреттің қара түнегіне 22 мыңнан астам қазақстандық жауынгер аттанып, соның 761-і қаза тапты.

       Ауғанстан аумағынан әскерлердің шығарылуы жыл сайын 15 ақпанда атап өтіледі, өйткені дәл осы күні 1989 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің соңғы бөлімшелері Ауғанстан Демократиялық Республикасының аумағынан шығарылды. Ауғанстаннан әскерлердің шығарылуының 34 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих-география мамандығының 1-курс магистранттары  ауған соғысы ардагер әрі университет профессоры Болат Сайланмен  кездесу ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – Ауған соғысының тарихи мағыналық ақиқатын ашып, тәуелсіздік жолында күрескен ардагерлеріміздің ерлігін кейінгі ұрпаққа дәріптеп, оларға құрмет көрсету.

      Болат Сайлан магистранттарға өзінің басынан өткерген оқиғасын айтып берді. 

       – Әскерден келгеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Сөйтіп мен оқу бітіргенде Кеңес әскерлерінің шектеулі континнгенті Ауғанстаннан әкетіліп, оған 1989 жылдан бастап саяси баға беру басталды. Сол сәтте менің Ауғанстанда әскери борышымды өтегенімнен хабардар тарих ғылымдарының докторы, профессор Керейхан Рақымжанұлы Аманжолов ағамыз ғылым жолын таңдауыма кеңес берді және өзі ғылыми жетекші болатынын айтты.

      – Ауған жанжалының бүкіл әлемді дүрліктіргені, әсіресе сол кезде КСРО құрамында болған он бес одақтас республика халқын қатты абыржытқаны, мырыш табыттардың бірінен кейін бірі елге судай ағылғаны бұл жерде әскери қимылдар емес, шығыны көп соғыстың болғанына нақты дәлел. Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тумасы Руслан Аушев басқаратын «Жауынгер-интернационалистер істері жөніндегі комитет» біршама жұмыстар атқарып жатыр. Осы ұйымдардың мұрындық болуымен 2012 жылы екі жерлесіміздің, көкшетаулық Алексей Зуев пен түркістандық Абдул­хаким Ергешовтің мәйіті туған жер топырағына қайта жерленді.

       Ауғанстанда 730 күн, яғни толық 2 жыл менің әскери қызметім  40-армия құрамында, кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің 201-дивизия солдаттарының қатарында сапқа тұрып соғысқа қатысумен өтті, – деп Болат Сайлан өз сөзін аяқтады.

    Кездесу барысында білім алушылар қызықтырған сұрақтарын қойып, іс-шарадан үлкен әсер алып шықты. Ардагер өз ойымен бөлісіп қана қоймай, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғауға дайын болуға шақырды.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *