Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасының білім беру саласындағы орны
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасы 1971 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің ректоры У.А. Жолдасбековтың ұсынысы бойынша ең алғаш Қазақстанда тарих факультетінде ашылды. Қазіргі таңдағы республикада және оның сыртқы аумақтарында жоғары маманданған кадрлар дайындау орталығы – археология, этнология және музеология кафедрасы болып табылады. Сол кезде кафедра меңгерушісі болып Қазақстанда танымал археолог А. М. Оразбаев шақырылды. Бұл маманданған кафедраның ашылуына Қазақстандағы археологиялық – этнологиялық ғылымның интенсивті дамуы әсер етті. Әсіресе ХХ ғ. екінші жартысында маманданған археологтар мен этногрофтар тарих саласы үшін өте қажет болды. Осы кафедрада университеттегі тарих факультетінің археологиялық және этнографиялық мұражайына негіз болған археология және этнография кабинеті құрылды. Кафедраның құрылған күніннен бастап, оны Қазақстандағы әйгілі ғалымдар басқарды. 1971 жылдан бастап 1974 жылға дейін — т.ғ.к., доцент А. М. Оразбаев, 1974 жылдан бастап 1988 жылдар аралығында — т.ғ.д., профессор У. Х. Шалекенов және 1989 жылдан бастап 2011 жылдар аралығында — т.ғ.д., профессор А.Т. Төлеубаев, 2011 жылдан 2016 жылдар аралығында -т.ғ.д., профессор А.Б. Қалыш, 2016 жылдан 2020 жылға дейін т.ғ.к. Ғ.Қ.Омаров, 2020 жылдан бүгінгі күнге PhD Р.С. Жуматаев басқарып отыр.
Кафедрада «Археология», «Этнология және антропология», «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандықтары бойынша жоғары квалификациялы мамандар даярлануда және бұл мәселе бүгінгі күннің өзекті талабы болып отыр. Мамандар бакалавр, магистратура, докторантура деңгейі бойынша оқытылады. Аталмыш мамандықтардың қарастыратын негізгі нысаны – халықтардың этногенезі мен этникалық тарихы, этностың шаруашылық-мәдени типі, әлем халықтарының этникалық және этномәдени процестері, қазіргі Қазақстандағы этникалық топтардың этнографиясы, Қазақстан территориясын мекендеген тайпалардың археологиялық ескерткіштері және музей ісінің бүгінгі күнгі жағдайы мен ескерткіштерді қорғау мәселелері.
130-дан астам ұлт өкілдері мекендеп отырған полиэтникалық мемлекет жағдайында этникалық және этнос аралық үрдістерге мониторинг пен сараптама жасау, Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық қатынастарды үйлесімді түрде реттеу негізіндегі ұлттардың татулығы мен тұрақтылықтың тәжірибесін зерттеу және насихаттау да кафедра ғалымдарының зерттеп жүрген мәселелері және бүгінгі күннің талабымен тығыз байланысты. Сондай-ақ, Еуразия аймағындағы ұлан-байтақ Қазақстанның территориясы қола дәуірінен бастап, кейінгі ортағасырларға дейінгі уақытта этномәдени және этносаяси үдерістерге толы болды. Осы орайда, археологиялық және этнологиялық зерттеулер жүргізетін теориялық және практикалық білімі бар жоғары квалификацияланған мамандардың қажеттілігі ұдайы байқалады.
Мамандықтың білім беру бағдарламасы халықаралық стандарттар және нарықтың сұранысындағы өзгерістерге сай үнемі модернизациялануда. Археология және этнология саласы бойынша студенттердің кәсіби білімін бекіту мақсатында Жамбыл облысы Шу ауданында орналасқан «Ортағасырлық Ақтөбе» қалашағы-базасында 3 жыл қатарынан оқу және өндірістік тағлымдамадан өтеді. Мұндай база Орта елдерінің ЖОО деңгейінде кездеспейді. Кафедра студенттері, магистранттары және докторанттары ғылыми зерттеулерге белсенді түрде ат салысады. Олар Ресей, Италия, Голландия, Франция, Германия, Түркия, Жапония, Қытай және т.б. елдердің мамандарымен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірлескен археологиялық экспедицияларға қатысады.
Кафедра аясында камералдық лаборатория, халықаралық «Геоархеология» лабораториясы жұмыс істейді. Онда студенттер өндірістік тәжірибеден алып келген археологиялық артефактілер мен этнографиялық материалдарды өңдеумен айналысады. Кафедрада мамандандырылған 3 оқу кабинеттері бар, оқу дәрістері осы археологиялық, этнографиялық және палеолит музейлерінде өтеді. Археологиялық артефактілерді реставрациялау және консервациялау саласы бойынша дәрістер «Остров Крым» реставрациялық орталығына барып өтіледі.
Қорыта айтқанда, бүгінгі бәсекелестік заманда университетке қойылатын ең басты талаптардың бірі — бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлау қоғамды рухани жаңғыртудағы өзекті мәселе болып табылады. Осындай білікті мамандарды дайындап жатқан еліміздің ең ірі жоғарғы оқу орны — әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің осы мақсатта атқарып отырған еңбегі зор екендігі айқын.
М.Қ. Егізбаева – әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университеті, археология,
этнология және музеология кафедрасының
доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
Абайқызы Жансая
Этнология және антропология мамандығының
1-курс магистранты